КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақстанның көрнекті ғалымдарының бірі Сәрсен Аманжолов 1903 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы Егінсу деген жерде туған. Әкесі Аманжол өз еңбегімен күн көрген кедей шаруа болған. Сәрсен он бір жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. Әке өлімі Сәрсенге қатты батады, оның балалықпен қоштасып, өзінше қарекет етуіне де себеп болады. Ауыл қарттарынан аңыз-әңгімелерді, ертегілерді көп тыңдап, зейініне тұтқан Сәрсен оқуға қатты құмарланады. 1916 жылы Қатонқарағайдағы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, Сәрсен Өскемен қаласындағы қалалық реальдық училищеге түседі. Бірақ тұрмыс тұзағы оны өз торымен шырмап, оқуға қаражаты болмай, оқуды тастап, жалшылыққа кетуге мәжбүр болады.
    Сәрсеннің осы бір арманы Октябрь таңы атқаннан кейін ғана орындалады. Сәрсен 1920 жылы Семей қаласындағы үш айлық мұғалімдік курсты бітірген соң, өз білімін ел игілігіне жұмсау үшін ауылға келеді. Нұғыман ауылындағы мектепте екі жыл сабақ беріп, көп жастың көзін ашады.
Жаста болса жігерімен көзге түскен Сәрсенді Себей губерниясы, Бұқтырма уезінің (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бұқтырма ауданы) тұрғындары сол жердің халық соты етіп сайлады. 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысының атқару комитеті Сәрсенді қызметкке шақырып, сол атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындайды.
    Сәрсен сол кездегі жас Совет үкіметінің жүзеге асырып жатқан саясатына белсене қатынасты, адал қызмет етті.
Елді жаппай сауаттандыру, жастарды оқыту сияқты Совет үкіметінің жүргізіп жатқан шараларына байланысты губерниялық ағарту бөлімінің разверсткасы бойынша Сәрсен 1926 жылы Ташкентке оқуға жіберілді. Ол Орта Азия мемлекеттік университеті жанындағы педагогика факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түсті. Университетте оқып жүрген кезінде Сәрсен оқуға да, ғылыми-қоғамдық жұмысқа да алғыр студент болған. Түрлі үйірмелерде, конференцияларда Сәрсен талай рет ғылыми баяндамалар жасаған. Ол жаз кездерінде ел ауызынан аңыз-әңгімелер жинады. Ел ауызындағы аңыз-әңгімелерді Сәрсен оқуға түспес бұрын, қызмет істеп жүрген кезінде де жинаған. Мәселен, 1925 жылы Сәрсен руы найман, 85 жастағы Темірбай деген қарттың аузынан Келбұға Белгібайұлы айтып еді деген Шыңғыс хан жөніндегі жырды жазып алған. Бұл жырды кейін Сәрсен Аманжолұлы 1884 жылы басылып шыққан В.Г.Тизенгаузеннің «Алтын орда тарихына қатысты материалдар» деген жинақтан тапқан. Шыңғыс ханның баласы Жошы өлгенде, соны естіртіп айтқан Келбұға ақынның жыры наймандардың тілін зерттеуде түркологтар үшін де, Сәрсен үшін де лкен тарихи тіл дерегі болды.
    Сәрсен оқып жүрген кезінде, одан ертерек уақытта да өлеең шығарған. Олардың біразы «Жаңа әдебиет», «Лениншіл жас» журналдарында басылып тұрған.
    1928-1930 жылдары С.Аманжолов Орта Азия жазушылар бюросындағы қазақ жазушылары секциясының председателі болды.
Сәрсеннің ғылымға деген талантын Орта Азия мемлекеттік униаерситетінің академиктері мен профессорлары сол кездің өзінде-ақ байқаған. Сәрсен академик В.В.Бартольд, профессор С.Е.Малов сияқты үлкен ғалымдардан лекция тыңдап, өзінің алғашқы еңбектерін де сол кезде бастаған.
    Ұшқыр ойлы, ғылымға табанды Сәрсеннің тамаша қабілетін байқаған ұстаздары оның Орта Азия мемлекттік университеті қасындағы аспирантураға түсіп, бір жағынан ассисенттік қызмет атқаруын ұйғарады. Сәрсен осыдан бастап педагогтік іс пен ғылыми жұмысты қатарластыра жүргізді. Орта Азия Орталық партия комитетінің және Қазақстан Өлкелік партия комитетінің ұйғаруы бойынша 1928 жылы ашылған Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына Сәрсен 1931 жылдың күзінде оқытушылық қызметке келді. 1931 жылы бұл институтта әрі аспирант, әрі ассистент болып, 1932 жылдан доцент қызметін атқарды.
    Сәрсен Аманжолұлы Орта Азия мемлекеттік университетін бітіргеннен кейінгі аспирант, ассисент кезінде көлемді оқулықтар, программалар, еңбектер жазу ісіне кірісті.
    1931 жылы III кластың оқу кітабы мен шала сауатты үлкендерге арналған әліппені жасауға қатысты. Жас ғалымның алғашқы көлемді еңбектері 1931 жылы Ташкентте басылып шықты.
    Талантты ғалым сол 30-ыншы жылдарда еліміздің мәдени дәрежесін көтеру ісіне өзінің еңбектерімен жан аямай атсалысты. Сәрсеннің ол кездердегі ғылыми мұралары тек оның өзінің ғана алғашқы көлемді еңбектері емес, жалпы қазақ тіл біліміндегі алғашқы жасалып жатқан еңбектер, оқулықтар еді. Сәрсеннің сол жылдардағы еңбектерінің аса бір құндылығы – халқымыздың мәдени дәрежесін, сауаттылығын көтеруге зор көмегін тигізген жақсылық шарапаты еді.
    1932 жылы Сәрсеннің IY класқа арнап жазған «Қазақ тілі грамматикасы» Алматыдағы мемлекеттік баспадан басылып шықты. Осы жылы Сәрсеннің басқаруымен I−II−III класс оқушыларына арналған (көлемі 20 баспа табақ) қазақ тілі оқулығы шықты. Ол кейіннен, 1934-1940 жылдары орталау, орта мектептерге арналған грамматикалар жазды. Бұл грамматикалар мектеп балаларын оқытуда мұғалімдерге ұсынылған тұңғыш оқулық болды.
    Бұл оқулықтар республикадағы басқа да көрнекті ғалымдарымыздың оқулықтарымен қатар соңғы 26 жыл ішінде жас ұрпақтарға ана тілін оқытудағы басты құрал болды.
    Сәрсен Аманжолұлы тұңғыш жасалған қазақ тілі программаларының да авторы. С.Аманжолов жазған қазақ тілінің бастауыш мектепке арналған программасы 1932 жылы Алматыдағы Оқу-педагогика баспасынан басылып шықты. Бұл программаның бірі болса, екіншіден, онда ана тілін оқыту жөнінде методикалық нұсқаулар қосылып, толықтырылып, 1938 жылы қайта басылды.
    С.Аманжолов бастауыш, орталау, орта мектептерге программа жасап қойған жоқ, сонымен қатар жоғарғы оқу орындарына да қазақ тілінің программасын жасады. Сәрсеннің педагогикалық жоғары оқу орындарына арнап жазған қазіргі қазақ тілінің программасы 1938 жылы жарыққа шықты. Ал, 1939, 1957 жылдары ол жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілі және диалектологиясының программасын жасады. Бұл программалар ана тілін бастауыш, орталау, орта және жоғары мектептерде оқытудағы бірден-бір құнды бағыттама болды.
Сәрсен Аманжолұлы – қазақ филологиясына үлкен еңбек еткен ғалым. Ол 1931 жылдан педагогикалық институтта лекция оқып, 20 жыл бойы сол институттағы қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болумен қатар, басқа да филология майданындағы мекемелерде басшы қызметте болды. Осы жылдарда Сәрсен республикадағы ұлт мәдениетін зерттеу институтының да көрнекті қызметкерлерінің бірі еді. Бұл мекеме ел арасындағы ән-күй, музыка, тілге байланысты материалдар және Октябрь ревалюциясына дейінгі де, одан кейінгі совет дәуіріндегі де халық ауыз әдебиетін жинап, қажеттілерін өңдеп, жұртшылықтың керегіне жаратып отырды. 1936 жылы бұл мекеме ССР Ғылым академиясыныдық филиалына қосылып, музыка бөлімі оның искуство секторын құрды да, тіл және әдебиет бөлімі өз алдына сектор болып бірікті. С.Аманжолов осы тіл мен әдебиет секторын басқарды. Сектордың қазіргі Тіл мен әдебиет институты дәрежесіне дейін көтерілуіне Снің сіңі еңбегі зор. Сәрсен Қазақ ССР Ғылым академиясыныдық Тіл мен әдебиет институтын ұйымдастырушылардың, ұзақ жылдар оның барлық саладағы ғылыми жұмысына жан аямай атсалысқан ғалымның бірі болды.
    Кең мағынадағы филолог болған С.Аманжолов халық ауыз әдебиетінің таңдаулы нұсқаларын жинауға басшылық етті. Оларды бастырып шығарып отырды. Бұлардың қатарына совет дәуіріндегі ауыз әдебиеті үлгілерін ғылыми жүйеге келтіріп, ең алғашқы Сәрсен шығарған «Қазақ совет фольклоры», «Он алтыншы жыл», «Бөгембай батыр», т.б. көлемді еңбектер жатады. Ақындық өнердің абір шебер үлгісі – жұмбақтарды да 1940 жылы Сәрсен бір том етіп шығарды. Бұдан басқа С.Аманжоловтың өзі жинаған, басқаларға жинатқан, әлі жарық көрмеген халық ауыз әдебиетінің нұсқалары Қазақ ССР Ғылым академиясыныдықорталық ғылыми кітапханасының фондысында сақтаулы.
    Қазақ филологиясында, оның ішінде әсіресе тіл ғылымы майданында құлашын кең жайып, қажымай еңбек еткен профессор С.Аманжоловтың халықтың мәдени игілігіне арналған жүзден аса ғылыми еңбегі басылып шықты.
    Профессор С.Аманжолов зерттемеген қазақ тіл білімінің саласы жоқ десек артық болмайды. Қазақ тілінің асыл қазынасын халық ауызынан жинау Сәрсеннің басшылығымен осыдан жиырма жыл бұрын басталды. Алғашқы, 1937 жылдары қазақ тілін зерттейтін экспедициялар ұйымдастыру ісінде қиындықтар кездесті. Ол жылдары тіл ерекшеліктерін зерттейтін маман адамдар да аз еді, экспедициялар ұйымдастыру ісіне қаражат та жетіспейтін.
Сол жылдардан бастап 1958 жылға дейінгі экспедицияларға Сәрсен басшылық жасап та, араласып та отырды. Ондай экспедиция мүшелеріне Сәрсен тек қазақ тілінің ерекшеліктеріне байланысты ғана емес, халықтың бай ауыз әдебиетіне байланысты материалдарды да жинауға тапсырма беріп отырды.
    С.А.Аманжолов осындай ұйымдастыру – басшылық жұмысын атқара жүріп, негізінен ғылыми еңбектер, оқулықтар жазу ісімен шұғылданды. Сондықтан оның ғылыми-педагогтық еңбектері дер кезінде бағаланды...
    Профессор С.Аманжолов өмірінің соңғы кезінде бірнеше жұмысты қатар жазып жүрді. Соның бірі Ғ.Қалиевпен бірігіп жазып жүрген «Қазақстандағы гагауздар мен олардың тілі туралы» деген мақала еді. Бұдан басқа профессор С.Аманжолов қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы туралы екінші кітабын жазуға кіріскен.
    Екінші кітабы көбіне қазақ тілінің тарихына арналмақшы болатын. Соңғы жылдары С.Аманжолов Алматының Абай атындағы педагогикалық институтындағы тарих-филология факультетінде тілі тарихы курсынан лекция оқыды.
    Қазақ филологиясына үлкен еңбек еткен профессор С.Аманжоловтың ғылыми қызметі бағаланып, 1954 жылы ол Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды.
    Профессор С.Аманжолов көпшілікке ғылыми және саяси білім тарату ісіне де белсене қатысты. Ол бірнеше жыл бойы Қазақ ССР саяси және ғылыми білімдер тарату қоғамының әдебиет секциясын басқарып келді. 1949 жыл осы қоғам арқылы «Қазақтың әдеби тілі» деген кітапшасын шығарды.
    С.Аманжолов осы кітапшасында және бұрынғы мақалаларында да қазақ тілінің тазалығы үшін күресті. Әдеби тілдің қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
    Сәрсен Аманжолұлы – шәкіртті көп дайындаған ұстаз еді. Тек соңғы жылдардың өзінде-ақ оның жетекшілігімен талай шәкірттері диссертация жазып, ғылым кандидаты дәрежесін алды. Ол көптеген кандидаттық, докторлық диссертациялардың бірінші оппоненті болды.
Сәрсен өте мейірімді, адал да өткір мінезі ақ жарқын, жайдары адам еді. Сәкеңнің тағы бір ерекше мінезі – турашылдығы болатын. Кейбіреулер ғылыми айтыстарда, баспасөз бетінде де оған қатты айыптар, жасанды міндер тағып, қорқытса да, олардың бірде-бірінен именген емес. Қайта өз пікірінің дұрыстығын сан алуан ғылыми фактілермен дәлелдеп шығатын. Сәрсен Аманжолұлы өмірінің соңғы минутына дейін халқы үшін қызмет етті. Ол ғылыми және ұстаздық қыатқару үстінде, 54 жасында 1958 жылы 28 январьда мезгілсіз қайтыс болды. Бұл қаза жұртшылықтың белін қайыстырып, көзін жасқа толтырған ауыр қаза болды. Осы бір ауыр жағдайды ақын Дихан Әбілев жүрек тебіренте айтып берді:
Қайтейін, дүние, сенің кеңдігіңді,
Айтамыз Сәрсеке деп енді кімді?
Жаны адал, жалын ойлы ғалым ұлын,
Ұмытпас ғасыр бойы ел бүгінгі.

Тумайды қалайын деп тарихта адам,
Жұлдыз ең өшпесіңді анықтаған.
Ертістің толқынымен ойнап өсіп,
Қыран ең шыңын шарықтаған.

Майданда оқпен түйреп жауын елдің,
Бірі едің от сапырған жауынгердің.
Солдаттың, соғыстың да дауылынан
Ғалымға керек сырлар тауып едің.

Тербетіп қазақ тілін көкірегің,
Жүр едің ортамызда, отыр едің,
Сиясы кеппей қалған қаламыңа,
Сырласып қараймын да, өкінемін...

    Халқы сүйген көрнекті ғалым, қажымаған ұстаз-педагог, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор С.Аманжоловтың жазған еңбектері қазақ халқының мәдени және ғылыми қазынасына қосылған зор үлес болып табылады. Сондықтан оның еңбектерін бастырып шығару – кезек күттірмей тұрған міндет те, борыш та.

1959 ж.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 308 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 583 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика