КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Рас-ақ, А.Байтұрсынұлының осы бір сөзі баспасөз бетінің анықтамасына айналды. Халықтың көзі мен құлағына айналған басылымның бірі – «Алаш айнасы» газеті. Газеттің ерекшелігі сол - оқырманды бірден оқуға шақыратын ерекше айдарлар. Олар: «Саяси бюро», «Қоғам», « Спорт. Дода», «Серпер», «Нарық», «Өркениет», «Думан», басылым атауына сәйкес «Алаш-ақпарат» , «Алаштың шоу-бизнесі», «Алаштың идеялар банкі», «Алаш киноиндустриясы», «Алаштың бизнес әліппесі» , «Алаш азаматы». Міне, осы аталған айдарлар арқылы оқырман-халық қай саладан болмасын сауатын ашып, таным көкжиегін кеңейтері сөзсіз.
 «Алаш баласы айнаңа қара» деп ұрандатқан газеттің 2010 жылдан бері тұрақты оқырманымын. «Алаш айнасы» деген атаудың өзінен баяғы Ахмет, Мағжан, Ілияс, Сәкен сынды алаш зиялыларының үні естілетіндей. Әрбір мақала, газет бетіндегі кез-келген мәліметтен ұлтқа деген сүйіспеншілік, тәрбие, патриоттық рух сезіледі. Жыл басына дейін «Алаш айнасы» оқырманның шабыттана қолға ұстап оқитын, кей отбасында шәй үстінде талқыланатын сүйікті басылымы болатын. Қазір дамыған техногенді заманда интернет-газеті аталып, қарапайым ақпарат таратушылардың бірі болып қалды. Алайда менің айтпағым бұл емес. Айтпағым газеттегі мақаланың мәнін ашпайтын тақырыптар мен ондағы тілдік қолданыстар жайында. Алғашқы жылдары қателіктерді көп байқамайтынмын, соңғы кезде кейбір мақалаларды оқып отырып шоқалақ жолда келе жатқан жүргіншідей сүрініп қалатын кездер болады.
Ең алдымен оқырманды елең еткізер тақырыптарға тоқталайық. Мәселен, Бақытнұр Жұмаштың «Туристер туалет таппай тентіреп жүр» атты мақала тақырыбы. Мақала барысында журналист «туалет» сөзінің «әжетхана» аудармасын қолданыпты. «Туалет» сөзінің «әжетхана», «дәретхана» деген ханалардан қазақ тілінде балама тапқалы қанша жыл? Бұл қазіргі журналистердің киімді матасына жараспайтын моншақтармен көмкеріп қоятын дизайнерлерге ұқсаған әрекеті. Оған үйреніп те кеткен сықылдымыз. Ал енді мынаған не дейсіз? «Павлодарда екі баласымен бірге өлі күйінде табылған әйел жүкті болған». Бұл «Алаш-ақпаратта» жарияланған мәлімет. Қазақшаны енді үйреніп немесе интернет арқылы аударма жасаған қалам иесінің сөзі секілді. Жалпы газет мақалаларының тақырыбы тұтас бір сөйлемнен тұрады. Ал, сөйлемнің де белгілі бір заңдылықпен құралатынын журналистер естерінен шығарған ба? «Сәбиді ұзақ уақыт бесіктен шығармағандардың әрекетінен қылмыс табылмады». Не деген ұзын-сонар сөз? Тіптен мақаланың мазмұнына сәйкес емес. Мақалада сәбидің ата-анасы жоқ, тастанды бала екендігін айта отырып, бесікте ұстаған кім екендігін де білмейді. Ал, тақырып мен не деймін, домбырам не дейдінің өзі болып тұр. «Депутаттық сауалдар ұсақтап кеткен жоқ па?» Ұсақтау мен ұсақталу сөзінің прагматикасына мән берсек бұл депутаттардың әдейі жасаған ісі болып шығады. Тақырыпта грамматикалық қате кеткендігі көрініп-ақ тұр. «Депутаттық сауалдар ұсақталып кеткен жоқ па?» болуы тиіс. Прагматикалық тұрғыда бұл байқаусыздан іске асып жатқан жағдай. Мұнымен тақырыптардың бәрі осылай сауатсыз құрылған деуден аулақпын. Сындарлы сынды астармен жеткізетін ұтымды тақырыптар да жоқ емес. Мысалы: «Экранда неге ойсыз көздер көп?», «Әуежайдың әләуләйі хәләуләйға айналып барады». Міне, тақырыптар жайы осылай.
Ендігі кезекті қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсадыға салған қолданыстарға берсек. Қазіргі уақытта жауап алынғандардың куәлік етуіне қарағанда, ата-аналарының сәбиге қарым-қатынасында қылмыс құрамы жоқ", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі. «Қылмыс құрамы» сөзін бояғыш дегенге сақалын бояғандардың шығарғаны деп білейік. Қылмыстың ізі дегенді білуші ек, оның құрамы да бола ма екен? В.Путин Қазақстан Президентінің данагөй саясатына иек артатындығын айтты. Тілімізде салиқалы саясат, тұрақты саясат деген орынды тіркестер бар. Ал, «данагөй» сөзі тек адамға ғана қатысты қолданылатын атау екендігін ескерсек, саясат деген жүргізілетін іс-әрекетпен қабыспайтындығы белгілі.
Кәмшат Сәтбиева : «Путин сөзінен жаңылды ма, әлде қасақана айтты ма?» мақаласында: «Қазақта «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа» деген мақал-мәтел бар»,– деп көрсетеді. Қазақ деген халық мақал мен мәтелді ажырата біледі. Беріліп отырған сөз мәтелге жатады. Шамасы автор «мақал ма?» әлде «мәтел ме?» деген екі ойда болған секілді.
Бүгінде халықтың басым бөлігі БАҚ тілімен, яғни жаттанды сөздікқорды қолданатын болды. БАҚ-тағы қате қолданыс, халықтыңда қате сөйленісіне апарады. Қандай мәтін болмасын онда аударманың атқаратын маңызы зор. Өйткені, бір ғана сөздің сәтсіз аудармасынан бүкіл мәтін мазмұнсыз болып шығуы мүмкін. Қазір калькалық аударма егінде қаулаған шегірткедей етек алған. Жалпы, күнкөріс себетіне қатысты сарапшылар тұтыну себетіндегі азық-түлік түрлерін 15-тен 43-ке дейін көтеру қажеттігін баса айтуда. Қарлығаш Зарыққанқызы түсініксіз болса да әдемі метафоралық аударма жасапты. Егер стоматологтар құрал-жабдықтарын таза ұстамай, пациенттің ағзасына әлдебір жұқпаны жұқтырып алса (мәселен, сарыауру), оны дәлелдеу мүмкін емес. Автор: Жанаргүл Қадырова. Пациент емделуші болып аударылды. Бар нәрсені кәдеге жаратудан неге қашамыз? Әлде, орысша былдырлағанды әлі де дәреже санаймыз ба? Жалпы, мәжілісмендер, негізінен, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге (70 пайыз) айырықша басымдық бергенін баса айта кетелік. Бизнесмен, шоумен сияқты ерлердің кәсібіне байланысты атаулар тілімізде қолданылып жүр, енді мәжілісмен атауы пайда болыпты. Бірақ, мәжіліс депутаттарның арасында білек сыбанған нәзік жандыларда бар емес пе? Айтпақшы, «Алаш айнасының» тілшілері сәтті аудармаларды жасаудан да қалыс қалмайды. Бизнес лейди сөзін бизнес бикеш деп аударғандықтарын мақала аясында баяндапты. Ұлттық тіліміздің мүмкіндігін орынды қолдану қуантатын нәрсе. Жоғарыда аталғандай «мәжілісмен» сөзіне сәйкес мәжіліс депуттарының арасындағы нәзік жандыларды «мәжіліс бикештер» деп атауға қалай қарайсыздар?
Бұл мәселеде ескеретін маңызды жағдай бар. Аударма жасауда қазақтың ділі мен дүниетанымына бір сәт назар аудару қажет. Себебі, қазаққа жасандылық жақпайды, қазақ деген ұлттың өз ауасы, өз табиғаты бар. Сол табиғатты өз ішімізден ластаушылар көбейді. Ұлтымызда «ошақ» сөзі - қаситетті сөз. «Ошақтың отын отын өшірме» деген тәрбиелік мәні зор келелі сөз бар. Ал, Бақытнұр Жұмаш: «Ошақтың үш бұтына қарап қалмай кәсіп түрін ашып, өз отбасын ғана емес, бірнеше адамның отбасын қоса асырап отырғандары да бар», - дейді. Заманның талабына сай кәсіп еткен әйелдерді мадақтайтын басқа теңеу таппағандай дөрекілік танытыпты. Он жерден заманауи, миллион жерден табыскер болсын, ошағы мен босағасын қадір тұтпаған әйелден не қайыр? Әйел затының орсынсыз пысықтығы мақтаншылыққа айналғаны қазақ қыздарына қандай үлгі-өнеге?
Бәрін айт та бірін айт, мағынасы түгелі, жазылуды айтайық. Екі жарылған саяси элитаның бірінің басында әлемдік экономика мен қаржы жүйесінен аластап бара жатқан Ресей үшін қатты алаңдаулы қазіргі премьер-министр Дмитрий Медведев тұрған көрінеді. Бірінде грамматикалық қателік, екіншіде мүлде артық сөз. Мазмұнға сәйкес екіге жарылған саяси элитаның болуы шарт және аластап емес алыстап. Қазақта аластау да, алыстау да етістік мәнді сөздер бар. Әріптердің қате түсуінен оқу барысында «қате басылған болар» деп бал ашып қоямыз. Алайда күшік күйеулер қатарына жыл өткен сайын көбейіп бара жатқандығын мойындауымыз керек. Бұл ретте қатар сөзіне ілік септігінің –нің жалғауы жалғануы керек. Егер дерегіне жүгінсек, біздегі химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі биыл 38,5 пайызға жетіпті. Алым жоқ, бұйым жоқ мәтіннің екінші тақырыпшасының сөйлемі осылай басталыпты. Аяғы бар да басы жоқ. Жаңбыр мен қардан мүжілген төбесі жоқ үйдің қабырғасындай. 
Шындығында оқырман қауымға "Алаш айнасының" берері көп. Дегенмен, кей жерлерде тайға таңба басқандай болып тұратын кемшіліктер жиі байқалып жүр. Ол кімнің кінәсі? Кімнің қателігі? Сүйікті "Алаш айнамыз" осындай тілдік кемшіліктерге баса мән берсе екен...

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 621 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 875 0







ТЕКСТ

Яндекс.Метрика