КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


 Әрбір қоғамның, мемлекеттің белгілі бір саяси кеңістігі болатын сияқты тілдік кеңістігі де болмақ. Еліміздегі тілдік кеңістік – азаматтардың қай тілде қарым-қатынас жасап өмір сүретініне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстанның тілдік кеңістігінде, біздің ойымызша, бірнеше тілдік орта қалыптасқан. Айталық, олар – қазақтілді кеңістік, қазақ-орыстілді кеңістік, орыстілді кеңістік және аз да болса орыс-ағылшынтілді кеңістік. Бұларға қоса, еліміздегі саны жағынан қазақ және орыстардан кейінгі диаспоралардың тілдік кеңістіктері. Олардың ірілері өзбектілді, ұйғыртілді, украинтілді, татартілді кеңістіктер. Сонымен бірге немістердің, корейлердің Қазақстандағы саны салыстырмалы түрде өзге диаспоралардан көп болғанымен олар өздерінің ана тілін білмегендіктен орыстілді кеңістікке енеді. Мемлекеттің қалыпты өмір сүруінде, оның көпшілігін құрайтын азаматтар құқықтарының сақталуында тілдік кеңістіктің маңызы алабөтен. Бұған өркениетті елдердің бәрі маңыз береді және тілдік кеңістіктің тұрлаулы болуы үшін тіл саясатын жүзеге асырудың арнайы заңдарын да қабылдайтыны әлемдік тәжірибеден баршамызға аян. Мұндай заңдар биліктің, қоғамдық ортаның, білім алудың және тағы да басқа әлеуметтік маңызды салалардың жұмыс тілдерін реттейді. Бәрімізге белгілі біздің елімізде «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республи­касының заңы деп аталатын арнайы құжат қабылданған. Десек те, бұл құжат Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмауда. Бұл заң, біздің ойымызша, тек Қазақстандағы тілдік ахуалды аңғартушы, сонысымен пәрменді емес, жай формальды маңызы ғана бар. Себебі, заңның қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөніндегі қағидасы шын мәнінде қоғамда орындалмай жатыр. Заңда белгіленген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі, яғни оның еліміздегі қандай тілден болса да артықшылығы, ерекшелігі, басымдығы іс жүзінде орындалмаған соң мұндай заң қоғам өмірінің қай саласында болмасын қауқарсыздық танытады. Әсіресе, оның 4,23 баптары орындалмай қалып жүр.

Қазақ еліндегі тіл кеңістігі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің белсенділігімен өлшенбек. Алдымен мемлекеттік мәртебесі Констутуцияда да, арнайы заңда да белгіленген қазақ тілінің кеңістігіне келейік. Қазақ тілінің қолданылатын жері – әлеуметтік иерархия бойынша бағдарласақ, онда қоғамның ең аз қорғалған және орташа табысты ортасы. Егер қаланы мемлекеттің ең белсенді тұрғындары тұратын социум деп санасақ, онда Қызылорда, Атырау сияқты кейбір облыс орталықтарын, Жаңаөзен, Қаратау, Жаңатас, Сарыағаш, Жетісай, Құлсары, Кентау, тағы бірнеше ғана моноқалаларды айтпасақ, қалғандарында қазақ тілінің үстемдігі жоқ. Қазақстанның ең ірі қалаларында да, негізінен алғанда, орыс тілі үстем. Оған Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Семей, Теміртау, Екібастұз, Рудный сияқты халқы 200 мыңға жуық немесе одан асатын қалаларымызда орыс тілінің басымдығы тіптен айрықша. Оған тұрғындарының көпшілігі орысша сөйлейтін Ақтөбе, Тараз, Орал сияқты облыс орталықтарын, Балқаш, Лисаковск, Риддер, Степногорск, Ақсу, Хромтау сияқты өндірістік ірі қалаларды, бұларға қоса Щучинск, Абай, Саран, Шахтинск, Курчатов, Талғар, Ақкөл, Атбасар,Ақсай,Ерейментау сияқты қалаларды атасақ, еліміздің урбанизациялану үдерісінде орыс тілінің айқын басымдығы танылмақ. Осындай үдерістің әсерінен қалаға келген қазақ орыстілді кеңістіктің тұрғыны болып осы тілді меңгеріп алуға күш салады. Әрине, тәуелсіздік жылдары ауылдың әлеуметтік жағдайының төмендеуі қазақтың қалаға көшу үдерісін күшейтті. Бұл жақсы құбылыс. Себебі, қазақтың қалалық болуы – тіліміздің қала тілі болуына айрықша ықпал етеді. Мына заманда қандай тіл болса да, қаланың тілі болмаса, оның өрістеуі қиын. Қала тілі болған соң ол білімнің, ғылымның, саясаттың тіліне айналады, яғни тілдің ішкі мүмкіндіктері артады. Қазақ тілі қазіргі кезде осындай сатыдан өтуде дейтін болсақ, онда тіліміздің барлық салада бастапқы тілге айналғанын ойластырғанымыз абзал. Олай болмаса, ол аударма тілге айналады да өзінің табиғатынан емес, басқа тілдің ықпалымен жасанды тілдің тағдырын кешпек.

Қазақ тілінің бүгінгі негізгі кеңістігі – аз және орташа табысты әлеуметтік орта десек, бұған мұғалімдер, әртүрлі кеңселерде жұмыс істейтін орта және төменгі буын қызметкерлері, ұсақ сауда өкілдері, құрылысшылар, жалдамалы еңбектегілер, зейнеткерлер десек, бұлар қоғамның ең белсенді, ықпалды топтарынан алыс жатқан тұрғындар. Қалалық қазақтілділерге келсек, сонау 90-жылдары қалаға көшіп келіп, біразы қала шетінен үй салып алғандар немесе ипотекаға пәтер сатып алғандар, болмаса әлі күнге дейін пәтер жалдап жүргендер. Әлбетте, қазақтілді азаматтар билік басында, ұлттық компанияларда, ең тәуір жұмыстарда көп. Дегенмен солардың басым көпшілігінің жұмыс тілі, ортасының тілі орыс тілі. Яғни, қоғамда қазақ тілінің кеңістігі аса өтімді, беделді, белсенді емес. Сондықтан да, таза қазақтілділер өздерінің ана тілінде қоғамдық жаңаруларға, әлеуметтік өзгерістерге ықпал ете алмайды. Өйткені, қазақ тілі ықпалды тілге айналмай отыр. Кеңестік кезеңде қағажу көрген тіліміз тәуелсіздік заманында барлық мүмкіндіктерге ие бола алмай өзінің, мәртебелі қызметін атқара алмай әлі де екінші тілдің күйінде.

Негізінен, еуропатектес ұлттардың тарихи отандарына оралуы, шетелдерден қазақтардың көшіп келуі, қазақтардың туу көрсеткішінің еуропатектес халықтардан жоғарырақ болуы біздің демографиялық басымдығымызды қамтамасыз етіп соның негізінде қазақ балабақшалары, мектептері, арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарының саны көбейді. Десек те, орыстілді мектептерде 300 мыңнан астам қазақ балаларының оқып жүргені, ал қазақ мектептерінде баржоғы 3 мыңға жуық өзге ұлт өкілдері балаларының оқуы – бізді ойландыруы қажет. Бұл бағытта мемлекеттік, ұлттық сәйкестігімізді сақтау және нығайту үшін барлық қазақстандық балалардың қазақ тілінде тәрбие мен білім алуын қамтамасыз етерлік шаралар қажет. Онсыз елімізде мемлекеттік тілдің мәселесі шешілмейді. Қазақстандық балалардың миллионға жуығы орыстілді мектепте оқығанда өзінің мемлекеттік тілін білмейтіндердің саны азаймайды. Сөйтіп, біз әлі де ересек адамдарға қазақ тілін үйретумен әуре бола бермекпіз. Яғни, Қазақстанда бұдан бірнеше, тіпті ондаған жылдардан кейін де қазақтілді кеңістік орнықпайтын болады.

Қазіргі кезде тура совет заманында­ғыдай өзге ұлттар орыс тілінің кеңістігіне тартылуда. Қазақ елі тәуелсіздік алған соң еуропатектес халықтарды айтпағанда татар, башқұрт, қарашай, түрік, әзірбайжан тағы да басқа Қазақстанда өздерінің ана тілдеріндегі мектептері жоқ түркітектес ағайындар қазақ мектебіне ағылуы тиіс еді. Бірақ олар орыстілді мектепті жөн көреді. Оның себебі – біз қоғамда қазақ тіліне қажеттілік тудырмадық. Біздің мемлекеттік тіл жөніндегі декларативтік сөздеріміз нақты істерімізбен қабыспағандықтан олардың сеніміне ие бола алмадық. Сондықтан да көбісі ана тілін ұмытқан немесе шала білетін ағайындар мемлекеттік тілді емес, Қазақстандағы басты жұмыс тілін таңдады. Сондай-ақ, кеңестік кезінде кемсітуді көрген шешен, ингуш, неміс, поляк сияқты ұлт өкілдері де қазақ тілін емес, орыс тіліне ойысты. Сөйтіп, тағдырларын қазақ жерімен байланыстырған отандастарымыз өздерін не оқуда, не жұмыста қазақ тілімен байланыстыра алмай отыр. Бұл ел болашағына шынымен жаны ашитындарды ойландыратын мәселе.

Тұрғындарға келсек, қазақтар елімізде қазақтілді ортаның сөзсіз басым болуына саны жағынан да, сапасы жағынан да әбден дайын. Мемлекет халқының 70 пайызын құрайтын және жаңа заманның барлық мамандықтарын игерген қазақтілді қандастарымыз сапаға да, қуатқа да ие. Дегенмен, қазақ тілінің де, қазақтілділердің де кеңістігі кеңімей жатыр. Бұған кешегі отаршылдықты кінәлап, оны жазғыра беруіміз жөнсіз. Себебі Қазақстанда тіл мәселесі көтерілгеніне 20 жылдан асты, соңғы заңның қабылданғанына да 16 жылдың жүзі болды. Иә, елімізде қазақ тіліне байланысты біраз игілікті шаруалар жүзеге асырылды, балабақшалар мен мектептер көптеп ашылды, десек те қазақтың тілі өз мемлекетінің басты тіліне айналмауда. Басты себеп – тілдік кеңістікті жасайтын адамдардың әлеуметтік иерархиядағы теңсіздігі. Бұл теңсіздік мемлекеттік мәртебесі белгіленбеген, заң жүзінде екінші тілдің іс жүзінде бірінші тілге айналуында. Әрбір адамның әйтеуір бір негізгі тілі болады десек, онда Қазақстанның әрбір азаматының негізгі тілі бар. Ол оның жұмыс тілі, отбасының тілі, қоғамдық орталарда тұтынатын тілі.

Жұмыс тілінің қандай болуы мемлекеттің басқару жүйесіне тікелей әсер етеді десек, онда Қазақстандағы кеңселердің орыс тілінде жұмыс істейтінін көреміз. Парламент, Үкімет, министрліктерден бастап жергілікті атқарушы органдардың негізгі тілі орыс тілі болып қалуда. Рас, мемлекеттік басқарудың 90 пайызын қазақтар құрайды. Бірақ, одан қазақ тілі жұмыс тіліне айнала қойған жоқ. Яғни, биліктің тілі орыс тілі. Билік орыстілді болған соң заң шығару, әртүрлі басқару, ұйымдастыру, реттеу құжаттары алдымен осы тілде дайындалады, жасалынады, таратылады. Олардың қазақ тіліндегі нұсқалары да бар, бірақ олар түпнұсқа емес, аударма мәтіндер. Қандай да мемлекет, қоғам аударылған құжаттармен басқарылмайды. Жұрт түпнұсқамен танысады, түпнұсқаны оқиды. Бұдан шығатын қорытынды, қазақ тілінің тілдік кеңістігінде билік номенклатурасының үлесі өте аз. Билік елді қай тілде басқарып отырғанын халық біледі, сезеді, көреді. Яғни, халық санасына билік тілі ерекше тіл ретінде сіңеді. Оны халық саналы түрде де, бейсаналы түрде де түйсігіне сақтаған. Ол тіл биліктің арқасында беделді тілге айналып, оған деген халықтың ұмтылысын тудырады. Халық сол тілде сөйлегенді тәуір көреді, сол тілде өзін еркінірек сезінеді. Сонымен бірге билік тарапынан айтылған сол тілдегі сөздердің калькалары, стилистикалық қолданыстары халық санасынан берік орын алады. Биліктің тілінде ақпарат таратылады, ол миллиондардың санасына сол тілдің моделі арқылы енеді. Ондай тіл Қазақстанда орыс тілі.

Елдің тілдік кеңістігіндегі биліктен соңғы ықпалды тілдік орта нарық жағдайында, әлбетте, бизнес саласы. Қазақстандағы шетелдік ірі компаниялар, өзіміздің бизнес құрылымдарымыз тұтастай орыс тілінде жұмыс істейді. Орыс тілінің Қазақстандағы басымдығы тіпті шетелдіктердің де жұмыс тіліне ықпал етуде. Елімізге келіп бизнес көздерін ашқан американдықтар да, қытайлықтар да, корейлер де, басқалар да қазақ тілін білгеннен гөрі орыс тілін үйренгенді жөн деп санайды. Тіпті базарларымызда тұрған қытайлар, сән салондарындағы түріктер, басқалар саудасы жүру үшін өзіне қажетті деңгейде орыс тілін меңгеріп алады. Яғни, олар Қазақстанның тілдік кеңістігінде қазақ тілінің үстемдігі жүрмейтінін біліп алған. Сонымен базары қызып тұрған қазақ елі орыс тілінде сөйлейді. Билігі мен базары орыстілді болған соң елдің тілдік кеңістігінің таразысы да сол тілге ауады. Қаптаған дүңгіршектер мен дүкендер, супермаркеттер мен салондар, базарлар мен барахолкалар жұмысы орыс тілінде. Еліміздегі тіл кеңістігінің үшінші пәрменді ұстыны – бұқаралық ақпарат құралдары. Төріңіздегі теледидар, дүңгіршектегі газет-журналдар негізінен орыс тілінде. Кешкілік отбасы жиналып телміретін теледидарыңызда 4-5 қазақшасы бар арна болса, орысша арналардың саны одан 10-20 есе көп. Бүлдіршіндер көретін мульфильм, жасөспірімдер көретін заманауи кинофильмдер, отағасы көретін сараптамалық хабарлар, естиярлар көретін жаратылыс туралы деректі фильмдер, қыз-келіншектер қызықтайтын басталса бітпейтін, біреуінің әйеліне біреуі ғашық сериалдар, негізінен, орыс тілінде. Жылдам ақпарат тарататын телеарналар да сол тілде. Яғни, біздің құлағымыздан кіріп, санамызға орнығатын оқиғалар орыс тілінің тілдік моделі арқылы зердемізге енеді де бізді де осы тілде сөйлеуге мәжбүрлейді. Оның мысалы қазақы ортада өскен енді тілі шыққан бүлдіршіннің орыс тілінде сөйлеуі, орыс тілінде ойнауы. Әбден теледидарға бауыр басып кеткен қазақтілді кемпір-кешек, қыз-келіншектердің жөнді-жөнсіз, орайлы-орайсыз, падежсіз-родсыз орыс тілінде сайрауы және ең сорақысы – олардың осыны бір артықшылықтай көруі. Сондықтан да орыс тілінде сөйлеу олар үшін мәдениеттіліктің белгісі іспетті. Бұл Қазақстандағы орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарының қазақтілді кеңістікке кедергі болып отырғандығының қарапайым мысалы. Орыстілді БАҚ бізді орысша сөйлеуге ғана емес, орысша ойлауға да бейімдей түсуде. Бұл саналық өзгеріс ұлттық мемлекет үшін аса қауіпті. Өйткені тіл ауыздан шыққанмен, оның айтары алдымен санада жасалады, баста қорытылады, тіпті кейде жүректен де шығып жатады. Сана, ақыл, жүрек бізді билейді десек, онда біздің орысша сөйлеуіміз жай күнделікті қарым-қатынас құралының көрінісі емес, діліміздің көрінісі болмақ. Бүгінгі қазақ үшін ең үрейлісі осы. Сондықтан, тілге тек қарым-қатынас құралы деп қарау үлкен жаңсақтық. Өйткені тілдің қатынас құралы екендігі оның сыртқы формасы, қарапайым қызметі ғана. Тұлғаның ғаламды, ортаны, өзін танудың және оны бейнелеудің қуатты құралы. Ендеше, Қазақстандағы тілдік кеңістік қазақ тілінде немесе орыс тілінде сөйлеушілердің тобыры емес, сол тілде ойлайтындардың, әрекет ететіндердің маңызды ділдік, маңызы алабөтен ортасы. Сондықтан, тіл – сөйлеушінің мінезін, ынтасын, пейілін, ниетін, мақсатын білдіреді. Ендеше, тіл, азаматтардың көзқарастарын, ұлттың мінезін айқындаса, онда әлбетте, мемлекеттің де болмысын айқындамақ, білдірмек.

Тілдің адам санасына, тұрмысына, қызметіне ықпалы саяси, экономи­калық ықпалдардан еш кем соқпайды. Саяси немесе экономикалық ықпал тұлғаға, отбасына, ортаға айқын сезіліп, оған қажетті амалдар жасалынатын болса, тілдік ықпал көзге көрінетіндей, қолмен ұстайтындай болмаса да тұлғаның да, отбасының да, ортаның да мінезін, ділін жасайды. Тіл мінез бен ділді қалыптастыратын болса, онда ол барлығын да қалыптастырады. Сол мінез бен ділдің кеңестік дәуірде мықтап қалыптасуы, біздің бейотарсыздану шараларын кең көлемде жүзеге асырмай жатуымыз – орыстілді ортаның қазақ жерінде ұзақ сақталуына әкелді.

Мұнда мәселе рухани, болмаса саяси құбылыс ретінде орыс тілімен күресу емес, мәселе – қазақтілді кеңістікті қалыптастыру. Ал ол орыстілді кеңістіктің тарылуымен жүзеге асырылады. Орыстілді кеңістік бүгінгідей салтанат құрып тұрғанда қазақ тілінің адымы ашылмайды. Өйткені, ілгеріде айтқанымыздай, тұлғаның да, отбасының да, ұжымның да негізгі тілі біреу-ақ! Екі тіл қолданылғанның өзінде әйтеуір бір тілдің басымдығы міндетті түрде сақталады. Сондықтан, біз үштұғырлы тіл саясатында қазақ тілінің үстемдігін ашықтан-ашық жариялап, осы үстемдікті нығайтуға науқандық емес, нағыз өміршең шаралар атқаратын кезең келгелі қашан, бұл мәселеде біз кешіктік. Кешіксек те, қимылдауға тиіспіз, тіпті міндеттіміз!

Бүгінгі қазақтың да, келер қазақтың да басты мақсаты, өмірлік мүддесі қазақ үшін өмір сүретін Алаш мемлекетін күшейту, нығайту. Барлық саналы ғұмырын алыста жүрсе де Алаштың аманатын орындауға арнаған Хасан Оралтай: «Қазақстанның белгісі қазақ болса, қазақтың белгісі – қазақ тілі» деген болатын. Иә, басқа игіліктер қазақтың жақсы өмір сүруі – тәуір үйде тұруы, сәнді киім киюі, дұрыс мамандық иесі үшін керек. Ал тіл рухыңды сақтау, елдігіңді бекемдеу, Аллам жаратқан халық болып ешкімнен кемдік көрмей, баянды өмір сүру үшін керек. Сондықтан, Қазақстанда қазақ тілі кеңістігінің салтанат құруының маңызы да, мәні де ерекше.

Ана тілі

Астана қаласы

Тілдерді дамыту басқармасының басшысы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 301 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 582 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика