КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Рауан СӘБИТҰЛЫ

Оңтүстік Кореядағы Ханкук шет ел зерттеулері университетіндегі Орта Азия тілдері кафедрасында 50-ге жуық корей студенті қазақ тілін меңгеріп жатқанын біреу біліп, біреу білмес. 2004 жылы алғаш түлектерін ұшырған бұл кафедрадан бүгінде талай корей студенті «Қазақ тілі» мамандығы бойынша білім алып шықты. Бұл, әрине, біз үшін үлкен қуаныш. Әйтсе де, корей жастарын қазақ тілі несімен қызықтырып отыр деген заңды сауал туындайтыны анық. Бұл туралы аталған кафедра түлегі Ли Со Ыймен тілдескенімізде, ол оның бірнеше себептерін атап берді. 

Біріншіден, тәуелсіздік алған жас мемлекеттер арасында Қазақстанның Орта Азиядағы үзеңгі мемлекеттерден оқ бойы оза шыққаны байқалды. Оның үстіне Қазақстан жерасты, жерүсті қазба байлықтарына бай ұлан-ғайыр ел болғандықтан, даму мүмкіндігі зор мемлекеттер қатарына жатады. Корей студенттері оның жарқын болашағына сенеді. Екіншіден, кезіндекүшпен қоныстандырылған Қазақстандағы корей отбасыларының бүгінгі тыныс-тіршілігі қызықтырады екен. Үшіншіден, екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрлерінде өзара тағдырлас, тамырлас сабақтастық жатқандай. Міне, осы факторлардың бәрі әу баста беймәлім болып келген жаңа мемлекеттің тілі мен мәдениетін оқып, үйренуге түрткі болатын көрінеді.

– Соңғы жылдары қос елдің арасындағы достық, туыстық қарым-қатынастың нығая түсуі де келешекте осы саланың мамандарын қажет ететіні анық. Президентіміз Ли Мен Бактың Қазақстанға барған әр сапарында қол жеткізілетін уағдаластықтар көптеген корей студенттерінің бойында үміт отын жағып, Орта Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның тілін үйренуге себеп болады ғой деп ойлаймын. Өз басым Қазақстанның жарқын келешегіне сеніп, тілін меңгеруге бел байлаған болатынмын, – дейді ол.

Өкініштісі сол, қазақша оқыған корей студенттерінің осы үкілі үміті ақталмай, оқу бітірген соң жұмыс таппай далада қалады екен. Кореяда әзірге қазақ тілін қажет етіп жатқан мекеме жоқтың қасы. Ол түсінікті де.Ұят та болса мойындауға мәжбүрміз, Корея тұрмақөзіміздің елдегі көптеген қазақ-корей компанияларында қазақ тіліне мүлдем сұраныс жоқ. Сондықтан қазақ тілі мамандығын бітірген түлектер жұмыс таба алмай, дағдаратыны жасырын емес. 

Қиындықтар қазақ тілін оқыту процесінде де аз емес екен. Әсіресе, әлі күнге дейін дені дұрыс қазақ-корей сөздігінің жоқтығы қолбайлау болып тұр.Қолда бар жалғыз корейше-қазақша сөздіктің сапасы мәз емес, ондағы сөздердің нақты мағынасын түсіну үлкен қиындық туғызады.

– Көбінесе іздеген сөздерді таппай дал боламыз, ал қате жазылған сөздер тіптен миыңды шырғалаң қылады. Сол себепті тіл игерудегі ең басты нәрсе – сөз жаттау жағы ақсап жатады. Кейде амалымыз таусылған соң, корейше-орысша, орысша-корейше сөздікке жүгінуге мәжбүр боламыз, бірақ оның да қиындығы шаш-етектен. Өйткені, біріншіден, орыс тілін меңгеруіміз керек, ал меңгерген күнде де, бір тілден екіншісіне аударып отыру қайран уақытыңды ысырап қылады. Екіншіден, қандай да бір тілді меңгергенде ешқандай бөтен тілді араластырмай, төте аударып үйренгеннің маңызы зор. Ал үшіншіден, орысшаға немесе ағылшыншаға қарағанда, қазақ тілінің грамматикасы корей тіліне өте ұқсас, өйткені түбі бір Алтай тілдері тобына жатады, – дейді Ли Со Ый.

Міне, көңілге кірбің ұялатар осындай жайттардың кесірінен аталған кафедраға жылына отыз студент қабылданатын болса, соңғы жылдары олардың көпшілігі өзбек тілін таңдайтын болыпты. Тіпті қазақ тілін оқып жүріп, өзбек тіліне ауысып кететіндері де көп көрінеді. Себебі, «қазақ тілімен арыға бара алмаймыз, жұмыс табу қиын,ол үшін орыс тілін қатар үйрену керек», – деген түсінік қалыптасқан. Ал өзбек тілімен жұмысқа тұру еш қиынға соқпайды екен.

Демек "Қазақстанда орыс тілінсіз күн жоқ" деп ойлайтын шетелдіктер қазақ тілінің болашағына сенбейді. Қалай дегенде де, өзіміз кейде мұрын шүйіре қарайтын өзағаңдардай бола алмай тұрмыз...


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз