КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Мәншүк Мұханбетқалиева, Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірден-бір мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру екені белгілі. Қазақ тілінің бүгінгі таңдағы дамуы, тіл аясында атқарылып отырған негізгі шаралар барлығы аталған бағдарламада айқындалған міндеттермен сабақтас болып келеді. 

Осы тұрғыдан алғанда тіліміздің қолданыс аясы жылдан-жылға кеңейіп, ел өміріндегі маңызы арта түсуде. Алайда заман ағымы азаматтарға мемлекеттік тілді үйретудің, білімді тексерудің әдіс-тәсілдері жетілдіруді талап етіп отырғаны сөзсіз. Бұл ретте азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін нақты айқындайтын «Қазтест» жүйесі қолданысқа енді. «Қазтест» жүйесіне кеңірек тоқталмас бұрын оның «Тіл туралы» мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі екенін айта кеткеніміз жөн.

Енді бұл жүйенің мазмұны, құрылымы мен құқықтық негіздемесі қандай, осыған келейік.

Тіл үйрену деңгейін әділ бағалайдыЖалпы, «Қазтест» ол Қазақстан Республикасындағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесін білдіреді. «Қазтест» жүйесінің нәтижелі болып табылатыны ол халықаралық тілдік білімді бағалаудың TOEFL, IELTS, DALF/DELF,DSH,CELI, TOMER, TPKИ және т.б. жүйелерінің қағидаттарына негізделіп құрылған. Сондықтан аталған жүйенің білім жүйесін тексерудің әлемде қолданылатын озық үлгілерімен сабақтас деп айтуымызға болады.

Елімізде «Қазтест» жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11-қыркүйектегі №835 Қаулысымен мақұлданды. Тұжырымдамада «Қазтест» жүйесін енгізу мен дамыту бағыттары нақты айқындала отырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық тестілеу орталығының» арнайы құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмысын бастады.

«Қазтест» жүйесінің құрылымы төрт бөліктен тұрады. Біріншісі – тыңдалым. Мұнда шағын және ұзақ диалог, монологтарды есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тапсырмалар беріледі. Екінші – лексика-грамматикалық бөлік деп аталады. Бұл бөлімде грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған тапсырмалар беріледі. Ал оқылым деп аталатын үшінші бөлімде әртүрлі мазмұнды және түрлі стильдегі мәтіндерді оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тапсырмалар беру көзделген. Құрылымның ең соңғы, яғни төртінші бөлімі жазылым деп аталады. Аталған бөлімнің негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілерге тіл меңгеру деңгейлеріне байланыс­ты шығармашылық диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жаздыру.

Тіл меңгеруді анықтаудың төрт деңгейі мемлекеттік қызметшінің тілді білу дәрежесін айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қазтест» жүйесінің тағы бір маңызды бөлігі ол белгілі бір уақыт аралығында сынақ тапсырмаларын орындаумен байланысты. Аталған жүйе негізінде тыңдалым, оқылым және лексика-грамматика бөліктері бойынша 150 сынақ тапсырмасына жауап беру ұсынылады. Тапсырмалар жабық түрдегі тапсырмалардан тұрады, яғни ұсынылған 4 жауаптың ішінен бір дұрыс жауабын табу қажет. Берілген тапсырма сынақтарының барлығына 150 минут, яғни 2 сағат 30 минут уақыт белгіленген.

«Қазтест» жүйесінің тестілеу технологиясына келетін болсақ, тест тапсыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – диагностикалық тестілеу болса, екінші кезең – сертификациялық тестілеу деп аталады.

Халықаралық тіл білімін бағалау үрдістеріне сәйкес, қазақ тілін меңгеру деңгейлерін анықтау үшін тыңдалым, оқылым және лексика-грамматикалық бөлік бойынша 150 жабық түрдегі тест тапсырмалары диагностикалық тестілеу кезеңінде ұсынылады. Олардың нәтижесін анықтау қазақ тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкестігі арқылы жүргізіледі, яғни тіл үйренушіге балл көрсеткішіне сай сол деңгейдің емтиханын тапсыру ұсынылады. Мысалы, тіл үйренуші 150 тапсырманың 55-іне дұрыс жауап берген болса, онда ол қазақ тілін қарапайым деңгейге жақын деңгейде меңгерген болуы мүмкін деген қорытынды шығарылып, тіл үйренушіге қарапайым деңгейдің емтиханын тапсыру ұсынылады.

Тест тапсырудың екінші кезеңі жоғарыда айтқанымыздай сертификациялық тестілеу болып табылады. Мұнда тіл үйренушінің алдыңғы кезеңнің нәтижесіне сәйкес «тыңдалым», «оқылым», «жазылым» және «лексика-грамматикалық» бөліктер бойынша емтихан тапсыруы көзделген әрі 150 тест тапсырмасын орындау ұсынылады. «Жазылым» бөлігінде диктант, мазмұндама немесе эссе жазу қарастырылған. Егер тест тапсырушы әрбір бөлік бойынша ұсынылған тапсырмалардың 60 пайызынан кем болмайтын нәтиже көрсететін болса, сол деңгейде қазақ тілін меңгерген деген тұжырым жасалып, оған арнайы сертификат табыс етіледі. Жазылым бөлігі бойынша тапсырмаларды тексеруге сарапшы мамандар шақырылады.

«Қазтест» жүйесінің дамуына ерекше серпін беретін ақпараттық байланыс құралы ол «Қазтесттің» ғаламтордағы сайты. Ақпараттық сайт «Қазтест» туралы негізгі хабаршы, виртуалды әлемдегі өкілі ретіндегі қызмет атқарып келеді.

Енді сөз соңында «Қазтест» жүйесі бойынша Атырау облысында атқарылып жатқан іс-шараларға қысқаша тоқтала кетейін.

2013 жылы Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері мен облыстық Тіл басқармасы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік қызметшілер арасында тест өткізді. Облыстық басқармалар, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдіктеріне қарасты мемлекеттік органдар, ауыл әкімдері мен мамандары (жиыны 1068 адам) қамтылып, тест арқылы қатысушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтады. Нәтижесінде сынаққа қатысқан мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі қазақ тілін білу дәрежелерін орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейде екенін көрсетті.

«Қазтест» бойынша қолға алынған жұмыстар биыл сәуір айында басталды. Осыған орай 1004 мемлекеттік қызметші сынақтан өтіп, соның ішінде, бұрын деңгейі анықталған 684 адам сертификат алуға ниет білдірді, сынақ тапсырды.

Бір қуантарлығы, «Қазтест» өндіріс саласына енгізіле бастады. Мәселен, ағымдағы жылы Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының 500-ге жуық қызметкерінен сынақ қабылдады. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, ауқымы кеңейе түспек. Өйткені болашақта тек мемлекеттік қызметшілер емес, жалпы халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі, тіпті Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік азаматтардың тілдік білімін «Қазтест» жүйесі арқылы бағалауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан «Қазтест» жүйесінің болашағы зор деп есептейміз.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 285 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 575 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика