КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Азаттықтың алғашқы жылдары жазылған:
«Ең киелі кітабым бар, ол – Құран,
Ата-дәстүр – сарқылмайтын мол Мұрам
«Қазақстан деген елдің иесі
Тек Қазақ!» деп күмбірлейді Домбырам» деген өлеңімді тауып алып қуанып отырғанда жанымдағы телеайнадан «Тұрғылықты мекенжайы белгісіз тұлғалар» дегенді құлағым шалып қалды. Өздері тұлғалар, өздерінің мекенжайы жоқ, бұл қалай деп әрі қарай тыңдасам хабар үй-күйсіз күн кешіп жүргендерді орысша «без определенного места жительства», яғни «БОМЖ» дегенді қазақшаға тәржімалап «тұлғалар» деп тұр екен.Осыдан-ақ қазір қазақтың тілі түп-түгел орысшаның аудармасына айналғанын, яғни қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлескенде олардың өз сөзін орысшадан тікелей аударып сөйлеп тұрғанын ап-анық аңғарасыз. Әңгіменің турасын айтсақ, бұған екі-ақ нәрсе себеп. Біріншіден, бүкіл ел басындағы дөкейлер тек орысша сөйлеп, Парламентте (бұл француздың «сөйлеу», «айту» деген сөзі ғана) заң атаулы орысша жазылады да олар сол күйінде қазақшаға сөзбе-сөз тәржімаланады. Ол қазақшаны оқып бірнәрсе түсіну де мүмкін емес. Екінші және ең күшті, ең кінәлі себепкер – ТЕЛЕАРНАЛАР!

Қазіргі телеарна журналистерінің ішінде қазақтың көркем, шырайлы, әдеби тілінен бейхабарлар аз емес. Солардың көркем әдебиет, кітап оқығанына да күмәніміз бар. Олар орыс журналистері айтқан «жаңалықтарды» сол күйінде аудармалап айта салады. Айтар ойын қазақы сөз саптауға бейімдеп, бейнелеп, тартымды тілмен айта алмайтын сауаты өте төмен, әйтеуір, журналист атанып жүргендер деуге болады. Қазақ телеарналары ұлтымыздың әлемде теңдесі жоқ ғажайып көркем, өте бай тілін бұлайша орысшаның аудармасына айналдырып бүлдіргені, қазір шонжарлардан бастап кіп-кішкентай қарадомалақтарымыздың да тілі орысшаның көшірмесіне айналғаны талайдан бері айтылып келеді. Бірақ телеарналар басшылығы тарапынан шара қолданылмақ түгіл бірауыз жауап берілген емес. Егер біздің айтқандарымыз, жазғандарымыз жалған не қате, ал телеарналардың балдыр-батпақтары дұрыс болса, оны да дәлелдейтін бірауыз сөз болмауы бізді таңғалдырумен келеді. Өйтпек түгіл қазір қазақтар телеарналардан үйреніп «үй құрылысын жүргізу үш жылды құрады», «шыршаның биіктігі 5-6 метрді құрайды», «жалақысы 40000-ды құрап отыр», «биыл дүниеге келген сәбилер саны 180 мыңды құрады» деген орысша «составляет», «составил»-ден аударылған сөздің өзіне тоқтау сала алмай-ақ қойдық. «Ожидается» деген орысшадан некесіз туған баладай «деп күтілуде» деген сөз де соның бірі. Бұл жерде әлгі «составляет»-ты аудармай-ақ айта салуға сол қазекемнің не ойы жетпей тұр, не орыстың бір сөзін алып тастасам әлдеқайтіп кетермін деген құлмінезден құтыла алмаушылық тұр. Бұл ауру күннен күнге асқынып, қалың қазақты жайлап алды. Төменде біз қолымыз қалт еткенде телеарна журналистерінен түртіп алған сөздерге көз салыңызшы. Егер осы біз кім боп барамыз деген ой-сауалдан аулақ қалған, ішкенге – мәз, жегенге – тоқ біреу болмаса, мына балдыр-батпақтың, мына қойыртпақтың қазақ ұлтының бұдан былай аман-сау мәңгі ұлт болып қала береріне қауіп төндіретінін түсінер. Ал қараңыз:
1. Мынадай ыдыстар сұранысқа ие. 7-канал. Жазира Бегалы (20.02.2014).
2 .Елбасы бұдан әрі баға төмендеуі болмайтынын айтты. Олжас (14.02.2014, КТК).
3. Бір жыл ішінде біз Үкіметке өз ұсынысымызбен шығамыз (14.02.2014, КТК).
4. Үй тұрғындары наразылық танытты (14.02.2014,КТК).
5. Өңірлерді аралап мегаполиске де жетті (14.02.2014, КТК).
6. Қазақ көрерменіне қазақ киносының классикасын сыйлады (14.02.2014, КТК).
7. Қаржы қаралмаған.
8. Оның жалпы құны 350 мың теңгені құрап отыр (спорт киімі) Олжас Тайжан. (28.12.2013, КТК).
9. Ет асып, сорпа сапырудың шебері. Құралай Пионер.
10. Елге үй үлестіруді бастамақ (ТЖҚБ) банкі Н.Аралбайұлы.
11. Тұмса табиғат.
12. Бұл амалдарын қажеттілікке балайды.
Қазақ тележурналистері сөйлемнің ішінен орыстың қазақ сөз саптауына жат бір сөзін алып тастасам бір бәлеге ұшырап қалармын дейтін тәрізді. Әйтпесе, «өз кезегінде 2-орынға жайғасқан «Арландар» (КТК. 9.12.2013.) деген не? Бұл жерде орыстың «в свою очередь» дегенін «Өз кезегінде» деп аударудың не қажеті болды.
Осының өзі-ақ біздің тіліміз орыс тілінің құрсауында қалып отырғанын көрсетеді. Өйткені бұның бәрі орысшадан аударып сөйлеу ғана. Қазақ бұлай сөйлемейді. Әйтпесе, дені сау қазақ «ыдыстар сұранысқа ие» (пользуется спросом) «ұсыныспен шығамыз» (вый­дем с предложением), «наразылық танытты» (проявили недовольство), «классикасын сыйлады» (подарили классику, классическое произв-ние), «қаржы қаралмаған» (не предусмотрено), «350 мың теңгені құрап отыр ( киім бағасы) – (составляет 350 тыс. тенге) деген бөгде сөздерді айтпайды. Ал ет асудың, сорпа сапырудың шебері деу барып тұрған тілі кемтар адамның сөзі. Өйткені шебер мен аспаздың екеуі екі басқа дүниелер. Бұның бәрі орысшаның сөзбе-сөз аудармасы. Сауаты төмен журналистер әр ұлттың сөз саптауы, сөйлем құрауы, тіпті жылауы мен күлуі әртүрлі болатынын не білмей, білсе өз сөзімен айтуға ерініп орысшадан аудара салып отыр. Міне, осылай сөйлеу теледидардан жас ұрпақтың миына сіңіп, оның ойлау, сөйлеу қабілетін бүлдіріп барады. Егер телеарналар басшылары ұлтқа, ана тіліне жаны ашитын болса, бұл журналистерді осындай бірауыз балдыр-батпақ сөзі үшін-ақ шара қолданар еді. Амал не, бұл мәселенің айтылғанына талай жыл болды. «Көрмегенге көсеу таң» дейді қазақ. «Өңірлерді аралап, мегаполиске жетті» деген КТК журналисіне не айтасыз? Ол, сірә, «мегаполис» деген бір керемет сөз екен, соны қолданып сөйлесем, білімді болып көрінемін ғой деп ойлайтын шығар.
Қазіргі заманда қай ұлттың да қауіпсіздігі, аман-саулығы, ең алдымен тілінің қаншалықты қадірлі, құрметті болуына тікелей байланысты екенін және әлемде болып жатқан қым-қуыт уақиғаларда тіл мәселесі алдыңғы аяда жүретінін көзіміз көріп отыр. Ал біздің ішімізде тіл мәселесін көтере бастасаң, бұлар көзге түсу үшін сөйтіп жүр дейтін шалақазақ саясаткерсымақтар көп. Өзі басып алған, өзі үстемдігін жүргізетін елді әуелі тілінен, сосын дінінен ­айыру патшалы Ресейдің де, кешегі коммунистік, кеңестік Ресейдің де саясаты еді… Осыны айтсаң, жылап еңірей беруге болмайды деп өзіңді кінәлайтын қазақтар-ақ көп. Ал КТК-ның Жанар Жолтаева деген тілшісі Валентин күнін «Ол халықтық мейрамға айналғанын мойындауымыз керек» (14.02.2014, КТК) дейді.
Иә, қазақ тілін шұбарлауда телеарна журналистерінің жауапсыз­дығында шек жоқ. Көңілге қонбайтын әлгіндей көп сөздің бірі «құрайды» мен «құрады» екенін айтуға тиіспіз.
КТК-ның Олжасы спорт киімі «құрап отыр» десе, «31» арна мен «Білім» арнасы да «құрауға» «құрау» қосып, қазақ сөз өнерін қырық құрау қылды. Қараңыз:
1. Биіктігі бір жарым шақырымды құрайтын ғимарат.
2. Оның ұзындығы 63 шақырымды құрайтын болады.
3. Бұл «Білімнің» «құраулары» 7.01.2014. Енді «31»-дің «құрауларын» қараңыз:
1….ауырғандар 88 адамды құрайды (4.12.2013).
2. Бас-аяғы 112 мың теңгені құрайды екен (неке сарайы туралы хабар).
3. Оған төленетін қызметақысы 135 мың теңгені құрамақ (Жанар Жолтаева).
Осылай кете береді. Апыр-ау, осындай сөздер тілімізді құртып барады ғой, әйтпесе, осының бәрін «құраусыз-ақ» «88 адам ауырған екен», «бас-аяғы 112 мың теңге ғана», «қызметақысы 135 мың теңгедей болады екен» деуге болады ғой. «Құрау» жағынан «7 арна» да қалыспайын деді ме қайдам олар көрген «Шыршаның» орташа жасы 300 жылды құрайды екен. «…5,207 жерді алып жатыр» дегенге түсінсек бұйырмасын. Ал «Астана» телеарнасында «Nistle» деген шоколад «нағыз нәзіктік рақатын сыйлайды» екен де «Корега» «протездің күні бойы берік бекітілуін қамтамасыз етеді» екен.
Бұның бәрі біз телеарналар алдында әрі кетсе 10-15 минут отырғанда естіген ессіз сөздер. Ал оны сағаттап көретін қазақтың осы күні сөзі бұзылғаны, қиналып аяқ-қолын сермелеп, ойын жеткізе алмай тұтығып сөйлейтін болғаны осы телеарналардың орысшадан аударып сөйлегенінің кесірі екені қазақтың миына осылай сөйлеу теледидар арқылы байқаусыз сіңе беретіні дәлелденген нәрсе. Бұған дереу тоқтау салмасақ, ұлтымызға үлкен қауіп төнді. Бүгінде кез келген әншісымақ, кез келген ­асаба, әзілкеш сайқымазақ тележүргізуші болып алды. Бұл туралы әңгіме мүлде бөлек…
Парламентте де, Елбасымен кездесулер кезінде де қазақ тілінің мүшкіл жағдайын дауыс көтере айтып жүрген өзбек ақсақалы Р.Халмұратов екенін жақсы білеміз. Тіпті орыспен қаны, діні бір, тілі де ұқсас украин халқы өз елінде көліктерде, қоғамдық орындарда орысша музыка қоюға тыйым салғанына да 2-3 жыл болды ғой. Олардың Парламентінде орыстар да украинша сөйлеуге міндетті емес пе? Жалпы, Тіл басқармаларының мемлекеттік тілді дамытуға қанша үлес қосып отырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Қалай десек те, Тіл басқармалары өздеріне бөлінген қаржыға әртүрлі жиындар, фестивальдар өткіздік деп «отчет» беріп отыруы мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосу дей қою қиын. Бұл да бөлек әңгіме. Еліміздегі тіл басқармалары сонша жылдан бері біз айтып, жазып келе жатқан мәселе – телеарналардың тілімізді шұбарлауына қарсы бір әрекет жасайтын кезі келді.
Ал телеарналардан көрсетіліп жатқан ұрпағымызды ұлттық санасынан, адамшылық ар-ұятынан айыратын көрсетілімдер туралы айтылған сөзде есеп жоқ. Ол аз болса күні кеше «Россия-24» телеарнасынан В.Жири­новский­­дің Қазақстан туралы айтқан өрескел сөздерінің өзі (23.02.2014) қаныңды басыңа шаптырмай ма? Сөз соңында тағы да айтарымыз: егер біз елдігімізді, ұлттығымызды сақтап, шын «Мәңгілік Ел» болғымыз келсе, мемлекеттік тілімізді алға шығарып, тілімізді телеарналардың шұбарлап, бүлдіруіне қарсы күресті жедел бастамасақ болмайды. Өйткені қаттырақ айтсақ, телеарналар бүйте берсе тілімізді құртып тынатынына көзіміз жетті. Ал тіліміз әлі күнге орыс тілінің құрсауынан құтылмағанын айтқандарға дүрсе қоя беретін болсақ, соның өзі де біздің құлдық санадан құтыла қоймағанымыз ба, кім білсін?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 320 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 593 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 45295 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 42802 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика