КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жуық арада Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров елордамыз Астанаға ресми сапармен келіп, еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесті. Бір оқпен екі қоянды атуды көздеген Сергей президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың да қабылдауында болып, саяси мәселелерден бөлек, елімізде құриын деп жатқан орыстың мәдени һәм рухани мәселелерін де талқыға салғанға ұқсайды. Сөйтіп, дипломатияның сайыпқыраны атанып үлгерген Сергей Лавров мырзаның қазір басқан ізі, аузынан шыққан сөзі аңдулы десе де болады. Уақыттың тығыздығына қарамастан, әккі дипломат елордадағы Еуразия ұлттық университетінде студент жастарымызға дәріс оқып та үлгеріпті.
Сергей Лавровты еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов министрліктің ведомствосында күтіп алады. Келіссөздер барысында екіжақтық ынтымақтастық байланыстың сан саласы талқыланып, қос жақтың мәңгі достығын ары қарай дамыту мәселесі көтерілді. Осы мақсатта XXI ғасырдағы Қазақстан мен Ресейдің достығы туралы жаңа келісім әзірленіп жатқаны белгілі болды. Аталған құжат екіжақты байланыстардың кең ауқымын қамтып, XXI ғасырға барынша бейімделетіндігі айтылады. Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесу барысында Ерлан Ыдырысов пен Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы 1992 жылғы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. «Осылайша 21 жыл бұрын рәсімделген екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімшарт тағы 10 жылға ұзартылды», – деп атап көрсетті Сергей Лавров мырза.
Кейіннен Қазақстанның баспасөз мәслихатында ресейлік дипломат, алдымен, Қазақстанның орыс тілі мен мәдениетін қолдап отырғаны үшін шексіз алғысын білдірді. «Бүгінде Ресей мен Қазақстан гуманитарлық бағытта тығыз жұмыс істеп келеді. Осы салада біздің халықтарды біріктіретін ортақ мүдделер көп. Ресей өз кезегінде Қазақстан басшылығының орыс тілі мен мәдениетіне, орыс халқының рухани дәстүрлеріне қолдау жасап отырғанын жоғары бағалаймыз. Бұған мен Астанадағы шіркеуге барған кезде әбден көз жеткіздім», – дейді Ресей сыртқы саясатының басшысы. Әрине, көрші министрінің бұл сөздерінен Қазақстан билігі әлі күнге дейін Ресейдің қабағына, бағалауына қарап отырғанын анық байқадық.
Министрдің айтуы бойынша, Сергей Лавров бүгінгі Қазақстан-Ресей байланыстарының оңтайлы дамуына екі ел президенттерінің ықпал етіп отырғанын ерекше атап өтті. «Біздің есебіміз бойынша биыл жыл басынан бері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин алты рет кездескен болатын. Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында кезекті кездесуі өтеді деп жоспарлануда. Қазақстан мен Ресей басшыларының әр кездесуі біздің ынтымақтастық байланыстарымызға жаңаша серпін беріп отырады», – дейді С.Лавров. Ал екі елдің бірлескен жобаларына келер болсақ, оның саны 40-тан асады. Соның барлығы Қазақстан мен Ресейдің 2013-2015 жылға арналған бірлескен іс-шаралар туралы жоспарына енген. Ол құжатты өткен жылы екі елдің президенттері рәсімдеген болатын. Соның аясында ағымдағы жылы 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр екен.
Путин мен Президентіміздің жиі кездесіп тұруының сыры неде?.. Әрине, ол жағын ашып, тарқатып айтып бере алмағанымызбен, Ресейге жалтақтай беру мемлекеттік тіліміздің дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді. Бір жолдауындакөршімен тату болу үшін орыс тілінің мәртебесін сақтау керек екенін сөз еткен Президентіміз Н.Назарбаев қазақ тілін дамыту орыс тілінің мәртебесіне нұқсан келтірмеуі тиіс екенін айта келіп: «Конституцияда айтылғандай, Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонымен қатар, Конституцияда қазақ тілімен бірдей дәрежеде мемлекеттік органдарда ресми түрде орыс тілі қолданылады делінген. Біздің Конституцияның бұл нормаларын өзгертуге ешкімнің құқы жоқ. Мемлекеттік тілдің жоспарлы дамуы орыс тілінің дәрежесіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін не керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады», – дегені бар. Бұл дегені, Ресейге Қазақстанның тәуелді екенін білдірмей ме? Қазақстанда орыс тілінің мәртебесін түсірмей мемлекеттік тілді дамыту мүмкін емес екенін билік басындағылар қашан ұғады?
Негізінен, елімізде орыс ұлтының мүддесін көздейтін бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері орыс тілінің болашағына алаңдап жатқаны белгілі. Олардың қалауынша, орыс тілі – Қазақстан және Ресей халықтары интеграциясының факторы ретінде қоғамдағы рөлін жоймауы тиіс. Қазақстан Республикасында білім мен мәдениетті дамытудың «Светоч» православтық қайырымдылық қоғамының директоры Алексей Лобановтың айтуынша, қазіргі таңда қоғамда орыс тілі ықпалының бәсеңдеу үрдісі байқалады. Ол өз сөзінде: «Біз орыс тілінен біртіндеп айрылып барамыз, әсіресе, аймақтарда. Ал, енді оның орнын қазақ тілі басып жатыр деп те айта алмас едім. Қазір мектептерде орыс тілін оқыту сабақтары екі есеге қысқартылып, қазақ тіліне бөлінген сағаттар көбейді. Бірақ, осындай жүйе қаншалықты тиімді? Орыс тілінде бітіріп шыққан оқушыларымыздың да таза сөйлеп жүргені шамалы. Орыс тілі зардап шегіп жатыр», – дейді. Оның пікірінше, қоғамда тілдердің де тепе-теңдігі сақталуы тиіс екен. Сонымен қатар Қазақстандағы орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев болса орыс тілінің жылдан-жылға шұбарланып бара жатқандығына алаңдаулы күйде: «Балалар таза орыс тілін жетік білмейді. Әсіресе, соңғы бес жылдағы мектеп бітірушілер бұл жағынан сауатсыздау деп айтуға болады. Ауызекі тілде сөйлеу бір басқа да, таза сөйлеудің жөні бөлек. Қазір тілдің сұлулығын бұзатын «паразит» сөздер көбейіп кетті. Айта кетерлік жайт, жалпы тіл мамандары ТМД аумағында таза орыс тілі дәл Қазақстанда сақталған деп біледі», – деп тіл мамандарының Қазақстанда ғана орыс тілі сақталып жатқанын дерек ретінде тиек етеді.
Мойындау керек, халқымызбен қатар, билік басындағылар тіл геноцидіне, тіл расизміне ұшырап отыр. Халықаралық стандарттар бойынша мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік – заңсыз билік. Кез келген елде, мемлекетте мемлекеттік тіл – мәжбүрлеу тілі, зорлық тілі болып есептеледі. Ал, шын мәнінде, біздің елімізде қазақ тілі өзге тілдерге зорлық былай тұрсын, әсер де ете алмай жатыр. Мұндай сұмпайы үдерістердің негізгі себепшісі болып отырған да – билік иелері. Бізден басқа кез келген елде мемлекеттік тілді білмей ол елде өмір сүруің, жұмыс істеуің мүмкін емес. Ресейде орыс тілін білмесең, жұмыстан айырылмақ түгіл басың кетеді, өміріңе қауіп төнеді. Қазақстанда ғана қорқақ, бейқам билік өзінің ана тілінен өзі үрейленеді. Қазақ билігі қазақ этносының тарихи мән-мағынасын, оның қазіргі замандағы этномәдени даму деңгейін білмейді, түсінбейді. Қазақ билігі қазақ тілін мемлекеттік деңгейге жеткізуді өздері тежеп отыр.
Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов тіл мәселесін саяси ойынға айналдыруға болмайтындығын ескерткен болатын. Оның пікірінше, «орыс тілі дамымай жатыр» деп еліміздегі орыс диаспорасының Ресейге шағымдануларының да жөні жоқ. Яғни, Қазақстанда орыс тілінің ықпалы әлі күнге дейін жүріп келеді. Ал, белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның болжамына қарағанда, болашақта Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құрады. Ал орыс тілі болса, қытай және ағылшын тілдеріне еріксіз жол беруі мүмкін. Ол «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Алдағы 40-50 жылдың көлемінде территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекетте қазақ тілі басымдыққа ие болады. Орыстардың және орыс тілді халықтардың санының кемуі орыс тілінің ғана емес, орыс тілді ақпарат құралдарының, театр мен телеарналардың азаюына әкеп соғады. Бұл жерде ешкімге ренжудің қажеті жоқ. Шынайы демографиялық процестер осыны көрсетіп отыр» – дейді. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі күні 17 миллионнан астам тұрғыны бар Қазақстанның 80 пайызы орыс тілінде сөйлей алады.
«Мемлекеттік тіл» кез келген елде үлкен саяси күш иесі болып табылады. Саяси мәселелердің қаншамасын көп елдер «мемлекеттік тіл» арқылы шешіп алып жатыр. Барлық ұлы халықтар ана тілінің маңызы мен рөлін жақсы біледі. Мәселен, немістің ұлы философы М.Хайдеггер: «Тіл дегеніміз – «болмыс» тұрағы. Адам тіл мекенінде өмір сүреді. Ойшылдар мен ақындар – осы мекенді қырғи қорғаушылар. Тіл дегеніміз – болмыстың өзінің айқын-тылсым құбылысы. Тіл дегеніміз – болмыс үйі, осында адам өзін экзистендіреді, өйткені, болмыс ақиқатын аялай келе, ол оған тиесілі» – деп тілдің маңыздылығын, болмысқа әсерін айқын көрсетеді. Ал, Ресейдің бұрынғы президенті Д.Медведев өздерінің ұлы ақыны А.С. Пушкиннің туған күнінде: «Тіл – ұлт геномы» деп айтады. Ресейдің басшылары ғана емес, жұбайлары да орыс тілі, орыс мәдениетінің көсегесін көгертіп, шапқылап жүреді. Ал, басшылары осындай екенін көріп тұрғанымызда, халқының, ұлтының орыс тілін қалай қорғайтыны айтпаса да түсінікті. Әлемнің бар түпкірінде заң осылай.
Еліміздің орыс тұрғындарының арасында билік әдейі мынадай идеология жүргізіп отырғаны өтірік емес: «Егер бүгінгі билік кетсе, оның орнына Ұлтшылдар келеді, сендердің күндерің қараң болады». Әрине, бұл билік басында ұзақ тұрақтаудың амалы. Дегенмен, мемлекеттік тілді ашық қолдап, практикалық түрде жүзеге асыратын болса бүгінгі билік мәңгі тұрақтайтынына неге көзі жетпейді?.. Соған қарағанда, біздің елімізге Ресей тарапынан бір қауіп бар. Әзірге ол қауіп құпия күйінде қалып отыр.
Ресейдің отарының астында қазаққа көп қастандық жасалып, орыстандыру идеологиясы жүргізілгені мәлім. Дегенмен, тәуелсіздік алғалы жиырма екі жылдан астам уақыт өтті ғой, орыстың иісінен арылатын кез келді емес пе?.. Негізінен, қазақ ұлты намысшыл, өркөкірек келеді, ол немісті де, французды да, қытайды да, америкалықты да мойындамайды, оларды өзіне тең санайды. Бірақ, орысты көрсе болды, қазақ өзгере бастайды, баяғы намыс, абыройынан жұрдай болады. Неге біздің билік әрқашан орыстың көңілін табуға дайын тұрады, жарамсақтанып, жағынып, жағымпазданып өзінің әлдебір түйсігімен «егер маған бір нәрсе бола қалса, орыс мені қорғайды, менің жанашырым болады» деген ойдан арыла алмайды. Балық басынан шіритінін ескерсек, бізді Ресейге қарай итермелей беретін немесе тарта беретін бір күш бар. Ол ресми тіл – орыс тілі. Бұған қарап мынадай тұжырым жасауға болады: қазақ қашан толықтай орыс тілінен құтылады, сонда ғана толықтай азаттық алады. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 287 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 576 0











31/05/2017 10:11

Бұлтартпас ақиқат
0 26526 0










14/06/2017 15:56

Фейсбукте
0 6468 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика