THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Компьютер мен интернет бүгінде қоғамымызға әбден дендеп еніп, өміріміздің құрамдас бір бөлшегіне айналып үлгерді. Сірә, бірде-бір ақпараттық технология мұншалықты аз уақытта адам санасына өз әмірін жүргізіп үлгермеген болар. Әйтпесе Қазақстанда ең алғашқы интернетті пайдаланушылар санаулы жыл бұрын ғана пайда болғаны белгілі. Тіпті 2000 жылға дейін де халқымыз «сайтты таяқ деп білмеді» де. Десек те, бүгінде елімізде интернетшілердің дербес қауымдастықтары қалыптасып, алды интернет арқылы келешек қосағын таңдап, тауып та жүр. Олардың дені белгілі жастар. Жаңа тетіктің жаңа қырларын ашуға солардың талпынысы басым. Не керек, компьютері интернетке қосылғандар үшін әлем кілті қолдарында тұрғандай көрінеді. Ол рас та. Компьютер иесінің үйінде отырып-ақ, жер шарының екінші нүктесіндегі адаммен хат алмасып та, тілдесіп те, тіпті бір-бірімен бейнеақпарат алмасуына да бар мүмкіндік жасалған. Өкініштісі, Қазақстан интернет пайдаланушыларының ең жиі кіретін сайттары – танысу парақшалары екен. Біреулер үшін бұл танысу сайттары уақыт өлтіретін ермек көрінгенімен, екіншілердің өмірін өзгертіп жіберіп жатқаны тағы шындық. Әрине, оның екі жағы да бар.
Сайт арқылы танысып, шаңырақ көтерушілер халқымыздың «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе?» мәтелінің мәнін өзгертіп, «Интернетке ендің бе, құда болдым дедің бе?» деуге көшіпті. Десе дегендей. Танысу сайттарына кірсеңіз, әңгімелесушіні сұрыптап тұрып таңдауға жағдай жасалып қойылған. Аты-жөні, жасы, жынысы, жұлдызы, мекенжайы, тіпті оның мінез-құлқы мен қандай адамды қалайтыны бойынша да іздеу салып, таныса аласыз. Әрине, бұл ретте көбіне ер балалардың қыздарға, керісінше, нәзік жандылардың жігіттерге көңілі ауатыны белгілі. Танысу сайттарында тіпті жеке форум не тақырыпша ашып, өзіңнің қиялыңдағы қосағыңа да сұрау салуға болады. Мәселен, www.kazakh.ru сайтының танысу бөліміндегі форумға назар аударсаңыз, түрлі тақырыпшаларды табуға болады. «Инабатты, ибалы қалыңдық іздеймін», «Намаз оқитын жігіт керек», «88-жылғы қызбен танысамын», «Ұялы телефоны бар қыздар, қайдасыңдар?» дегендей тақырыпшалар толып жатыр. Таңғалдырғаны, олардың көпшілігі болашақ жарларының руына, жеріне аса мән береді екен. Оған «қожа жігіт керек», «албан қызға үйленемін», «семейлік жігітке күйеуге шығамын» сынды тақырыпшалар дәлел. «Жедел үйленетін қыз керек», «Темекі шегетініме қарсы болмайтын, бірақ өзі шылым тартпайтын жігітке тұрмысқа шығар едім» деп оңай жол іздеген пысықайларын да кездестірдік. Бір танысу бөліміндегі мұндай тақырыпшалардың ұзын-саны 5 мыңның үстінде екен. Әрқайсысында құлаш-құлаш пікірлер, сезімдерімен алмасқан сұлу сөздер толып жатыр. Арасында сорақы, бейәдеп әңгімелерге де жол беріліп қалады.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, интернет арқылы тек жұбыңды тауып қана қоймай, сондай-ақ олармен виртуалды түрде некелесуге де болады екен. Ол үшін www.wed4you.ru сынды сайттарға кірсеңіз жетіп жатыр. Қалыңдығыңыз мұхиттың арғы бетінде болса да екеуіңіз бір мезетте сайтқа кіріп, тиісті сұрақтарға жауап беру арқылы виртуальды түрде некелесуге болады екен. 2006 жылдың 18 шілдесінен бастап жұмыс істей бастаған сайт арқылы некелескен жұптардың саны бүгінде 117788-ге жеткен. Әрине, некелесу ақылы түрде жүргізіледі. Әзірге Ресей, Украина және ТМД елдері шеңберінде ғана жұмыс істейтін бұл интернеттік АХАЖ арқылы ең алғашқы жұптасқан ресейлік Михаил мен Татьяна бірге АХАЖ бөліміне барғанымен, екі компьютер арқылы бір-бірінің келісімін алған екен.
Мұндай құдалық, әрине, біздің елімізге жете қойған жоқ. Бірақ техниканың ертегі батырларындай сағат санап өсіп келе жатқанына қарағанда, алдағы екі-үш жылда қазақстандық АХАЖ жұмыстары да тікелей интернет арқылы жүргізілуі де ғажап емес. Тек сұмдығы – құдалар бір-біріне интернетпен ақша аударып, «құйрық-бауыр сатып алып, жей қойыңдар» деп жүрмесе болғаны дейік!..
Нұрболат АМАНЖОЛ
журналист
skifnews.kz