КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Жалпы тарих жазудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі, ешқайда бұлталақтамай, ақиқатын жазып, бірде-бір сұрақты жауапсыз қалдырмау. Бұндай тарихты, сол тарихи оқиға, сол тарихи атауды қойған елдің ұрпақтары ғана жаза алады. Бұны әр-бір адамның өз өмірбаянын өзі ғана жаза алатынымен салыстыруға болар. Екіншісі, сол оқиғаға, сол елге қатысы жоқ адамдардың сырттан келіп жазуы. Бүгінгі біз оқып жүрген арабтар былай депті, парсылар мен орыстар олай депті дегендеріміз сол екінші топқа жатады. Бұл тура, бір адамның өмірбаянын, өзге адамның жазғанымен бірдей дүние. Дәлел ме? Тыңдап көріңіз? 2010 жылы Ақтау баспаханасынан шетелдік «АДЖИП ККО» компаниясының тапсырысымен Наталья Задерецкаяның «Маңғыстаудың қарашаңырағы – Түпқараған» атты еңбегі жарық көрді. Кітаптың түрлі-түсті суреттермен өте әдемі етіліп безендірілгенінен және оның өте көп мөлшерде (біздің бұлай деп айтуымызға толықтай құқығымыз бар, себебі, бұл кітапта өзгелердегідей тираж саны көрсетілмеген) екі тілде жарық көргенінен-ақ бұл кітаптың алдына қойылған өзгеше мақсатының бар екендігі ешқандай дау тудырмайтын дүние екені анық. Кітаптың алғы сөзінде айтылғандай, кітап бірнеше жылдар бойы зерттеліп жазылған. Мен бұл жерде Н. Задерецкаяны кіналаудан мүлде аулақпын. Әркім білгенін, өресінің жеткен жерін және сонымен қатар алдына қойған мақсатына жету үшін жазады. Санасы жетпеген жерін қайдан жазсын. Шындығында да, бұл еңбекті зерттеп оқыған адамға арнайы тапсырыспен, арнайы мақсатпен жазылғаны айдан анық байқалады. Мысалы, ол ерте кезеңдерде Каспий теңізінің жағалауына бір келіп кетіп, немесе сырттай ғана бейнелеу немесе балама үшін айтылған атаулардың бәрін теріп жинаған да, теңіз атауы Каспий деген тайпаның атынан қалған, ол тайпа қазір жоқ, ол тайпа ыдырап өзге елдердің құрамына сіңіп кеткен. Сондықтан «Кім біледі, бір кездері теңіз атауы тағы да бірнеше рет өзгерер?» деп тұжырым жасайды. Міне бұл еңбектің арнайы тапсырыспен жазылуының басты себебі. Әйтпесе, осы теңіздің бұрынғы атауларын алтын уақытыңды бостан-босқа өткізіп, бүткіл жер бетіндегі жазба тарихтан бір теңіздің атауын іздегенше, Маңғыстау кітапханасынан Қазақтың шежіре деректерімен таныссаң, немесе осы Маңғыстаудың көнекөз қарияларымен сұхбаттассаң жетіп жатқан жоқ па? Ол атаулардың да қайсысы шын, қайсысы жалған екені бір Алла мен Задерецкаяға ғана аян. Себебі, келтірген деректерінде, олардың қай еңбектен алынғаны жөнінде бірде-бір сілтеме жоқ. Сонымен, кезекті Наталья ханымға берейік:
«Ешбір ұлы ұлт теңізден жырақта
өмір сүрген емес. Ешкім де теңіз
жағалауынан алыстаған ұлы ұлтты
көзіне елестете алмайды».
К.Маркс.
    Есімің сенің – КАСПИЙ. Каспий теңізі неліктен Каспий атанды.
    Каспий теңізі екі құрлықтың – Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан. Пішіні бойынша Каспий латынның S әрпіне ұқсайды. Каспий теңізінің солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ара-қашықтығы шамамен 1200 шақырымды, ал батыстан шығысқа дейінгі қашықтығы 400 шақырымды құрайды.
    Бұдан ондаған, мүмкін одан да көп миллиондаған жылдар бұрын Каспий әлемдік мұхит кеңістігінен бөлініп шығып, өзінің дербес өмірін бастаған. Тарихтың белгілі бір кезеңінде Каспий Қара теңізбен ұласып, ежелгі Тетис мұхитын құраған екен. Түпқараған түбегінің оңтүстігінде орналасқан «Қара азу» немесе Қара бұғазда теңіз суы жер асты патшалығына кетеді, сөйтіп Каспий теңізі жер асты арналары арқылы Қара және Азов теңіздерімен байланысып жатады екен деген аңыз сол кезде пайда болса керек.
    Біздің теңізіміз әлі Каспий аталмай, көлемі үлкен, жағалаулары өзгеше болған кездерде де адамдар оны мақтаныш тұтып, сүйетін. Өзінің пайда болған кезеңдерінен бері, теңіздің әр халық өзінше атаған 70-тен астам атауы болған. Ежелгі гректердің «Иллиада» және «Одиссея» поэмаларын құрастырған Гомер Каспийді өз туындыларында «Күн тоғаны» деп атаған. Неліктен? Бұл сұрақты тек, ешқашан Каспийде таң шапағын қарсы алып, кешкі уақытта күннің ұясына қонуын теңіз жағасында тұрып тамашалай алмаған адам ғана қояры анық. 
    «Тарих атасы» атанған Геродот өз жобаларында Каспийді былай суреттеген: «Ескекті кемемен оның ұзына бойын 15 күн, ал көлденеңін сегіз күн жүзу керек. Оның батыс жағалауы арқылы көлемі өте үлкен және биік Кавказ таулары созылып жатыр».
    Жүздеген жылдар бойына Каспий маңындағы жерлер құпия сырға толы амазонкалардың отаны деп саналатын. Ежелгі кезеңде Каспий теңізінің шығыс жағалауын өздерін массагеттер деп атаған тайпа мекендеген. Бұл тайпаның көсемі Томирис есімді патша әйел болыпты. Парсы патшасы Кир осы еркін халықты жаулап алуды көздейді. Алайда Кирдің жоспары жүзеге аспаған: массагеттердің шабуылын күтіп, түнде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан парсы әскерлерін таң қылаң бере бастағанда дала жауынгерлері тұтқиылдан шабуылдап, талқандаған. Осы оқиға әйгілі Томирис пен оның жауынгерлерінің ойламаған жерден, теңіздің түпсіз тұңғиығынан кенеттен шыға келетіні туралы аңыздың пайда болуына себеп болды.
    Біздің заманымызға дейін парсылар мен гректер Каспий теңізін Гиркан теңізі деп атаған. Аррианның сақтаған аңызына сүйенсек, А. Македонский тек Гиркания тауларынан «орман ағаштарын кесіп, палубалары жоқ ұзын кемелер мен грек үлгісіндегі палубасы бар кемелерді жасауды» бұйырған. Горган (Джурджан) облысы арада көп ғасырлар өткен соң да Каспий кеме қатынасының маңызды орталықтарының бірі ретінде белгілі болған.
Белгілі геолог С. А. Ковалевскийдің еңбектерінде Каспий Солтүстік теңізі деп аталғаны көрсетілген, ал Қытайлықтар оны Батыс теңізі десе, ассириялықтар Шығыс теңізі деп атаған екен. Каспий теңізі – ең жылы теңіз. Оның жағалауында жылдың төрт мезгілінде де «жылы маусым» болатыны тек Каспий маңы тұрғындарына ғана емес, өзге аймақтағыларға да белгілі.
    ΙΧ ғасырдағы араб ғалымдары мен жазушыларының еңбектерінде теңіз Хазар деп аталған. Әлі күнге дейін Әзірбайжан, Иран, Түркіменстанда және өзге де шығыс елдерінде Хазар денизи деген атауды кездестіруге болады. Бұл атау ірі түрік этносы және хазар қағанаты-мемлекеттік құрылымынан шыққан.
    Χ ғасырда Хазар мемлекетін славяндардың талқандауына байланысты олар өздерін қоршаған өзге халықтарға сіңісіп кеткен. Алайда бұл халықтың тарихы теңіз атауында сақталып қалды. Венециялық зерттеушілер Марко Поло Гарритса Χ ғасырдың басында теңізді Глевешелан деп атаған.
Ислам дінінің таралуы мен Араб халифатының шекарасының кеңеюіне байланысты теңіз араб жаулап алушылары мен ғалым-зерттеушілерінің ерекше көңіл аударған объектісіне айналды. VIII-XI ғасырлардағы араб дерек көздерінде Табаристан, Хорезм теңізі деп те аталған екен. Иә, шынымен де, күн сәулесіне шомылған теңіз толқынының қанша құбылған реңі болса, Каспийдің мың жылдық тарихында соншама атауы бар.
Үлгісі, 1306 жылы Каспий теңізі мен оның жағалауын зерттеген зерттеуші Марино Сануто теңізге Георгиев теңізі деген жаңа атау беріпті. Ал, Амстердам географы және зерттеушісі Р. Оттенс теңізді маврлықтардан алған атаумен «Богар-Карсунский» теңізі деп атапты.
Бұдан жүз жыл өткен соң ресейлік көпес, саяхатшы Афанасий Никитин өзінің «Үш теңіздің арғы жағына саяхат» атты жолжазба күнделігінде (1466-1472 жж.) мынадай мәліметтерді келтіріпті: «Мен өзімнің үш теңіздің арғы жағына саяхатымда Дербент-Хвалын теңізі арқылы, үшінші Қара теңіз-Стамбул теңізі арқылы жүзгенімді жаздым»,-деген.
    Афанасий Никитиннің жазбалары ортағасырлық Русьтің тек әдеби құндылығының зор жәдігері ғана емес, сондай-ақ бағалы географиялық материал болып табылады.
    Хвалын теңізі туралы Пугачев көтірілісі кезінде айтылған орыс халқының әндерінде де «даңқты Хвалын теңізі» деп шырқалыпты.
Моңғол шапқыншылығына дейін орыстар теңізді Көк десе, түріктер Ақ (Ақ дениз) деп, сондай-ақ Қара, Қызыл теңіз деп те атаған екен. Жалпы алғанда, әр халық үшін біздің теңіз толқынының түсі алуан болып құбылып көрінсе керек.
Ежелгі және Орта ғасырлық географиялық карталардан-Абескун, Дайлам, Кользум, Сихай, Күшік теңіз, Мазандаран, Гилян, Сирия, Парсы, Пехливан, Баку, Астрахань, Сальян, Ширван, Муган, Албан, Казвин, Сарай, Табасаран атаулары кездеседі. Осының бәрі де бір ғана Каспий теңізіне байланысты атаулар болатын.
    ТЕҢІЗ ҚАШАН КАСПИЙ ДЕП АТАЛДЫ?
Ерте заманда Каспийдің оңтүстік-батыс жағалауында негізінен жылқы шаруашылығымен айналысқан каспи тайпалары мекендеген. Бұл тайпаның осылай аталуына оның ең үлкен жабық су қоймасы-Каспий көлінің жағалауын мекендеуі себеп болса керек. Біздің теңізіміздің алғаш Каспий аталуы араб деректерінде кездеседі.
    Тарихшылар б.д.д. ІІ мыңжылдықта каспи тайпалары «Каспиана» деп аталатын дербес мемлекетте өмір сүрген деп тұжырымдайды. Кейіннен олар өзінің мемлекеттік күші әлсіреген соң Албанияның қарамағына кіріп, оның бір облысы болған. Уақыт өте келе каспи тайпалары албан халқымен, кейін әзірбайжандармен араласып, сіңісіп кетеді. Ежелгі халық тарих сахнасынан жоғалғанмен, ол туралы аңыз мәңгіге сақталып қалды.
Сол аңыздардың бірінде бұл халықтың өте айбынды, жауынгер халық болғаны жайлы айтылады. Оларды Солтүстік Әзірбайжанның стратегиялық пункті Дербентті қорғайтын «Каспий қақпасын қорғаушылар» деп атаған.
    Антикалық авторлар бұл халық Ксеркстің парсылар әскері құрамында (б.д.д. Vғ.) соғысқаны туралы жазған. Сөйтіп Каспий теңізінің қазіргі атауы оның жағалауын мекендеген ежелгі тайпалар атауынан алынғаны белгілі болды.
    Арабтық жазушылар мен тарихшылар Ибн-Исфендияр, Ибн-Москавейх өз еңбектерінде орыстардың Каспийге жасаған жорықтары туралы жазған. Орыстар Каспий теңізі туралы IX ғасырда білген.
    913 жылдары князь Игорьдің жасақтары Каспий теңізін шарлап жүрген екен.
    Түріктер Анатолии жартыаралын жаулап алғаннан кейін Еуропадан Үндістанға баратын сауданың бұрынғы таптаурын жолдарын пайдалану мүмкін болмай қалды.
    Сондықтан өзге жаңа жолдарды іздестіру қажеттілігі туды. XVI ғасырда Қазан және Астрахан хандықтарын жаулап алған. Мәскеу мемлекеті Үндістанға Каспий теңізі арқылы баратын жол ашты. Бұл жай Ұлы Петр билеп тұрған кезде орыс мемлекетінің позициясын күшейте түсті.
    Каспий теңізі жағалауын әр кезеңде мекендеген талай халық тарих қойнауының қатпарына сіңіп жоғалды.
    Каспий – су астына батқан қалалардың құпиясын сақтаушы. Оның тереңінде әлі күнге дейін ежелгі өркениеттің іздері жатыр.
    Дауыл мен күшті жел Каспийде жиі болатын көрініс. «Каспий дауылын басынан кешірген адамға, мұхит дауылы қорқынышты емес» деп теңізшілер бекер айтпаған ғой.
    Қатер мен қауіпке толы теңіз толқындары өз іздерін тек тілемденген жағалауларда ғана қалдырып қоймай, сондай-ақ дарынды шығармашылық иелерінің өнеріне де зор әсер еткен кездері де баршылық.
    1899 жылы қыста Каспийде болған жойқын табиғат апаты қазіргі Атырау мен Маңғыстау облыстарының көптеген елді мекендерін зор шығынға ұшыратып, су астында қалдырды.
    Қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы бұл қайғылы оқиғаны өзінің «Көбік шашқан» күйінде домбырадан күй қылып төксе, айтулы ақын Қашаған Күржіманұлы «Топан» поэмасында жырлаған.
    Байырғы замандардан бері Каспий жағалауында дүние жүзіндегі барлық діндерді тұтынатын сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өмір сүруде.
Каспий теңізінің жағалауы- ежелгі өркениеттің тарихи ескерткіштері, алуан түрлі халықтардың ұлттық құндылықтары сақталған ежелгі мекен.
Бірнеше жылдардан бері Маңғыстау өлкесінде «Каспий – достық теңізі» атты халықаралық фестивальдің өткізілуі де тегін емес. Бұл фестивальға Каспий аймағындағы елдерден дарынды адамдар келеді.
    Кім біледі, бір кездері теңіз атауы тағы да бірнеше рет өзгерер?» (12-18 беттер).
Кітап түрлі-түсті суреттермен, өте әдемі безендіріліп екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде жарияланған. Кітаптың қанша данамен шыққаны жайлы дерек еш жерінде көрсетілмеген. Мүмкін жүз мың, мүмкін одан да көп. Себебі, «кітаптың екі тілде басылып жарияланылуы Шығыс Каспийдің Түпқараған аталып жүрген бір бұрышының ерекше тарихын оқырмандарға молынан таныстыруға мүмкіндік береді» деп осы еңбектің алғашқы бетінде көрсетілген. Кітапқа өте-мөте мол қаражат жұмсалғаны өз-өзінен ақ айқын көрініп тұр.
    «АДЖИП ҚКО» компаниясының басқарушы директоры Умберто Каррара былай деп кіріспе сөз жазады: «Түпқараған ауданы Маңғыстау облысының ең бір еліктіретін ауданы, және де ол Қазақстан Республикасының ең қызықты облысында орналасқан.
Осы кітаптың авторы Наталья Задерецкаяны ең жоғарғы деңгейде көрсеткен білімділігімен құттықтай отырып, бірнеше жыл нақты зерттеу нәтижесінде пайда болған осы кітап, болашақта маңызды дерекқор және бағалы білім құралы болады деген сенімдемін» деп атап көрсетеді. Оның осы тұжырымынан-ақ, бұл еңбекті жарыққа шығарудың басты мақсаты Маңғыстаудың шынайы тарихын көрсету емес, керісінше тарихи шындықтың бетін «қырық қабат көрпемен» қымтап жасыру болып табылады. Түпкі ойлары «Кім біледі, бір кездері теңіз атауы тағы да бірнеше рет өзгерер?» деген ниет-пиғылдарында ашықтан-ашық ұсынады. Бұл ұсыныс, бір қарағанда өз елінің, өз жерінің шежіре-тарихынан хабарсыз адамға дұрыс болып көрінетіні анық.
    Ал, өз тарихын бір ауыз сөзбен жазып, сөз қадірін елден бұрын танып, бір ауыз сөзге тоқтаған көнекөз Адай қарияларының деректеріне сүйенсек, осы Каспий атауының шығу тарихы төмендегіше болып шығады:
- Каспий – таза қазақша атау, Қас және Би деген біріккен сөздерден тұрады.
    Бұл тұжырым «Сөздердің дұрыс айтылу ережелерінің жиынтығын немесе дұрыс айтылу нормасын және оны қарастыратын тіл білімінің орфоэфия саласына толықтай сәйкес келеді.
    Орфоэфиялық норма бойынша жекелеген сөздер ғана емес, сөз тіркестері де белгілі бір заңдылыққа сәйкес айтылып естіледі. Сөздердің және сөз ішіндегі, сөз тіркестерінің құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстардың басқаша айттылуына ілгерінді-кейінгі дыбыстардың ықпалы мол болады. Мысалы: дүйсембі (жазылуы дүйсенбі), сәрсембі (жазылуы сәрсенбі), ала гелді (жазылуы ала келді), Қасби (жазылуы Каспий) т.т.
Адамның аты-жөндерінде орфоэфиялық нормалардың қолданылатыны бар, яғни сөздің негізгі тұлғасын сақтап жазу міндетті деп есептелмейді: Зейнолла (Зейінолла емес), Алдоңғаров (Алдыоңғаров емес), Кенжахмет (Кенжеахмет емес) т. с. с.
    - Алыс, жақын көрші елдер, яғни олардың дауысты дыбыстарында «Қ» әрібі жоқтарының бәрі осылай атап, осылай жазады. Осыған сәйкес «Б» мен «П» дыбыстары да ілгерінді ықпал ретімен орындарын ауыстырады.
    - Қастың сөз түбірі Ас. Демек, бұл атаудың барлық құпиясы осы Ас сөзінде жатыр. Ал, Ас дегеніміз ең жоғарғы дүние, ең жоғарғы ұғым және солардың ең биік шыңы. Мысалы: Адам – Алланың алғашқы жаратқан саналы тіршілік иесінің жиынтық атауы. Адам – Ата-Ана (Амазония) деген сөздің шығу төркіні осы. Адам денесінің әр мүшелерінің атаулары осы Адам атамыздың өткен тарихына байланысты. Адам денесінің атауынан орын алған Адамның, Рудың, Елдің аттары Адам атаның қарашаңырағы кімдер деген сұраққа толықтай жауап береді. Ал, Адайға келсек, Ад атасы, немесе әулеттің басы болса, Ай – әйел (ана) анасы, сонымен қатар баласы, ұрпағы, жалғасы, яғни аяғы дегенді де білдіреді. Соған сәйкес, Адам денесінің иықтан жоғарғы мүшесі Бас деп аталады. Адам денесінің бүкіл басқару жүйесі осы бастың аумағында, немесе ішінде орналасқан. Осы Бастың астына қоятын биік төсенішті жастық десек, осы сөзден басшы, бастық, басқару, басқарушы деген сөздер дүниеге келген. Осы Бастың аумағындағы, немесе ішіндегі атаулардың бәрі Адам ата ұрпақтарының ел, ұлт болып ұйысып, адамзаттың ұлы мәдениетін жасауға үлес қосуға басшылық жасаған жеке тұлға, ру, ұлттың атауы болып табылады. Мысалы, Құлақ – біріккен сөз. Сөз түбірі Қу (Құдай), Ұл, Ақ (Сақ) деген атаулардан тұрады. «Сыбырлағанды Құдай естімей ме?» деген сөз тіркестерінің шығу тегі мен өз құлағыңмен естігендеріңнің ақиқат болатыны да осы.
    Ал, Бастың сөз түбірі – Ас емес пе?! Демек, Ас – жиынтық атау, жоғарғы басқару жүйесі. Осы айтқанымызға жерден жоғарғы бүкіл ғарыштық кеңістікті Аспан деп атауымыз толықтай дәлел бола алады. Соған сәйкес Ұлы Жаратушы - Алланың да мекені жерде емес аспанда делінеді. Күні бүгінде де өз ісінің аса білгірін Асстар деп атауы осыдан. Енді осының үстіне бүкіл тағам қойылатын жайманы Дастархан деп атайтынымызды қосыңыз. Дастарханның да сөз түбірі Ас, құрамында Ар (әр азаматтың қорғауға тиіс ары – Иманы (сенімі), Атамекені (отаны), Отбасы емес пе?!), Астар, Хан (билеуші) деген ұғым тұр. Осыған сәйкес, бүкіл Қазақта Ас пен Дастарханнан ұлы жоқ делінеді. Мақал: «Ас адамның арқауы». Атам Қазақ та Тіпті Асты Құраннан да жоғары қояды. Оданда басқа бүкіл дәнді дақылды Астық дейтініміз тағы бар.
    Осы Ас сөзінің басқару жүйесіне қатысты жиынтық атау екендігін білдіретін тағы бір сөз Астана. Ал, Астанада бүкіл басқару жүйесі орналасқан жоқ па?
    Астана – қысқартылған сөз. Ас (Асстар), Стан, Тана, Ан, Ана деген біріккен сөздерден тұрады. Өздеріңіз көріп отырғандай бұл жерде де сөз түбірі, немесе осы атаудың шығу тегі Ас, яғни Асстар аталғандар. Енді осыған қазақ халқының өмірден өткен ата-бабаларына арнап беретін садақа-жиындарын Ас деп атайтынын қосыңыз.
    Бұл жерде бізді ойландыратын басты бір мәселе бар. Ол қазақ халқының өз елінің орталығын Астана, Астана жұрт деп атайтындығы. Өздеріңіз көріп отырғандай, А-стан-а атауының құрамында, яғни қақ ортасында Стан деген түбір сөз тұр. Демек, «стан» біздің төл сөзіміз. Бұл атау кезінде қазақ даласының орталығы, яғни Орталық Қазақстан облысындағы Қазығұрт (Қазық жұрт) тауында дүниеге келген. Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған Жуды тауының басы ең алғашқы «стан» (екі-үш күрке және уақытша тұрақ) болды.
    Қазақта «Стан» деген түбір сөз тек қана екінші буында қолданылады. Астана, астан (ауру астан, дау қарындастан), дастан, жастан, бастан (О, бастан-ақ), оқыстан, ұстану, ұстанбау, бостандық, ластану т.т. болып кете береді. Яғни, адам баласының мынау тіршілігі қайдан басталды? деген сұраққа Нұқ пайғамбардың алғашқы тұрағы «Станнан» – Түркістаннан басталды деп жауап береді. Олардың сол кеме тоқтаған жерден кейінгі қоныстанған жері, яғни қос-қостан үй тіккен жері Қостанай. Сол қосты тіккендер Адайдың үшінші буын ұрпағы және екінші немересі Қосайлар. Бұл ұғымдардың барлығының сөз түбірі (өз түбі, атасы) Ос болатыны осыдан. Бұл дауға да, күмәнға да жатуға тиіс емес.
    Соған сәйкес, орыс тілінде «станица» (үй саны 2-3 үйден тұратын кішкентай елді мекен) және уақытша тұрақ «станция» (поездардың 5-10 минут аялдап өтетін жері), полевой стан (егіншілердің уақытша тұрағы), «охотничьи стан» (аңды бір жерде жатып мәңгі ауламайсың), «сенокосный стан» (бір жердің шөбін мәңгі шаппайсың, 2-3 күннен кейін басқа жерге ауып қонасың) делінсе, бұл сөз парсы тілінде сол елдің шет аймағындағы көлемі кішкентай елді мекен (провинция) дегенді білдіреді.
    Осыған сәйкес ең алғашқы кеме тоқтап, кемедегілердің тұрақтаған жері мен елі Астана жұрт деп аталып келеді. Осы үлгіні басшылыққа алған бүкіл әлем елдері өз елдерінің басқару жүйесі орналасқан қаласын Астана немесе Бас қала деп атайды. Астанасы (бас қаласы) жоқ ел болмайды.
Тарих тағлымы: Келешек те Маңғыстау мен Түркістанды бүкіл әлем елдерінің рухани астанасына айналдыру және оны мойындату келер ұрпақтың абыройлы борышы болмақ. 
    - Қас би атауының Қазақ шежіресіндегі туған халқына жерұйық іздеген Асан қайғы аталған, Асан би атамыздың есімімен сәйкес болуы да бекерден-бекер емес. Иә, Иә, Кәдімгі Түмен Балтабасұлы атамыздың «Маңғыстау» атты толғау жырындағы:
«Маңғыстау – Машайықтың жатқан жері,
Қасиет, кереметі тасқан жері,
Жер жүзін желмаямен жеті айналып,
Ауғанға Асан бидің асқан жері» делінетіні осы жер. Асан біріккен сөз. Ас және ан деген екі сөзден тұрады. Негізі Ас Манның баласы, ұрпағы деген мағына береді. Асан атаның атамекені Маңғыстау.
«Халқының қамын ойлаған
Бұрында өткен ерлер көп,
Асан би деп айтады
Ойлаған ақыл кеңнен деп,
Жел мая мініп қырық жыл
Тыным таппай желген деп,
Жер жүзін барлап кезген деп
Байтақ жұртын бастапты
Кеткен екен серт етіп
Енді қайтып келмен деп» (Сәттіғұл «Аманат» Алматы-1996. 127 бет).
    - Бұл жерге «Қ» әрібі неге қосылады дегенге келсек, Қасби сөзінің бірінші
буыны «Қа» Қазақ атамыздың аты. Қазақта «Қаз» тұру (сәби баланың алғаш рет өз аяғынан тік тұруы), қаз басу, қаз-қаз басу «өз еркімен алғашқы аяқ басып жүре бастауы), ат үстінде тік тұрса немесе төбенің басында қарауыл қарап жалғыз тұруды «қаздию», «қасқаю» (қаққан қазықтай болып, қаздыйып немесе қасқайып қарсы тұрды), «қазық» - нық тұру, «қаз-қалпы» деген тіркестегі «қаз» - ешбір өзгеріссіз, алғашқы нағыз бейнесі деген орында жұмсалады. Ал, Темірқазық (жұлдыз) – бір орыннан қозғалмайтын, адастырмай жол сілтейтін бағдар ретінде қолданылады. «Қас» деген сөзде осы мағынаны береді. Айырмасы, «қаз» деген сөз бүткіл жер бетіндегі алғашқы мемлекеттік құрылымды білдірсе, «қас» сөзі «жауына қасқайып қарсы тұра алатын», «қас батырлардан» тұратын мықты мемлекеттік құрылым дегенді білдіреді. Демек, Каспий теңізінің аты да «қазақ» мемлекеттігінің атына сәйкес қойылған. Мағынасы, Қазақ бүкіл әлемнің бас биі дегенді білдіреді.
    - «Кавказ» тауы да қазақтың атынан шыққан. Қазақта оны ежелгі жыр, шежірелерде «Қап тауы» деп атаған. «Қап» тауы ұшы-қиыры жоқ, бүкіл әлемді орап алатын тау, яғни биіктік өлшем-межесі болған мекен жай. «Қап» таза қазақ сөзі. Бұл сөз күні бүгінде де бізде қолданыста бар. Кез келген затты ішіне салатын матадан (кенептен) жасалған ыдыс ретінде қолданылады. Бұл, алдыңғы Қап сөзінің балама мағынасы. Сонда «Капқаздың» мағынасы – Қазақтың ұлы тауы болып шығады.
    «Кавказ» тауының аты «қаз», «қазақ» сөзінен шыққанын және қазақтардың (касахи) біздің заманымыздан бұрын Каспий теңізінің батысында тұратын күн тайпасы екенін Чехославакия академигі Б.Грозный мен академик И.Я.Маррда көрсетеді.
Кавказ – Қап және Қаз деген екі біріккен сөзден тұратын таза қазақи атау. Бұл жерде Қаздың (қазақтың) Қап сөзінен кейін тұрғаны, Қаптың сөз түбірі Ап (апа), яғни ана дегенді білдіріп, қазақтың Үш ананың баласы екендігін көрсетіп тұр. Бұл тұжырымымыздың кім-кімді де мойындатар, тағы бір бұлтартпас дәлелі, Тау деген сөздің өзі Ауа анамыздың есімі екендігі. Тау менен Ауа анамыздың есімінің «Ау» деген бір түбірден болатыны осы. Сөз түбірі жаңылыспайды.
    - Каспий сөзінің Қас би деген ұғым беретінінің тағы бір басты дәлелі, Қазақтың ұлы тауы аталған Қап тауы осы Каспий теңізінің арғы бетінде орналасқан. Ал бергі беті Қаз Адайлардың атамекені Маңғыстау, Қазақ мемлекеттігі емес пе?! Сонда, біздің аталарымыздың өз жерінің қақ ортасында орналасқан теңізді Қас би деп атамай, басқаша атауы мүмкін бе?!
    Каспий сөзіндегі «Пи» дің, «Би» деген мағына беретіндігінің тағы бір басты дәлелі, бұл күнде Қап тауының аржағында тұратын Албан елі (Албания) Қап тауын «Тау би» деп атаған. Сол Албания мен Қазақтың Ұлы жүзінің (Ақарыс) құрамындағы Албан руының тегі бір, соған сәйкес таңбалары да бірдей. Демек, Тау бидің баурайындағы теңіздің Қас би аталуы өте орынды болып шығады. Тау би «үш анадан туған» қазақтың лақап аты. Оның кейіннен Қапқазға (Кавказға), яғни қазақтың Қап тауына айналуының сыры осы. Соңғы атаудан біз ұлы, биік деген сияқты жалпылама атаудың анықталып, нақты Қазақ атымен аталғанын көреміз.
    - «Өлкемізге белгілі шежіреші Ізбасар Шыртанов көне басылымдарда Каспий жағасына (Маңғыстау) орналасқан Сұлтанепе әулиенің есімі «Гобби» деп аталғандығын келтіреді, бұл сірә түрікпеннің «көп би» деген сөзі болса керек» (С.Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» Алматы-2000. 96 бет).
    - Бұл жерде өте үлкен көлемде қаражат шығарып, кітапқа тапсырыс бергендер Түпқараған ауданының әкімшілігі емесі айдан анық, себебі, олар тапсырыс берер болса, осы Маңғыстауда өлке тарихын зерттеп жүрген білікті де, білгір жергілікті азаматтарының біреуіне берген болар еді. Ал, бұл өлке де мұндай азаматтар жеткілікті. Мысалы, басқаларын былай қойғанда, осы өлке тарихынан хабар беретін отыздан астам кітабы жарық көрген бір ғана Әбілқайыр Спан ағамыздың өзі неге тұрады?! Демек, кітаптың қожайыны АДЖИП ҚКО компаниясын құрған шетелдік мемлекет. Демек, Н.Задерецкаяға тапсырыс берген де солар. Олардың алға қойған мақсат-мұраттары да бірдей, Каспийдің (Қасби) атын өзгертуге алғы шарттар жасау. Әйтпесе, «Кім біледі, бір кездері теңіз атауы тағы да бірнеше рет өзгерер?» деген ойды көлденең тартудың ешқандай қажеттігі жоқ еді?! Аудан басшылығының өз тіліне, өз еліне, өз жеріне ие бола алмай, бұған жол бергені, әрине өте өкінішті-ақ.
    - Н.Задерецкая ханым өзге ұлттың (орыс) өкілі болғандықтан оның да өз ұлтының мүддесін алға қоятыны түсінікті жағдай. Әйтпесе, оның мына сөздері соның айғағы емес пе?!
    «Бұдан жүз жыл өткен соң ресейлік көпес, саяхатшы Афанасий Никитин өзінің «Үш теңіздің арғы жағына саяхат» атты жолжазба күнделігінде (1466-1472 жж.) мынадай мәліметтерді келтіріпті: «Мен өзімнің үш теңіздің арғы жағына саяхатымда Дербент-Хвалын теңізі арқылы, үшінші Қара теңіз-Стамбул теңізі арқылы жүзгенімді жаздым»,-деген.
    Афанасий Никитиннің жазбалары ортағасырлық Русьтің тек әдеби құндылығының зор жәдігері ғана емес, сондай-ақ бағалы географиялық материал болып табылады».
    Ал, шындығында орыс отаршылдығының Каспий теңізінің жағасына аяқ басқаны күні кешегі Х1Х ғасыр емес пе?! Меніңше, бұл қазақтың бес жасар баласына да белгілі жағдай. Сондықтан, Афанасий деректерінің құндылығы тек қана орыстар үшін екендігі айдай ақиқат.
Енді осының үстіне осы Маңғыстауды жаулап алуға келген, осы жердің бірден-бір иесі жергілікті халықпен басқыншылық соғыс жүргізу кезінде қайтыс болған патша «Әскерлерінің (жауынгерлерінің) бейітін» Маңғыстаудың «Киелі орындарының» қатарына қосуы, енді бұл біз үшін барып тұрған өрескел, шектен шыққандық екендігін қосыңыз. Мың жерден «сөзіңе бал қосып» сайрасаң да «Жаулаушының» өзі де, бейіті біз үшін ие де, кие де, киелі де бола алмайды. Кім-кімге де айтарымыз, бұндай тақырыпқа аяқты байқап басқан дұрыс. Бұл жердің иесі де, киесі де әлі өз орындарында сол өткен Ата-бабаларының ошағында отын жағып отырғанын ұмытпаған жөн.
    - Н. Задерецкаяның «Каспий теңізі жағалауын әр кезеңде мекендеген талай халық тарих қойнауының қатпарына сіңіп жоғалды» дегеніне келсек, ол халық ешқашан да, ешқайда да жоғалып көрген жоқ. Олардың бәрі сол бұрынғы ата мекендерінде әлі отыр. Ал, ел, мемлекет атауларының өзгеруі заңды құбылыс. Мысалы, осыдан мың жылдан аса уақыт бұрын бүгінгі Ресейдің аты да, заты да жоқ болатын.
    - Каспий (Қас би) атауы Қазақтар үшін әлі сол бұрынғы атауымен аталып келеді. Оны әр түрлі атаулар мен атап жүргендер Теңіз жағасына қара басының қамы үшін ақша іздеп, пайда табу үшін, сауда жасап келіп кеткен Афанасий сияқтылар.
    - Тарихи деректерге сүйенсек, бұл теңіз сан мың жылдардан бері Қас би (Каспий) деп аталып келеді. Бұл теңіз ежелгі Тетис мұхитынан ажыраған Азау (Азов), Қасби (Каспий), Жерорта және Қара теңіз аталған төрт теңіздің бірі. Өздеріңіз көріп отырғандай төртеуінің де атауы таза қазақ тіліндегі атаулар. Бұл атаулар Адам, Адам болып, тілі шығып, сөйлегеннен бергі айтылып келе жатқан атаулар. Сөз түсінген адамға бұл дегенің ең алғашқы адамдардың да осы тілде сөйлегенін көрсетсе керек. Бұл жайлы Н. Задерецкая да шындықтың аулының үстінен аттап кете алмаған. Өздеріңіз көріп отырғандай, оның келтірген дерегінде Каспий атауы бұдан төрт мың жылдан ары да белгілі болған. Оның бер жағында кім қалай атаса да сол атау әлі күнге дейін сақталып келеді. Демек, Каспий (Қас би) басында нақты бір адамның, соған сәйкес ру, тайпаның атауы болғанымен, кейін олардың тікелей ұрпақтары үшін жалпы атауға айналған. Сөз мағынасы Тау би, Бас би, Бас батыр, Қас батыр, Қас ару, Қас сұлу, Қас мерген, Хас ақын, Қас шебер, Қас дұшпан, Хан тәңірі сияқты кез келген ұғымның ең биік шыңы мен ең жоғарғы шегін білдіретін жалпылама атау. «Хас құлдардай түні бойы тік тұрсам» (Қожа Ахмет Иасауи). Әйтпесе, бұл атау өзге атаулар сияқты әлдеқашан тарих қойнауына сіңіп, жоғалып кеткен болар еді. Барлық күмәнділік пен дүдәмал тұжырымдарға Қаспийдің Ас деген сөз түбірі тойтарыс бере алады. Ас сөзі қазақтың төл сөзі екендігі де ешқандай дауға жатпайтын дүние.
    - Ал «Би» деген сөздің мағынасына келсек Қазақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей көп ішінен нелер дарынды, айтқыш, сұңғыла әңгімешілер, ақындар, әнші-күйшілер, шешендер шыққан. Ондай өнерлі адамдар білгендерін ел ішіне жария етіп, зердесіне ұялатқан. Небір ұшқыр ойлар мен ғажайып түйін-тұжырымдар ауыздан-ауызға жетіп, халықтың керегіне жарап, ел жадында ұзақ сақталған. Бүкіл елдің, қоғамның бір-бірімен ара-қатынасы ауызекі жүргізіліп, барлық іс дау-талқы сияқты мәселелер жүзбе-жүз, орай көз, шырай жүз шешіліп отырған. Бұл мәселе тұтастай алынғанда сөз өнеріне тікелей қатысты. Бүкіл қазақ баласы түйіні табылған бір ауыз сөзге тоқтаған. Сол арқылы нендей мәселе болса да тиянағына жетіп отырған. Осыған орай аталарымыз бізге «Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар» деген мақал қалдырған. Бұдан біз орынды жерінде айтылған сөздің бағасы артып, байламы пәтуалана түсетінін көреміз.
    Шешендер сөзі, билер пікірі айтылған жерінде тез жатталып, үлгі-өнеге күйінде халық жадында сақталып қалған. Жалпы тілімізде би, шешен сөздері әлдеқашан бірігіп, біртұтас ұғым беріп, кірігіп кеткен. Алайда, би болу үшін бір ғана сөз шеберлігі жеткілікті болып шықпайды. Би болу үшін ең алдымен елдің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ділі мен дінін, ел басынан бұрын-соңды болып өткен оқиғаларды, тарихи болған, өткен қайраткерлерді (артына өшпейтін іс пен із қалдырып, ұрпаққа үлгі болған пайғамбарлар мен әулиелерді, даналар мен данышпандарды, хандар мен қағандарды, өздерінен бұрын өткен билер мен шешендерді), тіпті бәрі-бәрін, яғни жақсысын да, жағымсызын да біліп, танып, жүйелеп отыруы бірден-бір қажеттілік болған.
    Аталарымыз екі сөйлемеген. Мақал: «Ердің екі сөйлегені өлгені».
Халықтың дүниеге келіп, тілі шыққаннан бері қарай жасап, жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, сақталып келе жатқан телегей-теңіз әдеби, рухани мұрасы өз сабақтастығын үзбей бүгінгі күнге жетті. Атам заманнан бері, яғни Аталарымыздың тілі шыққаннан бері осы кәрі Қас бидің жағасындағы кәрі Манқыстауды мекендеп отырған қазақ елінен нелер айтқыш, тапқыр, көріпкел, суырып салма білгіштер шыққан. Олардың әр ой-тұжырымдарының өн бойында қазақ елінің шынайы тарихы: олардың ерлігі мен еңбегі, ақыл мен арманы, тұрмысы мен салты, дәстүрі мен ғұрпы, ділі мен діні бейнелі көрініс береді. Олардың қатарына Мөңке би, Майқы би («түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би»), Аяз би (артына «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген ұлағатты сөз қалдырған), Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Сырым, Әжібай, Сейіт, Ермембет, Мәтжан т.б. билерді айтуға болады. Атам қазақтың «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген батасы, «тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні» болмақ.
    «Қазақтың ұлттық үрдісінде би өзінен кейін ел сөзін ұстайтын ділмар жасқа батасын берген. «Қара қылды қақ жарған» аталарымыз ел сөзін ұстауды тек өз балаларына ғана емес, жақыны, тіпті аталастығы, ағайындығы жоқ басқа адамдарға да берген. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек бидің билігі өз ұрпағы Алшынбайға дейін келсе, Арғын Ақжол бидің билігі сатылап Кеңгірбайға жеткен. Кеңгірбай билік тізгінін өз ұрпағына мирас етпей, туысының баласы Өскенбайға ұстатқан. Өскенбайдан – Құнанбай, одан – Абай. Біздің Адай елінде де сол дәстүр сақталған. Мысалы, Шегем Тобыш Көбен бидің билігі жиені Мәтжанға бұйырған. Ал Ермембет өлерінің алдында батасын қоныстас, өрістес ағайын Ақбота Қабылға беріпті. Қабыл елінде 20 жылдай әділ билік құрған» (Ә.Спан «Қайролла Ережепов» Алматы-2003. 16 бет).
    Би сөзінен төмендегідей мағыналары бар сөздер жасалған: билік, билік айту (төрелік айту), билеуші (лауазым, билік иесі), билеп-төстеу, би-болыс, би билеу (адам көңіл-күйінің шарықтау шыңы), бибі (Айша бибі), бике, бидай (астық біткеннің төресі), билік, билік құмар, биік, биіктеу, биіктету, бие (құлынды бие) т.т. Өздеріңіз көріп отырғандай, би деген сөз түбірінен жасалған сөздер тек қана «ең жоғарғы» деген ұғым береді.
«Бұл күндегі Адайдың
Қонысы еді иеленген
Маңғыстау, Жаңғақ, Алақыр
Жоғары менен төменнен
Сарыарқа сала өзеннен
Тәңірдің берген халқы едік
Керегін тауып кенелген.
Байқасақ, нелер шыққан жоқ
Қалың Адай көлемнен?
Шежіре-шешен би шықты
Кеңес айтқан тереңнен» (Сәттіғұл Жанғабылұлы «Аманат» Алматы. 1996. 157
бет).
«Әлеуметтер, құлақ сал,
Мына бір шолақ, дүннеде –
«Би өлмейді» дер едім;
Жұртты аузына қаратқан,
Алдынан топты таратқан;
Адасқан болса, жөндеген,
Төресін бұра бермеген,
Адамды ала көрмеген;
Аруағыңа болайын,
Қаз дауысты Қазыбек,
Төле би мен Әйтеке –
Солардан да - өткен бұл дүние... (Қашаған «Бес ғасыр жырлайды» Алматы-1989. 121 бет).
Қазақ халқының дана билері туралы Балқы Базар жырау былайша толғаған:
Тәңірісі артық жаратқан,
Аузына халқын қаратқан.
Қара қылды қақ жарған,
Алдынан топты таратқан.
Баласын жақын көрмеген,
Төресін бұра бермеген.
Олардың айтқан сөзіне,
Тұла бойың шымырлап.
Сай-сүйегің тебіренген.
Көкірегінде білімнің
Көзі қайнап бұлақтай,
Қанаға сыймай кернеген.
Әруағыңа болайын,
Ертеңгі атқан орыстың,
Зеңбірегіндей еңіреген.
Мөңке, Төле, Қазыбек,
Әйтеке, Алшын, би Кебек,
Өтетілеу, Сарытай,
Тампыш Мұрат, Кетебай.
Бір пендеге тұрарлық,
Оларға берген абырой.
Өлшеулі демі біткен күн,
Солардан да өткен сұм заман» (Х.Маданов «Кіші жүздің шежіресі» Алматы, 1994. 128 бет).
    Сөз қадірін аса жоғары бағалап, бір ауыз сөзге тоқтаған мәрт халықтың ұлан-ғайыр ата қоныстарының қақ ортасында орналасқан теңізді Қас би деп атамай басқаша атауы мүмкін де емес қой!
    - Қазақтың сөз жасау қағидасындағы кез келген ұғымның (жер, су, тау, тас, аспан денелері, табиғаттың барлық құбылыстары мен адамзаттың барлық ойлап тапқан дүниелері) атаулары сол ұғымды дүниеге әкелген адам аты болып, кейіннен өзге атауларға ауысқан. Егер біз кез келген атауды сол ұғымды дүниеге әкелген адамның не рудың аты екенін түсіне алсақ ешқашан да жаңылыспаймыз. Демек, Қас би, осы өңірде өмір сүріп, елге танылған аталарымыздың аты. Ата болғанда да, сонау түпкірдегі, яғни өте ежелгі замандағы бүкіл елге ең алғашқы ұлы би деп танылған атамыздың есімі. «Өнер алды қызыл тіл» деп, бір ауыз сөзге тоқтаған, текті елдің ұрпағы өз жерінің қақ ортасында тұрған теңізді Қас би деп атаған. Енді осы ойымызды, ары қарай жалғастырып, осы Қас би атанған түп атамызды, қазақтың тағы да бір сөз жасау қағидасы «сөз түбірі» деген ұғымға салып көрсек те сол ұғымды береді. Қазақтың шежіре-дастандарында Уақас би деген атамыздың аты кездеседі. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Уа-қас есімінің бір буыны Қас би атамыздың аты ғой. Ал, неге «Уа» жалғаулығы жалғанды дегенге келсек Уа, Ас (Қас) аталарымыздың арғы атасы болып табылады. Сондықтан, ол әрқашанда сөз басы болып, қаратпа сөз ретінде қолданылады. Бұл сөздің дүниеге келуіне себепші болған осы атамыз. Себебі, одан кейінгі ұрпақтар өз сөзін әрқашанда «Уа, Халайық» деп бастап отырған. Одан да басқа «Уа» сөзі «Уа, жұртым», «Уа, Батыр» деп қолданулары кездеседі. Ерекше, атап өтетін жағдай «Уа» сөзі хан, қаған, патша сиықты билік иелеріне қарап айтылмайды. Демек, Уа-Қас би атамыздың өмір сүрген заманы алғашқы қауымдық құрылым кезеңдеріне жатады.
    Уа-ның адам есімі екендігінің топономикалық айғақтамасы, Манқыстауда күні бүгінге дейін Уа атты құдық атауы сақталған. Құдық Бозашы түбегінде, қазіргі Тұщықұдық ауылының маңында (Бұл дерек С.Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты еңбегінен алынды.
Аталарымыз ежелде, тіпті сөз білетіндер күні бүгінде де бастаған ісін де, айтар сөзін де аталарымыздың атымен бастаған. Мысалы, ежелгі аңыз, шежірелердің бәрі бұрынғы еңбектерде «Әлқисса» деп басталады. Ал, Әл Қиса атамыз Алаштың алғашқы ханының есімі болатын. Балаларына ат қойғанда «Азан» шақырып қоятын себебі де осы. Бұл Қазақтың түп атасы «Әз» әулие атамыздың есімі.
    Атам қазақтың «Өнер алды–қызыл тіл» деп, бар өнердің бастауы аталатын сөз өнері өз бастауын «Тіл таңбалы Адайдан» алады. Адайдың таңбасының тіл болатын себебі, баршамызға белгілі ең бірінші болып Адам атаның тілі шықты, ал Адай Адам атаның қарашаңырағының иесі. Екеуінің де, яғни Адам мен Адайдың сөз түбірлерінің бірдей Ата (Ада) болу себебі осы. «М» тәуелділік жалғау, қазақтың барлық сөзіне «м» дыбысын жалғасаң да менікі (Атам ағам, анам, басым, аяғым, қолым, құлағым, елім жерім, атамекенім т.т.) деген мағына беретіні де осы Ата деген сөзден басталады. Ал, «й» дыбысы баласы, ұрпағы деген мағына береді. Сонау ежелгі ұлы ғұламалардан бастап күні бүгінге дейін бүгінгі «ов», «ев» тердің орнына «й», «и» жалғанып Иассауи, Фараби, Баласағұни, Жалайри, Новайи, Низами, Фердоуси, Тарази, Мами т.т. деп жазып жүргеніміздің де сыры осы. Сонда Адай дегеніміз бұл жерде де Адам атаның баласы, ұрпағы деген мағына беріп тұр.
    - Қазақта осы Қас сөзі төмендегідей мағына да қолданылады: Қас (ердің қасы, яғни ердің ең биік жері); Қас-қағым сәт, қас қағысу, (уақыттың ең қысқа мерзімі); Қас қарайғанша (қараңғы түскенше, яғни күндізгі мезгілдің аяқталар шегі); Қас болу, қас көру, қасақана, қасақы, қасарма (қасарма адам), қасару, қасарыспа, қасас, қасастық, қаскөй, қаскөйлік, қаскүнем, қастас, қастық, қастандық, қастасу (қарама қарсылықтың ең биік шегі); Қаспақ (қазанның қаспағы, яғни пісірілген тамақтың қазан түбінде қалып, қатты піскендіктен күйіп кеткені); Қасірет, қасырет шегу, қасіретті (адамның қатты қиналған кезеңінің атауы); Қасқаю (қорықпай қасқайып қарсы тұру); Қастер, қастерлеу, қастерлі (құрмет көрсетудің ең биік шыңы); Қасап, қасапшы, қасапхана (малдың өмірін қиятын адам мен сол орынның жалпылама атауы); Қасық, қасықтай (ас ішетін ыдыстың ең кішісі), Қасық қаным қалғанша (адам денесіндегі қан таусылғанша); Қасы (жоқтың қасы); Қасқа мен жайсаң (ел арасында беделді, ең жақсы адамдар); Қас батыр, қас дұшпан, қас жақсы, қас жаман, қас сұлу, қас тұлпар, қас жүйрік, қаса батыр, қаса сұлу, аса дарынды, аса білімді, қасқа, нарқасқа, қасиет, қасиетті адам; Міне, осы ұғымдардың арасына бір ауыз сөзбен бәрін айтып, бір ауыз сөзге тоқтайтын, бүкіл халық мойындап, «Би» деген атақ берілген, сөзге аса шешен адамның атының қасына Қас деген сөзді қосып, оны Қас би деп атасақ, орны толмай, «жетпей тұрған бір кірпіш» өз орнына өзі барып қаланып кеткен жоқ па?! Демек, Қас сөзі кез келген ұғымның ең ұлысы, ең жоғарғы шегі дегенді білдіреді.
    Қас сөзі Адам ата ұрпақтарына Аллатағала сана мен сөйлейтін тіл беріп, Ас деген сөздің мағынасын ұғынғалы бері бірге жасасып келеді.
Қас сөзінің өте ежелгі сөз екендігінің тағы бір басты дәлелі: а. Адамның бетіндегі қас пен көз деген атау (екеуі де бастауын қаз деген сөзден алады). б. «Қас пен көздің арасы» делінетін өте қысқа мерзімді білдіретін сөз тіркесі (қас пен көздің арасында ештеңе жоқ).
Қасқыр (ешкімге бағынбайтын, қолға үйренбейтін, ең жыртқыш аң). Бұл аңға ата-бабаларымыз қасқыр деп ат қойғанда, ұрпағым осы қасқыр сияқты ешкімге бағынбасын, ешкімге тәуелділігін мойындамасын дегенді парыз еткен. Қасқыр қазақ үшін киелі аң. Оның тағы бір аты «бөрі (көк бөрі)» бұл Алаштың, оның қазіргі қарашаңырағының иелері Алшынның лақап аты.
    Атам Қазақтың «Көкпар» атты ұлттық ойыны, осы көк бөрілердің (қасқырлардың) серкені (малды) жұлмалап таласуларынан алынған.
Қазақта бұдан да басқа Қасқалдақ (құс), Қасқажусан (шөп), Қасқырауыз (құрал), Қасқыржем (өсімдік), Қасықшөп (өсімдік) т. т. сияқты атаулар бар.
Демек, қазақ тілі тірі тұрса Каспий атауы өзгермек емес. Бұл сөз Қазақтың тілінің «Ана тілі» деген атауының баламасы. Бұны түсіну үшін мына жағдайға көңіл аудару қажет. Ата-бабаларымыз өз тілдеріне Ана тілі деп ат қойғанда, оның негізгі мағынасы бұл менің анамның тілі дегенді ғана емес, бұл тіл бүкіл әлем елдері тілдерінің анасы дегенді білдіргені. Әйтпесе, өзге елдер (қазаққа туыс елдерден басқаларының бәрі) өз тілдерін туған (туысқан) тіл деп атамаған болар еді. Мысалы, орыстар «родной язык» деп атайды. Енді осылардың үстіне осы Қас би теңізінің жағасында дүниеге келген Ман – Адам атаның алғашқы қауымы Ад, Мад, Дай тайпаларының қарашаңырағы бүгінгі Адайлардың таңбасының «тіл таңба» екендігін қосыңыз.
    - Манқыстау ең алғаш тілі шығып сөйлеген Ман (Адам) ата ұрпақтарының қарашаңырағының иелері Адайлардың атамекені. Адам атаның қарашаңырағының иелерінің таңбасының «Тіл таңба» аталып, олардың «Тіл таңбалы Адайлар» аталуы осыдан. Бұл таңба бүкіл Қаз әлемі (Азия) Күндер елі (Хун, Ғұн, Хунну деп аталған кездерінде) бүкіл Алаштың бас таңбасы болған. Кейіннен олардың өсіп-өніп, көбеюіне байланысты, әр қайсысы әр түрлі таңбаларға ие болды. Ал, «Тіл таңба» қарашаңырақта қалды. Демек, Қас би ежелгі Күндердің, олардың бүгінгі қарашаңырағының иелері Адайлардың лақап аты.
    Манқыстау шынында да, Әбіш ағамыздың сөзімен айтқанда «зердесі даңғыл, қиялы жүйрік адамдардың мекені. Мыңдаған көне көз ескерткіштерін былай қойғанда, өлкедегі жер-су аттарының өзі-ақ соны айғақтағандай.
    Жаңғақтың ойы, Арпалы ой, Қайыңды, Кендірлі, Қауынды, Жиделі, Ағашты, Теміртапқан, Мұнайлы, Жездібас, Керіз – қазбалай түссең өлкенің өткен дидарынан сыр шертердей;
    Қаңға, Есентүбек, Ерсары-Қайрақ, Оғыланды, Ноғайтөбе, Қырғын, Хан жайлауы, Байтақ, Шаңқала, Шерқала, Арыстанбұғы, Сұлтан-еспе, Дәніспан, Қызылтам, Шақпақты – түп мағынамды тарата берсең, тарихтың талай қойнауын сүзіп шығар ең деп тұрғандай;
Ал енді мына бір аттарға зер салыңызшы: Көрікті төбе, Сұлу торпа, Тәуір қыр, Сырлы тепсең, Сырлы тамшы, Тамшылы, Жабағылысаз, Қыз емшек, Күркіреуік, Қаракөз, Дәурен-биік, Ақша оймақ, Көрпешік, Өрмелі...
    Бұл өлкенің сұсты табиғатынан осынша көрік табу үшін қырағы жанар, ұщқыр қиялмен қоса шынайы ақын жүрек те керек шығар.
Осының өзінен-ақ туған жерге деген ыстық махаббат, өлкенің келешегіне деген зор сенім лебі еспей ме!» (Әбіш Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы» Алматы-1979. 135 бет).
    - Каспий атауының Қас би деген сөзден шыққандығын ешқандай дау-дамайға жібермейтін тағы бір айғақты және ең басты дерек Кас (Қас), пий (би) сөзі осы теңіз жағасын мекендеген елдердің арасында, қазақтан басқа бірде-бір елдің сөздік қорында жоқ. Теңізді Қасби деп атағандар тек қана қазақтар. Осыған сәйкес бүкіл әлем елдері де бұл теңізді сонау ықылым заманнан бері Каспий деп атап келеді.
    - Сонымен қатар осы теңіздің жағасын мекендейтін Әзірбайжанның - Хәзер, Түрікпен, Парсы (Иран), Аварлардың – Хазар теңізі деп атайтындарына келсек, бұл атауда Қас би атауының шын мәнінде де Қазақ пен оның қара шаңырағының иелері 12 ата Байұлдары мен оның кенжесі Адайлардың лақап аты екендігіне толықтай дәлел бола алады. Оның басты дәлелі ретінде, ешкімді, ешқайда, ешқандай дау-дамайға жібермейтін сөз түбірін көмекке шақырамыз. Хәзердің сөз түбірі Әз болса, Қазардың сөз түбірі Аз. Бүткіл жер шарындағы ең ұлы құрылықтың да атауы Аз-ия емес пе?! Демек, құрылықтың атауын иемденгендер бүгінгі Қазақтың ата-бабалары. Сол сияқты Қаз, Қазар, Қазан, Қазақ, Қазақия, Қазақ ССР-і, Қазақстанның да сөз түбірі Аз болып табылады. Бұл жерде мына жағдайды еске ұстауымыз керек, егер біздің халық «Аз» деген сөз түбірін өз атауында ұстап қала алсақ қана Қазақ бола аламыз. Әзірге, «станға» айналсақ та әйтеуір, түп атамыздың атауын ұстап келеміз. Келешекте «станнан» құтылудың амалын жасауымыз керек. Себебі, қазақтың сөздік қорында құйрық-жалы күзелген «стан» сөзі қолданыста жоқ. Бұл сөз бізде тек қана А-стан-а сөзінің құрамында тұр. Бұндай сөз көрші парсы және орыс тілдерін де ғана бар. Оның парсы тіліндегі мағынасы: елдің ең қиыр шетіндегі кішкентай ғана шет аймақ (провинция) болса, орыс тіліндегі мағынасы одан да сорақы, бұл тіпті уақытша тұрақ деген мағына береді. Мысалы, вражеский стан, сенокосный стан, охотничий стан, поездар бес-он минут қана аялдап өтетін станция және сол орыс еліндегі бар-жоғы екі-үш үйден ғана тұратын елді мекеннің станица аталулары бұл айтқандарымызға толықтай дәлел бола алады.
    - Задерецкая ханымның мына тұжырымы да негізсіз. «Біздің теңізіміз әлі Каспий аталмай, көлемі үлкен, жағалаулары өзгеше болған кездерде де адамдар оны мақтаныш тұтып, сүйетін. Өзінің пайда болған кезеңдерінен бері, теңіздің әр халық өзінше атаған 70-тен астам атауы болған. Ежелгі гректердің «Иллиада» және «Одиссея» поэмаларын құрастырған Гомер Каспийді өз туындыларында «Күн тоғаны» деп атаған. Неліктен? Бұл сұрақты тек, ешқашан Каспийде таң шапағын қарсы алып, кешкі уақытта күннің ұясына қонуын теңіз жағасында тұрып тамашалай алмаған адам ғана қояры анық» дейді. Н. Задерецкая ханым Гомер заманында бұл теңіздің Қас би атанбағанын қайдан біледі. Егер біз Иллиада деген сөздің өзін сараласақ бұл сөз қазақтың Ел Ата (Ада) деген сөзі екенін анық аңғарар едік. Ал, Одиссейдің де сөз түбірі Од (Ад) атамыздың атынан шығады. Орыстардың барлық жазба деректерінде Адай атамыздың есімі (Одой, Одоют) деп жазылған. Адай атамыздың атындағы топономикалық атаулар орыс жерінде күні бүгінде де Одой, Одоют деп аталады. Міне, Қас би дегеніміз бұл жерде де осы аталарымыздың лақап аты болып шыға келеді. Ежелгі орыстар шыққан тегін жақсы білген, әйтпесе олар бір санына «один» деп Адай атамыздың атын қоймаған болар еді.
    - Каспий атауы тегінің қазақтікі екенін Ғалым Әріпов «Каспий трагедиясы» атты поэмасында былай деп жырлапты:
«Еске алсам әрідегі Сақ заманын,
Тұлғаммен Томиристей мақтанамын.
Бөктіріп қанға басын Кир патшаның,
Дұшпаннан елі-жұртын сақтағанын.
Ешқашан от-намысын күйретпеген,
Ешкімге ен даласын илетпеген.
Ен тағып айдынына Кас-пи деген,
Ешкімге Сақтан басқа билетпеген.
Каспи бұл – қазақ деген, сақ деген ғой,
Дайларсыз мұнда дәурен өтпеген ғой.
«Маңғыстау – сонадайдан тоңазытқан»-
Қазақтың маңдайына бақ мекен ғой» (155 бет).
«Құтты қазақ Каспийде
Бал татыған балық бар
Ырыс еткен балықты
Астана байтақ халық бар» (Ә.Қонарбаев «Түмен Балтабасұлы) Алматы-2009 50 бет»).
    Міне осылайша, менің жоғарыда көрсеткендерімнен шығатын қорытынды, М.Задерецкая ханым және басқа да көптеген шетелдік тарихшылар барын салып дәлелдеуге тырысып баққандай Каспий атауы жер бетінен өзі де, тілі де жойылып кеткен тайпаның атауы емес, бұл сөз Қас би деген қазақтың төл сөзі және оның лақап аты болып табылады. Санасында саңлауы бар кез келген қазақ азаматы меніңше бұл тұжырымға тоқтауға тиіс. Ақиқаттың аты ақиқат оның «аулының үстінен аттап» өте алмайсың.
    Тарих тағлымы: Соңғы кезеңдердегі тарих, шежіреге қалам тартатындардың кей бірі (сырттан келгені бар, іштен шыққаны бар) Маңғыстаудағы топономикалық (жер, су, тау, елді мекен) атауларды түгелге жуық өзге ұлтқа, өзге жұртқа (арап, парсы, түрікпен т.б.) телиді. Ұлан-ғайыр өлкесіне адамзаттың түп атасы Ман аталарымыздың атын қойған, оны ой мен қыр (аспан мен жер, екінші баламасы бүкіл әлем), тауын Қапқаз (Қазақтың ұлы тауы), екі ортадағы теңізге Қас би (ең бірінші тілі шығып сөйлеген жан) деп ат қойған қазақтар өзге елдің тіліне зәру емес. Шындығында Маңғыстауда өзге тілден алынған бірде-бір ежелгі топономикалық атау жоқ.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау
«Қамшы» 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 346 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 604 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 45306 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 42809 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика