КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Антропонимдер мен топонимдердің идиоэтникалық семантикасын қалыптастыратын және баяндайтын ақпараттар әр ұлт болмысынан хабардар етеді. Дүние жүзі халықтарының тілінде өз ұлтының тарихын жасауда ономастикалық атаулардың алатын ерекше. Тарихи даму сатысында түрлі дүбірлі дәуірлер оқиғасы сол ұлттың өз тілінде сақталып, сөздер мен тұрақты тіркестері арқылы келер ұрпағына жетеді. Адамзат қоғамы сатылап дамыған сайын ұлт тілінде қалыптасып кеткен мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, нақыл сөздер сияқты тұрақты тіркестер мазмұнында сандаған тарихи оқиғалар, антропонимдер мен топонимдер жаңғырылып қайталанып отырады.
Келер ұрпақ үшін өз ұлтының бастан кешкен оқиғалары бертінде тарих қатпарларында шаң басып, елеусіз қалмауына, қайта көпшіліктің назарын аудартып, әлде бір болған оқиғалардың халық үшін ұмытылмай, қайталанып айтылып жүруі сол ұлттың тілінде сақталып қалған сөздер мен тұрақты тіркестеріне байланысты. Қазақ фразеологиясында этнолингвистикалық зерттеу тәсілдерімен танылатын бір алуан тұрақты тіркестер тек тарихи оқиғалар мен тарихи адамдардың есіміне байланысты айтылып, бертін келе фразеологизмдер қатарына енген. Олардың жасалу жолдары әр түрлі. Егер бұл тіркестердің жасалуындағы ішкі уәжділікке (мотивацияға) назар аударсақ, халық, ұлт өмірінің басынан өткен оқиғаларының мазмұны мен тарихы жатады. Бұлардың кей кезде жаппай қоғамдық факторға айналуының әсерінен ұзақ уақыт халық жадынан кетпей, сол ұлттың тілінде өткен тарихи оқиғалармен байланысты белгілі бір адамдар есімі, тіпті жер-су аттары да қоса айтылып, халық жадында сақталып қалады. Демек халық аузында айтылып жүрген тұрақты тіркестер жайдан жай тумайды. Бұлар тарихи фразеологизмдер қатарынан орын алады.
Әдетте тіл-тілдегі фразеологиялық тіркестер өзіндік образдылығы мен эмоционалды-экспрессивтілігі жағынан тілдік бірлік ретінде оқшау тұратыны белгілі.Ал тарихи фразеологизмдерде ақпараттық мән басым болады.Мұнда кез келген тіркестіңфразеологиялық мағынасында "неге осылай айтты екен" дейтін ішкі ой мазмұнында тыңдаушы мен айтушыныңбілім өресін сынап алатын тұстары жетерлік. Демек кім өз елініңөткен-кеткен тарихын жақсы білсе, қай ортада болса да, тіл үшін, тарих үшін, мәдениет үшін таптырмас білімніңқайнар көзі болмақ.
Лингвомәдениеттану ғылымының зерттеу нысандарының бірі прецедентті жалқы есімдер. „Прецедентті атау дегеніміз – халық үшін нақты құндылығы бар, кеңінен танымал көркем шығармамен, тарихи есіммен, саяси тұлғамен, географиялық реализммен, сонымен қатар тіл иелеріне кеңінен танымал қатынастарға, нақты оқиғаларға байланысты қолданылатын және қабылдаушы танитын жеке есімдер“ [1:145]. Ұлт тілінде белгілі себептермен ел аузында жиі-жиі қайталанатын атақты қазақ есімдері бар. Сол есімдермен байланыстыра айтылып жүрген тұрақты тіркестер қазақ халқыныңтарихында әр түрлі қоғамдық дәуірлерде болған оқиғалардыңжайын толық айқын айтып бере алады. Мәдени-тарихи жағдайлар кейде бір ғана атақты кісі есімімен-ақ, сол ұлтқа қатысты маңызды талай сырды аңғартып, коннотациялық мәнге ие болады. Мәселен, қазақ тілінде әріден келе жатқан белгілі кісі есімдері Қорқыт, Майқы би,Аяз би,Абылайхан, Жиреншешешент.б. кісі аттары тарихи фразеологизмдердіңжасалуына ықпал болды.Тарихи деректерге қарағанда 8-ғасырда өмір сүрген Қорқыт желмаясымен дүниенің төрт бұрышын кезіп, қобызын күңірентіп, өлімнен қашып, қайда барса өзіне қазылып жатқан көрді көретіні туралы ел аузында қалған,қайда барсаң да, Қорқыттың көрі есте жоқ ерте кезден қалған бір ауыз сөз әйтеуір Қорқыт баба туралы ел аузында бір дерек қалдырған.
Аяз би әліңді біл, құмырысқа жолыңды білтіркесі, сондай-ақ шешендік сөздердегі Жиренше шешеннің байлардан қандай сый-құрмет көрсе де, жатса сирағы сыртына шығатын өзінің жаман лашығына келіп, қайран өз үйім, кең сарайдай боз үйім деп жантаятыны туралы ел аузында ұдайы қайталанып айтылуы - тарихи есімдердің ұмытылмай сақталуының бір кепілі. "Тіл – мәңгіліктің мәңгілігі" деген‑ді жазушы Ғ.Мүсірепов.
Қазақ ономаст ғалымдары Т.Жанұзақ пен Қ.Рысберген: “Антропонимдік жүйенің қызметі әрбір қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени өресінің дамуымен ұштасып жатады. ...Тіліміздегі кісі аттары қоғамның даму кезеңі, оның мәдениеті мен этнологиясы, саяси экономикалық күй-жайы, қоғамдық құрылысы жөнінде қыруар мағлұматқа ие келеді” –дейді.[2:43]. Тарихи адамдардың есімдеріне байланысты Асанқайғыға салыну, Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би, Лұқпан Хакімдей, Аплатондай ақылды, Атымдайдай жомарт, Есімханның ескі жолы, Қасымханның қасқа жолы, сараңдықты сынайтын ШықбермесШығайбай, Қарабайдай сараң т.б. тіркестердің этномәдени мазмұнында деректі оқиғалар сақталған.
«Батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтың жөні бір басқа» деген бабалар нақылына орай, адал махаббаты дәріптейтін Қыз Жібек пен Төлегендей, Қозы Көрпеш Баяндай сияқты тұрақты тіркестердегі моральдық тәрбие үлгілері ретінде айтылатын ой тұжырымдар да кездесді. Бұлар ұрпақ санасынан тілдегі қолданыстар арқылы ешуақытта өшпейтіні белгілі. Өйткені бұл халық үшін керек, ұлт үшін қастерлі және рухани дем беретін ақылдың кені іспеттес.
Қазақ ұлты қашанда батырлықты бағалаған ел. «Туған жерге туыңды тік» деп өсиет еткен халық батырларын баласынан артық көрген. Ел есінде сақталған сөздер халық батырларының ерекше қасиеттерін айта жүретіндей етіп тұрақтылыққа жеткізген. Қазақтың Үш Жүзін біріктірген атақты Абылайханға қатысты жиі айтылатын «Абылай аспас асу бел», «Абылайдың ақ туы астында», «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» дейтін тіркестер бар. Әдетте кейбір тіркестер көбінесе өз ауыл, аймағына ғана белгілі болып, бүкіл жұртқа (бүкіл қазаққа) таралу шегінде шектеулік байқалады. Бұл заңды да, себебі әркім өз жерінің батырын қанша дәріптегенімен, бәрі Абылай емес екені белгілі. Сондықтан кейбір тіркестердің айтылу, қалыптасу, таралу деңгейлері бірдей болмайды. Мәселен, «Жауды қара қашырды, Батыр атақ Барақта қалды», «Арысқа әлі жетпеген, Ақсақ Темір көреген» т.б. Дүниені тітіреткен Темірдің Арыс өзенін бөгемек болып, түк шығара алмағандығынан ел аузына тараған сөз. Мұндай тіркестер көбінесе сол ру, сол географиялық аймақта ғана белгілі болғандықтан, кейде тіпті ұмытылып кетуі мүмкін. Алайда ел аузында сақталып қалған, түйінді сөздер алдымен қазақ тарихы мен ұлты үшін қажетті мәдени фактор екендігімен құнды екендігін айтқан жөн. Бұл тіркестердің жасалу тарихы мен мазмұнын білу – жалқы есімдер арқылы әлемдік болмысты тану – «әлемнің тілдік бейнесінің фрагменттер жүйесін» құрайтын ономастикалық жүйені анықтау. 
Халық қашанда өзі сүйіп, құрметтеген өнер адамдарының ерекше қасиеттерін есіміне қоса айтып, қатты қастерлеген. Мұндай есімдер өте көп-ақ. Бірақ ел аузында көптің бәрі емес, бірегейі ғана жиі қайталанып айтылып жүреді. Сондай мысалдардың ішінде соңғы кезде қалыптасып, таралып кеткен Абай, Жамбыл, Күләш,Сәкент.б. сынды біртуар жандар тіпті халық батасының ішінен орын алды. «Жамбылдың жасын берсін, Абайдың басын берсін, Сәкеннің сәнін берсін, Күләштың әнін берсін» дейтін ақ бата, тілектер де ел аузында жиі айтылады. Бұл да болса өсер ұрпағына осылардай елінің елеулісі, халқының қалаулысы болып өссе екен деген игі тілек пен тәрбиелік уағыз дарыса екен деген үміт, ізгі ой, ниеттен туған тіркестер.
Жер-су аттарына байланысты айтылатын фразеологизмдердің кейде кісі аттарымен қоса айтылатын тұстары бар. Себебі тарихи кісілер белгілі бір жерде туып өскендігімен және ұрпағына, еліне үлгі етіп қалдырған ұлы ісімен өз есімін бір географиялық аймаққа паш етеді. Тарихшы Қ.Халид: «Менің өте таң‑тамаша болатыным, қазақ оқымаған халық деген лақап айтылады. Ал, жағрафия, астрономия сияқты арнаулы пән оқымай білуге қиын соғатын жердің белгілерін айырып, соған дәлме‑дәл ат қойып сөйлейді» деп жазуында үлкен мән бар.[3:304].Тілімізде жер аттарына қатысты жасалған тұрақты тіркес құрамында қазақ жеріндегі ислам дінінің таралуына қатысты айтылатын: «Сайрамда сансыз бап, Түркістанда түмен бап», «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп айтылатын діни тілек тіркестерінде де тарихи мән бар. Қазақтар арасына кең тараған, әсіресе, атақты діни адамдар есімі. Мысалы, «Мәдинада -Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет» т.б. Сондай-ақ, аты аңызға айналған әулие, пір тұтқан ел есіндегі есімдер: «Маңғыстауда - пірБекет», «Ердің соңы -Есет, пірдің соңы –Бекет», «Адай қорықса Бекет дейді, Бекет те айқандарын екі етпейді». Бұл мысалдардың барлығы 17-18 ғасырда Маңғыстау өңірінде өмір сүрген әулие, ұстаз және шеберлігімен, батырлығымен даңқы асқанБекет Мырзағұлұлына қатысты айтылған халық бағасы. Ұлт мәдениетінің ертедегі қалпын зерделей алғанда ғана, бүгінгі дәуір мәдениеті туралы, дәстүр жалғастығы туралы пікір айтуға болады. Мәдениеттің сонау рулық, тайпалық, халықтық сатысынан бері қарай жалғастығын табуға себепші болған нәрсе - тек ұлт тілі. Олай болса, «әркімнің туған жері - Мысыр шаҺары», «әркімнің туған жері бір Мысыр» тіркесіндегі ой астары тек туған жерге ғана құрмет қана емес, мәдени алыс-берістің географиялық кеңдігі. Алыс, қашықтық ұғымында айтылатын - Барар жерің Балқан тау, Ол да біздің барған тау - тарихи оқиғаның дерек көзі. Шын мәнінде Балқан тау адам аңсаған арман жер емес, керісінше Шыңғыс ханның жаугершілік заманында бас сауғалаған қазақтар Түркіменнің Небит-дағ қаласының екі жағындағы Үлкен Балқан, Кіші Балқан тауларына дейін барған деген аңыздан туған тұрақты тіркес.
Қазақ ұлтына етене жақын айтылытын тіркестердің бірі - Күлтөбенеің басында күнде жиын. Болсын болмасын, құдайдың құтты күнінде жиын, мәжіліс құра бергенді жақтырмай айтады. Бұл тіркестің шығуына да ертедегі тарихи оқиға себеп болған. Ел аузындағы аңызға қарағанда Тәуке хан тұсында қазақтың би-болыстары Түркістан маңындағы Күлтөбе деген жерге (Шойтөбе, Ордабасы деп те аталады) күн сайын жиылып мәжіліс құрады екен. Сондағы айтатындары - жауға қалай тойтарыс беру, ел-жұртты қалай аман сақтау. Күндегі әдеттерінше тағы да төбе басына жиналып, мәжіліс жасап, ақылдасып отырғанда Қаратау жақтан қаптап жау кеп қалады. Істен гөрі сөзге үйренген би‑кеңесшілер, қарақұрым жауға төтеп бере алмай, өздері бас сауғалап қаша жөнеледі. Жаудың соққысын өз бастарымен көтерген қауым жұрт жаумен қалай соғысудың әрекетін үйретуші күнде жиын құратындарға қаратып: Күлтөбенің басында күнде жиын, Ақыры бұл жиынның болды қиындеген екен.
Антропонимдердің этнонимдік семантикасы генонимдерде де (ру, тайпа) кездеседі. Қазақ елінің кең байтақ даласында қоныстануүрдісінде жазылмағанзаң сияқты қалыптасқан рулық-тайпалық құбылысы қатаң сақталған. Қазақ «у ішсең – руыңмен» деп ескертіп отырған. Аймақтық өмір сүру кеңістігі қаншама шалғай болса да ел ішінің аралас-құраластығының арқасында өзара ру арасында көп ретте түрлі әзіл немесе ескертпе сияқты, әсіресе, ру атына байланысты айтылған тіркестер ел аузында жақсы сақталап қалады. Мәселен, Танысаң - Адаймын, Танымасаң - Құдаймын, Найман қу ма, сайтан қу ма, Қызылбөрікшесөйлесу (жасырын сөйлесу мағынасында). Қазақстанның қай жерінде болмасын, түрлі ру жайлаған өлкелерде осындай әзіл-шыны аралас сөздер кездесуінің өзі бұл тіркестердің жасалуына біраз күндік өмірдің жемісі емес, талай жылдың еншісіне жазылған этностың мәдени тіршілік беттерінен қалатын халық сөзі. Этногроф А.Сейдімбек «Бұл ретте, ономастиканың арналы бір саласын құрайтын этнотопонимдердің этностар тарихы мен тағдырына қатысты беретін мағлұматы айырықша мәнді» ,‑дейді. [4: 485].
Сонымен антропонимдер мен топонимдердер арқылы жасалған фразеологизмдер тіл арқылы мәдениеттанудың құрамды бөлігі ретінде тіліміздегі тұрақты тіркестер қорында ақпараттық мәні басым болуына қарай өміршеңдігімен ерекшеленеді. Тарихи фразеологизмдер ұлт тарихына қатысты дерек көздері болып, ономастикалық лингвомәдениремалар ретінде танымдық және коннотациялық қасиетке ие болады. 

Әдебиет
Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мәселелері. – Алматы, 2005. - 240 б.
Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. Алматы, 2008. ‑728 б.
Телқожа Жанұзақ, Қыздархан Рысберген. Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы. – Алматы: “Азия”, 2004. - 192 б.
Халид Қ. Тауарих хамса. (Бес тарих) Алматы, 1992. ‑304 б.

Резюме 
В статье рассматриваются этнокультурные семантики антропонимов и топонимов на материалах казахской фразеологии. Анализируется роль в фразообразовании прецендентных имен и топонимов в простаранстве казахской ономастики. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 492 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 774 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика