КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш (Бабанияз) Әбілқасымұлы Нарын құмының шығыс жағындағы Серікбай шағылында (қазірше айтсақ, Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында) 1931 жылдың 2 қарашасында дүниеге келген. Әкесі Әбілқасым ол жылдары Дуаберген ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген. Бабаш алты жасқа толар-толмаста апаларынан қалмай мектепке бара жүріп (ол кезде жеті жасқа толмай мектепке алмайтын), бірінші сыныпты есепке кірмей бітіріп, келесі жылы бірден екіншісі сыныпқа алынады. Бастауыш және орталау білімді Жамбыл, Айбас ауылдарындағы мектептерден алып, IX-X сыныпты аудан орталығындағы Аманкелді орта мектебінен бітіреді.

Отбасы жағдайына байланысты әрі қарай оқи алмай, екі жыл Айбас ауылындағы бастауыш, жеті жылдық мектептерде мұғалім болып жұмыс істейді. Бұл оның болашақ өмір соқпағын айқындап берді. 1949 жылы Орал педагогтық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Екі жыл қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген Бабаш институтта айрықша (сталиндік) стипендиямен оқып, оны үздік дипломмен бітіріп, өз облысына жолдама алады. Облыстық оку бөлімі бұрыннан мұғалімдік тәжірибесін ескеріп, әрі партия мүшесі болғандықтан Бабаш Әбілқасымұлын өзі бітірген Аманкелді орта мектебіне директор етіп тағайындайды. Алайда ол бұл жұмысты бар болғаны 19 күн ғана атқарады. Облыстық партия комитеті оған зор сенім көресетіп, Гурьев обкомының мектептер беліміне нұсқаушы етіп бекітеді. Бабаш сол кезде әлі 22-ге де толмаған еді. Бірер жылдан кейін оны насихат секторының меңгерушілігіне жоғарылатады.

1958 жылдың ақпан айында обком Гурьев пединститутына проректор және партия үйымының хатшысы етіп жібереді.

Б.Әбілқасымұлы аталған жұмыстарды атқара жүріп, өз мамандығы бойынша дәріс оқиды, әйтседе ол тіл ғылымына тереңдеп бойлауды бір сәт есінен шығарған емес. Өзі қызыққан тілтану саласындағы ізденісті ол 1952 жылы, студент кезінен-ақ бастаған-ды.

Ғылымға  деген ұмтылыс оны Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына алып келеді. Оны 1964 жылы бітіріп, «Дала уәлаяты газетінің тілі» деген тақырыпта Қырғыз ССР Ғылым академиясының академигі, көрнекті түркітанушы И.А.Батмановтың жетекшілігі мен каңдидаттық  диссертация қорғады. Қазақ тіліндегі тұңғыш басылымның бірі - «Дала уәлаяты газеті» 1888-1902 жылдар арасында Дала генерал-губернаторының ресми органы ретінде қазақ және орыс тілдерінде жұмасына бір рет шығып тұрған еді. Аталмыш жұмыста газеттің тіл ерекшеліктерін сөз ету арқылы қазақ әдеби тілінің өткен ғасырдағы тарихын сипаттаумен қатар, оның бетінде көтерілген ана тіліміздің байлығын дамыту, емлесін жетілдіру жайлы пікірлердің болғанын да көрсете білді.

Б. Әбілқасымов бұл саладағы өз ізденістерін әрі қарай жалғастырып, аталған басылымнан жиырма жылдай бұрын шығып тұрған  қазақ тіліндегі ең бірінші газетіміз — «Түркістан уәлаяты газетінің» (1870-1883) тілдік ерекшеліктерін де зерттеу объектісі етті. Бұл зерттеулердің нәтижесі «Алғашқы қазақ газетінің тілі» атты монографияда көрініс тапты.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз