КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әліпбиді ауыстырудың мәні зор. Жазу – тек әріптер жиынтығы емес. Ғылым тілінде, жазу әліпби, таңба, ереже-емлелерден құралмақ. Әліпби – тілдің дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – әліпбимен таңбаның ұлттық дәнекері. Қысқасы, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу – тіл егемендігінің кепілі. Тіпті әліпби ауыстыруды айтпаған­ның өзінде, қазақ жазуын бір екшеп, саралап алар мезгіл жеткендей. Демек, бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру ісі деп қарамай, кең тұрғыдан жазу реформасына ұластыру орынды болмақ. Шынтуайтында, қазақ жазуының тарихы қазақ зиялылары үшін «әліпби айтысының» тарихы да. Оған дәлел, қазақ білімпаздарының 1924 жылғы Орынборда өткен тұңғыш съезінің материалдары. Не болмаса, Ахмет Байтұрсынұлының жазуынан латынға, латыннан кириллге көшкеніміз тарихтан белгілі. Кириллге жарлықпен бір-ақ күнде көшкеніміз де мәлім.

Қазіргі «әліпби айтысының» да ауқымы кең болары байқалды.Тіл білімі ғалымдары бастап, зиялы қауымның басым бөлігі қостап сонау тәуелсіздік жылдарынан бастап ауық-ауық көтеріліп жүрген латын әліпбиіне көшу мәселесіне Елбасы саяси шешім қабылдап, соңғы нүкте қойылды. Мәселені халық болып талқылау барысында түрлі пікірлер айтылды, қарсылықтар да болды. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені Қазақстан қоғамының, қазақ ұлтының тағдыры мен болашағына өзгеріс әкелетін өте маңызды оқиға болғандықтан бейтарап қалу мүмкін емес еді. Мамандардың пікірінше, латын әліпбиі компьютер тілі және тілімізді халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады, түркі тілдес елдермен ынтымақтасуды кеңейтеді. Ендігі латын әліпбиін кімге қалай, қанша уақытта үйретуге болады деген мәселеге тіреледі. Латын әліпбиіне көшкен кейбір түркі тілді республикада мектеп оқушылары мен студент жастар тез меңгергендерімен ересектер, орта жас­тан асқандар үйрене алмай кириллицада қалып екі топ бірінің жазғанын бірі оқи алмай қиналуда екен. Сондықтан латын әліпбиін тезірек, ұйымдасқан түрде және ғылыми негізде үйретуге назар ­аудару керек. Латын әліпбиі, ең алдымен, қазақ ұлтына қатысты болғандықтан бәріміз жұмыла осы іске кірісуіміз қажет. ­Латын әліпбиін үйрену – латын тілін емес таңбасын (әліпбиін) игеру.

Қазақстан үшін латын қарпіндегі жаңа әліпби – әлемнің ақпараттық кеңістігіне кіруге, озық технологиялар мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады. Қазақстандықтардың рухани-мәдени әлеуеті деңгейін нығайтады. Бірте-бірте қазақ тілі бауырлас түркітілді елдермен жақындай түседі. Үш тұғырлы тіл арқылы, қазақ тілінің халықаралық сипат алуы, инновациялық техникалық құралдардың тілін меңгеру жеңіл болмақ. Бұл – қазақстандықтарды, түбі бір түркі елдерімен туыстық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, ел мен елдің ынтымағын арттырары сөзсіз. Бұл – ауқымды дипломатиялық қатынастарға, өркениеттік рухани-мәдени қатынастар мен діни конфессияаралық үндестіктердің қалыпты дамуына ықпал етеді. Жаңа әліпби – әлемдік өркениет өрісіне апарар тура жол.

Естеріңізде болса, Елбасы биылғы жылдың 19 ақпан күні №637 Жарлыққа қол қойды. Онда «Қазақ тілін кириллица­дан латын тіліне көшіру» туралы аса маңыз­ды мәселе аталған. Қазақстан халқына лайықталған жаңа латын алфавитінде 32 әріп, оның ішінде қазақ тілінің төл әріптерін ерекшелеп көрсету үшін 6 әріп (ә, ғ, ң, ө, ү, у) көрсетілген. Одан кейін 2 әріп – ш,ч әріптерін екі әріпті қосып жазу арқылы берілген. Бұл нұсқа бұрынғыларына қарағанда жазудың ыңғайына дұрыс құрылған сияқты. Қазіргі заманда әлем бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кең таралған. Бүгінгі күні жаһандану заманында ақпарат алмасудың және технологияның тілі ағылшыншаға басымдық беріліп отыр. Өйткені әлемге кең таралған ағылшын тілі көп қолданысқа ие екендігі белгілі. Яғни ағылшын тілінің бүкіл әлем бойынша ортақ түсінісетін, ақпарат пен технология­ны дамытуда үлкен артықшылығы бар. Енді, осындай жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзі­лік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын алфавитін үйрену, меңгеруі және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр.

Латынға көшкенімізде ұтатын тұстары­мызды былайша жіктеп көрсетуге болады. Ең алдымен,тіл тазалығы мәселесі. Қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі бодандық жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза казақ әліпбиін калыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Сондықтанда тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.Екіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефондарымыздың өзінде латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақшаны тере алмай қиналып жататынымыз бар. Себебі латын әліпбиінің базасы қалыптасқан, әрі ауқымы кең.

Үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі толықтай латын әліпбиіне көшкен. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейту керек. Сондай-ақ бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақтар тұратынын ескерсек, солардың 80 пайы­зы латын әліпбиін қолданады екен. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшер болсақ, сол қандас­тарымызбен жақындаса түсеміз. Түсіне білген қоғам үшін мұның да маңызы зор екенін атап көрсеткім келеді. Ең бастысы, әліпбиге көшуде байыптылық керек.

 

Сәуле Мұхтарова                                                       

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика