THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Біздің негізгі
айтарымыз көшедегі көрнекі үгіт жайы. Әрине, көрнекі үгіт қалаға көрік бере
қоймайды, ол әдемілік те, әсемдік те емес. Мәселе оның мағынасында, адамға ой
тастайтынында, керек десеңіз, тәрбиелік мәнінде.
Облыстық «Қазақ
тілі» қоғамы ана тілімізді насихаттауда көпшілік арасындағы екеуара әңгімеден
бастап, бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменділігін пайдалана отырып, нәтиже
береді деген заң аясындағы әдістердің бәрін қолданып келеді. Өткен жылы тілді,
ұлтжандылықты насихаттайтын, керек жерінде адамның намысына қозғау салып,
ар-ұятын оятатын билбордтар мен плакаттар шығарып, оны көрнекі жерлерге ілуі
мен таратуы, рейдтер жүргізіп, теледидардан дөңгелек үстелдер өткізуі көпшілікке
аз да болса ой тастаған болуы керек деп ойлаймыз.
Осы игілікті
істі жалғастыру мақсатында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қолдауымен
жақында Қызылорда қаласының көшелеріне 16 билборд ілінді. Мысалы, Желтоқсан
көшесінің бойындағы облыстық әкімшілік пен мәслихат орналасқан ғимарат жанына
«Таза қазақша сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі» деген жазуы бар билборд
орнатылды. Сол сияқты М.Шоқай көшесіне орналасқан: «Қазақ пен қазақтың өзара
өзге тілде сөйлесуі – намыссыздықтың көрінісі», «Айналайын балам! Ана тіліңді
кемсіткенің – кері кеткенің, төрге шығарсаң – мұратыңа жеткенің!» деген жазулар
базбір жерлестерімізге құлаққағыс жасау ма дейсің. Өйткені, тәуелсіз
мемлекетімізді, оның мемлекеттік тілі қазақ тілін төрге шығаруға бірден-бір
тиісті қандастарымыз емес пе?
Осы идеяны Сәкен
Сейфуллиннің сөзіне жазылған «Өзге ұлт тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола
алмайды» деген көрнекі үгіт әрі қарай дамытып отырғандай. Бұл жердегі бір
ерекшелік, билбордтарды дайындауда суреттегі әдемі көрініске емес, сөзге, оның мағынасына
қатты мән берілгендігі. Бірінде қатты айтылса, екіншісінде жайлап қана
түсіндіреді, үшіншісінде жанама мағынаны да қолданады. «Хорошо», «давай», т.б.
қазақтың сөзі емес, қимайтындай бабамыздың көзі емес» деген тіркестің өзі
алғашында өзгешелеу көрінеді. Ал ойлана қарасақ, «Хорошо», «давай» сияқты
ондаған сөзді күнделікті өмірде көп қолданамыз. Сөйтіп орыстың әр сөзін
қыстырып айтқан сайын өз ана тілімізді кемсіте түсіп, ол тілдің өкілін бір
ғасырға жуық марқайтып отырғанымызды сезбейміз. Өз тілін өзі өгей етіп отырған
ұлтты өзге ұлт өкілдері неге сыйласын, неге оның тілін үйренсін? Бұны оқығандар
есінде ұстар деп ойлаймыз.
«Қазақ тілі»
қоғамының дайындаған билбордтардағы жазулары жалпылама сөздер емес, ол
күнделікті өміріміздегі заңсыз, келеңсіз көріністерді айыптайды. Мысалы,
Қызылорда қаласындағы түрлі меншіктегі мекеме, кәсіпорын, сондай-ақ, дүкен,
мейрамхана, қонақүй атаулары мен ондағы жарнамалар орыс не ағылшын тілдерінде
жазылған. Соған орай:
«Кәсіпкер! Қазақ
тілі – мемлекеттік тіл, маңдайшаңа тек сол тілде іл!», «Кәсіпкер! Кәсібіңді
мемлекеттік тілде жарнамала. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген
билбордтар дайындаған. Осы жазулар он кәсіпкердің біреуіне ой салса, тіл
жанашырлары үгітінің пәрменді болғаны.
Билбордтарды
оқып отырсақ, «Қазақ тілі – бұл «арым үшін жаным садаға» дейтін арлы халықтың
тілі», «Ана тілімізді шекараны қорғағандай қорғайық!», «Қазақ тілі – ертеде
ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен бабалардың тілі» деген үгітті білдірсе, «Ана
тілінен айрылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады»
деген ескертуді, «Туған тіліне жаны ашымаған адам – тексіз» деген айыптауды да
көреміз.
Реті келіп
тұрғанда мына жайды да айта кету керек. Яссауи көшесінің бойындағы «Қазақтың
тілі – шебер, айтыс – тек қазақта бар өнер» деген «Қазақ тілі» қоғамының
билбордына қарама-қарсы «Көп ұлттылық пен көптілділік – елдің басты
артықшылығы» деген жазуы бар билборд ілулі тұр екен.
Ал, билбордтың
екінші бөлігіндегі көптілділікке келсек, әрине оған ұмтылған дұрыс. Қала
әкімшілігінің бүкіл қала көшелеріне ілген бір түйір билбордының мағынасы
осындай болып тұр. Олардың ойынша қазақ тілінің төрт құбыласы түгел сияқты.
Сондықтан, «Қазақстанның болашағы шала қазақтарда емес, таза қазақтарда» деген
жазу қазіргі замандастарға ой салар деп ілінген болар.
Сөз соңында айтарымыз, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының қала көшелеріндегі осы жолғы ілінген көрнекі үгіттердегі жазуларға барлық тіл жанашырлары мән беріп әрі қолдау көрсетіп, үйлерінде, мекемелерде, басқа да басқосуларда насихаттай түссе деген тілек білдіреміз. Өйткені, осы билбордтар, плакаттар, биылдан бастап шығып жатқан «Тіл сақшысы» газеті қоғамының бастауыш ұйым мүшелерінен тірнектеп жиналған жарнапұл есебінен жасалынып және солардың көкейінде жүрген ойларын білдіру мақсатындағы дүниелер. Ана тілімізді бірлесе төрге шығарайық, ағайын!
Сыр бойы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ