THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жақында
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері
факультетінің 1-курс студенттері болып кураторымыз Динара
Талғатқызымен Дінмұхамед Қонаев атындағы мұражайға барып қайттық. Ондағы
алған әсерімізді сөзбен жеткізуге келмес. Ең алдымен, Қонаев атамыз тұрған
мұражай-үйге жол тарттық. Мұражай-үй 2002 жылдың 12 қаңтарында Д.А.Қонаевтың 90
жылдық мерейтойында салтанатты түрде 920 көрерменнің қатысуымен ашылған
болатын.Үйіне кірген сәттен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өте
қарапайым жан болғанына көзім жетті. Оның анық дәлелі болар дүниесі - жұмыс
үстелі. Д.А. Қонаев кабинеті - жәдігерлердің толықтай шынайылығыменен
ерекшеленеді. Мұражай қызметшісінің айтуынша, оны жабдықтау барысында
Қонаевтың кабинетінде бірнеше рет болған мемориалды тұлғаның замандастары
мен достарының көмегі көп болған екен. Қонаевтың жеке заттарына жататын
дүниелер ерекше қызығушылық туғызады. Бұлар көптеген куәліктер, қаламдар, әшекейлі
оттықтардың жиынтығы, қолдан жасалған түрлі пышақтар, лунаход, танктердің
сувенирлері. Том-том кітаптар атамыздың білімді, парасатты екендігінің,
елдің қамын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы
еңбек сіңіргенінің айқын дәлелі. Кітаптар арасында Д. Қонаев туралы жазылған
кітап саны алпысқа таяу екен. Ел қамын ойлаған адамды әрқашан халқы құрметтейді
деген осы шығар. Жан дүниеңді тебірентер, әсем әрге бөлейтін бұл үй – киелі
шаңырақ.
Мұрайжайға келер болсақ, мұражай жәдігерлерінің құндылығымен ерекшеленеді. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлының жекелеген заттары, техникалық, анықтамалық және көркем әдебиеттер, өнер жөнінде альбомдар, авторлардың жекелей қолтаңбасы жазылған кітаптары, жиһаздар, тұрмыстық заттар, мерейтойларына арналған көптеген сыйлықтар мен экспонаттар, басқа да әр алуан заттар бар. Бұлардың бәрі ұзақ жылдар бойы мұқият сақталған және Дінмұхамед Ахметұлының немере інісі Диар Асқарұлы Қонаев мұражайға табыс еткен екен. Көркем безендірілген зал Қонаевтың бар болмысын ашып тұрғандай. Рухани жаныңды жадыратып, тыныштандыратын аз ғана әсем саяхат көңілімізді көтерді. Қазақ деген ұлы елдің ұлтжанды перзенті ел есінде мәңгі сақталмақ!
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ