КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Бүкіл әлем болып тойланатын Жаңа жыл мерекесі хақында танымды кеңейтіп, оның мазмұнын түркілік ерекшеліктермен толықтыра түспесек, еуропалық һәм христиандық сипатта Жаңа жылды қарсы алып дүбәра күйде қала береміз. Кеңес кезінде жаңа жылды православ үлгісінде орыс ертегілерінің желісімен тойлап келсек, кейін католиктік қалыппен елдің бәрінің қызыл күртешелі, қызыл телпекті Санта-Клаус болып киінуі сәнге айналып кетті. Орыстың ертегі кейіпкерлерінің орнын мультфильмдердің қаһармандары Шрэктер, Халктар, Хоббиттің сиқыршылары ығыстырып, түп қазығымыздың қайда қалғанын таппай қалдық. Соңғы кездері жаңа жылдың түп-төркініне қатысты жиі айтыла бастаған жаңаша көзқарастарды өмір шындығына айналдыратын кез жетті.

Тарихшы-мәдениеттанушы ғалымдар шырша айналу мейрамының көшпелі түркілерге тән ежелгі ғұрып екенін дәлелдеді. Күннің қысқаруының тоқтап, ұзара бастауына қуанып, қызыл шекпен киген Үлкен деген ақсақалды адамға алғыстарын білдірген, оның сүйікті ағашы – шыршаны қастерлеп, шүберек байланып, қол ұстасып айна­латын дәстүрі болған. Күннің қайта ұзаруы – Ұлы Туылыс секілді аспан әлеміндегі құбылыстармен, жаратылыстың заңдылығына байланысты туындаған дәстүрдің осындай идеялық мазмұны Наурызбен ұқсас келеді. Демек, Қазақстанға жаңа жылдың басты атрибуты – табиғатпен сабақтасып, Жаратқанға шүкіршілік айтып, тілек-лебіздер білдірумен астасып жатса дұрысырақ болар еді. Зерттеушілердің пікірінше, ғұндардың Еуропаға Ұлы қоныс аударуы кезінде шырша айналу салты кәрі құрлыққа сіңісті болып, олар бұған өздерінің этнографиялық және діни жоралғыларын енгізген. Жаңа жылды Рождество мейрамы ретінде атап өтіп, осы нұсқа, басқаша атрибут бүкіл әлемге жайылды, біз де солай тойлап келеміз. Батыстық құндылықтарды қабылдай отырып, рождестволық жаңа жылдың православиелік үлгісімен католиктік сипатын ұстанатын болдық. Жаңа жылдың мәні батыстықтар үшін Иса пайғамбардың туған күні болса, түркілердің ұрпағы біз үшін жаратылыстың заңдылығы – «Ұлы туылыс күні» ретінде тұжырымдамасы ойластырылып, атрибуттары айшықталуы қажет.

Өйтпейінше, Жаңа жылды христиандық тұрғыда, батыстық тұрпатта тұтынушы, еліктеуші халық ретінде тойлап, түпкі мазмұнынан алыстап кетеріміз хақ. Мәдениеттанушы Серік Ерғали ағамыз жазғандай, «түркілер барлық қадырқасиетті Жерге өмір сыйлап тұрған Күнмен шендестіруді дәстүрге айналдырған болатын. Сондықтан аталмыш күнді басқа жұрттар пайғамбар үшін ұрлап алды деуден гөрі, сол ежелгі пәк әфсананы қайта жаңғыртып, тарихи тұлғаларды, пайғамбарды қасиеттеп отыруға түркілердің өздері осылайша тікелей кіріскен деген абзал. Себебі түркілер адамның туылған күнін емес, әлгі таным арқылы ғаламның туған күнін мерекелеумен бар мәселені бірден шешкен!».

Түркілер үшін Жаңа жылдың мәні қандай болған?

Біріншіден, жаратылысты жасаған Жаратқанға тәубе қылу, дұға-тілектер тілеу.

Екіншіден, ғаламның туған күні.

Үшіншіден, аспан әлеміне зер салып, уақытты межелеу.

Төртіншіден, табиғатпен етене екенін, бір жаратылыс екенін сезіну.

Бесіншіден, жаратылыстың ерекше күнінде ақ дастархан басында бірлік пен ынтымаққа келу.

Алтыншыдан, өткенге шүкіршілік етіп, келешекке пікір түю, сеніммен алға басу.

Жетіншіден, аспан әлемі, ортаңғы әлем – жер­үстілік тірлік әлемі, жерастылық әлеммен қатысты мифологиялық, пәлсапалық дниетаным жиынтығы.

Жаңа жылда бар табиғат әлемі үлпілдек ақ ұлпа жамылып, қыраудан өрілген ою-өрнектер жалт-жұлт етіп шағылысқан сәтте адам жанын ерекше көңілге бөлеп, ғажайып ертегілер еліне жетелей жөнелетін құдіретті сезінеріміз сөзсіз. Пәк сәби көңілі, бүлдіршін балаң санасы жаңа­жылдық шырша мейрамында батыстың идеологиясын қаз-қалпында қабылдап, дүниетанымы да еуропаша, христиан діні тұрғысында қалыптасады. Үлкен алаңдарда, ойын-сауық орталықтарында, мектептерде, мекемелерде өтетін Жаңа жыл шыршаларды Аязата мен Ақшақар орыс тілінде жүргізеді, қойылымдар орыс ертегілері мен батыстық мультфильм кейіпкерлерін сомдаудан аспайды. Қазақ ертегілеріндегі Тазша бала, Қожанасыр, Алдар Көсе, Ертөстік ертегісінің кейіпкерлері орын алса, қазақ ертегілерінің мотивтері басты назарға алынса жақсы болар еді. Әзірге мұны бірен-саран Жаңа жыл шыршаларынан ғана көрдік. Христианша Жаңа жылды атап өтуде неден ұтылып отырмыз? Біріншіден, батыстық атрибуттар мен символдар санамызға сына қағады. Екіншіден, Жаңа жылды тойлау аста-төк мал шашпақтық пен дарақылыққа ұласады. Үшіншіден, Жаңа жылға жаңаша көзқарас қалыптастырмайынша отарлық жүйе сіңірген қасаң қалыптар мен стереотиптерден түпкілікті арыла алмаймыз.

Жаңа жылды әр ел әрқалай тойлайды десек те, біз Жаңа жылды көбінесе орыстарша тойлайтынымыз жасырын емес. Ресейден бөліп алар ерекшелігіміз жоқ. Телеарналардың жаңажылдық қойылымдары Ресейдің шоу бағдарламаларына еліктеуден әрі аспай жатады. Кейбір телеарналардың өз жаңажылдық бағдарламаларын эстрада жұлдыздары мен әртістерін жинап алып, шығыс ертегілерінің желісімен эфирге ұсынғаны сәтті бола қоймады. Әр арна жаңажылдық бағдарлама жасауда ізденіс жасағанымен, идеялық, рухани-мәдени қазығын қаға алмай келеді. Демек, Жаңа жылды атап өтудің түркілік идеологиясын әзірлеу өзекті болып отыр. Сондықтан көп ұзатпай Жаңа жылдың ілкідегі түркілік мазмұнына сай жалпыға ортақ заманауи нұсқасын, бірыңғай сценарийін жасау қажет.

Алаш айнасы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика