THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ елі жеке шаңырақ құрып, тәуелсіздіктің табалдырығын аттағалы 20 жылдан асса да, ел егемендігінің ең негізгі тірегі саналатын ана тіліміз өзінің биік деңгейіне шыға алмай келеді. Осы тұста, халқымыздың көрнекті жазушысы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Өз тілін сезбеген бала - ана сүтін татпаған жетіммен тең» деген өсиетін ескерсек те, өз тілімізге келгенде мешел баладай орнымыздан тұра алмай жүрген жайымыз бар. Кеңестік жүйенің құрсауында өткен 70 жылымызға кешіріммен қарасақ та, тәуелсіздіктің таңымен атқан осынау уақыттың ішінде ана тіліміздің абыройын арттыра алмағанымызға өкінішпен қарауымыз керек. Қазақ халқының біртуар қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар да осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын тіл тәуелсіздігін ту етіп, ана тіліміздің болашақ ұрпаққа аман-есен жетуін армандаған. Сондай-ақ, қазақтың осыншама бай тілі күндердің күнінде өз биігінен көрінетініне нық сеніммен қараған.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында жаңадан құрылған «Қазақ тілін дамыту» қоғамдық қорының төрағасы Мұхит Омаровтың бастамасымен «Қазақ тілі және қоғам» тақырыбында «дөңгелек үстел» шарасы ұйымдастырылды. Аталған ұйым жақында ғана облыс әкімінің қолдауымен құрылып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатындағы жұмысын осы жиынмен бастады.
Шараға өңіріміздегі қазақ тілінің сойылын соғып, осы жолда тер төгіп жүрген бірқатар тіл жанашырлары қатысып, «қайтсек мемлекеттік тілдің көсегесін көгертеміз, қайтсек ана тілімізді күнделікті қолданысқа айналдырамыз?» деген сауалдарға жауап іздеді.
Oтырыста алғаш болып сөз алған «Қазақ тілін дамыту» қоғамдық қорының төрағасы Мұхит Омаров: «Біреуді қазақ тілінде сөйлету үшін, сол тілде бірінші өзіміз сөйлеуіміз керек. Себебі, отбасында орысша сөйлеп жүріп, басқаларға үлгі бола алмайтынымыз анық. Балаларымыз бен немере-шөберелеріміздің тілін қазақша шығарып, оларды қазақ балабақшаларында тәрбиелеуді бірінші бастасақ, сонда ғана өз тілімізді өзгелерге дәріптей аламыз. Ол үшін өзімізді бүгіннен бастап қамшылауымыз керек», - деп өзгеге үлгі көрсетуге шақырды.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Қабжан Еділбайдың айтуынша, кез келген қызмет көрсету орындарынан қазақ тілінің қолданыста болуын талап етуге мүмкіндігіміз бар.
– Мемлекеттік деңгейде бекітілген тіл заңнамасы, Елбасымыздың қолдауымен қабылданған тілдерді дамыту мен қолдануға арналған бағдарлама бар. Облыс әкімінің қолдауымен бекітілген іс-шаралар жоспары да белгілі. Енді мемлекеттік тілді қолданысқа енгізудің қандай жолдары бар, соны қарастыруымыз керек. Мәселен, дүкендерде немесе басқа да қызмет көрсету орындарында қазақтар бір-бірімен қазақ тілінде тілдесуін талап етуіміз керек. Егер, олар оны орындамаса, заңның шеңберінде түсіндіріп айтып кетуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттік тілді менсінбейтіндер ойлана бастайды, - деген бастама көтерді ол.
«Замандас» ардагерлер клубының директоры Қабидолла Шәкәрімов осы жолдағы өзінің ұтымды ойларын білдірді.
– Біз неге барлық атауды екі тілде жазамыз? Менің ойымша, көше, дүкен және дәріханалар атауларын тек бір тілде жазатын уақыт жетті. Өйткені, осы сөздердің мағынасын түсінбейтін адам жоқ деп ойлаймын. Сонымен қатар, басқа да құжаттарды бір тілде толтырып, жазып үйрене бастау керек сияқты.
Ал, облыстық «Сарырқа самалы» газетінің бас редакторы Асыл Әбішев тіл саясатының түзу жолға түсуін балабақшалардан бастау керектігін айтты.
– Балабақшаларда тәрбиеленетін жеткіншектердің көретін кинолары көбіне орыс тілінде. Ал, қазақ тілінде шығарылып жатқан мультфильмдер де олардан еш кем емес. Екіншіден, облыстық білім беру басқармасымен бірлесе отырып, мектептерде де жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Себебі, қазақ мектептерінің өзінде оқушылар сабақтан тыс уақытта мүлдем орысша сөйлеседі. Осыны бақылауға алған дұрыс.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Олжас Әлімхановтың пікірінше, жастар арасында қазақша сөйлеуді сәнге айналдыру керек. Себебі, ауылдан келген көп жастар орысша білмесе де, қазақ тілінде қарым-қатынас жасаудан ұялады. Сосын олар күшпен болса да, орысша үйренеді. Жастар арасындағы қазақ тілін менсінбеушілік осыдан туындайды. Екіншіден, қаладағы түнгі клубтарға баратындардың басым бөлігі қазақ жастары. Өкінішке қарай, осындай клубтар мен мейрамханаларда бірде-бір қазақ әндері орындалмайды. Ендігі жерде, осындай қоғамдық ұйымдардың ықпалын пайдалана отырып, аталмыш мәселелердің оң шешімін табуға көмектесу қажет.
Түйін:
Осылайша, тілім дегенде жүрегі тынши алмайтын азаматтардың тарапынан ұтымды ұсыныстар мен тиімді пікірлер айтылды. Алайда, осының бәрі сол дөңгелек үстел басында ғана қалып қоймай, іс жүзінде де өз нәтижесін берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қажай-қажай етімізден өтіп, сүйегімізге тиген осы бір мәселенің түйіні шешілетін күн де келер бәлкім.
Тілеуберді САХАБА
«ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ҚОҒАМ» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ!
Біз, «Қазақ тілі және қоғам» дөңгелек үстеліне қатысушылар, тәуелсіз еліміздің ұлтжанды азаматтары ретінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалыса отырып, бүкіл облыс тұрғындарына үндеу жариялаймыз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеген болса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық болар еді. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім алдымен өзгені емес, өзін қамшылауы тиіс емес пе?! Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін! Сонда ғана өсеміз. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың қолданыс тіліне айналады», – деді.
Біз Сіздерді қазақ тілін үйренуге, дамытуға, кең қанат жаюына үлес қосуға шақырамыз. Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, оны құрметтемейінше, өзге ешкім де бұл тілді де, тілдің иелерін де құрмет-темейтіндігін жүректеріңізде сақтауларыңыз керек. Сондықтан намысқа тырысып, өз тілімізді құрметтейік, үйренейік, айналамызға үйретейік!
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ана тіліміз – ұлтымыздың жаны, мәдениетіміздің негізгі және елдің рухани құндылығы. Олай болса, осы тілге бар жағдайды қоғам тарапынан жасайық.
Сарыарқа самалы
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ