КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Дәуірдің елеулі жаңалығы біздің тұрмысқа да дендеп енгені рас. Бүгінде қажетті құжаттарды жіберіп, жедел байланыс орнатуға, студенттер үшін рефераттар мен тиісті мәліметтердің таптырмайтын «электронды энциклопедиясына» айналған интернеттің мүмкіндіктері күн сайын артып келеді. Бір кездері бір бөлмеге әзер сиятын компьютер мен екінші тура сондай компьютер арасында байланыс орнатып, шағын ғана ақпарат жеткізу үшін жасалған құралдың қазірде мүмкіндігі шексіз артуда. Оның қызметі мен мазмұны күн сайын жаңарып, толығып келеді. Қас пен көздің арасында жылдам хабар алғызып, түсінбеген сөздің анықтамасын табуға да көмектесетін, тіпті тәржімәшінің рөлін де атқаруға мүмкіндігі зор. Сондай-ақ, төрткүл әлемде болып жатқан жаңалықты әп-сәтте тамашалай алуға, сан алуан саланың қызметі мен көмегіне жүгінуге де болатын оның ғажайып құрал екеніне дауымыз жоқ. Бұл ғылымның жетістігі десек те, адамзатқа оның пайдасы да, тигізер кері әсері де бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
    ХХІ ғасырдың алғашқы он жылы ішінде дүниежүзіндегі интернетке қосылған адам саны 350 миллионнан 2 млрд адамға өскен. Қазақстанның 3 миллион тұрғыны ресейлік майл ру сайтын қолданады екен. Әсіресе, ең танымал жоба «Мой мир» болып шықты. Әлеуметтік зерттеулерге қарасақ, адамдардың 37 пайызы өздерінің ұялы телефондарындағы интернет желісі арқылы түрлі бейнебаянды көретін болса, 76 пайызы электронды хат жазысады екен. Иә, расында интернет байланысын қалта телефонына қосу арқылы қажетті ақпараттарды алып, жаңалықтарды көруге де болады. Алайда, бір қарағанда бәріне қолжетімді, қолайлы болғанымен, оның адам денсаулығына, әсіресе енді қалыптасып келе жатқан жас жеткіншектің ағзасына тигізер зияны да орасан. Соңғы уақытта бұл туралы дәрігерлер мен психолог мамандар жиі дабыл қағып жүр.
    Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының дәлелдеуінше, бүкіләлемдік ғаламтор желісі жеткіншектерге физикалық, психологиялық жағынан айрықша зиянды. Қаладағы №3 емхананың балалар дәрігері Гүлзат Тілепова ғаламтор желісіне ұзақ отырудың ағзаға тигізер кері зардабы туралы айтып берді. «Ең алдымен, баланың көру қабілеті төмендейді, себебі, бұлшық еттері қатаймаған жасөспірімнің көздері шаршайды. Сондай-ақ, компьютер алдында көп отыру балғындардың омыртқа сүйегін зақымдайды. Қозғалыссыз отыру, қолмен ғана бірыңғай жұмыс істеу, содан ағзаға салмақ түсуі баланың жүйке қызметін бұзып, мойнына тұз бен суықтың жиналуына әсер етеді. Және де жамбас сүйектің қозғалыссыз қалуы қабынуы мен тоқ ішектегі тамырдың кеңеюіне әкеліп соқтырады. Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне де кері әсер етеді, гормоналдық тепе-теңдікті бұзады, иммунитетті нашарлатады, мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді. Жүйкеге салмақ түсіру деген – ойлау қабілеттің төмендеуі, көңіл бөлу мен есте сақтаудың кемуі, бас ауру мен ұйқысыздық, көңіл күйдің құлазуы. Тіпті кей жағдайда шамадан тыс компьютер алдында отыру өлімге әкеліп соқтырады», – дейді балалар дәрігері.
    Ғаламтор жеткіншектер үшін рефераттар, музыка мен фильмдер, суреттер, ойындар көшіріп алу, бір-бірімен хат алысу үшін қажет. Алайда, интернетті пайдалы жұмыстарға емес, тек бос уақытты өткізу үшін қолданар болсақ, онда оның өз денсаулығымызға төндіретін қатерін де бір сәт ойдан шығармаған абзал. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, бүкіләлемдік шырмауық-торда экстремистік және террористік сипаты бар қырықтан астам сайт жұмыс жасайды екен. Ал, оның жастарымыздың ой-санасы мен дүниетанымын теріс жолға бағыттап, оларды қылмысқа азғыратыны белгілі. Мәселен, зерттеулер көрсеткендей, жазғы демалыста балалардың 14,5 пайызы зорлық-зомбылық туралы ақпараттарды тамашалаған, 16 пайызы нәсілшілдік мазмұндағы сайттарға кірген. Жасыратыны жоқ, көптеген жеткіншектердің өзіне-өзінің қол жұмсауының бір ұштығы осындай теріс пиғылды сайттарда, «агент» дейтін «аждаһада» жатыр.
    Енді бой түзеп келе жатқан мектеп оқушылары үшін ғаламтордың тағы бір зияны түрлі құмар ойындардың, зиянды бағдарламалардың көптігі болып отыр. Алаяқтар мен хакерлер жастарды ғаламторға тәуелді етіп, бұлыңғыр қарым-қатынас жасауға шақырып, виртуалды әлемге қызықтырып, ақыл-ойы әлі қалыптаспаған жеткіншектерді еліктіруде. Көптеген жастардың таным-түсінігі әлі де болса да ғаламтордың пайдалы жағын меңгеруді емес, керісінше, оның өздері түсініп болмайтын «шырмауық әлеміне» тереңірек үңілуге әуес. Сондықтан, бүгінде психолог мамандар «интернет-тәуелділік» – бұл жаңа ғасырдың жаңа ауруы деп дабыл қағуы да жай сөз емес. Тіпті, кейінгі кездегі дәл осы тақырыптарда жазылған бірқатар ғалымдардың медицина, физиология, педагогика, әлеуметтану саласындағы зерттеу жұмыстары үлкен алаңдаушылық тудырып отырғанын көрсетеді. Әлемнің әр елінде биліктегі азаматтар жастардың денсаулық проблемалары жалпы мәселелерді жиі қозғайтын болды. Соның ішінде жасөспірімдер арасында ауру түрлерінің көрсеткіштері жоғарылауда. Адам өмірі жеңілдеген сайын денсаулығы да нашарлайтын үрдіс байқалады.
    Интернет-тәуелділік және кез келген тәуелділік аталатын патологиялық ауытқу адамның психикасына өте терең әсер етуі мүмкін. Ал, Қазақстанда Интернет қолданушылар саны күн санап көбеюде десе болады. Бүгінде 3 млн.-ға жақын интернет қолданушы бар деп есептесек, олардың қанша пайызында интернет-тәуелділік патология ретінде тіркелгендігі туралы, өкінішке орай, дерек жоқ екен.
    «Компьютерге тәуелділік» 10 мен 18 жастағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Осы жаста олар әлеуметтік тұрғыдан жетіліп, өзіндік мінезі мен көзқарасы қалыптаса бастайды. Сондықтан баланың «толқымалы» сәтін мүмкіндігінше компьютер тәуелділігінен сақтайтын үйірмелер мен спорттық секциялар көбірек болу керек. Жуырда Парламент Мәжілісінде «Балалардың денсаулығы мен оның дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл елімізде балаларды залалды ақпараттан заң жүзінде қорғауға жасалған алғашқы қадам деуге болады. Дегенмен, ТМД елдері мен әлемдік қауымдастық бізден көш ілгері тұр. Атап айтар болсақ, АҚШ-та балаларды интернет зардаптарынан сақтандырудың жолдары бұдан бірнеше жыл бұрын қарастырылыпты. 1998 жылы «Кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау туралы акт» қабылданып, 13 жастан төмен балалар үшін веб-ресурстарды міндетті түрде классификациялау нормасы енгізілген. Ал Қытайда кез келген сайтты қауіпсіздік комитеті тексеріп, айына екі мыңға жуық ұятсыз сайттар жабылады екен.
    Психологтардың пікірінше, интернет-тәуелділікке түсетіндердің көбі ерік-жігері әлсіз, өз ортасында томаға-тұйық адамдар. Виртуал әлемде олар өздерін идеал жасай алады. Сайып келгенде, адам шынайы өмірдегі отбасы, достары сынды биік ұғымдарды ысырып қойып, қиял дүниесіндегі өзіндік «мені» айналасында тұрақтап қалады. Эгоизм, депрессия сынды сұмдықтар әлеуметтік желілердің әсерінен қалыптасады. Осы орайда қаладағы №197 мектеп жанындағы психологиялық кабинеттің маманы Мөлдір Алданазар жастарды ғаламтордың зиянынан сақтандыру үшін әрбір ата-ана баласына оны пайдаланудың шарттарын айтып түсіндіру керек деп есептейді. Психолог маманның айтуынша, ондағы ақпараттардың үнемі шындыққа жанаспайтынын, оған сын көзімен қарау қажеттігін, ол ақпараттарды кітаптағы, энциклопедиядағы, ресми газет-журналдардағы ақпараттармен салыстырып, қабылдау керектігін ескертуге тиіс. «Ғаламтордағы зорлық-зомбылыққа, қылмысқа тәрбиелейтін бағдарламалардан, діншілдік, нәсілшілдік туралы ақпараттардан сақтандыру ата-ананың парызы. Кәмелет жасына толмаған балалардың электронды поштасына енуге ата-анасының мүмкіндігі болуға тиіс. Ол ең бірінші сол баланың қауіпсіздігі, болашағы үшін қажет. Әсіресе, балалардың өтпелі кезеңінде өз-өзімен болып, оқшаулана бастағанында ата-анасы олардың беймәлім адамдармен ғаламтор арқылы танысуына жол бермеуге міндетті. Сондай-ақ, компьютерлік ойындарға тәуелділігін тексеріп, сол бойынша тиісті шаралар қолданып отыруы керек»,–дейді маман пікірі.
    Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда, компьютердің кереметтері күн сайын адамзатты таңғалдыруда. Дегенмен, ұрпақ болашағын ойлаған әрбір ұлт жанашыры оның өз баласының өміріне тигізер кері зардаптарынан сақтандыруға тиіс. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ертеңгі күні интернет тәуелділігіне сіздің балаңыздың да шырмалып қалмасына кім кепіл?

Сыр бойы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика