КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Өткен аптада Алматыда «Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқулықтың тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер рәсімін кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев кіріспе сөзбен ашты. Мұнан соң сөз кезегі жақында ғана Алматы қаласындағы «Нұр-ДиАс» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілі сөзжасамы» оқулығы авторларының бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жаңалық Балтабаеваға берілді. 
    Ғалым өз сөзін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбай, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев және өзінің авторлығымен дайындалған «Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқулықтың екінші басылымындағы басты өзгерістерден бастады.
    «Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқулықтың ерекшелігі, бұрын сөзжасам морфология құрамында қаралып, сөзжасам мәселелері тек сөз таптарының сөзжасамына байланысты ғана зерттеліп, оқулықтарда да сөз таптары аясында беріліп келген болатын. Сөзжасамның көптеген мәселелері өзінің ғылыми-теориялық шешімін таппағандықтан, грамматиканың морфология бөлімінде сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері айтылмай, толық берілмеген еді. Ол кезде сөзжасамның терминдері де жоқ болатын. Қазір ғылымда ол олқылықтар жойылып, біршама толықтырылғандықтан, ол мәселелер оқулыққа енгізілген.
    Филология факультеттерінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алатын студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған оқулықта сөзжасамның негізгі теориялық мәселелерінен жеткілікті мағлұмат берілген. Оны оқулықтың құрылымынан да көруге болады. «Сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері» және «Сөз таптарының сөзжасамы» атты екі бөлімнен тұратын оқулықта сөзжасам білімнің дербес саласы болып саналуы, зерттеу нысаны, тілдің басқа салаларымен байланысы, сөзжасамдық талдаудың ерекшелігі, сөзжасамдық құрылым мен сөзжасамдық үлгі, сөзжасамдық мағына мәселелері бір модуль ішінде берілген. Әр тақырыптың соңында студент тақырыпты қалай меңгергенін өзі тексеруі үшін қайталау сұрақтары мен қосымша әдебиеттер берілген. Ол студенттердің аталған тарауша бойынша теориялық білімдерін толықтыруға, ғылыми еңбектермен жұмыс істеуге, өз беттерінше ізденуге арналған.
    Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тіліміздің ғылыми курстарын меңгеруге арналған оқулықтар мен оқу құралдарының жоғары сапада жазылып, жарыққа шығуы болашақ маманның сапалы білім алып, ұлтына сапалы қызмет етуіне негіз болары сөзсіз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбай мемлекеттік тілімізді ғылыми тілге айналдыруды одан әрі жетілдіруде осындай оқулықтардың көмегі ерекше болатынына тоқталды.
    ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шора Сарыбаев «Тілімізде сөздік қор мен сөздік құрамды жаңа сөздермен толықтырып отыратын тілдік құбылыс сөзжасам деп аталады. Міне, осы сөзжасам құбылысы сонау көне дәуірлерден бастау алып, қоғамның өзгеруімен, дамуымен бірге жасап келе жатыр. Сөзжасамның өзінің жаңа, туынды сөз жасайтын сөзжасамдық заңдылықтары, әдіс-тәсілдері көне замандардан бері қолданылып, дамып, іріктеліп, түрлі өзгерістерді басынан өткізіп, бүгінге жетті. Ол тіліміздегі жаңа сөздің кездейсоқ, қалай болса солай жасала бермейтіндігін көрсетеді. Оқулық осы тұрғыдан қарастырғанда өте құнды» деді.
    Тұсаукесерде Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдімәлік Нысанбаев, ғылым докторлары-профессорлар Оразалы Сәбден, Еренғайып Омаров, Зайырхан Ашитов, Анар Омарова, т.б. елімізге белгілі тілші ғалымдар сөз алып, оқулықтың жарық көруімен құттықтап, кітаптың кәдеге жарар дүние екеніне тоқталды.
    Белгілі ғалым Нұржамал Оралбай жиналғандарға өз ризашылығын білдіріп, отандық тілшілер мемлекеттік тілдің абыройын арттыруда аянбай еңбек ете беретіндігіне сендірді.
    Тұсаукесер рәсімін қорытындылаған профессор Кәрімбек Құрманәлиев ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі оқулықтарға байланысты екеніне тоқталып, отандық оқулықтарға сараптама жүргізуде, оқу әдебиеттерін дайындау мен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде белгілі бір жүйе қалыптасқанын, оқулық әзірлеушілер деңгейі де жоғарғы талаптарға жауап бере бастағанын атап көрсетті.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика