THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ фразеологиясының қазіргі ғылыми парадигмалары
Авторы: Гүлдархан Смағұлова
05/07/2017 12:29 0 14215 0
Аталған мақаланың мақсаты – қазақ
ұлтының баға жетпес рухани құндылықтарының бірі тұрақты тіркестер –
фразеологизмдердің қазіргі ғылыми зерттеу нысанындағы парадигмаларын анықтау
және ғылыми нәтижелерін талдау.
«Ғылыми парадигма» ұғымының
семантикалық диапазоны лингвистикалық зерттеулер мен қазіргі тілдің ғылыми
сипатын да қамтиды. «Ғылыми парадигма» ұғымын ғылыми айналымға американдық тарихшы
Томас Кун енгізген. Ол өзінің «Ғылыми революция құрылымы» (The
Structure of Scientific Refolutions.1962.Chicago., ауд. И.Налетов. M.,1975,
2009) деген еңбегінде ғылым мен қоғамның тарихи дамуындағы өзара терең байланысын қарастырады. Т.Кун «ғылыми бірлестік» деген түсінікті ғылыми қызметтің логикалық субъектісі деп тұжырым жасаған. Т.Кун айтқан «ғылыми бірлестік» зерттеуші дәлелсіз қабылдайтын бірыңғай стандарттар жүйесі – парадигмалардан тұрады. Парадигма дегеніміз – ғылыми бірлестіктердің мүшелері мақұлдаған ғылыми жетістіктері және ғылыми проблеманың қойылуы мен оларды шешудің жолдары. Парадигмаларға заңдар, теориялар, қолдану тәсілдері, қажетті жабдықтар жатады. Ғылыми бірлестіктің белгілеріне концептуалды модельдер, жалпы тұжырымдар, құнды мақсаттар, шешімдер, белгілі бір проблемалар мен міндеттерді шешудің үлгілері енеді. Кунның айтуы бойынша, «бұл – дәстүр ретінде ғылымға келудің, меңгерудің ғылымның өмір сүруі және ғалымдардың бір арнадағы парадигмада жұмыс істеуі. Олар бұрынғы білімді кеңейтіп, тереңдетеді, жаңа теорияларды жасамайды» [Кун,1977: 31]. Сондықтан болар, гуманитарлық ғылым саласында кейде, «бұл бұрын да айтылған мәселе еді ғой, мұның несі жаңалық» деген ойлар ара-тұра айтылып жатады. Алайда «бұрынғы білімді кеңейтіп, тереңдету» қазақ тіл білімінде соншалықты маңызды екендігін айта кету керек. Бұл ретте қазақ фразеологиясы туралы, оның қазіргі ғылыми парадигмалары қандай деген сауалға жауап ғылыми өзектілі жоғары тақырыптардың бірі.
Қазақ фразеологиясы – қазақ тіл білімінде өзіндік зерттеу нысаны айқындалған, дербес ғылыми салаға айналған пән. Фразеологиялық зерттеулер әр жылдары түрлі ғылыми зерттеу тақырыптарының нысаны ретінде жан-жақты қарастырылып келеді. Демек фразеологиялық зерттеулер қай кезде болмасын, мейлі өткен ғасырдағы, мейлі қазіргі ізденістер болсын қандай бағытта, қандай деңгейде екендігін ғылыми сарапқа салудың қажеттігі бар.
Кез-келген ғылыми пәннің ұғымдық-терминологиялық аппаратын мөлшерлеп білуге болады. Алайда оның ғылыми зерттеу мәселелерін соңына дейін толық танып білдік деуге болмайды. Бұл мәселе қазақ фразеологиясына да қатысты. Фразеология теориясының осы күнге дейін жеткен жетістіктері соншалықты ауқымды болғанымен, ғылыми жаңа көзқарас пен жаңа парадигмалық зерттеулер қазір де фразеологизмдерді басқа қырынан зерттеудің ғылыми өзектілігін айқындай түсті. Осыған орай, қазақ тіліндегі фразеологизмдерді зерттеудің теориялық әдіснамалары барынша полипарадигматикалық сипатқа ие болды.
Қазіргі кезде түрлі мәдениеттер диалогы әр ұлттың өзіндік ерекшеліктерін тек тілдік бірліктер арқылы жай сипаттауды ғана емес, олардың этномәдени танымын нақты адамдық фактор арқылы «сөйлеуін» қажет етеді. Бұл ретте когнитивтік фразеологияның рөлі ерекше болмақ.
ХХ ғасырда қалыптасқан дәстүрлі құрылымдық иманентті тіл біліміне когнитивтік лингвистиканың бірінші орынға адамдық факторды шығаруы, ендігі жерде адам танымын аттап өте алмайтын «тілді адаммен бірге» қарастыруды басты ғылыми бағыт етіп қойды.
Кезінде «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» туралы зерттеуімізде (1998) біз өз тарапымыздан бұл мәселеге азды-көпті пікір білдіргеміз. Мәселен, халық рухы қашанда өз ұлтының тілінен көрініс табады. Ал этнотілдік ерекшеліктердің басты көрсеткіші – фразеологизмдер. Себебі мұнда ұлттың тұрмыс тіршілігі, тұтастай өмір сүру мәдениеті сипатталады. Фразеологизмдер сөйлеу және жазба тілде бағалауыштық қызметімен ерекшеленіп, өзіндік бейнелі, эмоционалды-экспрессивті жағынан айтушы мен тыңдаушы арасында жай хабарласу, ойды көркем жеткізу ғана құралы емес, түрлі сезімдік жақтарына әсер ету мүмкіндігіне ие болатын ментальдық бірліктер ретінде танылады деген тұжырым жасалған.[Cмағұлова, 1998]
Алғаш рет фразеологизмдердің мұндай ерекше қасиетіне қазақ тіл білімінде академик І.Кеңесбаев назар аударған. «Қазақ тілінің идиомдары мен фразалары». (– Халық мұғалімі, 1946,
N1-2, 39-42 б,N3-4, 42-50 б.); жәнеорыс тілінде жарық көрген«О некоторых фразеологизмах в казахском языке» ) – Изв. АН. Каз.ССР, N135, сер. филолог. и искусствовед., вып.1-2, Алма-Ата, 1954, с.6-27) деген мақалаларынан басталған ғылыми зерттеулер қазақ фразеологиясының бастапқы теориялық діңгектері деуге болады. І.Кеңесбаев мақалаларынан кейін жарық көрген басқа да зерттеулер – қазақ фразеологиясының теориялық және қолданбалы жақтарына өзіндік үлес қосқан еңбектер.
Бұл ретте фразеология саласының көш басында тұрған акад.І.Кеңесбаевтан бастап, күні бүгінге дейін фразеологиялық зерттеулерді жеке-жеке сөз етсек, онда хронологиялық тәртіп бойынша анықтама да түзуге болады. Ең бастысы өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы қазақ фразеологиясының тақырыптық және лексика-семантикалық ерекшеліктерінің сипатталуымен құнды. Бұл қазақ фразеологизмінің корпусын қалыптастыруға негіз болған ізденіс нәтижелері деп бағалаймыз. Сондай-ақ, бұл бағыт жалпы лингвистикалық зерттеулердің оның ішінде фразеология да бар, лингвистикалық компаративизм деген ғылыми парадигмаға жатады. Оның басты принципі салыстыру арқылы тарихи зерттеу болды. Фразеологизмдерді таксономдық және классификациялық үлгіде деңгейлік модельдерін анықтады. (Ә.Қайдар, Р.Жайсакова, С.Сәтенова т.б.)
Өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап, жаңа лингвистикалық таным фразеологизмдерді зерттеудің құрылымдық жүйе парадигмасын қалыптастырды. Мұндағы басты принцип тұтастық пен жүйелілікке негізделді. Тілдік құрылымдағы оппозиция – «тіл-сөйлеу», «пардигма-синтагматика», «синхрония-диахрония» әдіснамасы қазақ фразеологиясында жемісті ғылыми нәтижелерді берді. (Ә.Қайдар, М.Копыленко, Г.Смағұлова, С.Сәтенова, Р.Авакова Қ.Қалыбаева, Б.Жұбатова т.б.)
Өзіндік ерекшеліктері бар тілдік бірлік ретінде фразеологизмдердің тұлғалық және мағыналық сипаты лингвистикалық ғылыми зерттеулердің түрлі нысандарына тақырып болды. Бұл ретте, тілді адаммен, оның болмысымен бірге қарастыру антропоцентрлік зерттеулерге өзек болды. Жан-жақты дами келе, коммуникативтік-прагматикалық парадигмаға ұласты. Мұның басты принципі номинация және референция теориялары мен сөйлеу әрекетінің ерекшеліктеріне негізделеді.
Кейінгі зерттеулер ішінде ұлт мәдениетіне қатысы әр түрлі ғылымдар түйісінде: тарих, этнология, психология, когнитология, әлеуметтік лингвистика, қолданбалы лингвистика, философия, аударматану, стилистика, прагмастилистика және тіл мәдениетінде т.б. жан-жақты қарастырылып, жалпы қазақ фразеологиясының теориялық және практикалық қолданбалы жақтары терең сараланып келеді.
Сондықтан да қазақ тіліндегі фразеологизмдердің басқа да ғылым салаларымен тығыз байланыста бұлай жан-жақты қарастырылуы фразеологияның пән ретінде зерттеу аясының тереңдеуін көрсетеді, әрі тілдік талдаулармен нақтылануы жалпы фразеологияның зерттеу нысанының күрделенгенін және бүгінгі тілтаным тұрғысынан алғанда, бұған дейінгі қалыптасқан кейбір ой-пікірлерді басқа қырынан, басқаша талдауды талап етеді.
Тіл білімінде фразеологияны зерттеу аспектісі лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика тұрғысынан жаңа қырлары талданып, фразеологияның қазіргі лингвистикалық пардигмалары таныла бастады. Бұл дискурсивтік-когнитивтік парадигма сипатынан аңғарылады. Жоғарыдағы коммуникативтік-прагматикалық және дискурсивтік-когнитивтік парадигмалар қазақ фразеологиясында соңғы он жылдықта аса қарқынмен дамып келеді. Оған ғылыми ізденіс нәтижелерінде екі ғылыми парадигмалардың тоғысында көптеген қорғалған диссертацияларды атауға болады. (М.Күштаева, А.Әмірбекова, А.Смаилов т.б.)
Бұл қысқа шолулар өткен ғасырдың екінші жартысынан бүгінге дейін қазақ фразеологиясының жеке ғылыми пән болып қалыптасуына қазақ тіл білімінде біраз арнаулы зерттеу еңбектері жазылғандығының дәлелі. Осыларды сараптай келе, қазақ фразеологиясының зерттелу тарихы мен бағыттарын мынадай деп бөлуге болады.
Қазақ фразеологиясының жеке лингвистикалық пән ретінде қалыптасуы.
Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің мағыналық-тақырыптық топтары мен грамматикалық, стильдік ерекшеліктерінің арнайы қарастырылуы.
Тұрақты
тіркестердің лингвомәдени бірліктер ретінде фразеологизмдердің прагматикалық
аспектілерінің ғылымдар түйісіндегі жаңа ғылыми бағытта зерттелуі.
Фразеологиядағы
әлем суретінің антропоцентрлік ерекшеліктері,
Фразеологизмдердің концепт бөліктерін құрайтын
мәртебесі бойынша, когнитивтік фразеологияның ғылыми аренаға шығуы.
Когнитивтік
лингвистикада фразеологизмдер туралы бинарлық түсінік қалыптасқан. Концептілерді талдағанда бір жағынан фразеологимдердің туынды номинациялар арқылы концептіні вербалдайтын синтаксистік структуремалар мен мақал-мәтелдерге, афоризмдерге фразеологиялық тұлғаларға концепт бөлігін құрайтын мәртебе беріледі. Себебі концепт түрлерінің вербалдануында фразеологизмдердің концептуалдық жеткіліксіздігі емес, қайта фразеологизмдердің өте жиі қолданылуы назар аудартады. Фразеологизмдердің концептуалдық тәуелсіздігі концептілерді фразеологиялық концептілер деп атауға, қарастыруға толық мүмкіндік береді. Мәселен, көркем шығармаларды талдағанда олардағы тұрақты тіркестер тек мәтінге көркемдік құрал ретінде қызмет етпейді, олар концептілердің лингвистикалық объективтену процесінде шешуші рөл атқарады.
Фразеологиялық концептіні фразеологизмдер мағынасының түйіні мен өзегі жасайды. Мұнда «мәдени-ментальдық-тілдік» (Ю.С.Степанов) бірліктердің рөлі ерекше. Жалпы кез келген фразеологиялық концептінің жұмсалуында мәтіндердің орны бөлек. Концептілердің жетілуіне, толығуына ең басты – мәтіндегі тұрақты құрылымдар (прецедент) әсер етеді. Олар: фразеологизмдер, афоризмдер, мақалдар мен мәтелдер т.б.
Когнитивтік фразеологияға «концепт» терминін қолдануда басқа да көзқарастардың бар екендігін айта кетейік. Мәселен, Ю.С. Степановтың «Константы. Словарь русской культуры» [1997] еңбегінде базалық концептілердің «жеке қолданыстарда» болатындығы, ал фразеологиялық концептілердің басты параметрлері ретінде олардың тарихи және темпоралдық сипаттарын, сондай-ақ, олардың этномәдениеттегі көрінісін атап, фразеологиялық концепт аясын кеңейте түседі. Соның нәтижесінде когнититивтік фразеологияда концептілердің белгісі оның мәдени маркерлігінде деген пікірді тереңдеткен. Фразеологиялық концептінің маңызды мәдени компонентін құрайтындар деп: тұрақты тіркестер, мифологемалар, ритуалдар, рухани-мәдени мағынаны жинақтаған символдық мәні бар тіркестерді айтады.
Н.Ф. Алефиренко дәл осы пікірдің мазмұн жағынан А. Вежбицкаяның еңбектерінде тереңдей түсетініне назар аударады. Автор барлық түсінік субъективті, антропоцентрлі және этноцентрлі болғандықтан, «әлемді дәл сол қалпында» табиғи тілмен суреттей алмайды. Сондықтан, А. Вежбицкаяның идеясын когнитивтік фразеологияда қолдану қажет. Фразеологиялық концептілер – этнографиялық ерекше феномен. Сыртқы әлемнің екінші концептуалдануы тілде фразеологизмдер арқылы негізі қаланып қойылады», – дейді. [Вежбицкая,
1996:76-394].
Қазіргі тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың басты мәселесі – біріншіден, санада тілге дейінгі бейнеленген дүниелердің ішкі мәнін түсіндірудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеру;
Екіншіден, логикалық-позитивті және эстетикалық таным-білімнің реттелген, жүйеленген, өңдеуден өткен ақпараттарын тіл арқылы іздеп айқындау.
Осыған орай, тіл арқылы көрініс тапқан санадағы дүниелер бейнесін анықтау, яғни тілді когнитивтік тұрғыдан зерттеу әлемдік тіл білімінде үлкен бағытқа айналды. Бұл ретте Е.С.Кубрякова: «Прежде
всего, когнитивная лингвистика связана с изучением когнитивной системы
человека. Основная задача когнитивной системы человека в обработке и
переработке информации, а так же ее хранении и видоизменении» деген құнды пікір
айтады. [1991].
Демек когнитивтік жүйе –
индвидуальді өмірлік тәжірибе, яғни адамның танымдық тәжірибесін бейнелейтін
оның білімі мен ой-пікірлерінің жүйесі. Тіл адамдардың іс-әрекетінен тыс
дамымайды, адамды тілі арқылы тану, білу, зерделеу оның этноментальдық өмірінен
толық ақпарат береді.
Тілдік ұжым мүшелерінің таным-білімі
өркениет пен мәдениеттің әр түрлі кезеңдерінен өткен сайын ақиқат дүниені тек
логикалық-позитивтік қана емес, этикалық-моральдық, ментальдық тұрғыдан да
таныта алады. Әлем бейнесін тіл арқылы бейнелеуде концепт ретінде танылған
ұғыммен мағыналық байланыста тұратын фразеологизмдердің маңызы ерекше.
Фразеологиялық мағына мен
концептінің арақатынасы туралы Н.Ф.Алефиренко: «фразеологиялық мағына жасауға
қатысатындар: когнитивтік негіз ретінде қызмет ететін заттар мен құбылыстар,
шындық өмір оқиғалары, жалпы адамзаттық қабылдау үлгісімен «қарабайыр
семантика» арқылы қалыптасқан «әмбебап-концептілер» және әлемдік
әлеуметтік-психологияны бейнелейтін түрлі ұлт тілдеріне тән – «ерекше-концептілер»
дейді. Автор фразеологиялық тұлғаларға когнитивтік негіз болатын паремиялар мен
афоризмдерді де қосады. [2008:132-133]. Бұл арада жалпы адамдарға тән ортақ
қабылдау «әмбебап-концептілерді», ал жеке ұлтқа тән қабылдау үлгісі
«ерекше-концептілерді» құрайтынын айтып отыр.
Фразеологизмдерде адамдардың күн
көру, мәдени өмір салты ғана емес, халықтың тұтастай ұлттық ерекшеліктерінің
көрінетіндігі ешбір күмән тудырмайды. Сондықтан да фразеологиялық
концептілердегі мұндай айырықша сипаттарға зерттеушілер «әлемнің фразеологиялық
суреті» немесе «фразеологиядағы әлем суреті» дейтін терминдік тіркесті
қолданады.
Сонымен фразеологиялық концептілер
өз кезегінде әлем бейнесін ерекше сипатты, суретті етіп танытуда әрі
иерархиялық, әрі дефинициялық қызмет атқарады. Мысалы, «байлық» концептісінің
фразеологиялық суреті:мал біту, көйлегі көк, тамағы тоқ, ішкені алдында,
ішпегені артында деген тіркестерден басталып, әрі қарай «байлыққа» қатысты
молшылық: ит басына іркіт төгілу, шаш етектен олжаға бату; атағы шығу: ауылды
аузына қарату; т.б. дефинициялық концепт өрістер бойынша тарамдала береді.
Тіл білімінде фразеология мен
когнитивистика фразеологизмдердің мағынасына қатысты бір-бірімен байланысты сөз
етілетін бағыттар. Тұрақты тіркестердің мағыналық ерекшеліктері коммуниканттардың
тілдік санасында түрлі мағыналық реңктермен сақталуын және
прагматикалық-дискурстық үйлесімін зерттеу фразеологияның теориялық әдіснамалық
негізінің тереңдеуін қажет етеді. Бұл өз кезегінде тіл біліміндегі когнитивтік
зерттеулерге иек артады. Когнитивік лингвистканың гуманитарлық ғылымдар
тоғысындағы ізденіс жетістіктерін тілшілер бірден құптаған.
А. Киклевич: «Заслуга когнитивной
лингвистики заключается в том, что она – восстав против сформировавшей в ХХ в.
традиции имманентного структурного языкознания – выдвинула на первый план
«человеческий фактор», в частности ортажаемые в естественных языках структуры и
способы познания» деп атап көрсетеді. [2007: 70].
Когнитивтік лингвистиканың базалық
ұғымдары «концепт», «фрейм», «гештальт», «схема», «сценарий» т.б. о баста
антропологиялық білім парадигмаларының түрлі когнитивтік ғылым салаларынан
алынған.
Қазақ тіл білімінде когнитивтік
лингвистикаға қатысты зерттеулер қазақ ғалымдарының түрлі ғылыми еңбектерінен
көрінеді. Атап айтқанда, тілдік таңбаның мағыналық, мазмұндық мәні арқылы
дүниені тану жағын қарастыру, адамзаттың этноментальді дүниесінің тіл арқылы
берілуі, эмоция, гештальт-құрылым түріндегі концептілердің көрінісі, сөз
әрекетіндегі когнитивтік модельдердің типологиясы, прозадағы контраст
концептілердің тілдік көрінісі, концептілердің ұлттық-мәдени компоненттері,
байырғы ұлттық танымның көркем прозадағы тілдік бейнеленуі, кейіпкер тілінің
когнитивтік мәні мен тілдік тұлға мәселесі, концептілік құрылымдардың
поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі, жеке лексемалар арқылы концепт
мазмұнының берілуі және т.б. ізденістер қазақ тіл білімінде когнитивтік
лингвистиканың пән ретінде қалыптасқандығының айғағы. Сондай-ақ, қазақ
лингвистерінің когнитивтік аспектідегі зерттеу жұмыстарының нәтижесі қазақ
тіліндегі «байлық-кедейлік, «өмір-өлім», «жүрек», «жан», «өзім-өзге», «үй»,
«парыз», «әйел», «тары» т.б. концептілердің тілдік бейнелері сараланды.
Когнитологияның қазақ тіл біліміндегі қарқынды дамуы «элитарлық лингвистикалық
пән» (Мокиенко) фразеологияға да жемісті нәтижелер алып келді.
Фразеологизмдердің қойнауларында жатқан экстралингвисткалық ақпараттарға деген
қызығушылық бұрынғыдан да жан-жақты әрі тереңдей түсті.
Когнитивтік фразеология
фразеологизмдердің семантикасын тілдік және тілдік емес ақпараттар арқылы
дүниені қабылдау, сондай-ақ, тіл иесінің ментальдық болмысының ерекшеліктерін
терең, жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.
Фразеологиялық мағынаның жасалуы мен
қалыптасуын зерттеуде когнитивтік лингвистиканың мүмкіндіктері мол. Тіл мен
танымның сабақтастығы нәтижесінде концептөрістегі білім құрылымы мен формасы
және оның репрезентациялануы фразеологиялық зерттеудің жаңа парадигмаларына
негіз болады.
Лингвистикада
ерекше ғылыми бағыт ретінде когнитивтік фразеологияның қалыптасуы оның нысаны
мен зерттеу пәніне байланысты. Когнитивтік фразеологияның зерттеу нысанының
проблемалары – когнитивтік семантика, дискурсология, психолингвистика,
этнолингвистика, лингвомәдениеттану т.б. құзырлы ғылымдар тоғысында
айқындалады.
Өйткені
фразеологиялық тұлғаның семантикасы танымға байланысты десек, онда онымен
(таныммен) жалғаса сөз етілуге тиісті мәселелер:
•
фразеологизм прагматикасының дискурстық сипаты
• санада
және сөйлеуде тұрақталған тіркестің психолингвистикалық ерекшелігі
• тұрақты
тіркестің этнос тіршілігі мен оның мәдени өміріне қатысы талданады.
Когнитивтік
фразеологияның пәні – когнитивтік-дискурстық кеңістікте фразеологиялық
тіркестердің таным мен мәденитет ықпалымен өзара әрекеттестігі.
Когнитивтік
фразеологияның мақсаты – когнитивтік-қатысымдық жағдаяттарды сипаттайтын
фразеологизмдердегі концептөрістерді анықтау арқылы ментальдық модельдерді
көрсету.
Фразеологиялық тіркесті
айтылымдискурс проблемасымен тікелей байланысты. Тек дискурс қана
коммуниканттың тілдік танымының мәтіндермен ассоциативті мағыналық байланысын
жан-жақты көрсете алады.
Адам өзіндік тілдік болмысындағы
концептіні бір тіркестің вариант, синоним қолданысы және оларды өз жеке
түсінігі арқылы сыртқа шығара алады. Мысалы, уақытқа қатысты жылдамдық
концептісін – қабақ қаққанша, қабақ қақпай, кірпік қаққанша, көзді ашып
жұмғанша, қас қағымда, қас пен көздің арасында тіркестерімен сипаттайды.
Фразеологиялық
тіркестер когнитивтік-дискурсивтік талдау әдісі, сипаттау жәнекомпоненттік
талдау сияқты дәстүрлі семантикалық талдауға негізделеді. Мәселен, талданатын
концепт алдымен оның семантикалық құрылымын талдау арқылы жүзеге асырылады.
Концептіні толық тарата талдау үшін дискурстық түрлі шарттарға байланысты
фразеосемантикалық өріс, фразеосемантикалық топтар, фразеологиялық
парадигматика қоса қарастырылады.
Қазіргі білім парадигмалары
гуманитарлық ғылымдардың зерттелу аясын когнитологияның принциптері бойынша
жан-жақты, терең қарастыруға кеңінен мүмкіндік берді. Бұл ретте пән аралық
кешенді зерттеу үлгілерімен фразеология саласына да жаңа проблемаларды,
лингвомәдениеттаным, психолингвистика, пргамалингвистика, когнитивтік
лингвистика тұрғысынан қарастыруды жолға қойды. Тіл – адамның күрделі таным
әрекетінің нәтижесі болғандықтан, бұл бағыттардың барлығы антропоцентрлік
зерттеу нысанына айналғандығының белгісі. Когнитивистика – адамның тілдік
ақпаратты алу, сақтау, қайта өңдеу, пайдалану туралы ғылым.
Лингвистикалық пәндер арасында
когнитологияның аса белсенді және жан-жақты дамуының арқасында, фразеологияда,
әсіресе, экстралингвистикалық ақпараттарды қарастыруға ден қойды.
Қазіргі тіл біліміндегі жаңа
категориялардың бірі – «әлем бейнесінің тілдегі ұғымы және концептуалдық
талдау». Бұл мәселе қысқа мерзімде зерттеліп бітетін сала емес, уақытты қажет
етеді. Өйткені осы күнге дейін зерттеу нысаны болған фразеология мен
лексикологияның дәстүрлі аспектілері когнитивтік талдау нәтижесінде филология
саласы үшін жаңа ізденістер мен тың тұжырымдар жасауды міндеттейді.
Зерттеудің
лексикографиялық сипаттау, тарихи-салыстырмалы, құрылымдық-семантикалық,
стилистикалық т.б. лингвистикалық әдіс-тәсілдері негізінде жасалған теориялық
жаңа тұжырымдар тілдік жағдаяттардың қазақстандық тілтаным кеңістігінде әлі
жеткілісіздігін көрсетеді.
Ендігі мәселе фразеологиялық
концептілер туралы.
Әрине,
ғылымдағы әр жаңа қадам жаңа ғылыми терминологияны тым болмаса, бұрынғы
атауларды қайта қарастыруды талап етеді. Бұл ретте орыс тіл білімінде
когнитивизмнің айтарлықтай нәтижесі бар. Е.С.Кубрякова. «Когнитивтік
терминдердің қысқаша сөздігі» (1996) бастап, Ю.С.Степанов, И.А.Стернин,
Н.Ф.Алефиренко т.б. еңбектерін айтамыз.
Мәселен,
философиялық анықтама байынша, «концепт» – жалпы ұғым, мағына. Ал «ұғым,
мағына» – ойлау категориялары ретінде логикалық термин. Сондықтан да «концепт»,
«ұғым», «мағына» терминдерін бірде тұтас, бірде бөлек қарастырады. Алайда
айырым белгілерін жоққа шығармайды. Дүниені, шындықты адам санасының қабылдауы
тек ұғымның айналасында қалып қоймайды.
«Концептінің жасалуына ұғым емес,
заттық образдар (заттың бейнесі) негіз болады. Мысалы, ат жалын тартып мінді
дегенге ат, мін =,жал деген (субъект-предикат) ұғымдар емес, ақиқат өмірден
алынған сенсорлық-перцептивті образ негіз болып тұр».[Уәли,2007:44].
Мысалы, Ана сөзі ұғым бойынша –
шеше. (Ананың ақ сүтін ақтау). Бұл адамдардың бәрі білетін ең негізгі басты сипаты. Бірақ бұл ұғыммен
қатар Ана туралы басқа да түсініктер бар. Мәселен, Анаға қатысты тілімізде
бағалауыштық, коннотативтік бірліктер, мақал-мәтелдер, фразеологиялық
тіркестер, нақыл сөздер мен афоризмдер қалыптасқан. («Ананың көзі – балада,
баланың көзі – далада»; «Анаңды Меккеге үш рет жаяу апарсаң да ақ сүтін ақтай
алмайсың» «Анасын көріп, қызын ал»; Ақ жаулық»; «Ел анасы»;) Демек, Ана ұғымын
тереңдететін, нақтылай түсетін, жан-жақты сипаттайтын басқа қосымша мәнді,
қажетті мәдени мағлұматтар арқылы ментальдық деректер жинақталған. Бұларды
саралай келгенде, ұғымдық саты толыға береді де, концепт дәрежесіне көтеріледі.
Сондықтан
кез келген ұғым, сөз концепт бола бермейді. Концепт болу үшін белгілі бір
ұғымға қатысты ұлттың мәдени көрсеткіші болатын тілдік дерек –
лексика-семантикалық тақырыптық топ, сондай-ақ, ментальдық мінездемені қажет
ететін және философиялық мазмұнды, логикалық бағдары бар ұжымдық білім көрсеткішіне
негізделген күрделі құрылымды бірлік болу керек.
Концепт белгілі бір ұлт мәдениетіне
тән болғандықтан, сол ұлт бейнесін көрсететін салт-дәстүрлер көрінісі, ұлтқа
тән таным мен білім сияқты ерекшеліктеріне қарай жетілдіріліп отырады. Мысалы,
ана коцептісіндегі мазмұндық ақпараттар арасындағы «Батыр ана» немесе «көкек
ана» тіркестері осыған дәлел.
Концепт
туралы айтылған ой-пікірлерді сараптап, тұжырымдай келе, концептінің ең басты
өлшемдерін айта кету керек. Олар:
бейнелілік,
ұғымдық,
құндылық.
Концептінің бейнелілігі – бұл заттар
мен құбылыс, оқиға сипаттарын көру, есту, сипау, иіс, дәм арқылы тәжірибелік
біліміміздің дара қасиеттерімен біздің жадымызда сақталуы. Бұлардың барлығы
түрлі бейнелер, олардың түрлі қасиеттері арқылы танылады, әрі фреймдік
құрылымды жасауға негіз болады. Дүние суретін қалыптау үшін түрлі бейнелер
қонцептілік құрылым түзеді. Ал бұлардың барлығы фразеологизмдерде сипаттау
арқылы жүзеге асырылады.
Мысалы,
адамға қатысты:
ер – еркек
кіндікті (ұл, ер адам),
ердің ері,
егеудің сынығы(тектінің ұрпағы, жақсының көзі);
әйел – бес
биенің сабасындай (толық, етжеңді әйел),
жігіт – қыз
мінезді жігіт (момын, сыпайы жігіт),
қыз – қырық
жеті (дүниеге қыз бала келгенде астарлап, оған берілетін қалың малды тұспалдап
айтқан),
қыздың жиған
жүгіндей (қыздың қолынан шыққандай ұқыпты, сәнді),
бала–
ернінен емшек сүті кетпеген (буыны қатпаған әлі жас)
деген
бейнелер арқылы санада қалыптасқан ұғымның өзіндік ерекшеліктерін
фразеологиздермен сипаттайды, бағалайды
Бейнелер әр
түрлі дедік. Соған орай, табиғат, кеңістік суреттері, заттық бейнелер, дәм,
иіс, және тактильді бейнелер, дыбыстық бейнелер, көру бейнелері фразеологиялық
бейнеге ие болады. Мысалы:
a) табиғат,
кеңістік суреттеріндегі бейнелер:
қырық күн
шілде (жаз айларының ең ыстық кезі),
сақылдаған
сары аяз(қыстың ең қатты аязы),
қыстың көзі
қырауда(қыс кезіндегі суықтық),
жұлдызы
жоғары (біреуден мәртебесінің жоғары болуы),
жұлдызы
қарсы (біреуді ұнатпау, қарсы келу),
сегіз қиыр
шартарап (қазақтардың ұғымында дүниенің төрт құбыласы және табиғаттың төрт
мезгілін айтқанға ұқсайды),
дүниенің
төрт бұрышы (дүниенің төрт құбыласы оңтүстігі, солтүстігі, батысы мен шығысы);
ә) Заттық
бейнелер:
тасбақа
жүріс (баяу, ақырын жүру)
қара шаңырақ
(қазақ мәдениетінде әке-шешесі отырған үйді қастерлеп, «қара шаңырақ» деп
құрметпен атайды)
көзінің ағы
мен қарасы (ең аяулы, ең жақын адамы; әдетте балаға қатысты айтылады)
іштен шыққан
шұбар жылан (туған баласын жамандыққа қимағанда айтылады)
қаны бір
(туыс, бірге туған)
қара қазан,
сары бала (отбасылық жағдай, тұрмыс-тіршілік, бала-шағалы)
кіндік
кесіп, кір жуған жер(туған жер)
б) Дәм:
су тату,
сылдыр су, бал тату, дәмі тіл үйіру, дәмін алу; (тамақтың дәмін қатысты
айтылады)
в) Иіс, және
тактильді бейнелер:
иісі мұрынды
жару (өткір иістің әсері)
қолма-қол
(тез арада бір істің бітуі),
қол алып,
төс соғыстыру(1.уәделесу; 2. татуласу),
құлағының
етін жеу (белгілі жайтты қайталап айта беру, мазасын алу),
іші удай ашу
(бір нәрсеге қатты өкіну),
жалаң аяқ
жар кешу, қызыл аяқ қар кешу (қатты қиналу, қиындық көру).
г) Дыбыстық
бейнелер:
ботадай
боздау (қоймай жылау)
қыран-топан
күлу (у-шу, қатты күлу)
ақ түтек
боран (қарды ұшырып, қатты соққан боран)
шыбынның
ұшқаны естіліп тұру (тыныштық сәті)
дауыс көтеру
(қатты сөйлеу, зеку мағынасында)
ғ) Көру
бейнелері:
екі бетінен
қаны тамған (денсаулығының жақсы екендігі екі бетінен көрініп тұрады)
ине шаншар
жер жоқ (адам өте көп, немесе тар жер)
аузы-мұрнынан
шығу (көп, молшылық)
Әлем, дүние
суреттерін модельдеуде бұл бейнелер әр түрлі концептілік құрылымдарға салынады.
Жоғарыдағы мысалдар дүние бейнелерінің ұғымдарын көркем таныммен фразеологиялық
тіркестер арқылы сипаттау өте суретті, прагматикалық жоғары деңгейді байқатады.
Концептінің
ұғымдық жағы – бұл концептінің сипаты, құрылымдық белгілері, дефинициялары,
бір-бірімен алшақ өмір сүрмейтін басқа концептілермен салыстырмалы
ерекшеліктері және ең бастысы адамдар іс-әрекетінің жүйелі түрде тілде
белгіленуі.
Концептінің
құндылық жағы – концепт ретінде тануға, қарастыруға, талдауға тұрарлық әрі
жекенің, әрі ұжымның жасаған ұлттық ерекшелігі.
Концепт
тіл-тілдегі сөз астарын және сөз байлығын мейілінше жан-жақты талдауға
мүмкіндік береді. Концептуалдық талдау нысаны – ментальдық кеңістіктегі мәдени
мазмұндағы базалық концептілер.
Концепт –
адамдардың білімі мен тәжірибесін қамтитын таным және ақпараттық құрылымдағы
ментальдық қордың бірліктерін білдіретін термин. Бұл – адам психикасында әлем
суретінің көрінісі жадыда тұрақталып, жеке тұлғаның өз мүмкіндігі бойынша
ақпараттың берілуі мен сақталуы және тілдегі ментальдық лексикон арқылы
концептуалдық жүйесі өңделіп толығып отыратын икемді нәрсе. Сондықтан да тіпті
жалпы адамзаттық, әмбебап концептілердің әр түрлі тілде вербалдануында лингвокреативтік,
прагматикалық және лингвомәдени факторларға байланысты өзгешеліктері болады.
Бұл туыстас тілдердің өзінде де байқалады. Мысалы: қолы қысқа – қазақ тілінде
жоқ-жітік адамға қатысты айтылса, татар тілінде кулы кыска –біреуге жамандық
жасай алмайтын адам туралы.
Фразеологизмдердегі
концептілік құрылымдар
Когнитивтік
семантикада қолданылатын «концепт», «фрейм», «гештальт» ұғымдарының бір-бірінен
айырмашылықтары бар ма деген сұрақтың туындауы орынды. Жекелеген айырмашылықары
бола тұра, бұлардың бәрі түптеп келгенде ментальдық табиғаты бар есте сақталған
ақпараттарды жан жағынан сипаттайды.
Концепт кең
ұғымда: санадағы ментальды бірліктер мен психикалық ресурстар қызметі арқылы
индивидтің тәжірибесі мен білімін танытатын ақпараттық құрылым.[КСКТ, 1997:90].
Психологияда
ментальдық репрезентацияны белгілейтін – гештальт, ал когнитологияда
қайталанатын типтік жағдаяттар, дағдылы құбылыс, әсер туралы ұғым – фрейм
болса, мәдениеттану мен лингвомәдениеттануда бірінші орынға мәдениеттің маңызды
жақтары, оның құндылығы туралы ұғым – концепт болады.
Мәселен,
гештальт бейненің жеке-жеке белгілерінсіз тұтас сақталғандығымен ерекшеленеді.
Фразеологиялық талдауда ұйытқы сөз жылқы болса, оныекі құлақ + жал + төрт аяқ +
қыл құйрық + шабан немесежүйрік деп бірден айтпаймыз. Демек, тұрақты
тіркестерді бастапқыда когнитивтік тұрғыдан қарастырғанда гештальт
фразеологизмдердің когнитивтік-семантикалық негізін қалайды деуге болады.
Когнитивтік-прагматикалық
дискурста:
Ñ жылқы
мінезді адам – 1.әр нәрсеге төзімді, шыдамды; 2. айналасындағыларды менсінбей,
жылқы сияқты осқырынып кететін адамның мінезі.
Бұл
тіркестің жасалуы мен тұрақтылыққа жетуінде ұзақ уақыттың бедері бар. Мұны тек
жылқы малының барлық қадір-қасиеті мен бүкіл мінезін әбден біліп, жадында
сақтаған индивидтің өмір тәжірибесі мен жинаған білімі арқылы адам мінезін
түсіндіруде жанама сипаттау жүзеге асырылып отыр. Адам өмірін метафоралық тор
деп түсінсек, торды тарқатуда мұндай гештальттар маңызды бағыт береді.
Қуанған,
сүйсінген шақта айтылатын:
әйелі ұл тапқандай
қуану, бөркін аспанға ату, өлгені тіріліп, өшкені жану, көзі шырадай жану;
бір сәттік
көрініс, жағдаятты сипаттайтын: төбеден түскендей, үш ұйықтаса ойында жоқ, сап
ете түсу;
күнделікті
өмір, тіршілік тұжырымдары: бағы жану, ел аузына іліну, қазанның құлағын ұстау
т.б. тіркестердің когнитивтік семантикасы тек дискурста танылады.
Фразеологиялық
гештальттар ойлау мен сөйлеу жағдаяттарындағы іс-әрекеттерді қайталанатын
стеоретиптік тұрғыда көрсетеді. Соған орай, гештальт әрбір этномәдени қауымдастықтың
тілдік танымының бейнелік-ономасиологиялық бөлігінен тұрады. Фразеологиялық
гештальттың түзілуі – процесс, себебі денотат көрінісін сипаттауға сәттік
тәжірибе мен білім жеткіліксіз. Ол үшін тұжырымдалған ой қорытындысы керек.
Оған кейде бір ұрпақ ғұмыры жеткіліксіз, аздық етеді. Сондықтан фразеологиялық
гештальт астарында маңызды лингвокогнитивтік қағидалар бар.
Қазақ
тілінің фразеологиялық сөзігінде жілік сөзі ұйытқы болған «жілігі татымады» –
жасық, арық ет; «жілігі шағылды» – беті қайтты, жалықты; «жілік майы таусылды
(жұқарды)» – жүдеді, болдырды деген үш тіркес тіркелген. Ал кейінгі кезде
тұрақталған «жіліктің майлы басын ұстау» – бір нәрсеге қолы жету, қызметі өсу
мағынасындағы фразеологизм енбеген. Жалпы аталған тіркес мазмұны қазақ
мәдениетінде соңғы кезде қатты белең алған мансап, қызмет ұғымдарын
сипаттайды.
Мысалы,
жіліктің майлы басын ұстау тіркесінің қазақ қоғамындағы астарлы мағынасын
түсіну үшін адамдар арасындағы әлеуметтік сатыларды бағамдай алу керек. Ал оның
алғашқы басқышы – ментальдық үлгілерде. Қазақ дәстүріндегі дастархан мәзірі,
ондағы реттелген стеоретиптік нұсқаулар, (жіліктерді кімге қалай, қандай
мақсатпен үлестіру) әрбір адамның ортада өз орнының болуы, оны білуі сияқты
дағдылар олардың бірте-бірте әлеуметтік ерекшеліктерін көрсетеді. Бұл арада
жіліктің майлы басын ұстау бірінші дентотативтік жағдаяттың ассоциациясы
бойынша қолында қызметі бар, пайдалы іс, жұмыстың басында отырған адамның
сипатын көрсетеді. Қалыптасқан бұл үлгі танымдық сипаттың тереңдеуіне қарай,
гештальт аясына өтеді.
Стереотипке
тән ерекшелік – тұрақтылығы. Мұндай тұрақтылық дүниенің маңызды ситуацияларының
санада жиі қайталанып, дағдылы түсінікке айналуынан жүзеге асады. Стереотип –
адамдардың қоршаған орта, өмір, дүние туралы қабылдаған,
ой-таным-түсініктерінің қайталануынан тұрақталған іс-әркеттер мен дағдылары.
Мысалы:
құда болу
(қыз бен жігіттің әке-шешесінің өзара келісімі);
босаға аттау
(келіннің үйге келуі, келін түскенде айтылады);
түн ұйқысын
төрт бөлу (ананың баланы күтіп, бағуы);
ақ жаулық
(әйел, жұбай);
отау тігу
(үйлену, үй болу);
тіл мен
жағына сүйену (көп сөйлеу);
бесікке
салу, қырқынан шығару(дүниеге келген жас сәбиге қатысты істелетін ырымдар).
Схема –
фразеологизмдердің мағыналық құрылымын үлгілеуде қолданылатын тәсіл.
(Когнитивтік психология мен жасанды интеллект туралы еңбектерде осы схема сөзі
«фрейм» орнына қолданылған). Әдете зат пен құбылыстың кеңістікте контуры,
сұлбасы, (геометриялық пішіні) фигура болады. Когнитивтік санада сыртқы
сингалдар мен ішкі сезімдер көмегі арқылы жинақталған ақпараттарды бір
құрылымда танытуда схеманың өзіндік рөлі бар.
Мысалы,
қазақ танымында «әйел» концептісінің схемалық құрылымда танылуын «сұлулық»
микроконцептісінен: ай десе аузы, күн десе көзі бар (асқан сұлу); атқан таңдай
(ерекше сұлу); т.б.
Немесе
фразеологиялық тіркес қолданысынан кейін көз алдында әлде бір сурет, сұлбаның
келуі:
Қаққан
қазықтай– адам немес заттың кеңістікте орналасу сипаты, қозғалмай тұруы;
Күлін көкке
ұшыру –бір нәрсені талқандау, жоқ қылу;
Құрыққа
сырық жалғау– айтатын сөзіне өтірік қосып, өсіре сөйлеу;
Бір аяғы
анда, бір аяғы мұнда –өте асығыс жүру.
Фразеологиздердің
жасалуына нақты, іс-әрекет, құбылыс, жағдаяттар негіз болып, еркін тіркестер
ауыспалы мағынада қолданылғандықтан, схема елестету, бейнені көру сияқты сәтке
ие болады.
Ойсурет –
санада бейне, метафора, символ көмегімен танылатын концепт қалыптастыратын ең
күрделі форма. Мәселен, метафора «білімнің моделі» ретінде түсіндіріледі.
Метафорада концепт қалыптастыратын құрылымдық элементтердің бейнелену қызметі
бар. Метафора арқылы адам тәжірибесіндегі ассоциативтік, стереотиптік,
символдық таным айқындалады. Мысалы, «әйел» концептісінің құрылымдық элементі –
Ана. Ұлттық танымда мәселен, «ана сүтін ақтау» деген тіркесте ананың балаға
деген үміті мен ізгі тілегінен шықты, ана сенімін орындау деген ұғым жатыр. Сол
сияқты, «Анаңды Меккеге үш рет жаяу апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың» деген
тіркесте қазақ түсінігі бойынша баланың алдында аналық парыздың еш өтеусіз
екендігін ұғындырады.
Метафоралау
нәтижесі концептілік құрылымдардың модельдену көрінісін қалыптастырады. Бұл
әрекет когнитивтік санадағы сенсорлық, перцептивтік қабылдаулар арқылы
жинақталған ақпараттар негізінде жүзеге асады. Концептілік құрылымдарды
модельдеу барысында санада салыстыру, категориялау сияқты логикалық операциялар
жұмысы жүргізіледі. Мысалы,«Ұжмақ анаңның аяғының астында» деген діни
фразеологизм бар. Бұл қолданыста үлкен ой жатыр. Анаңды қастерлесең төбеңе
көтеріп сыйла, құрметте. Демек, метафора – когнитивтік санадағы логикалық
операциялардың динамикалық көрінісі, ой тудыру мәселесі. Бұл жағынан алғанда,
қазақ ұлтының аса бай көремдік ой қуаты әйелдер бейнесі туралы не бір ғажап
тілдік бірліктерді жасаған.
Мысалы:
Ата көрген
оқ жонар, Ана көрген тон пішер; әке-шеше тәрбиесін бірдей көрген ұл мен қыз
ата-анасынан бір тәлім алып шығады демекші.
Ақылды әйел
ішінде алтын бесікті ұл жатыр;Ақылды әйел болашақ ұрпақ қамын ойлайды, текті
баланы өмірге әкеледі. Кейбір қазақ отбасыларындағы ұлдар тек атақты, талантты
адамдардан тұрады. (Мысалы, Жұбановтар әулеті осыған мысал).
Қызы бар
үйдің жеңгесі сүйкімді;Бұрын жігіттер алдымен қыздың жеңгесімен танысып, оған
түрлі сый-сыяпат жасай жүріп, қызбен таныса алған. (Осыған ұқсас қазір
«интернет-жеңгетай» деген тіркес қалыптасып келеді).
Үйді қырық
еркек толтыра алмайды, Бір әйел толтырады; Әйел отбасының берекесі. Егер үйде
әйел болмаса, еркек қанша ақылды болса да әйелдің орнын баса алмайды.
Күндестің
күлі де күндес;Бұл «Бәйбіше-тоқал» тақырыбында жиі айтылған фразеологизм. Бұрын
екі әйел алған еркектің әйелдерін жағымсыз мағынада күндес деп суреттеген.
Күндес сөзінің мәні орыстың «соперница» сөзінің мағыналық реңкінен басқа, тек
бәйбіше мен тоқал арасына қатысты қолданылады.
Мысалы,
когнитивтік құрылымдағы этносимволикалық мәні айқын кодқа салынған тілдік таңба
ретінде біздің тілдік санамызда жан-жақты қатталған лексемалардың бірі – әйел.
Өйткені концепт ретінде танылатын іргелі ұғым әйел лексемасымен байланысты
қалыптасқан салт-дәстүрлерден, ырым-жоралғылардан, мақал-мәтелдерден,
фразеологизмдерден, сан түрлі тілдік қолданыстардан мол дүниетанымдық
ақпараттар жүйесін құралады.
Ұғым
танылатын объектінің мәнді, мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы болса, концепт
ұлттық болмысқа негізделген ментальды білімінің жиынтығы деп түсіну
керек.
Әйел
макроконцептсін мазмұн межесінде қарастырғанда, ұжымдық, тұлғалық санадағы
барлық біліми ақпараттар шоғыры көрінеді. «Әйел» лексемасының мазмұн межесін
толықтыратын микроконцептілерді «Қыз-келін» – қыз, бойжеткен, ару, қалыңдық,
келін, келіншек, жеңге, қайын сіңлі;
«Әйел-ана»,
– әйел (жұбай, зайып, жар, қосағы), қатын, ана, (апа, шеше), әже, кейуана,
кемпір;
«Бәйбіше-тоқал»
– бәйбіше, тоқал, ханым, қайын ене, ханша, бике, бибі, бикеш, күң, күңше,
күндес, жесір т.б. барлығы 32 бірліктен тұратын үш іргелі тақырыпқа бөлуге
болады. Өйткені көрсетілген атаулардан ұлттық мәдениеттің ерекшелігі,
салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдени құндылықтары аңғарылады. Сондай-ақ, «Әйел»
макроконцептіні таныту үшін әйел лексемасын тұрпат межесінде алсақ, онда
айналасына ұйымдасқан тіл бірліктерін - лексикалық, фразеологиялық,
мақал-мәтелдер жүйесін көреміз.
Мәселен, тек
«Қыз-келін» тақырыбы маңына қызға қырық үйден тыю, қыз қылығымен, қызым саған
айтам, келінім сен тыңда т.б. тіркестер қазақ ғұрпында қызды болашақ өмірге
дайындау, тәрбиелеу, ескерту сынды үлгілермен айтылады.
Халқымыз қыз
баланы әрқашан ибалылыққа, иманжүзділікке, болмысы өзге нәзіктікке, сыпайылыққа
тәрбиелеуге аса жауапкершілікпен қараған. Сондықтан да қырық үйден тыю деп жиі
қыдыртпауды, белгісіз, мәнсіз ортамен көп араластырмауды көздеген. Жоғарыда
келтірілген әр тақырып аясындағы жеке лексемалардың фразеологизмдердегі
көрінісі өте бай әрі жан-жақты. Тек «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде»
жүзден астам тіркестер тіркелген.
Есік көрген
– бұрын күйеуде болған әйел туралы. «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал»
мақалының қысқартылып, фразеологияланғаны. Бұл фразеологизм астарында халықтық
салт-дәстүр бойынша жас жігітке беті ашылмаған қызға үйленгенінің жөн екендігін
аңғартады.
Ал
«Әйел-ана» тақырыбына қатысты шоғырланған фразеологиялық тіркестер мазмұны
қазақ мәдениетінде тіпті заңнамалық кодекске лайық. Олай болуы заңдылық та.
Себебі бұл тіркестерде «Ана» бейнесі тек моральдық биіктен көрінеді.
Әйел
атауының когнитивтік құрылымының ішкі мәнінде ерекше көрініс беретін ақпараттар
ретінде белгілі бір айтылмақшы ойды тұп-тура тікелей емес, образдар арқылы
бейнелеп, астарлап тілдегі табу, эвфемизм, дисфемизм, ирония, перифраза сияқты
этнотанымдық символдар тәсілдерін кеңінен қолдана отырып, ассоциациялық фондық
образы үйлес парадигмалық қатынас құруға болады. Бұл, әсіресе, әр ұлттың
этноментальдық таным жүйесінен ерекше көрініс береді. Қазақ дүниетанымында
әйелдердің еркектерден бір саты төмен тұратындығы дүниенің тілдік бейнесіндегі
гендерлік ұғымдармен байланысты тіркестермен айқындала түседі: нашар кісі,
тесік моншақ, шүйкебас, төмен етек т.б. Осы атаулардың ішкі семантикалық,
стильдік экспрессивтілік мәнінің өзі ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесінен,
қоршаған дүниені қабылдаудағы өзіндік ментальдық танымынан қажетті ақпарат
беретіні анық.
Тілдік
құрылымдармен таңбаланған бұл дәстүрлер мен жоралғылардың этнотанымдық
табиғатында қыз балалар мен жас келіндерді, әйелдерді түрлі теріс мінездерден,
қылықтардан сақтандыру мақсатында қолданылатын табу сөздер мен ұғым түсініктер
негізінде қалыптасқан ырымдар баршылық.
Мысалы: қыз
балаға кәрі жілікті ұстатпау (болашақ күйеу кәрі болады);
ер адамның
жолын кеспеу (жігіттің жолы болмайды);
әйел адамға
пышақ қайратпау (күйеуінің сағы сынады);
келін
ата-анасының атын атамауы (сыпайылық, әдептілік); т.б. сияқты ырым, тыйымдардың
мазмұнынан ұлт мәдениетінің бейнелі образдары мен құрылымдағы фреймдік
үлгілерін жете аңғаруға болады. Тілімізде әйел атауының концептуалдық өрісіне
енетін қыз атауымен байланысты қызбөрі, қызойнақ, қыз айттыру, қыз алып қашу,
қыз кәде, қыз ұзату, қыз жасауы, қыз қуу т.б. сияқты ұлттық салт дәстүр мен
ғұрып нышандарын бейнелейтін этнографизмдер мен мақал-мәтелдер, фразеологизмдер
орасан көп.
Әйел
бейнесін сипаттайтын фразеологизмдерде ұлттық болмыс пен дүниетанымдық
ерекшелік бар. Фразеологиядағы әйелдер бейнесіндегі концептілік құрылымдардың
көрінісі - ұлттың ментальдық көрсеткіші. Мәселен, ерекше этносимволдық мәні бар
төмендегі тіркес мазмұнынан қазақ халқының ұлттық таным көкжиегінен қажетті
ақпарат алуымызға болады. «Әйелдің жақсысы – ақылшың. Қазақ салтында әйелдің
сан алуан абзал қасиеттерінің біріне оның еріне кеңес беріп, ақылын айтып
отыруын жатқызады; қазақ сахарасында дүйім елді аузына қаратып, өзінің елден
ерекше ақыл парасатымен құрметке бөленген аналар аз болмаған. Сондай ақыл
парасаттың кені болған әйелдер әрқашан да еркектің басына қиын-қыстау күн
түскенде жанынан табылып, оған ақыл айтып, күш, рух беріп отырған». [Қайдар,
2004].
Қазір
моральға міндеттейтінболашақ жар, әйел, ана дейтін сөздерге қатысты бойжеткен
қыздардың лингвистикалық интуицияларын өте керемет деп айтуға болмайды. Олардың
бойында бұл ұғымдар туралы имплициттік білім көрінісі бәсеңдеп барады. Қазақта:
«Әйелі азған елдің болашағы жоқ» деген қатаң ескерту бар.
Қазақ
әйелінің ойлау қабілеті, зейін-зерде ерекшелігі, парасат-пайым деңгейінің,
мінезінің, еңбекқорлық, төзімділік, махаббат, сұлулық т.б. фразеологизмдер
суреттейтін тілдік көрінісі этностың ерекше этноцентрлік концептілерін құрайды.
Болашақта «Қазақ әйелі» макроконцептісінің қазіргі заманға сай «іскер әйел»
т.б. микроконцептілеріне, имиджіне, кәсіби-интеллектуалдық өрісіне дәйектелген
динамикалық жүйесін қазіргі қазақ қоғамының рухани-әлеуметтік үрдісімен
салыстыра қарастыруды қажет етеді.
Осылайша,
когнитивтік жүйе арқылы адам дүниені танып, өз көзқарасын бейнелі
фразеологиялық жүйемен суреттей алады. Демек, дүниенің әлдебір тұрақты ұлттық
моделін айқындау үшін, ұлттық өмір элементтерінің өзара қарым-қатынасын,
құрылысын білу тілді тұтынушылар үшін аса маңызды мәселе.
В.фон
Гумбольдт: «Язык народа есть его дух и дух народа есть его язык, и трудно
представить себе, что-либо более тождественное» [1984] деп көрсеткен тұжырымдамасы
ХХ1 ғасыр мәдениеті үшін де өзектілігін жоймаған ақиқат болып отыр.
Әдеби тілдің
мәйегі саналатын тұрақты тіркестердің лингвопрагматикалық әлеуеті тілді
тұтынушының сан түрлі дискурстық сипатынан көрінеді. Фразеологизмдерді сөйлеу
мен жазуда дұрыс қолданатындардың тілдік танымында фреймдік үлгіде нақтылы
ақпараттар жинақталады. Айтушының фразеологизмдердегі ақпараттың мағыналық
бөліктерін жақсы білуі оның лингвомәдени мәртебесін анықтайды.
Фразеологизмдерді пайдаланған кездегі айтушының лингвопрагматикалық әлеуеті
қайда, қашан, кімге, неге байланысты, қандай коммуникативтік ниетпен ойын
мәнерлі жеткізуі маңызды нәрсе. Әйтпесе, «бес биенің сабасындай» тіркесін ер
адамдарға да қатысты етіп айта салуы мүмкін. Бұл тіркестің мағынасын білу үшін
лингвомәдени түсінік қалыптасу керек.
Қазақ
фразеологиясының дискурстық сипатының ерекшеліктері фразеологиялық неологиямен,
деривациямен және фразеологизмдердің пайда болуында тілдік тұлғаның рөлімен
байланысты. Өйткені бұлар үнемі динамикалық қалыпта көрінетін тілдік
құбылыстар.
Ал қазіргі
қазақ фразеологизмдерінің мәдени-қатысымдық дискурсы күрмеуі көп жайттарды
аңғартады. Фразеологизмдер – «бейнелі формулалар». Оны түсіну мен «шешу» шағып
тастайтын жаңғақ емес. Бұл арада тіл жұтаңдығы – тіл экологиясына барып тіреледі.
Концептілік
ақпараттар тарихи фразеологизмдердің қойнауларынан алынады. Олай болса, тарихи
фразеологизмдер ұлт тарихына қатысты дерек көздері ретінде бағаланып, танымдық
қасиетке ие болады. Этнос тарихына қатысты фразеологизм компоненттерінде де ақпараттар
сақталған. Бұлардың бәрі – лингвоконцептология қарастыратын тілдік-құжатты
мәліметтер деп саналады.
Когнитивтік
фразеологияның фреймдік талдаулары лингвомәдени ақпараттардағы мағыналық
бөліктерді түсіндіреді. Кез келген адамда тұрақты тіркестерді қолдану барысында
лингвистикалық интуиция көмекке келе бермейді. Оның себебі: фразеологизм
мағынасынан мүлдем бейхабар болуы – тілдік танымда жағдаят ізінің, әсерінің
сақталмауынан. Құбылыс, зат, іс-әрекеттер туралы тәжірибелік білім қорының
жеткіліксіздігі, әсіресе, сол тілде сөйлеушінің фразеологиялық қорының
жұтаңдығын көрсетеді.
Қазақ
тіліндегі фразеологизмдерді когнитивтік-семантикалық талдаудың алгоритмін
қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе екендігін айтқан жөн. Когнитивтік
құрылымдардың маңызы туралы барлығы мақұлдаған ортақ түсінік әлі жүйеге түскен
жоқ. Дегенмен де, бұл мақалада когнитивтік-семантикалық талдаудың кейбір
үлгілерін көрсеттік. Бұл ретте фразеологизмдерді когнитивтік талдау әдістері
қалыптасу кезеңінде деуге болады.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ