THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін
латын әліпбиіне көшірудің кестесін жасап, алдағы екі жылда ұйымдастыру және
әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керектігін қадап айтқан болатын.
Кеше Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған
жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы
маңызды мәселелердің бірі екендігін атап өтіп, тарихи мәнін ерекше назар аудара
келіп: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа
әліпбиін халық болып осылайша талқылаған
емес. Біз үшін әр адамның пікірін білу маңызды» деп ойын қорытты. Сонымен қатар
жаңа әліпбиді білім жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттілігін айтып, Үкімет
оны кезең-кезеңмен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырғаны белгілі болды. Бұл Қазақстанның мемлекет ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін
арттыру және осы мемлекетке атау берген қазақ халқының рухани әлеуетін күшейту
үшін қашанда жаңғыруға бастайтын идеяларды ортаға салып, олардың
орындалуына айрықша мән берілетіндігінің
дәлелі болды.
Өзінің дамуында мемлекет болсын, ұлт
болсын рухани жаңғыруды үнемі қолға алып отырмаса, онда жалпы дамудың
бәсеңдейтіні, қоғамдық қозғаушы күштердің әлсірейтіні адамзаттың өркениетті
тарихынан белгілі.
Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым
өкілдері арасында кеңінен талқыланып
жатқан мәселелердің бірі болса, ендігі жерде
шешіміні табылып, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісін біртіндеп жүзеге
асыру мүмкіндігі де қолдау тауып отырғаны бізді жігерлендіре түсті. Жазу –
белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын
таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған мұрасы әрі әр
халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму
деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени мәселе. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге
болады: тіл тазалығы, жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол
арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Латын
әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Сондықтан да жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ
өміріміз сабақтастығы жалғасады және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін
алтын көпірге айналады.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ