THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тоғыз жолдың торабы – төрткүл
Авторы: Мәдіхан Омарұлы, Орман Бақбергенов, еңбек ардагерлері
06/06/2017 10:20 0 33930 0
Төрткүлдің аталу тарихын зерттеп, зерделеген археологтар мен ғалымдар тобы нақты дәлелдер келтіріп, ғылыми тұрғыда Төрткүл аталуының дұрыстығы дәлелденген. Қалың оқырманға толыққанды мағлұмат беру мақсатымен осы салада еңбек еткен зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен үзінділер мен нақты дәлелдер келтіре кеткен жөн болар.
«Ұлы Жібек» жолы дегеніміз не? Ол қай өңірлерді басып өтті деген сұрақ туындайды.
К. Байпақов және А. Нұржанов өздерінің «Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан» атты кітабында төмендегідей деректерді келтірген еді:
«Жібек жолы» біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдың орта шенінен бастап-ақ дипломатия мен сауданың күре тамырына айналған. Қытайдан Батысқа Ферғананың үстінен өтіп баратын қысқа жолға қарағанда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін жаңа жол VI-VII ғасырларда барынша жандана түсті. Оның себебі Жетісуда Орта Азия арқылы өтетін сауда жолдарын қадағалап отыратын түрік қағандары отырды.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін Жібек жолының негізгі торабынан солтүстікке де, шығысқа да жол бұтақтары тармақталып жатты. Отырардан Арыстанды, Шаян арқылы Қаратаудың аласа жоталарынан асып шыққан жолдар Орталық Қазақстанның далаларын шарлап, Торғай мен Есіл өзендері жағалауларына жетіп жатты.
Жібек жолымен Ферғананың арғымақтары, арабтың сәйгүліктері, түйелер мен пілдер, мүйізтұмсықтар мен арыстандар, қабыландар мен еліктер, қырандар мен түйеқұс та сатылып жатты. Дегенмен, басты сауда заты жібек болып қалды. Жібек алтынмен бірдей халықаралық өлшем пұлына айналды».
Сонымен қатар «Орталық Азия елді мекендерінің базарларына қарай бет алған Сарыарқаның жер қайысқан, үйір-үйір жылқылары Қаратаудан асып, күнгей бетке құлаған сәтте төңіректі шаңның қою бұлты торлап, күн көзін көлегейлейтін. Қалың жылқы суатқа бас қойғанда Арыстанды, Шаян өзендерінің суы тартылып барып, қайта ағатын еді», – деп отыратын көнекөз қариялар.
Шартараптан ағылған керуендер легі осы өңірде түйісіп, алғашқы алыс-берістерін жасап, сауда-саттығын жүргізе бастайды. Сауда-саттық ұласа келе нағыз жәрмеңкеге айналады. Ағылған керуендерді қарақшылық шабуылдардан, саудагерлердің қауіпсіздігін сақтау және олардың бағалы, құнды заттарын ұры-қарыдан қорғау мақсатында өңірде бекініс орындары көптеп салынған.
Бұл жайында жер-су аттарын зерттеуші Е. Қойшыбаев өзінің 1985 жылы «Мектеп» баспасында басылып, жарық көрген «Қазақстанның жер-су аттары» сөздігінде Төрткүл елді мекендерінің аталуы туралы төмендегі тарихи деректерді алға тартады.
«Төрткүл – елді мекен аттары, топырақ үйінділерінен тұрғызылған көне және ерте орта ғасырлардағы (VIII-XIV ғғ.) бекініс орындары, төбесі тегіс, беткейлері тік келген төрткүлді дөңестер. Төрткүлдің көбі бір жүйеде салынған. «Жетісу қалалары керуен жолдарының бойына салынған. Төрткүл қалдықтарын сол жолдардың сүрлеуі деп ұғыну керек» – деген зерттеуші-ғалым Н.А.Бернштамның сөзін келтірген.
Біздің өңірімізде, яғни Төрткүл аумағында өткен ғасырдың айғағы болып, кешегі 1960 жылдары да «ескі бекеттің» керуендер тұрағы бар. «Рыспанбет сарайының» және керуендер аялдамасы болған құрылыстардың сұлбалары сақталып тұрған еді. Бүгінгі таңда сол баға жетпес құндылықтардың барлығы Арыс-Түркістан каналы пайдалануға берілгеннен кейін егіс алқабына айналып, тегістеліп кетті.
Қазіргі таңда Төрткүл елді мекенінің орталығынан оңтүстікте орналасқан Қарақұм ауылының және солтүстігінде Қызылжар ауылының маңында сол заманда бекініс орыны болған «төрткүл төбе» қалдықтары толық сақталған.
Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі қала аттарының тарихы, жер-су атауларын жүйелі қалыпқа келтіру және ономастика мәселелерімен ғылыми тұрғыда айналысып жүрген ғалымдардың материалдық атаулармен байланысты қалыптасқан топонимдері туралы еңбектерінен мекеніміз Төрткүлдің аталу тарихы туралы мол мағлұмат-деректер алуға болады.
Филология ғалымдарының докторы Болатбек Тілеубердиевтің «Оңтүстік Қазақстан топонимдерінің этнолингвистикалық лексикасы», Е. Керімбаев, Б. Тілеубердиев және Қ. Дүйсенбидің «Оңтүстік Қазақстанның топонимикалық кеңістігі» ғылыми-танымдық кітаптарында «Оңтүстік Қазақстан территориясында материалдық мәдениетке қатысы бар «Төрткүл» этно-маркерлі топонимдер кездеседі. Мысалы: Ордабасы ауданында Төрткүл деген елді мекен бар. Бұл атауды кейбіреулер «Төрт көл» деп қате пайымдайды.
Ә.Х. Марғұлан өзінің «Отчет о работах Центральный археологической экспедиции» деген мақаласында былай деп жазады: «Бұл жерде көне... қонысы кішкене төбешіктер немесе қорғандар (төбе) және төртбұрыштар (төрткүл) түрінде келеді.
Е. Қойшыбаев өзінің «Қазақстан топонимдерінің қысқаша түсіндірме сөздігі» деген кітабында: «Төрткүл негізінен Республиканың оңтүстік аймақтарында сақталған көне бекініс орындары» деп жазады.
Сонымен қатар Төрткүл шын мәнінде төрт бұрышты болып келеді. ...Көлемі жағынан аса үлкен емес төрткүлдер осы керуен жолдарының ізі болып табылады». Бұл айтылғандарға қосарымыз қарақалпақ тілінде Төрткүл көне бекіністің қираған, құлаған орны» дегенді білдіреді. Көне түркі тілінде «torkil» «Төрт бұрышты» дегенді білдірген» деген тұжырымды ойлары жазылған.
Тарих ғалымдарының кандидаты Марат Тұяқбаевтың «Историческая топография и развитие городов и поселений Туркестанского оазиса (XVIII-XIX вв.) деген кітабында (кітап орыс тілінде жазылғанына байланысты сөз бен сөйлем мағынасын автордың тұжырымынан алшақ кетірмеу мақсатында кітап жазылған тілде алуға тура келді).
...появляется необходимость разобратся с самим термином «Торткуль». Это слово встречается в разных вариантах: то «Тортколь», от «Торткүль», то «Турткүль» и даже «Дорткүль». По-казахски «төрт» – это четыре, а «көл» означает – озеро, но если пишется «Төрткүл», то это будет уже – четыре золы. Поэтому, мы думаем, что корень этого слова лежит в древнотюркском слове «Төрткіл» – четырехугольник. Подтверждение мы находим у Махмуда Кашгарского. В его «Словаре тюркских слов» есть такое определение «Төрткіл ев – Төрт бұрышты үй, это слово используется на все четырехугольные предметы». Со временем оно превратилось в казахское «Төрткүл».
Біздің халқымыз елді мекен, жер-су аттарын қоюға өте шебер халық. Ата-бабаларымыздың дуалы ауызымен аталып қойылған Төрткүл атауы – бізге тастап кеткен аманаты.
Төрткүл өңірінің топырағы, суы, ауасы осы ойшыл бабаларымыздың рухымен нәрленіп, оны бойына сіңірген. Бұл өңірде олардың киелі ізі қалған.
«Туған жердің әр тасы,
Біздің алтын тағымыз», – деп халық даналығы бекер айтпаған.
Елді мекен атын еш негізсіз өзгертіп атау ата-бабаларымыздың аманатына біздердің тарапымыздан жасалынған кешірілмес қиянат деп түсінуіміз керек.
Ауылымыздың тарихи атауын қастерлеп, оны келешек ұрпаққа жеткізу – біздердің азаматтық борышымыз бен міндетіміз болып саналады.
ТҮРКІСТАН
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ