КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Заңнама және ресми іс-қағаздар мәтініндегі терминдер мен атаулардың ұғынықты әрі дұрыс қолданылуына қатысты мәселелер баспасөз беттерінде, тіл мәселесіне байланысты әртүрлі ғылыми-практикалық мәжілістерде жиі айтылып, орынды қозғалып жүр. Қазір тұтастай алғанда ресми тіл лексикасындағы терминдердің қалыптасу, орнығу проблемаларын әр қырынан зерделеу және жүйелеу процестері жүріп жатыр. Міне, осы тұрғыдан келгенде, құқықтық норма шығармашылығы қызметіндегі және бұқаралық баспасөз бен көрнекі жарнама құралдары мәтіндеріндегі тілдік құралымыздың қолданысы төңірегінде ортаға салар кейбір ойлар бар. Біріншіден, басқа тілден енген терминдерді өз тілімізде баламалап қолдануда оның мағыналық сипаты мен айырмашылығы ескеріле бермейтін жәйттар кездесіп жатады. Мәселен, бүгінгі қолданысымыздағы заңнамалық мәтіндерде«сәйкестендіру» (?) деген термин «идентификация» түпнұсқасының баламасы ретінде қолданылып жүр, бұл мүлдем қате. Бұл арада мәселенің қойылымына арналған терминдік ұғым бір нәрсені екінші нәрсемен сәйкестендіруді білдіріп отырған жоқ, бұл ұғымда сол заттың өзіндік мән-сипатына, болмысына дұрыс айқындама жасау жөнінде болып отыр. Бұл термин белгілі бір затты өзінің мәніне орай айқындау қажеттігінен туындайтын термин. Сондықтан мұныңдұрыс қолданысы: «идентификациялау», яғни, мұны латынша түбірлік әрі түпнұсқалық нұсқасын өзгертпей алсақ, құқықтың нормалық ауытқуына жол бермес едік.

Енді дипломатия саласындағы «протокол» терминін алайық. Бұл термин өзінің дипломатиялық сипаттағы мағынасымен «протокол» деп алынып жүр, өйткені бұл жазбаша орындалатын рәсім емес, алайда кейбір сөздіктер мен ресми хабарларда бұл «хаттама», «хаттамалық іс-шаралар» деп теріс мағынасында қолданылады. Протоколдың «хаттама» деген қазақша баламасы әртүрлі саладағы іс-қағаздарын жүргізуде ғана қолданылатыны белгілі.

Сол сияқты «үдеріс» терминіне қатысты бірер сөз.Бұл терминнің мемтерминком бекіткен екінші нұсқасы – «процесс», сондықтан мұны мәнмәтіндік ретіне қарай қосарлас қолданған жөн, өйткені «процесс» терминінің «үдеріспен» үйлеспейтін де тұстары бар, мәселен, сот ісіндегі үдеріс деген ұғымды үдерістілік (процестік) деп алуға мүлдем болмайды. «Үдеріс» термині ана тілімізде негізінен гуманитарлық, саяси-көпшілік сипаттағы мәтіндерде қолданылатын терминдердің сипатына жататынын ескеруіміз қажет.

Екіншіден, халықаралық ортақ қолданыстағы сөздердің қазақша баламасын нақтылаймыз деп кейбір сөздер мен атаулардың мағынасын бұрмалаушылыққа ұрындыратын жәйттер де ұшырасып жатады. Мәселен, грекше «парадокс» терминінекейбір сөздіктерде алынып жүргендей,«тосын пікір» деген баламаны қолдансақ, бұл мүлдем үйлеспес еді, өйткені «парадокс» сөзі пікірдің (тек қана пікірдің емес, оқиғаның, мінез-құлықтың, т.т.) тосындығын ғана емес, белгілі бір құбылыстың не әрекеттің ұғымдық қарама-қайшылығын да, қисынсыздығын немесе үйлесімсіздігін де білдірсе керек-ті. Сондықтан мұның дәлме-дәл баламасын іздеудің қажеттігі бар ма деген сұрақ туындайды. Ал алда-жалда «парадоксты» қазақша мәтінге орайластыру қажет болып жатса, мұны ұлттық лексикамыздың қолданыстық сипатына қарай еркін баламалап алуға да болады ғой (мәселен, «өкінішке орай», «әттеген-ай» деген сияқты, т.т.).

Ал «азат жол» (орысша ұғымдағы«красная строка») дегенді «абзац» терминімен шатастырып қолданудың мысалдары да жиі ұшырасады. Абзац – мәтіннің азат жолдан басталып, толықтай аяқталатын тұтас бір бөлігі, ол бір немесе бірнеше сөйлемнен тұруы мүмкін. Мұның лексикалық тұрғыдағы осындай мағынасын ескеру қажет. Бұл термин қолданыстағы заң мәтіндерінде аударылмай, «абзац» деп алынып жүр. Заңдық норма тұрғысынан алғанда да абзац - заң техникасындағы құрылымдық бөлік.

Көптеген техникалық әдебиеттерде түбірі латыннан енген терминдерді өз тілімізге баламалаудың жақсы үлгілері бар, мұны жоққа шығаруға болмайды. Алайда мұндай «ізденістердің» нәтижесінде кейбір реттерде қисынсыздыққа жол берілетін де жағдайлар кездесіп жатады. Айталық, қазіргі заманғы электрондық техника саласында жиі қолданылатын «виртуальды» термині кейбір сөздіктерде «ауани» деп баламасымен беріліп жүр. «Виртуально», «виртуальный» - барлық өркениетті елдердің лексикасына ортақ термин, сондықтан «виртуальды» терминінің анықтамалық сипатын қазақша «ауани» деп алуға болмайды, себебі «ауани» сөзінің басқаша мағынасы бар, бұл «ауа жайылу», «лағу», «лағып кету» деген сияқты ұғыммен сабақтас түсінікті білдіреді. Ал латынның «виртуальный» сөзінің қазіргі заманғы мағынасын электрондық құрылғылардың көмегімен (дыбыспен, көзбен көру арқылы, саусақ ұшымен (сенсорлық қолғаппен) сезіну арқылы) нақты болмысты (жай-күйді) ұқсату, түйсіну дегенге ден қойсақ, бұл ұғымның «ауани» сөзімен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын ескеру қажет.

Күнделікті қолданыстағы терминдердің де, жарнама мәтіндерінің де мағыналық, грамматикалық, стильдік және орфографиялық жағынан дұрыс жазылуы да, дұрыс айтылуы да маңызды. Бұл - сауаттылықтың жалпыға бірдей нормасы ғана емес, сөйлеу мәдениетіміздің деңгейін білдіретін өлшем. Көшедегі жарнамаларда орашолақ жазылған сөздерге көзіміз түскенде, ал теледидар хабарларында құлаққа тосын сөздерді естігенде, тіліміздің қазіргі халіне мүсіркей қарауға мәжбүрсің. Астана әуежайының жүгіңізді беретін шыға берістегі атшаптырым залдың қабырғасында әжептәуір көлемді алып тұрған жарнаманың «Талғаммен өмір сүру - құнсыз байлық» - «Жить со вкусом – бесценное богатство» деп екі тілде безендіріліп жазылған сөздері жолаушының маңдай алдынан жарық ете қалады. Осы сөздердің қазақша баламасындағы көзге ұрып тұрған «құнсыз байлық (?)» сөзінің қисынсыздығын біреу байқап, біреу байқамауы да мүмкін. Алайда байқаған адамның осы бір-екі ауыз сөзден тұратын жарнамаға «баға жетпес байлық» деген ана тіліміздегі оп-оңай да орайлы баламаны таба алмаған жарнама әзірлеушісінің шала сауаттылығына еріксіз қынжылары сөзсіз. Осындайда құны кеткен құнсыз байлық үшін емес, тіліңнің құнын кетіргендердің құнтсыздығы мен құнсыздығына налисың. Қала көшелерінің көрнекті жерлерінен жарнамалардағы мұндай сорақылықтың нешеалуанын табуға болады. Ақша айырбасын жасайтын кейбір кассалардың маңдайшасындағы жарнамалардан «американдық доллар» деген жазуға да көзіміз түсетін кездер болады, бұл «американские доллары» деген орысшаның қазақша сиқы ғой. Мұны тәржімалаған адам Американ деген мемлекеттің де, елдің де жоқ екендігін қаперіне алмаған, әлде орысша транскрипциясының (американские) ықпалымен бұл атаудың «америка» деген түбірін мүлдем ескермеген. Мұны сауатсыздық демегенде не дейміз?

Үздік деген мадақтауды өнері, білімі асқан өнерпазға не шәкіртке, спортшыға қатысты айтсақ орынды, ал Астанадағы жылжымайтын мүлікті (үй, пәтер) сатумен айналысатын бір фирма сатылымға шығарылған пәтерлерді «үздік» деп мадақтап жарнамалағанды жөн көріпті: «Үздік пәтерлердің жүздігі» («Топ 100 лучших квартир»). Сөз үйлесімі бұзылған жарнаманың түр-сипаты осындай болғанда, жүзден жүйрік боп озып келген «үздік» пәтерлерінің түрі қандай екен деген ойға қаласың?!

Ал теледидар хабарларындағы тілдік құралымыздың халі де – адам жатырқағандай. Бұл – талай рет айтылып, жазылып жүрген тілбұзарлық деген дерттің бірі. Спорт сайыстарынан репортаж жүргізушілер мен кейбір дикторлардан еститін ауызекі сөздің қиқы-жиқы қолданыстарын былай қойғанда, ауарайына шолу жасайтын мамандардың «жауын жауады деп күтілуде, боран соғады деп күтілуде» деген сияқты әрі де емес, бері де емес дүмбілез сөздеріне көрерменнің құлағы бұл күндері үйреніп кеткен бе деген ойда қаласың кейде.

Тілімізді терісқақпайланған тіркестер мен дүмбілез сөздерден арылтпайынша жазу және сөйлеу мәдениетімізді жөнге келтіре алмасымыз анық. Тілді құрметтеудің негізі ой-санамыздың көрінісі - сөзімізді тіршіліктің қай салада болмасын дұрыс қолданудан басталады, осыны жадымызда мықтап ұстағанымыз абзал.

 

ҚР Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері,

Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика