THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тіл
тағдыры термин тағдырымен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, біз осы мәселеге
өте салғырт, немқұрайды қарап отырмыз және оның дәлелін алыстан іздеудің қажеті
жоқ. Жақында біздің терминком мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен
күнделікті қолданыста қазақша баламасына ауыстырылған біраз сөзді қайта қарады.
Сөйтіп, бұрын әнұран, күйсандық, субұрқақ, оташы, мұражай, мұрағат, қисын,
сазгер, ғаламтор, пайыз, иегер, үдеріс деп айтылып жүрген және құлаққа
әжептәуір сіңісті болған сөздердің екінші сыңарларын, яғни гимн, пианино,
фонтан, хирург, музей, архив, логика, композитор, интернет, процент, лауреат,
процесс деген түрін қайта бекітті.
Осыған орай, «Айқын» газетінде жарияланған бір мақалада: «Бұлар – халықаралық
ұғымдар. Олар біздің ақпараттық қоғамға қосылуымызға аса қажет», – деген пікір
айтылыпты. Біріншіден, «халықаралық ұғым» деген ұғым жоқ. Барлық халықтардың
ұғым-түсініктері бірдей. Оларды «халықаралық сөздер» деп атаса әңгіме басқа.
Екіншіден, егер біз аталған ұғымдардың қазақша атауларын қолданатын болсақ,
«информациялық қоғамға қосыла алмай» қаламыз ба?! Сөз (атау) – бірінші, (яғни
базис немесе негіз), оның мағынасы – екінші (қондырма). Қазақша болсын,
ағылшынша болсын, қай сөзге қандай мағынаны (ұғымды) телісең, оның ұғымы да
солай болып шығады. Үшіншіден, егер терминком термин ретінде латынша,
ағылшынша, грекше, орысша сөздерді бекітіп беріп қана отырса, ондай
терминкомның қазақ халқына, қазақ тіліне не керегі бар?! Орыстілділер ондай
сөздерді терминкомсыз да солай қолданып келді, алда да солай қолдана береді.
Оған көзіміз күнде жетіп жүр. Ал терминком солардың қазақша сыңарларын бекітіп
берсе, онда «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген үкімет заңының жүзеге
асырылуына көмегі тиген болар еді.
Кеңес өкіметі кезінде, яғни 1970-1980 жылдары «қазақ тілінде қанша сөз бар?»
деген мәселені анықтау үшін біраз мамандар тер төгіп көрді. Солардың бірі мен
болатынмын. Сонда біз қазақша жазылған сол кездегі барлық көркем әдебиеттер мен
оқулықтардағы, газет-журналдар мен ғылыми еңбектердегі барша сөздерді әртүрлі
тәсілдермен санап көрдік. Нәтижесінде қолданыстағы сөздердің саны 160 мың сөз
болып шықты. Соның 100 мыңы орысша, латынша, грекше т.б. екен де, 60 мыңы ғана
таза қазақша сөздер екен. Ол кезде қазақ тілі мемлекеттік тіл емес болатын.
Сондықтан солай болуы заңды да. Ал қазір ше?! Қазір қазақ тілі – мемлекеттік
тіл. Егер тарихына үңілсек, қазақша термин жасау мәселесі, міне, осындай
жағдайдан туындаған болатын. Өйткені дүниежүзіндегі барлық халықтар ұлттық
тілін өздері жасап алады. Біз болсақ кірме сөздерді, терминдерді өзіміздің
дыбыстық ерекшелігімізге, тіліміздің заңдылығына сай жасап алудың орнына, басқа
халықтардың қолданысындағы сөздеріне қосарласа кетеміз. Осы жөн бе?!
Халықаралық сөз дегеніміз не? Шындығына келсек, халықаралық сөздер дегеніміз –
латын, грек, ағылшын т.б. Батыс Еуропа халықтарының сөздері. Халықаралық
сөздердің ішінде бірде-бір шығыс халықтарының сөздері жоқ. Басқасын былай
қойғанда, тек ағылшын тілінің ғана 50 мыңнан астам сөзі халықаралық сөз ретінде
қолданылады екен. Егер біз халықаралық сөздерді (терминдерді) қазақшаға
аудармай немесе олардың қазақша баламаларын жасамай, сол күйінде алатын болсақ,
қазақ халқы бірден 50 мың ағылшын сөзін үйреніп ала қояды екен. Олай болса,
«Қазақ дейтін халық бар. Оның ұлттық тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – ҚР-ның
мемлекеттік тілі» деп несіне көкезу боламыз?! Босқа әуре болғанша, қазақ тілін
тастап, бірден ағылшын не орыс тіліне көше қоялық. Сонда құда да тыныш, құдағи
да тыныш болады.
Алматы қаласы
zhasalash.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ