THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Аударма – қазақ ісқағаздарын қалыптастыру жолдарының бірі
Авторы: Құлманов С.Қ., Аширбекова Л.Ж.
24/05/2017 11:20 0 31271 0
Қазақ тілінің қоғамдық қызметінің артуына байланысты ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жеке стильдік тармақ ретінде формалды түрде аталып келген қазақ ресми-іскери стилінің функционалдық стильдер қатарындағы орны мен рөлі жоғарылады. Дегенмен қазақ ісқағаздары осы кезде ғана пайда болған жанр деп айтуға болмайды. Өйткені қазақ – бағзы заманнан шешен сөйлеген, сөйлесе, «қара қылды қақ жарған» халық. Яғни ұлттық тілдің өзі ресми қарым-қатынас тілі ретінде қолданылғандығы белгілі.
Қазақ тілінің функционалды стильдерінің тарихы Р.Сыздық, М.Балақаев, Е.Жанпейісов, Б.Әбілқасымов, Б.Момынова, Л.Дүйсенбекова және т.б. сияқты қазақ ғалымдарының еңбектерінде қарастырылды. Ғалымдардың зерттеулерінде қазақ ресми тілінің тарихы «жазба кітаби тіл» материалдарынан басталады. Біздің ойымызша, біріншіден, қазақ ісқағаздарының тарихын руна жазбаларынан бастаған жөн сияқты. Өйткені онда жазылған ақпараттың иесі (адресат) белгілі, қандай да тарихи мәлімет берілген, кімге арналғаны (адресант) да айқын жазылған. Екіншіден, би-шешендеріміздің ауызша ресми тілі қалыптасқаны да ісқағаздарының дамуына үлкен ықпалын тигізді деп ойлаймыз. Қазақ ісқағаздарының қалыптасуының үшінші арнасы – қазақ хандарының өзара немесе орыс патшаларымен жазысқан хаттары. Ал қазақ ісқағаздарының даму тарихындағы қазіргі кең таралып отырған үрдіс орыс тіліндегі құжаттарды аудару екендігі баршаға мәлім. Сондықтан бұл үрдісті қазақ ісқағаздарының төртінші қалыптасу көзі деп санаймыз.
Қазіргі кезде қазақ тілінде ресми-іскери стильдің қарапайым үлгілерінен (өтініш, арыз, мінездеме және т.б.) бастап, нормативтік-құқықтық құжаттарға (жарғы, жарлық, ереже, келісім, заң және т.б.) дейінгі үлгілері болғанымен, олар түгелге жуық аударма процесі (кейбір құжаттардың ағылшын тілінен тікелей аударылатынын қоспағанда, негізінен орыс тілінен аудару) арқылы жүзеге асырылады. «Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығының дерегіне сүйенсек, әр жыл сайын бір мыңға жуық нормативтік-құқықтық актілер қабылданады екен. Қазірдің өзінде мыңға жуық заң, жиырма мыңға жуық нормативтік заң актілері бар. Осының бәрі орыс тілінде жазылып, содан соң барып мемлекеттік тілге аударылады…» [1]. Бұл ертеректе келтірілген дерек болғанымен (Ана тілі, 2003 жылғы 4 желтоқсан), бұдан кейінгі жағдай күрт өзгерді деп айта алмаймыз. Қабылданып жатқан нормативтік-құқықтық құжаттарды, стандарттарды және т.б. орыс тілінде әзірлеп, қазақ тіліне аудару жалғасып келеді. Түпнұсқасы қазақ тілінде жазылып, қабылданған заңнамалық құжаттар саусақпен санарлық. Сондықтан қазақ ісқағаздарын қалыптастырудағы аударманың рөлін зерттей түсу лингвистикалық тұрғыдан өзекті мәселенің бірі ретінде қалып отыр.
Бұл мәселе турасында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Құжат мәтіндерін мемлекеттік тілде даярлаудың орнына оларды ресми қолданылатын тілден аударудың кең тараған тәжірибесінің мемлекеттік органдар жұмысында одан әрі беки түскен процесі белең алып барады. Соған қарамай, ол тек уақытша шара ретінде қарастырылуға тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілде жасауға кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру керек», –делінген [2, 89]. Бұдан кейінгі Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» аталған: «Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс. ...Халықаралық кездесулер өткізіп, шарттарды, келісімдерді және өзге де халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тіл негізгі тіл болуға тиіс» деген міндеттер қойылды [3]. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Десек те, қазақ ісқағаздарын, ғылым тілін қалыптастыруда аударма оң әсер ететін (әрине біліксіздік пен немқұрайдылықтан туындайтын теріс әсерді есептемегенде) құбылыс ретінде саналады.
Сондықтан тәржімаланған ресми құжаттардың барлық түрлері тілде жүріп жатқан қарқынды үдерістердің барлығын да қамтыды: жалпы қолданыстағы лексиканың термин ретінде актуалдануы, әдеби тілге ене қоймаған лексикалық бірліктердің терминдік мағынаны иеленуі, синонимдік қатарлардың мәнмәтіндік, стильдік қызметінің артуы, сөзжасам жүйесіндегі сапалық-сандық өзгерістер тәрізді лексикалық парадигмалардың жаңалықтары ресми-іскери тілде белсенді түрде байқалады [4, 94].
Қазіргі кезде ісқағаздарын орыс тілінен аударудың себептерін филология ғылымдарының докторы, профессор Л.С.Дүйсембекова былайша түсіндіреді: «Бұған бірінші себеп біздің мамандарымыз бен ісқағаздарын жүргізушілеріміздің бірден қазақ тілінде ісқағаздарын жүргізуге дайын еместігі, екінші себеп ісқағаздарын қазақша жүргізуде белгілі бір тәжірибенің, қалыптасқан жүйенің болмауы. Осыған байланысты бүгінгі таңда ісқағаз мәтіндерін түгелдей орыс тілінен аударып, бір сөзін, бір тіркесін мүлт жібермей тізіп отыру, іс қағаздарының мәтіндерін орыс тілінің заңдылығына орай қалыптастыру құбылысы белең алып отыр»[5, 112]. Ғалым қазіргі қазақ ісқағаздар тілін қалыптастыруда аудармаға қатысты қалыптастыра алмай, ретке келтіре алмай жатқан тұстарымызға мысалдар келтіреді. Мәселен, жоғары оқу орындарында «Введение в политическую науку» деген пән бар, оны диплом қосымшасында «Саяси ғылымға кіріспе» деп жазып жүрміз. «Саясаттану ғылымына кіріспе» немесе қысқа да нұсқа етіп «Саясаттануға кіріспе» деп алсақ дұрыс болар еді. Сондай-ақ «О переводе студентов на последующий курс обучения» деген бұйрық «Студентті курстан курсқа көшіру туралы» деп аударылып жүр. Сөзбе-сөз аударсақ «Студентті оқытудың келесі курсына көшіру туралы» болады. Дұрысы «Студентті келесі курсқа көшіру туралы» сияқты, орысша нұсқасында обучение деген сөз болғанымен, қазақша нұсқасына оқытудың деген сөз қажет емес, себебі мұнда студент деген сөздің болуының өзі-ақ мәселенің оқу туралы екендігін білдіріп тұр.
Қазақ тарихының сахнасына тіл білімінің негізін қалаған тұғырлы тұлғалар сап түзеп шыққан 1920-1930 жылдары қазақ ресми ісқағаздар тілін, бұқаралық ақпарат құралдар тілін қалыптастыру мақсатында қыруар жұмыс жүргізілгені көзі қарақты зиялы қауымға аян. Қазақ тілінде аударма сипаттағы жаңа сөздер (терминдер) ғана емес, жаңа морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құрылымдар пайда болды. Алайда мұндай құбылыстар, бір жағынан, ісқағаздар стилін қалыптастыруға септігін тигізгенімен, екінші жағынан, сол кезде жасалған морфологиялық тұлғалардың бірқатары, мысалы, -мыш, (айтылмыш мәселелер – айтылған мәселелер), -а шақ (жазылып тұрашақ – жазылып тұратын), -дүр (тиісдүр – тиісті) тұлғалары қазақ тілінің табиғатына жат болғандықтан, тілімізге сіңісті болмай, уақыт өте келе, қолданыстан шығып қалды. Сол кезеңде пайда болған морфологиялық тұлғалардың бірі – тұйық етістіктің -у жұрнағы мен жатыс септіктің -да, -де жалғауын қосу арқылы осы шақтағы белгілі бір үдерістің созылыңқылық күйін, яғни әрекеттің әлі де жүріп жатқандығын білдіретін -уда форманты. Бірақ бұған қарап іс-әрекеттің қазір болып жатқанын, әлі де болатынын білдіретін тілдік бірліктер (сөздер, сөз тіркестері, синтаксистік құрылымдар) қазақ тілінде Октябрь төңкерісіне дейін болмаған екен деген ұғым тумауы керек. Іс-әркеттің мұндай өту сипаты 1920 жылдарға дейін бұл сияқты формада емес, отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктері арқылы берілетін. Мысалы, өтіп жатыр, болып жатыр, жазып жүр, көбейіп тұр, пайдаланып отыр т.б.
«Қазақ тіліндегі қимылдың болып жатқандығын, әлі де болатындығын жасанды -уда форманты арқылы емес, қазақ тілінің өз заңдылығына сай көмекші етістіктер арқылы берілуін дұрыс деп есептейміз. Игі іс жалғасын табуда демей-ақ Игі іс жалғасын тауып отыр. Олардың қатары күн сайын өсуде демей-ақ,Олардың қатары күн сайын көбейіп отыр десек, қазақша болмас па еді», – деген ой тастайды ғалым Л.Дүйсембекова [5, 114].Алайда көпшілікке әсер ету күші басым бұқаралық ақпарат құралдарында (телеведение, радио, газет-журнал) сөз тіркестерін, оралымдарды қайталамау, жазуда (айтуда) үнемділікке ұмтылу, тыңдаушыға (оқушыға) әсер ету сияқты мақсаттарда -уда формантының жұмсалу жиілігі, яғни қолданымдық белсенділігі артып отырғанын жасыра алмаймыз.
Ісқағаздарын аудару кезінде шығыс (аударылатын) және кіріс (аударма жасалатын) тілдің лексикалық (негізінен терминдер) бірліктерін аудару және қалыптастыру бірінші мәселе болса, екіншіден, синтаксистік құбылыстар жете ескерілуі қажет. Мысалы, орыс тілі мен қазақ тілінің заңдылығы әртүрлі болғандықтан, сөйлем құрылысы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі бір-біріне сай келе бермейтіні белгілі жайт. Осындай жайттарды ескермеудің салдарынан төмендегі мысалдан тілдік нормадан ауытқуды және қазақ тіліне аударылып отырған құрылымдардың түпнұсқа тілінің (бұл жерде орыс тілінің) ықпалына түсуін байқауға болады. Түрлі құжаттарда, мәселен, бұйрық пен өкім соңында төмендегідей сөздер жазылады:
Внесено: ___________ Учебно-методическое управление
СОГЛАСОВАНО: ________ Проректор по учебно-методической работе
Мұндай құрылымдар орыс тілінің синтаксистік жүйесінің әсерінен қазақ тіліне қате аударылып жүр:
Енгізілді: ______________ Оқу-әдістемелік басқарма
КЕЛІСІЛДІ:___________ Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор
Бұлқұрылымдағысөздердің орын тәртібі орыс тілінің заңдылығына емес, қазақ тілінің заңдылығына сүйене отырып, былайшаберілугетиіс:
Оқу-әдістемелік басқарма _____________ ЕНГІЗДІ
Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректормен_______ КЕЛІСІЛДІ[5, 115].
Қазіргі іс жүргізудегі аударма материалдарды: а) салалық құжаттар тіліндегі оралымдардың аудармасы; ә) салалық кәсіби сөздердің аудармасы; б) жекелеген жаңа сөздердің аудармасы (қазіргі тіл білімінде терминдердің бір түрі ретінде пайда болып, жасалып, өзге тілдерден алынып жатқан ұғымдарды неонимдер деп атайды – Е.Ә.); в) салалық терминдердің аудармасы және т.б. деп топтастырып көрсетуге болады [6, 124]. Көріп отығанымыздай, ісқағаздары аудармасында да тілдің әртүрлі деңгейлері қамтылып, мұндай аударма мәтіндер (әрине сәтті шыққан жағдайда) ұлттық тілдік қордың бір көзі ретінде қалыптасып келеді.
Аударманың арқасында қазақ тілінің ісқағаздар стилі әртүрлі тілдік бірліктермен толығып отырғаны оң нәтиже болса, екінші қырынан, жоғарыдағы мысалдардан аңғарғанымыздай, қазақ тілінің сөйлем құрылымдарын шұбалаңқы өзге ойлау жүйесіне салып жатқан тұстар, қазақ тілінің табиғатына жат қолданыстар да аз емес. Біздіңше, бұл да аудармашылардың шеберлігіне немесе тәжірибесіздігіне, қабілетсіздігіне орай болып жатқан жайттар. Ісқағаздарының аудармасында орыс тіліндегі сөйлемдегі бірде-бір сөзді қалдырмай аударуға тырысу үдерісі бар. Бұл сөзбе-сөз аударуға, құрылымды өзгертпей аударуға деген ұмтылыстан туындап отыр. Бұл кемшілікті түзетуге жетелейтін тәсіл мазмұнды ұғынып, оны беруде қазақ тілінің құрылымын дұрыс пайдалану деп санаймыз.
Ресми қарым-қатынаста дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білу үшін ресми стильдік элементтерді бейтарап стильдік элементтерден ажырата білу, қазақ тіліндегі сөйлем құрылысының заңдылығын сақтау, орфографиялық, орфоэпиялық, синтаксистік норманы білу, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау қажет деген талаптар қойылады [5, 116]. Өкінішке қарай, бұл талаптарды әліге дейін толыққанды орындай алмай жатқан жағдайларымыз кездеседі. Мысалы, мекемелер мен кәсіпорындарда бірінші басшының лауазымына немесе басшылық құрам өкілдерінің лауазымдарына айрықша мән беру үшін Басқарма Төрағасы, Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары және т.б. атауларды орыс тіліндегі Председатель Управления, Первый заместитель Председателя Управления деген қолданыстардың аударма-көшірмесі (!) ретінде жазу дағдыға айналып барады. Бұл, әрине, орфографиялық заңдылыққа сыймайтын қателік. Өйткені белгілі бір атауды білдіретін сөз тіркестерінің, дұрысында күрделі атаулардың бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылуға тиіс.
Қазіргі қазақ тілінде қысқарған сөздерді бірізге түсіру (қысқарған сөздердің сөздігін жасау) мәселесі де өткір тұр. Мысалы, мекемелерде құжаттар тілінде сөздерді, атауларды қысқартып қолдануға деген «құштарлық» (орыс тіліндегі мәтінде қысқарған сөз қолданылған жағдайда) байқалады. Осы орайда, кейбір сөздердің қысқартылуы түсініксіз болып қала берсе, кейбір қысқартулар бірдей нұсқада болып шығады. Мысалы: ҚҚБ – құқықтық қамтамасыз ету басқармасы, ҚҚБ – құжаттық қамтамасыз ету бөлімі және т.б.[6, 126].
Сонымен қатар қазіргі ісқағаздарын аудару үдерісінде жалпы аудармаға қойылатын түсініктілік, қарапайым стильмен беру, сөйлемнің жатықтығы мен сөздердің, сөйлемдердің арасындағы байланыстың болуы сияқты талаптардың ескерілмей жатқандығын айта кеткеніміз жөн. Ісқағаздарын аудару кезінде қолданылатын жекелеген сөзді, грамматикалық тұлғаларды ресми стильге оңтайландырыла қолдану үшін орын алмастыру, ауыстыру, қосу, түсіріп кету сияқты трансформациялық процестердің қай-қайсысын да орнымен, мүмкіндігінше пайдалануға болады деп санаймыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» жасалған «Энциклопедияларды, ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді түпнұсқа тілінен қазақ тіліне аудару ісін ұйымдастыру және көп таралыммен шығару мемлекеттік тілдің қазіргі қолданбалы ғылым тілі ретіндегі рөлін барынша күшейтуге мүмкіндік береді» [3] деген тұжырым да аударма ісінің қоғамның барлық саласындағы маңызды рөлін аңғартады. Сөз соңында қазақ ісқағаздарын аудару арқылы қалыптастыру тіл саясатын жүргізудің, ісқағаздарын қазақша жүргізудің алғашқы кезеңіндегі құбылыс болып қалып, ісқағаздарын бірден қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде жүргізіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді.
Әдебиет:
1. «Ана тілі» газеті, 2003 жылғы 4 желтоқсан.
2. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген // Терминологиялық жинақ – Терминологический сборник. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2002. –76-95-бб.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».
4. Әшірова Б. Қазіргі қазақ ресми ісқағаздары туралы // Аударматану(ғылыми-практикалық көмекші құрал).–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. –94-100-бб.
5. Дүйсембекова Л. Ресми ісқағаздарын аудару мәселелері // Аударматану(ғылыми-практикалық көмекші құрал).–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. –111-118-бб.
6. Әбдірәсілов Е. Ісқағаздарын аудару тәжірибесінен // // Аударматану (ғылыми-практикалық көмекші құрал).–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. –121-126-бб.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ