КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кілт сөздер: мәдениаралық қатысым, ұлттық болмыс лексикасы, аялық білім, аударма, менталдық ерекшеліктер, тұрақты тіркестер.
Біз бұл мақаламызда ұлттар арасындағы мәдени байланысты қалыптастыруға ықпал ететін көркем әдебиет аудармаларының ерекшеліктері туралы сөз етпекпіз. Бұл ретте аударма мәселелерінің ішінде айырықша назар аударатын тұс – ұлттық болмыс лексикасының аударма әдебиетте берілуі. 
Адамзат екінші мыңжылдықты артқа тастап, үшінші мыңжылдыққа аяқ басқанда түрлі ел, халық, ұлт бір-бірімен өзара байланыстылық және бір‑біріне өзара ықпалдастық жолын нығайтуға ден қойды. Бұл үдеріс барлық елдің қоғамдық өмірін түгел қамтыды десе болғандай. Өйткені дәл бүгінгі таңда ұлттар арасында, әсіресе, әлеуметтік топтар мен мемлекеттік институттар, қоғамдық қозғалыстар және жекелеген мәдениет қайраткерлері арасындағы мәдени қарым-қатынас барынша тереңдеп, жан-жақты өркендеп келеді. Халықтар арасындағы мәдени қарым-қатынастың өркендеуі ұлттық ерекшелікті көрсететін ұлт мәдениетін насихаттаудан басталады. Бұл – елді танытудың рухани құралының ең бастысы.
Ұлттар мәдениетінің өзара әрекеттестігі қашан да төл мәдениеттің тасада қалмай, мәдени құндылықтар бар болмысымен тұтас көрініс табуы керек. Кез келген мәдени контактілер ұлттар алдымен бір‑бірін мойындаудан, өзара құрметтен тұрады.
Әр ұлттың тұрмыс-тіршілігінде қалыптасқан дәстүрлер, қоғамдағы ұлттық әдеп т.б. толып жатқан өзгешеліктер алдымен тілінен көрініс табады. Кез-келген тілде өзіндік «әлем суреті» ежелден қалыптасқан. Аудармаға қатысты қиындық осы тұста байқалады.
Сөздік құрамның негізгі қоры ретінде саналатын әр ұлттың тек өз тіліне ғана тән сөздері болады. Әдетте лексикалық қабаттарды жіктегенде мұндай сөздер этнографиялық лексиканы қамтуы мүмкін немесе аялық білімді жеткізетін фондық лексика, сонымен қатар тілдік лакундар деп аталатын ерекшеліктер де бар. Қалай десек те, аталған сөздер ұлттың өзіндік бітім болмысынан шығатын номинатив, яғни ұлттық болмыс лексикасы. Әрбір ұлттың тіліндегі мұндай лексика сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен күн көріс салты, менталдық ерекшеліктеріне байланысты ұғымдарды атауы болып қалыптасады. Ол ұғымдар ұлттық нышан ретінде тек жеке лексика ғана емес, тіркесті сөздерден де көрініс табады.
Аударма әдебиеттер тілінің лингвистикалық ерекшеліктерін анық байқататын тұс осы ұлттық болмыс сөздерінің берілуі. Жалпыхалықтық және арнаулы лексикалардың екі тілді сөздіктердегі аудармалары көп жүкті жеңілдеткенімен ұлттық болмыс лексикасы тәржімашылар үшін енді ұлт мәдениетінің қалың қатпарларын танып білуді қажет етеді. “Сөздік біткен жерде аударма басталады” деген нақыл тегін айтылмаса керекті. Ендігі жерде аударма мәтінінде ұлт тілінің табиғи қалпын сақтау үшін ұлттық мәдени деректері бар сөздер мен тіркестердің ішкі мағынасына назар аударып, әрі стильдік-көркемдік құралдарын сақтай отырып, екінші тілде еркін түсінігін жасау міндеті, әрине, оңай шаруа емес.
Бұл ретте ұлттық нышан астарында берілетін қазақ тілінің фразеологиялық қорын, паремиологиялық үлгілерін, ұлттық өлшем ретінде қалыптасқан теңеулерін, бейне-символдарын, коннотациялық ұғымды сөздерін аударма әдебиетте беру қандай жолдармен, әдіс-тәсілдермен жүзеге асырылады деген сауал туындайды.
Мәселен, жылдар бойы қазақ тіліндегі қолданысы мықтап орныққан орыс тіліндегі “сувенир” сөзінің қазақша баламасы қазір ұлттық ұғымды білдіретін “базарлық”, “қолүздік”, “кәдесый” лексемалары жиі естілетін болды. Ал осы сөздердің арғы семасы “сыйлау” ұғымынан шығады. Бірақ аудармашы “қолүздік” сөзінің этнографиялық мәнін білуі қажет. Әрі түсінік беруі шарт. Тура мағынасында қол ақысы біреудің соғымын сойғанда, жүнін түтіп, сабасып немесе киім-кешегін пішіп берегенде, әйтеуір қол көмегін көрсеткен адамға берілетін азын-аулақ сый. Бүгінгі тілмен айтсақ –“сыйақы”. Бірақ бұл сөз – соңғы уақытта премия дегеннің орнына пайда болған сөз. Сол сияқты “кәдесый” сөзіндегі “кәде” жөн-жораны білдіру үшін берілетін азын-аулақ сыйлықтың түрі. Мағыналық құрылымында “сый” сөзімен бірігіп жасалған “сыйақы”, “кәдесый” модельдерінің ұтымдылығы сонда орысша “подарка” мағынасын мәтіндік мазмұнына қарай құбылтуға болады. Мағына саралаудағы ұлттық болмыстың ерекшеліктері осындай бір сөздің маңынан-ақ байқалып тұрады.
Қазақ тілінде оқитын оқырман үшін аударманың неғұрлым өз тіліне бейім, сәйкестеніп тұруы үлкен шеберлікті қажет етеді. Мысалы:
Савельич те менің істегенімді істеді, ал күзетшілер жерден жеті қоян тапқандай бізді айдап кете барды. /106 б/.
Савельич последовал по моему примеру, и караульные повели нас с торжеством. /311 б/.
Мысалдар А.С.Пушкиннің “Капитанская дочь” шығармасының Ә.Тәжібаев аудармасынан алынды. Қазақ ұғымына “с торжеством” – “салтанатпен” дегеннен гөрі осы ұғымға жақындау ерекше қуанышты білдіретін “жерден жеті қоян тапқандай” фразеологизмі тонның ішкі бауындай етене жақын әрі эмоционалды-экспрессивті.
Қазақ фразеологизмдерінің аударуға келмейтін, баламасын табу қиын, ұғымда жоқ метафоралы түрлері кейде көркем әдебиет аудармаларында мүлдем түсіріліп қалатын кездері болады.
Мәселен, М.Әуезовтың “Абай жолында” көзіміз түскен кейбір тұрақты тіркестер орысша нұсқада кездеспейді. Олар: “мүрдем қат”, “абыройын төгу”, “қыл мойынға тақалу”, “қайрап салу”, “тұмсығы тасқа тию”, шоқтығы асып тұру”, “басын тауға да тасқа соғу”, “қолымен от көсеу”, “қырына алу”, “ұзында өші, қысқада кегі” т.б. толып жатқан сөз мәйегі. Сірә, бұл тіркестерге сай балама фразеологизмдердің жоқтығы немесе сөзбе-сөз аударуға болмайтын жағдайлар аталған фазеологизмдерді “ысырып қоюға” мәжбүр еткен. (аудармашы Л.Соболев). Бұл арада аудармашы стратегиясына әлеуметтік-мәдени ықпал пәлендей әсер етті дей алмаймыз. Жоғарыдағы бейнелі тіркестерге «аударма тілінің қысқалығы» қол байлау болғанға ұқсайды. 
“Абай жолының” орысша нұсқасының өн бойында мұндай олқылықтар жетіп артылады. Ал еркін аударма нәтижесінде қазақ тіліндегі біраз фразеологизмдердің оқушы үшін де, ұлт тілі үшінде “бағы жанған” түрлері бар. Жоқтан гөрі барға қанағат тұтуға тура келеді.

Мысалы:
• кәрі құлақты – уши много слыхали 
• қанын ішіне тартып – бледный и разъяенный 
• ақ түйені қарны жарылды – у белого верблюда брюха распоролось
• ауыл итінің құйрығы қайқы – в своем ауле хвост у собаки крючком
• шаш ал десе, бас алған – дерзость и наглость
• қас-қабағына қарап құрақ ұшу - чутко следить за малейшей переменой в настроении
• көзіне көк шыбын үймелету – обсели зеленые мухи, глаза залепили т.б.
Түпнұсқадағы ұлттық сөздің бояуы қандай шамада қалғанын оқушы өзі-ақ аңғарады.
Негізінде түпнұсқада бар фазеологиялық тіркес сол шығарма үшін орасан тілдік-көркемдік-стильдік қызметті атқарумен қатар, ұлттық мәдениеттен дерек беретін мәдени ақпар көздері. Кез келген ұлттық мәдени лексика мен фразеологиялық тіркестерде сол ұлттың мәдени өмірі жатыр. Сондықтан мүмкіндікке қарай, еркін аударма ондай ақпарларды қамтуы тиіс.
Мысалы:
• Бүгін мынау Абай тап бір ет асым жапа-жалғыз өзі сөйледі. /27 б/ 
• Вот хотя бы этот Абай, говорит один без умолку. Целый котел мясо успел свариться, пока он тут болтал. /с28/

• Сонымен, ендібір шай қайнатым ішінде айтқанындай отыз құр ат кедей үйлерінің босаға-босағасына кеп байланып қалды. /193/
• И не успел бы вскипеть чай, как в аулах уже были привязаны к юртам тидцать самых лучших коней из табуна. /188/ 
Бір ет асым уақыт, бір шай қайнатым, сүт пісірімдей т.б. уақыт өлшеміне негізделген тіркестер қазақи ойлау, қазақи болмыс үшін пәлендей түсініксіз емес.
Уақыт, кеңістік, өлшем ұғымдары қазақ мәдениетінде ежелден өзіндік ұлттық қабылдау ерекшеліктерімен түсіндіріліп келген. Секунд, минут, сағат сияқты дәлдікпен есепке алынбаған уақыт бедері әлем суретін танудағы қазақ ұлтының кеңістік пен өлшем туралы ұғымдарының да тек қазақ менталитетіне тән болмыс түрлерін танытады. Шындап келгенде қазақты дүниедегі басқа елден ажырататын да осындай болмысы мен тіршілігі дейміз.
Түпнұсқада (1 мысалда) небары он бір компонент бар. Ал аудармасында ой екі сөйлемге бөлінген, он сегіз компонентпен түсіндіріледі. Басқа тілдегі оқушы үшін бірінші сөйлеммен-ақ қалдыруға болатын еді. Мұндағы мәселе кейіпкердің сөйлеген уақытын түсіндіруге екінші сөйлемдегі баламасыз тіркес – аударуға келмей тұрған бір ет асым тіркесі. Сондықтан Целый котел мясо успел свариться болып еркін аударылған. Аудармашы екінші сөйлемдегі фразеологизмдегі ойды беру арқылы ғана бейнелілікті сақтап отыр. Ал түпнұсқадағы фразеологизмдерді сөзбе-сөз аударғанда компонент құрамында соншалықты өзгерістер бола қоймайды.
Мысалы:
• Кеткеніңде қанаты қайырылып қалған елің бар еді. /42/
• Когда ты уходил, народ твой остался с надломленным крылями. /44/.
• Ақ түйенің қарны жарылды. Жігітектің жылаған жасын құдай иді. Көз жасымды тыятын арысым қайтты. /29/
• У белого верблюда брюхо распоролось! Сам аллах сжалился над жигитеками! Вернулся, говорит, заступник, который высушит мои слезы. /29/
Мұндағы фразеологизмдердің сандық құрамы дәлме-дәл аударылған.
Аудрмашының кейде ұлттық болмыс лексикасын қосымша түсіндіргені оқушы үшін өте қолайлы. Мысалы:
Кербез дұрыс айтқан екен, бір күні Майраның да айттыған күйеуі ұрын келіпті. /478 б/
Кербез была права, однажды приехал и и жених Майры “урын” – украдкой, тайно – как называют обычно люди этот обычай. /510 б/
Мысалдар Ғ.Мүсіреповтың “Атақты әнші Майра” әңгімесінің аудармасынан алынды. Аудармашының ана тілінде еркін жүзіп сөйлейтін және ұлттық менталдықтан хабары мол екендігін әңгімені бастан аяқ оқып отырып риза боласыз. 
Аудармамен шұғылданатын кәсіби тәржімашылар координативті қостілділік – екі тілді де тең дәрежеде білетіндер болу керек. Біздіңше, түпнұсқадан алшақ тепе-тең сәйкестігі аз, нәрсіз аудармалар субординативті қостілділіктен – тек ана тілін ғана жақсы білетін аудармашылардан туады. Сондықтан аудармашы координативті қостілділікті меңгерген адам болса құба-құп болар еді. Әсіресе, ұлттық болмыс лексикаларына қатысты тұрақты тіркестер мағынасын аударуға келмейтін тұста, мәтіндегі сөйлемдерді тастап кетуден гөрі, фонологиялық ерекшеліктерін толық сақтап, жалпы түсінігін беріп отырса ұтылмаған болар едік. 
Аударма мәтіндерінің лингвистикалық ерекшеліктері жоғарыда талданған тек ұлттық болмыс лексикасының сипаттарымен анықталмайтындығы белгілі. Аударма тіліне қатысты толып жатқан проблемалар күні бүгінге дейін қағыс қалып келеді. Біздіңше, бұл мәселе тек әдебиетшілер ғана илейтін терінің пұшпағы емес, көбінесе тілшілердің қарастыруын қажет ететін дүние ме деп ойлаймыз. Өйткені көркем шығарманың түрі де мазмұны да сайып келгенде тіл – сөз арқылы ғана танылады, қаңқасы қаланып өнер деген әлемге жолдама алады. Олай болса, сол әлемнің көркем суреті тілдік қандай бояулармен салынды, реңкі қандай, ұлттық нышан, ұлттық нақыштары қалай аударылып әрленген десек, тағы да сол ұлт тілінің құзіретіне сүйенеді.
Қазақ мәдениетін танытатын әдеби аударма шығармаларының сапалы деңгейі ұлттардың мәдениарлық қарым қатынасын сөз жоқ жаңа деңгейге көтереді. Басқа ұлттың мәдени құндылығын қабылдап бағалаушылар қазіргі таңдағы мәдени қатысымда аударма ерекше мәртебеге ие. 

Мысалдар алынған әдебиеттер

1. А.Пушкин. Капитанская дочка. М., 1973.
2. А.Пушкин. Капитан қызы. /Ә.Тәжібаев аудармасы/ Алматы: 1947.
3. М.Әуезов. Абай жолы. Алматы: 1989.
4. М.Ауезов. Путь Абая /Л.Соболевтың аудармасы/ Алматы: 1988.
В статье рассматривается проблемы перевода в межкультурной коммуникации. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика