THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
(Аударманы ақтауға арналған сөз)
Баршаға мәлім
оқиғалардың (тәркілеу, ашаршылық, құғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, өзге шағын
ұлттарды туған жерінен айырып күштеп қоныстандыру, тың игеру кезеңдері)
барысында демографиялық ахуалдың өзгеруі, қазақ мектептерінің жаппай жабылуы
тіліміздің өрісін тарылтты.
Тәуелсіздік
алған күнге дейін қазақ тілі ресми тіл: кеңсе, құжат, заңнама тілі ретінде
уәзипалық (функциялар) атқарған жоқ. Құжаттар мен заңдар (кейбір жеке аса
маңыздыларынан өзгелері) орыс тілінде ғана ресімделіп, ішінара ғана қазақ
тіліне аударылып, көпшілікке таратылып келгені белгілі.
Билік органдары
тарапынан да тілге қысым жасау фактілерінің орын алуы (айталық, қысқарған және
кейбір ана тілінде нақты баламасы бар сөздердің өзін саяси астар беру арқылы
өзге тілдегі нұсқасында қалдыру, сондай-ақ қазақ баспасөзін аударма баспасөзге
айналдыру жөніндегі елуінші жылдардың соңындағы сорақы әрекет және т. с.с.),
әлбетте, салқынын тигізбей қалған жоқ.
Тегінде қазақ
тілі тұтынушыларының (Ғабеңнің сөзі) аз еместігіне қарамастан, оның қоғамдағы
атқаратын уәзипалары қысқарған еді: соның салдарынан ол отбасы, тұрмыс
шегіндегі ғана тілге айналды, оны құжат тілі, әлеуметтік қатынас тілі ретінде
тосырқаушылар қатары көбейді, мәдениет пен әдебиет тілі оябында тоқырауға
ұшырамай, даму үстінде болғанымен, амал не, оның сөз байлығы мен әлеуеті де
ескерілген жоқ, ең бастысы, ұзақ жылдар бойы құжат тілі жөніндегі міндеттерін
орындамай келгені де белгілі.
Кейбір кездерде
«Табиғатында тойқұмар, сауыққұмар, поэтикалық тілге жақын қазақ құжат тілінің
қатқылдығына, ұстамдылығына көндіге алмай жатсынып жүр ме екен» деген де ой
келеді. Сірә, сондай психологиялық кілтипанның да санамызда тұруы әбден мүмкін.
Мұндай
себептердің салдары, әсіресе, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары айқын
білінді. Сол кезеңде белгілі мысалдағы «Тартады аққу көкке, шортан суға...»
деген сияқты күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан, әлі де оң шешімін
таптырмай жүрген кереғар ахуал қалыптасты. Жасырары жоқ, тілдің келесі толқын
тауқыметі, міне, дәл осы тұстан, тіліміз мемлекеттік мәртебе алған, алдына жаңа
міндеттер қойылған тұстан басталады.
Іс тізгінінің
бұрын тіл мәселесімен тікелей шұғылданбаған, оның ішінде қазақ тілімен,
жоғарыда аталған себептердің салдарынан, онша жақындығы бола қоймаған
уәзипашылардың (функционерлердің) қолына тигені белгілі. Ашығын айтсақ,
тіліміздің нақты жағдайына, оның әлеуеті мен мүмкіндігі жайына, кадрлардың
дайындығына айтарлықтай талдау жасалған жоқ.
Негізінен
алғанда, тілге жауапты адамдардың көпшілігі орыс тілінде мамандық алған, ана
тілінде оқығандарының өзі бұған дейін іс қағаздарымен бұрын-соңды ұшыраспаған,
әрі қолданыстағы терминологиядан бейхабар адамдар болғаны белгілі. Олар
тілге жанашырлық жасамады, кедергі келтірді деуіміз қиянат болар еді, олар шын
ықыласымен, қажыр-жігерімен қиын түйінді шешуге тырысты, Алайда нақтылы ахуал
мен мәселенің түйіні зерделенбей, алдағы міндетті іске асырудың оңтайлы жолы,
дұрыс амалы табылмаған жағдайда күш-қарекеттің зая кететіні мәлім. Осылайша
тіліміздің сол сәттегі ахуалы беймағлұм бола тұра, олар екі тілде іс жүргізу
жөніндегі пәрмен шыққан бетте күрделі түйінді бірер аудармашының күшімен-ақ
шешіп тастауға тырысты. Олар таза психологиялық пайымның аясында қалып, оның ар
жағындағы күрделіліктерді көзге ілген жоқ.
Бұл кезде ресми
аудармамен кәсіби тұрғыда шұғылданатын бірен-саран мамандар Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесінде және Қазақ Телеграф Агенттігінде (ҚазТАГ) ғана бар болатын. Олардың
бәрі дерлік Республика Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің аппаратында қызметте
қалды да министрліктердің ресми құжаттарын әзірлеуге тиіс мамандар сырттан
(соның өзінде бір-екі адам, әрі жалақысы ең төмен қызметке) алынды. Олар тіл
мамандары болғанымен, басым көпшілігінің аудармашылық тәжірибесі мүлде жоқ
адамдар еді. Оған қоса осы саладағы бұрыннан қалыптасқан тәжірибе де мүлде
ескерусіз қалды. Айталық, ресми материалдарды бір орталықтан тарататын
КазТАГ-та кез келген материал үш кезеңде: аудармашы – редактор – бақылаушы
редакциялау сатылары бойынша өңделіп жүрді. Бұл үрдістің бүгінгі таңда
негізінен Парламент Мәжілісі мен Сенатында және Үкіметте ғана сақталып қалуы
мүмкін деген пікірдемін. Дегенмен, олардың да қалыпты уәзипалық етуіне
министрліктерден аудармашыларының аздығына, сондай-ақ барларының өздерінің
тәжірибесінің жоқтығына, әрі біліктіліктерінің тиісті деңгейде болмауына
байланысты өңделуі мен редакциялануы жағынан лингвистикалық тұрғыда сапасыз
заңдар мен құжаттардың түсуі, уақыттың тығыздығы, аудармашы еңбегінің тиісті
дәрежеде шақталмауы яки низамдалмауы (нормаланбауы) салдарынан үлкен нұқсан
келтіріліп отырғаны да шындық.
Бұрынғы
тәжірибені ескермеудің, бұған дейнгі, кезінде қазақ тіліне тәржімеленген
мәтіндерді тілдік тұрғыда екшемеудің, яғни арнайы тұрғыда зерттемеудің, естен
шығарудың салқыны лексикамызға тие бастағаны да білініп отыр. Ендігі жерде
бұған, жоғарыда айтқанымыздай, тілді тосырқап қалған кейбір тұтқа ұстаған
адамдардың «Мен білмейтін қандай сөз» деген үстірт те үстем мардаттарының
қосылып, тіліміздің баюына, терминологиясының толығуына тосқауыл қойып жүргенін
де айтпасқа лаж жоқ. Сонымен қатар мәтінді сол саланың маманы ғана аударуға
тиіс дейтін көзқарастың, бұл іске кәнігі аудармашыларды қатыстырмаудың, мәтінді
филолог мамандардың, соның өзінде біліктілерінің сараптамасынан өткізбеудің
салдарынан тіліміздің баюдың орнына жұтаңдана бастағаны, ауызекі тіл
элементтерінің жаппай ене бастағаны байқалады. Тіліміздің әлеуетінің азаюына
электрондық баспасөз құралдары – теледидар мен радионың сөздік реңк-рәуішінің,
мән-мағынасының астарына үңілмей сөйлей салатын қызметкерлерінің салақтығының
да «енші беріп» жүргені және бар. Теледидар мен радио қызметкерлерінің
лексикамызда бұрыннан баламасы бар сөздерді елеп-ескеріп жатпай, белден басып,
өзінше ойдан айтып кете беретіні, мұны айтамыз-ау, тіпті Терминология
комиссиясы бекіткен бірсыпыра терминдерді көзге ілмейтіні, әлбетте, тілімізге
теріс әсерін тигізбей қоймайтынын айту керек. Тегінде тіл мәдениеті турасында
үлкен әңгіме қозғау керек сияқты. Алдағы уақытта бұл мәселеге қайта бір оралу,
пайдасы тимесе, залалы тимес, көкірегімізге тоқығанды, көкейімізде жүргенді ортаға
салу ойымызда бар.
Тілімізге
есетеңдік тиген алғашқы кезеңде термин біткенді тегіс қазақшылау секілді
пуристік бағыттың орын алғаны да белгілі. Тегінде бұл мемлекеттік тұғырға
кешеуілдеп көтерілген барлық тілдер әдетте басынан кешіретін жәйт. Бүгінгі күні,
керісінше, тілімізде кәдімгідей байыпты әрі мағынаны бұрмаламай дәл беретін
сөздердің өзін аударылып отырған тілдегідей қалпында қалдыру жөніндегі пікірдің
белең ала бастағаны байқалады. Бұл да біз тарихта басымыздан кешірген және
тілдің әлеуетін әлсірететін, қала берді, тілді шұбарлауға апарып соқтыратын
бағыт. Осы екі пайымның да тілімізге салқынын тигізетіні басы ашық нәрсе.
Алғашқысы біреуге таныс, келесіге бейтаныс ұғымдардың қосылуы арқылы мәтінді
түсінуді ауырлатып, оқырманды туған тілінен алшақтататын болса, екіншісінің,
жоғарыда айтқанымыздай, тіліміздің байлығын рәсуа етуі ықтимал. Ендеше
дұрысы осы екі бағыттың ортасында жатуға тиіс.
Сонда не
істеуіміз керек? Бұл жерде ежелден бері еңсесі басылмай келе жатқан басқа
тілдердің тәжірибесі мен дәстүріне, айталық, өзіміз біршама жетік меңгерген
орыс тілінің бүгінгі ахуалына ден қою керек секілді, яғни дәл баламасы
табылмаған атаулар мен ұғымдарды өз тіліміздің дыбысталуы мен үндестігіне
бейімдеп, лексикамызға сіңіруіміз керек. Мәселен, 2003 жылы Минскінің
«Современный литератор» баспасынан жарыққа шыққан, орыс тіліне құдды өзінің төл
сөзіндей болып сіңіп кеткен жүз мыңнан астап шетел сөздері мен тіркестерін
қамтыған «Новейший словарь иностранных слов и выражений» сөздігін ой елегінен
өткізсек, көп жәйттің сырына қанығамыз. Егер іздегеніміз туысқан түркі
тілдерінен табылмаса, онда атауды не ұғымды өз тілімізге бейімдеп, бүгінде төл
сөзіміз болып кеткен, кезінде араб, парсы сөздерін сіңіргеніміз секілді
қазақшылап қолданудың қамын жасауымыз керек. Ал енді химия, математика , физика
және т.б. ғылымдардың тілімізге ежелден сіңіп кеткендері болмаса, өзіндік
(спецификалық) терминдерін тәржімелейміз деп әуреленбеу керек. Бұл қолданылу
аясы тар, формальді тіл, оның тіректі терминдері бүкіл әлемге ортақ.
Қазіргі кезде
«Аударма тілімізге кесірін тигізеді» дейтін кереғар пікір белең ала бастағаны
білінеді. Осы тәрізді көзқарастың қалыптасуына себепші болған деректерді
жоғарыда келтірдік.Түпкі негізінде бұл мүлде қисынсыз тұжырым. Содан кейінгі
жерде ана тіліміз аударма тілге айналып барады дейтін дәйексіз байламдар
жасауға дейін барып жүрміз. Сонда аударма тіл дегеніміздің өзі не? Осы
тұжырымның өзі күмән туғызады. Тілі кебір, сөйлемдері шорқақ құрылған сапасыз
аудармалардың бары рас. Халқының аздығына не көптігіне қарамай басқа тілдердегі
ғылыми, рухани жауһарларды ана тілінде сөйлете алатын тілдердің сорлы болғаны
ма сонда? Жоқ, бізде аударманы кеселге балау дертке айналып кеткен секілді,
келте ойлап, кем пішкендерің қоғамдық пікірді теріс арнаға бұрып жібергені
байқалады. Бұл жерде мәселеге басқа қырынан келген жөн, бағаны аударманың
сапасына қарай берген дұрыс.
Жасырары жоқ,
бұл салада орын алып отырған кемшіліктер шаш-етектен. Алайда аударманы шеттету,
оның өрісі мен өресін шектеу, оны өнердің айрықша әлеуетті әрі пайдалы саласы
ретінде бағаламай, қалтарысқа, қараңғыға итерудің өзі жақсылық емес. Әлбетте,
замана ағымына сәйкес жүздеген, мыңдаған атаулар мен ұғымдардың лексикамызға
енгенін, ұмытылған сөздердің қайтадан жаңғырғанын естен шығармаған дұрыс.
Осыған орай
назар аударарлық қызық дерек бар. Біз мұндай «сырқатқа» ертеректе де ұшыраған
екенбіз. «Қазақ тілінің дамуындағы жаңалық атаулыға «аударма тілі» деп
менсінбей қараушылық бірте-бірте жойылып, қазірде құнды аударма арқылы туған
жаңа ұғымдар, терминдер, бейнелі сөздер, сөйлемдер әдебиетте, баспасөзде және
ауызекі сөзде кең орын ала бастап отыр». Мұндай пікір айтқан адам – көрнекті
публицист, саяси және көркем аударманың айтулы шебері, әрі білікті де білімдар
зерттеушісі, кезінде В.И. Ленин шығармаларын қазақ тіліне аударуға бастан-аяқ
қатысқан Сағындықов Құрманбек ағамыз. В.И. Ленинге
бүгінгі көзқарастың қандай екеніне қарамастан, оның үлкен ойшыл болғаны, оның
күрделі де күрмеуі қиын дүниелерін қазақ тілінде сөйлетудің оңайға түспегені
және оған ана тіліміздің қарымы мен қауқарының қаптал жеткені – даусыз шындық.
(Сағындықов Құрманбек. Көсемнің асыл мұрасы. Алматы. Қазақстан. 1970 ж.
188-б.). Осы ой-пікірдің сындарлы сипатын белгілі әдебиетші, майталман
аудармашы, сөйлемінде мүкіс жібермейтін, басы артық байлаусыз сөз қоспайтын
әдемі стиль иесі Ысмағұлов Жұмағали ағамыздың шығармашылығы, қазақ аудармасының
арғы-бергі тарихын жіті зерделеген үлкен зерттеуші ғалымдар, әрі өздері де
жетік аудармалар жасаған Талжанов Сәйділ ағамыздың, Сатыбалдиев Әбен ағамыздың
түйінді топшылаулары толығымен қуаттайды.
Осы айтылған
пікірлерден шығатын басты қорытынды: бірде-бір өркениетті ел аудармаға енжар
қарамайды, керісінше оны өзінің ғылыми, рухани және көркемдік ақыл-ойы мен
пайымын тың идеялармен байытудың, туған тілінің қазынасын жаңа
түсінік-ұғымдармен, атаулармен және терминдермен толықтырудың, сол арқылы туған
тілін тозу мен тоқыраудан сақтаудың, уақыт талабына бейімдеудің қуатты құралы
ретінде бағалайды. Шындығы сол, өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары –
саяси және көркем аудармаға кең өріс ашылып, әлемдік ақыл-ойдың, дүниепайымның
кейбір шоқтықты шығармаларының қазақша сөйлегенін атап көрсеткен орынды.
Жасырары не, аударманың қадірін кетіріп, құнын құлдыратып алғанымыз бертін,
бұған әсіресе осы іске жауапты адамдардың тарапынан үстірт, ұшқары көзқарастың
орын алуы, оны оңайға балап, оңтайлы да пәрменді шешімдердің шығарылмауы, ең
бастысы білікті аудармашылардың жетіспеуі себепші болғанын айту керек.
Ендігі жерде, ең
алдымен, аударманы кері кетіретін кеселге, дертке балайтын керітартпа қасаң
пікірден арылуымыз қажет, санамызға сіңісті болып кеткен әлгі аталған
қайшылықтарды, кереғарлықтарды сейілтуіміз керек. Сайып келгенде замана ағымына
ұласқысы келген жұрт ешқашан да, бүгін де, ертең де, келешекте де аудармадан
бастартпақ емес. Одан алшақтау дегеніміз оқшаулыққа, томаға-тұйықтыққа,
мешеулікке ұрындырары сөзсіз.
Біле-білсек, біз
ғажайып бай тілдің иесіміз. Мұндай сәтте тіліміздің шынайы кескін-келбетін
суреттеу үшін екі тілде бірдей қалам тартқан Құрманбек ағамыздың сөзін қайтадан
еске алу артық болмайды. Ол кісі ана тілімізге аударма жасау барысында мынадай
тұжырым түйген екен: «...қазақ тілі мыңдаған жаңа терминдермен, жаңа
ұғымдармен, бейнелі сөздермен, мақал-мәтелдермен байыды, шын мәнісінде гүлденіп
өркен жайған, түрлі ғылым саласындағы керемет қиын, қат-қабат құпия сырларды,
адам баласына тән ең терең де нәзік сезімдерді жеткізіп бере аларлық әдеби
тіліміз бар деп мақтана аламыз» (Бұл да сонда, 193-бет). Ағаның айтқанынан
шығатын келесі түйін: қолымызда «аударма тілі» деп еш кемсітуге келмейтін
қуатты тіл бар, амал не, осы бай тілді бабына келістіріп, қолдана алмайтын,
қажетіне жарата алмайтын дәрменсіз аудармашылар да бар. Осы орайда үлкен бір
проблема бой көрсетеді.
Бұл мәселеге де
Құрманбек ағамыз айрықша назар аударған екен. Аталған еңбегінде ол көркем
әдебиет шығармаларын, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық әдебиетті орыс
тілінен қазақшаға, қазақ тілінен орысшаға аудару үшін дарынды қабылетті
адамдарды әбден сараптан өткізіп, мұқият іріктеу керектігін баса
көрсетеді.Аударма ісін нағыз шығармашылық еңбек санайтын қадірменді қаламгер
бұл істе аударманы ақша табудың ғана көзіне айналдырған «орашолақ, дүмбілез,
мәдениеті төмен «аудармашыларды» осы саладан аластау» керек екенін ескертеді.
Содан кейін ағамыз кәсіпшіл емес, кәдімгідей кәнігі аудармашылар мен
редакторларды баспа орындары және газеттер мен журналдар үшін жүйелі түрде
даярлау жағын мықтап ойластыру қажеттігі жөнінде ой түйеді. Осы ойларын
жалғастыра келе, Құрманбек аға бұл салаға арналған оқулықтар, тиісті сөздіктер
мен анықтамалықтар шығару жағына баса ден қою қажеттігін баса көрсетеді.
Әлгі айтылған
пікірлерден арна тартып, бұл саладағы бүгінгі хал-ахуалымызды байыпты
саралайтын болсақ, осы аралықта бір айналым жасаған уақыт шіркін бұрынғы күйімізге
қайтадан түсіре бастаған ба, қалай? «Аударма тілі» аталатын пәлекет тағы да
алдымызды орап тұрған тәрізді. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан тілге айрықша
қамқорлық жасалып, жетерліктей қаржы бөлініп келе жатқанын ешкім жоққа шығара
алмайды. Мемлекеттік деңгейде Тіл комитеті, оның жанында құзыретті
Терминологиялық комиссия жұмыс істейді. Бұл саладағы үлкен бір іргелі басуымыз
ретінде осыдан біраз жыл бұрын мамандандырылған арнаулы «Аударма» баспасының
құрылып, жұмыс істей бастағанын, оның көкейге қонымды әжептәуір жұмыс
тындырғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ он бес томдық академиялық түсіндірме
сөздік шығаруымызды алға қарай жасалған үлкен қадам ретінде бағалағанымыз жөн.
Сонымен қатар біраз зәрулігімізді өтеуге тиіс аса бір сындарлы «Мәдени
бағдарлама» аясында ғылыми-ақыл ойдың шоқтықты шығармаларының көп томдығының
ана тілінде жарық көргені де руханиятымызға үлкен үлес болып қосылғанын атап
көрсеткен орынды.
Біздің аударма
ісі саласындағы ақсауымыз бен ақауымыздың бадырайып көзге түсетіні – осы тұс.
Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. Бұлар, біріншіден, білікті аудармашылардың
жетіспеушілігі және кітаптардың ыждаһатты редакциялаудан өткізілмеуі,
екіншіден, гуманитарлық ғылымдар саласындағы ана тіліміздегі
терминологияның жете қалыптаспауы (бұл да өткеннің сызы), әрі осыған орай
қазақ тіліндегі (мәселен, философиялық, социологиялық, психологиялық және т.т.)
толымды сөздіктер мен энциклопедиялардың болмауы, болған күннің өзінде
сапасыздығы, біріздендірілмеуі, бір орталықтан шығарылмауы сияқты себептер.
Бұған, жоғарыда айтқанымыздай, істің ұсынақты ұйымдастырылмауы, оның ішінде
бөлінген қаржының ұқыпты жұмсалмауы, сатып алу жөніндегі заңдағы кемшіліктір,
яғни тендерді өткізудегі олқылықтарды, кітаптарды тарату мен жеткізудегі
кінәраттарды және осының бәріне тиісті бақылаудың жоқтығы сияқты себептерді
қосыңыз. Мұның бәрімен, әлбетте, тиісті өкілдігі бар органдар шұғылданады деген
ойдамыз.
Аталған
себептердің салдарынан шығарылып жатқан кітаптар тиісті уәзипаларын орындай
алмай келеді. Өйткені түсініксіз тілмен жазылған кітапты оқығаннан гөрі екі
тілге де жетік оқырман оны түпнұсқасынан оқып алмай ма? Сайып
келгенде барлық мәселенің ұшығы білікті аудармашы кадрлар даярлауға келіп
тіреледі. Проблеманың түйініне үңілгенде, бізде қазіргі кезде тіл білетін,
керек десеңіз бірнеше тілді меңгерген мамандар бар екеніне, теория тұрғысындағы
еңбектердің де жетіп артылатынына, бірсыпыра жоғары оқу орындарында аударма
кафедраларының жұмыс істейтініне, оның бер жағында Әлем тілдері университетінде
арнайы аударма факультетінің құрылғанына көз жеткіземіз. Дегенмен, мұның бәрі
де осы күрделі түйінді түпкілікті шеше алмайтын тәрізді. Мұндай байлам
жасауымыздың өзіндік себебі де болып тұр.
Айталық, аударма
ісіне ежелден ерекше мән берген және бұл салада жинақтаған мол тәжірибесі мен
үлгі тұтарлық тамаша дәстүрі бар Ресей елінде Морис Торез атындағы шет тілдері
институтында (қазір Мәскеу Мемлекеттік лингвистика университеті), Әскери
университетінде, М. Горький атындағы Әдебиет институтында ежелден тәржімандар
даярлайтын қалыптасқан іргелі мектептердің болуына қарамастан, 1991 жылы 9
қаңтарда «Аудармашылардың Мәскеу халықаралық мектебі» институтының ашылуы бұл
мәселенің қаншалықты маңызды және өзекті екенін аңғартса да, ойландырса да
керек. Әрине біздің ондай мүмкіндігіміздің жоқ екені де белгілі. Дегенмен
шама-шарқымызға, қолымыздың жеткеніне қарай осынау оң үрдістен үлгі алып, бізде
де аудармашылар даярлаумен тікелей шұғылданатын бір орталық ашса, оның ішінде
қысқа әрі ұзақ мерзімді курстар ұйымдастырса, тыңдаушыларын баспасөз
орындарында, үкіметтегі редакциялық бөлімдерде, секторларда тағлымдамадан
өткізсе, іс оңға басар ма еді деген ой келеді.
Әлбетте мұнда
тыңдаушыларды таңдауға, әсіресе осы іске бейімі, қалам қабылеті бар адамдарды
іріктеуге, бұл мамандықтың көбінесе тәжірибе мен дағды арқылы игерілетінін
ескеріп, практикалық сабақтарды көбірек өткізуге ден қою – міндет. Оқу
курстарын ойдағыдай тәмамдаған тыңдаушыларға тиісті үлгідегі дипломдар немесе
сертификаттар берілуін ескеру керек. Курстарда сабақ беретін адамдардың
біліктілігіне, тәжірибесіне айрықша назар аудару қажеттігі де түсінікті.
Көркем
аудармамен айналысуға бейімі бар адамдарды 2006 жылдан бері шығып келе жатқан,
әрі ТМД аумағында , әсіресе түркі елдері арасында әдеби байланыстар орнатуда елеулі
тәжірибе жинақтаған «Әлем әдебиеті» журналында тағылымдамадан өткізу пайдалы
болар еді. Аударма мәселелеріне қатысты мақалаларды, сәтті аудармаларды жұрнал
беттерінде жариялап тұруды ынталандырушы, көтермелеуші фактор ретінде пайдалану
да тиімді болмақ.
Жоғарыда гуманитарлық саладағы терминологиялық сөздіктер жайын айтқан едік, ендеше салалық терминдер сөздіктерін түзуге білігі биік ғалымдарды, тәжірибелі тіл мамандарын тарту керек. Бұл сөздіктер терең саралаудан өткізілген, жан-жақты екшелген, ертеңгі күні жалпы жұртқа ортақ бір ұғымда, бір мағынада қолданылатын терминдер түзілген толымды сөздіктер болуы шарт. Осындай шараларды іске асырсақ, аудармаға деген теріс көзқарастан арыламыз, сонда ғана басқа тілдерден қоғамымызға қажет дүниелерді қиюын кетірмей ана тілімізде сөйлете алатын аудармашылар қосынын жасақтай аламыз. Әлбетте бұлар алғашқы қадамдар, Жүре келе бұл істің небір күрделі проблемаларын шешуге бағытталған байыпты қадамдар жасайтын боламыз, сөйтіп аударма ісін жадағай, негізсіз айыптаудан арылтып, оны руханияттың үлкен бір саласына айналдырамыз.
жазушы, аудармашы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ