THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Оқушының обалы кімде? Білім саласында біліксіздік көп
Авторы: Ләззат Омарова
28/04/2017 17:44 0 38045 0
Қазіргі таңда
мерзімді баспасөздерде жарық көріп жатқан көптеген мақалаларда бүгінгі білім
беру саласының сын көтермейтін жағдайы, көп мәселелердің шешуін таппай
қордаланып жатқаны жайлы жиі сөз болуда. Айтылған мәселелер «былай тартса, өгіз
өлетін, былай тартса, арба сынатын» ескі жараның аузын тырнағандай. Білім беру
саласының ең өзекті мәселелерін, яғни тап ұрымтал тұстарын ашып көрсету –
бүгінгі қоғамға түк таңсық та, жаңалық та болмай қалды. Өйткені білім саласында
бү-гінгі таңдағы қалыптасып отырған кейбір күрделі жайттар – тек біздің ғана
емес, бұрынғы КСРО құрамында болған барлық мемлекеттердің, тіпті әлем
педагогикасы алдында тұрған ортақ мәселелер.
Біздің отандық
ғалым-педагогтар білім саласын тығырықтан шығаруды тек шетелдік тәжірибелермен
біржола алмасқанда ғана іс жүзіне асыруға болады деген пікірді өте көп айта
бастады. Оның ішінде Америка, Канада, Англия, т.б. мемлекеттердің білім саласын
көлденең тартып, жиі ауызға алады, мысал келтіреді. Алайда олар біздің
қоғамымызға дөп келетін тұстарын нақты көрсетіп, саралай айтудың орнына көп
жаңсақтық жасап, асығыс шешім жасап, «неге бұлай?» деген кінәлауға көбірек жол
береді.
Біріншіден,
қазіргі отандық ғалымдардың көбі біздің білім берудегі (көптеген шет
елдердегідей) «Тәрбиені» «Оқыту» үрдісінен бөліп тастауды, сөйтіп қазіргі
мектеп тек оқытумен айналысқанын қолай көреді (жақында ғана тәуелсіз бір
газетте осындай мақала жарияланды). Мезгілі жеткенде біздікілердің бұл көксегендері
де болар, алайда бізге тап қазіргі жағдайда бұлай ету өте қауіпті, өйткені
тәрбие мен оқыту – өте тығыз байланыста жүретін син-хрондық құбылыс. Бұл ретте,
әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз
берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі тап бүгінгі күні бұрынғыдан
бетер өзектілене түсті.
Екіншіден,
біздікілер көксеп жүрген (шет елдерде жоқ) жалпыға бірдей білім беру заңын жою
да аса қауіпті. Өйткені болашағымыздың тамырына қолдан балта шауып, «оқысаң
оқы, оқымасаң өзің біл» деген ұстанымның арты ұлттың біржолата құрдымға кетуіне
тікелей алып келеді. Осы жерде «Тәрбие» деген қасиетті ұғым қайтадан тұғырға
өз-өзінен шыға келеді. Жас ұрпақ қашан буыны қатайып, есі кіріп, оң мен солын
айырғанша міндетті түрде тәрбие қажеттілігі туындайды және сол тәрбие болашаққа
жол бастайды.
Баланы өмірге
бейімдеуде отбасынан басталатын тәрбие артында ұлт тәр-биесі, мемлекет тағдыры
жатады. Әрбір отбасы, білім ордасы – сол адам өмір сүрген қоғамның, мемлекеттің
құрамдас бөлігі, іргетасы ретінде қарастырылуы тиіс. Осы бағытта отбасы
тәрбиесімен қатар оқу орындарының, ондағы ұстаздардың ықпалы мен орны қашанда
да ерекше. Нәтижесінде, тәлім-тәрбиедегі көргенділік пен жарасымдылық ата-ана
мен әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік,
бірізділік табатын үрдіс болып шығады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіндегі ғасырдан
ғасырға ұласып келе жатқан мол рухани қазынамыздың қадір-қасиетін,
үлгі-өнегелерін қазіргі жаһандану кезеңіндегі ең өзекті мәселе ретінде басты
назарда ұстамасақ, онда құр «Оқыту» үрдісінің «құмға сіңген сумен» бірдей
болатынын аңғарамыз.
Қанша білімді
болса да, тәрбие кемшін болған жерде, өмірде жаңсақ басқан жеткіншек өз
тағдырын темір тормен алмастырып алып жатады. Бір ғана мысал, жақында ғана
«террорист» деген кінәмен Америка түрмесінде жатқан екі бозбала жігітіміздің
іс-әрекетін білімсіздіктен көреміз бе, жоқ тәрбиенің ақауынан көреміз бе?!
Болмаса жақында ғана бір жас қазақ қызы Қытайда героин тасымалымен қолға түсіп,
қазір сол елдің аса ауыр үкімін күтіп жатыр. Мейлі ол от басқан сол баланың,
болмаса ата-ананың, болмаса тұтас қоғамның кемшілігі болсын, бірақ түптеп
келгенде, қазақ деген ұлттың ортақ трагедиясы болып шықпай ма?! Осы жерде
«әке-шешесі дұрыс тәрбиелемеген екен» деп «сүттен ақ, судан таза» болып тысқары
қалатын педагогтың құны қаншалықты болмақ?
Сол себепті де
қазіргі оқытуды тәрбиеден бөліп қарастырайық деген біздің ғалымдардың сөздері
«анауы көрсем – анау сақ, мынауы көрсем – мынау сақ» деген құр елігушіліктен
туған бос қиял деуге келеді. Керісінше, қазіргідей жағдайда оқу орындарындағы
тәрбие мәселесіне аса терең көңіл бөліну керек. Кеңес өкіметі тұсында
қалыптасқан «құдайсыз, дінсіз» деген ұғым қандай қорқынышты болса, қазіргі
кезде «тәрбиесіз» деген сөз сондай қауіпті. Өйткені тәрбие мәселесі біздің
қоғамның ең осал тұсы болып отырғаны жасырын емес. Кеңестік кезеңдегі
коммунистік тәрбиенің орнын басқан басқа бауырлас халықтардағы ұлттық тәрбие
концепциясы бізде атымен жоқ. Ал тәрбиені оқытудан бөліп жатқан көптеген
мемлекеттерде ұлттық ұстын жоқ.
Үшіншіден,
жамағат қазіргі білім стандартының көп кемшілігін айтып, наразылықтарын
білдіріп жатады. Түбінде біздің қазақ қоғамы да өздері қолай көрген әлемдік
білім беру стандартын таңдайтыны да анық. Алайда, адам-зат баласының ақыл-ой
интеллектісі, білім өрісі ешқандай стандарт көлемі-мен шектелмейтіні тағы да
заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде, жасыратын несі бар, қазіргі біздің көп тілді
бірсыпыра қала педагогтары қазақ ауылының алыс түкпірінен келген студенттерге
деген көзқарастарының мүлдем «оң» емес екендігін ашық байқатып алады. Олардың
бір тілді жаратылыстарын надандық, сауатсыздық деп есептейді. Өздерін қазіргі
заман талабына сай келетін бірнеше тіл білетін озық ойлы, тұғырлы тұлғамыз деп
таниды. Алайда, олар осындай ойлар арқылы өз сауатсыздықтарын анықтап береді.
Бұл – тілді тек коммуникативтік қарым-қатынас құралы ретінде қарастырған
оқымыстыларға ғана тән ұстаным. Көп тіл білу, әсіресе, саудергерлерге тән
қажеттіліктен туындаған сұраныс болған. Африкадағы бір саудагер негр қызының түркі
тілінің кез-келгенінде еркін сөйлей алатынына таңырқаған жағдайымыз болған. Көп
тіл білу машығы, ары кеткенде, тілмаштық қабілет, ал тіл білгеннің бәрі бірдей
әл-Фараби болмайтыны рас. Сол сияқты әлемге белгілі Оксфорд пен Кембридж немесе
басқалай да айтулы оқу орындарын бітіргендердің бәрі ақыл-ойдың кемеңгері
немесе тұғырлы тұлға емес. Сондықтан оқығанның бәрі оқымысты ма немесе тіл
білгеннің бәрі тұлға ма? т.б. көптеген сұрақтар біздің қоғамда да өз жауабын
нақтылай түсуі қажет. Біз үйренгеннің зияны бар деуден аулақпыз, бұл жерде
айтылмақ ой басқада. Қазақ ақыл-ой ұшқырлығы шегінің зеңгір көгіне жеткен аса
терең ойшыл, данышпан дара тұлғаларымыздың дерлігі қазақи ауылда туып-өскенін
ешқашан ұмытуға болмайды. Қандай бір даналық сол ұлттың өз тілінде, өз ділінде,
өз тінінде, өз дінінде, өз тәрбиесінде жасалатынын жат тілде сөйлеп,
«жаһанданып» кеткен дүбәра ұрпақ ешқашан түсіне алмайтынын да естен
шығармағанымыз ләзім.
Қазіргі кезде
«Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалды ұмытқандар, тіпті
мұнда не айтылып тұрғанын мүлдем түсінбейтіндер де бар. Мұндағы «өз өзіңе мықты
бол, кім көрінген басынып кетпесін» деген ойдың астарын түсінбегендер өз
құндылықтарын тәрк етіп, өзгеге өзеурей таңырқайтындар болар деп ойлаймыз.
Небір абыройлы кісілердің «қазақ тілін онсызда біледі, басқа тіл үйренсін» деп
тәрбиелеген балаларының кейбірі қазір не айтарға жоқ, не қайтарға жоқ «ақыл-ой»
кемістігіне ұшыраған ұрпақ болғаны жасырын емес. Оларды тәрбиелегендер өз
ұлтындағы олқылықтар орнын өзге «ұлы» халықтардың құндылықтарымен толықтыруға
тырысты немесе заман талабының ығына жығылды. Үйренгеннің зияны да, зәрі жоқ,
әрине, бірақ «қатты» үйреніп кеткен кейбір жастар жағының ұлттық ұстыннан
айрылып қалып, «жаһанданып» кетіп жатқан трагедиясы тек бір біздің ғана
басымызда емес.
Қазіргі заман –
ұлттар бәскелестігі заманы. Осыған байланысты әлем жер-шары бетінде әр кезеңде
әр ұлт басымдылық алып отырады. Сол кезеңдерде олардың тілдері де халықаралық
тіл мәртебесіне көтеріледі. Кеңес өкіметі кезеңінде КСРО көлемінде осындай
беделге ие болған неміс тілі бол-са, қазіргі таңда бұл тіл – ағылшын тілі болып
тұр. Осыған байланысты бұл тілді тек қазақтар емес, барлық ұлттың үйреніп-білу
қажеттілгі туындап отыр. Ал ертеңгі күні тағы қай ұлттың тағы қандай
басымдылыққа ие болатыны болашақтың еншісінде. Тіл үйренеміз деп түбірімізден
ажырап қалмау үшін, бүгінгі күні әлем жұртшылығын «аузына қаратып отырған» осы
ағыл-шын халқын Мәлік Ғабдуллин сияқты қазақтардың қалай таңырқатқандарын,
әсте, естен шығармаған абзал.
Белгілі ғалым, Кеңес
Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин 1946 жылы Демократияшыл жастардың Бүкіл дүниежүзілік
федерациясының құрылтай мәжілісіне қатысу үшін Англияға барған сапарында бір
топ ағылшын:
– Сіздер неге
құдай жоқ дейсіздер?! Біздер, ағылшындар, бұған мықтымыз. Ағылшындар дінге
берік! – деп өзеуреп қоймапты.
Сонда Мәкең:
– Сіздер қалайша
өздеріңізге өздеріңіз қарсы шығып тұрсыздар?! – депті.
– Не айтып
тұрсыз?! – дейді ағылшындар.
– «Құдай жоқ»
дегенді бастаған алдымен сіздердің Чарльз Дарвин деген ғалымдарыңыз емес пе
еді? Шамаларыңыз келсе, ең алдымен сол кісімен дауласып көрсеңіздерші! – деген
екен.
Сол кезде
өзеуреген ағылшындардың ауыздарына құм құйылыпты деседі.
Осы орайда,
ағылшындарды таңырқатқан қазақтардың бірі Мәкеңнің ұстазы – Қаныш Сәтбаев
екенін де айта кеткен жөн болар. Ол кісінің өмірбаяны туралы ғаламторлық
уикипедияда былай делінеді: «1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес
парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі
У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп
сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев: «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың
ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік», – деп жауап беріпті. Осы
бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес, жан-дүниесінің, халқын сүйген
жүрегінің де ірі екенін байқауға болады».
«Менің халқым
менен де биік» деп Черчилльді таңырқатқан Қаныш аға туралы және бір «деген
екен» әңгіме бар.
Келесі бір сәтте
Черчилль орнынан тұрып келіп, Қанаңның рөмке көтеруіне демеу лебіз білдіріп,
тағы да бір келеңсіздеу, тосын сұрақ қояды:
– Сәтбаев мырза,
Сіз осы нешінші размерлі бас киім киесіз?
Қанекең сәл
жымиып, еш іркілместен:
– Черчилль
мырза, егер Сіз екеуміз бас киім айырбастасақ, екі жағымыз да өкінбес едік! –
деген екен. Бұл «деген екеннің» астарында терең саяси мән жатқанын бүгінгі
ұрпақ естен шығармау керек.
Төртіншіден,
қазіргі кезде біздің білім саласын «модернизациялап», қыруар ақша шашып,
ғалымдарын шақыртып жүрген шетелдік психолог-педагогтардың қандай «жаңалығы»
бар? Олар айтып жатқан оқытуды демократияландыру, ізгілендіру немесе ОүБ –
формативті бағалау, сын тұрғысынан ойлау технологияларын, т.б. біздің қоғам
қазір естіп, көріп-біліп, тәжірибеге енді енгізіп отыр ма?
Осы тұста тағы
да тілімізге Мәлік Ғабдуллин оралады. Тек Қазақстанның ғана емес, В.А.
Сухомлинский, А.Л.Барто, С.В. Михалковтар-мен бірлесе
отырып КСРО педагогика ғылымдары Академиясын ашудың көшбасында тұрған,
ұлтымыздың ұлы тәрбиешілерінің бірі, алғашқы педагог-академик Мәлік Ғабдуллин
ғибраты туралы қазіргі үйретушілердің «түк» білмейтінін жасыра алмаймыз. «Бәрі
Батыспен» келген сияқты болып көрінетін идеяларды ұлттық ұстаздардың
«әлдеқашаннан» бері пайдаланып келе жатқанын жоққа шығара аламыз ба?
Мәлік
Ғабдуллиннің өміршеңдігі мен ұлылығы сонда – қазір мұғалімдер біліктілігін
арттыру курстарын өткізіп жатқан Кембридждік профессорлар насихаттап жүрген
психолог-педагогтардың идеясын сол Кеңестік кезеңнің өзінде-ақ іс жүзіне асырып
кеткен академик-ғалым. Өйткені олар бүгінгі таңда ұсынып отырған әдіс-тәсілдер
бұрыннан бар, Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында біздің білім саламызда да
қолданылған үрдістер. Мысалы, оқытуды демократияландыруды, яғни мұғалімнің
авторитарлық құқығын оқушылармен теңестіру идеясын «тұңғыш» рет пайдаланбақ боп
жатқан қазіргі жас ұстаздар Мәлік Ғабдуллиннің бүкіл саналы ғұмырында осы
әдіспен жұмыс істеп өткенін есте ұстағаны жөн. Ол өзін лекцияда да, былайғы
өмірде де әркез студенттермен тең дәрежеде ұстап, олардың жан-дүниесі,
тіршілік-болмыстарымен етене танысу үшін жатақханаларды аралап, олардың ішкен
қара шайын сораптай ішіп, қара нанын құмарлана жеп, шахмат ойнап, төсектеріне
«Ойхой, бойдақтардың төсегі-ай!» деп аунай кетуі – осы әдіс. Сонымен бірге
студенттерді бейәдеп қылықтардан сақтандыру – арақ ішу, шылым шегудің орнына
ақыл-ой ұшқырлығын арттыратын шахмат ойынына қызықтыру болған.
Ал ағылшындардың
айтып жүрген «оқытуды ізгілендіру», «мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту»
дегендері – ақыл-есі дұрыс мүгедектерді қоғами ортаға тарта білу қажеттілігі.
Жалпы тарихта қалған қайсыбір ғұлама, оның ішінде есімі әлемге белгілі ұлы
педагог-ұстаздардың бәрі де жер бетіне келген адам деген саналы жаратылысты
ешқашан «жарамды-жарамсыз» деп бөлмейді. Алла тағала әр адамға бір бейімділік,
бір қабілет береді деп есептейді. Ол бір салада көрсете алмаған қарым-қабілетін
екінші бір салада жарқыратып көрсетуі әдбен мүмкін, ол үшін тек педагогтың аса
зор ықпалы, сол адамның бейімін дәл тауып, дұрыс бағыттап, тәрбиелей білгені
қажет деп есептейді. Ал қабілетсіздік пен талантсыздық тек ақыл-есі кем
балаларда ғана болады деп есептейді. Ақыл-есі дұрыс, бірақ мүмкіндігі шектеулі
жарымжан адамдардың өзін қоғамға тарта білсе, олар он екі мүшесі сау
адам-дардан да артық пайда әкелуі мүмкін деп есептейді.
Дәл осындай
теорияны іс жүзіне асыра білген Мәліктің ғажайып педагогтік ұстанымын соғыстан
«мұтарланып» келген Құмаш Нұрғалиевтің «істі» боп кеткелі тұрған жерінен аман
алып қалып, «СССР халық мұғалімі» дәрежесіне жетуінде, болмаса еш жерге оқуға
алмай қойған, екі аяғы бірдей кесілген, бірінші топтағы мүгедек, кейіннен
«Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері», «Аға оқытушы», «Оқытушы
әдіскер» болып шыққан Баймағамбетов Жылкелдіге жасаған қамқорлығынан анық
көреміз. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген халқымыз небір
тентектерді кешіре білген. Осыдан артық қандай ізгілік болуы мүмкін? Ары қарай
итеріп жіберу мен бері қарай тартудың ғаламаттығын, яғни ТӘРБИЕ мен тәрбиелей
білу, тәрбиелене алу үрдісін көрсететін мұндай мысалдар Мәлік Ғабдуллин
өмірінде жетерлік.
Мінекей, біз сөз
етіп отырған отандық академик-педагог Мәлік Ғабдуллин осындай адам болған.
Ізгілік туралы сөз бен іс бірдей қабысып жататын мұндай ғибратты мысалдарды
ұлтымыздың кез-келген тұғырлы тұлғаларының өмірлерінен көптеп кездестіруге
болатындықтан, «шетелдіктер керек болса бізден үйренсін», болмаса, «біздің
олардан қай жеріміз кем» дегіміз келіп тұратын тұстарымыз аз болмайды.
Бесіншіден, ауыл
балаларын тым төмен санайтын педагогтар сияқты, қарапайым «ауыл мұғалімдеріне»
«абыздық» жасап жүрген кейбір «жаттанды» үйретуші-педагогтардың зияткерлік
деңгейлерін байқағанда, «аңқау елге арамза молда» деген мақал есіңізге түседі.
Олардың көздерінде де ауыл мұғалімі – «надан». Ендеше «мұғалімнің мәртебесін
арттыру керек, жалақысын көтеру керек» деген «ұран» қаншалықты орынды? Мұндай
жағдайда «сауатсыз» мұғалімдердің беделі мен ақшасын көтерудің не қажеттілігі
бар?! Ауыл мұғалімінің бұлайша беделінің түсу себебі неде? Оның себебін
жоғарыдағылар ақпараттық-коммуникативтік, педагогикалық және психологиялық
біліктерінің төмендігінде деп есептейді. Алайда, мұғалімге, ең алдымен, пәндік
терең білім керек екендігін олар мүлдем ұмыт қалдырған. Білімі таяз мұғалімнің
білігін арттырмақ болып әуре болып жатқан «модернизация» тағы да кезекті
дағдарысқа ұшырайтынын біле тұра, білгілері келмейтіндер өз пайдаларын ғана
ойлауда. Ал «зиялылық» критерийіне білім-біліктен басқа қосымша көптеген
компоненттер қажет болатынын, әсіресе ойлау категориясының ең биік шыңына
жеткен адам ғана нағыз тұлға болып қалыптаса алатынын қазіргі педагогика
саласын модернизациялап жатқан «реформаторлардың» өздері терең түсіне
бермейді.
Мұғалімнің басты
беделі – терең сауатты пәндік білімде. Бізде бұған дейін мектептердегі білім
пәндік негізде беріліп келді және солай болуға тиіс те. Пәндер гуманитарлық
және жаратылыстану деп бөлінеді. Егер іргелі білім (фундаментальды) болмаса,
жүз жерден білігін арттырғанмен, кез келген маманнан дұрыс мұғалім шықпайды.
Ондайды қазақ «негізінде түк жоқ» дейді. Сондықтан мектепке барған маман, ең
алдымен, білімді болып баруы тиіс. Қазіргі кезде педагогикалық жоғары оқу
орындарында пәндік білім беру жүйесі барынша әлсіреген. Өйткені соңғы жиырма
жылдан астам уақытта жоғары оқу орындарын бітіріп барып мұғалім болғандар, ең
алдымен, біразы өз пәндерін дұрыс игермеген мамандар. Оған, әрине, тестік жүйе
де айтарлықтай әсерін тигізді. Мінекей, осыдан келіп қазіргі қоғамның құлағына
түрпідей тиіп отырған, өздері оқытып, өздері надан санап жүрген «ауыл мұғалімі»
деген «сорақылау» ұғым пайда болып отыр. Сондықтан білім беру саласында
біліктен бұрын ең алдымен, іргелі білім беру мәселелерін дұрыс жолға қою керек
болар еді.
Бізде жоғары оқу
орындары білім береді, ал білік – тәжірибемен келетін дағды. Жас маманға бірден
«білікті» болып бару міндеттелмейді. Білік – ұзақ жылдар бойындағы жұмыс
тәжірибесі арқылы қалыптасады.
Қазіргі кезде
білім беру саласын модернизациялаудан қағажау көріп отырған бір мамандық бар.
Ол – әдіскерлік. Бұл сала – қазіргідей экономикалық тоқырау кезеңінде
мұғалімдер білігін ақысыз-пұлсыз, тәжірибе алмасу арқылы арттыратын бірден-бір
тиімді сала. Сондықтан, оқу бөлімдеріндегі әдістемелік кабинеттердің,
әдіскерлердің, мектептердегі әдістемелік бірлестіктердің жұмыстарын барынша
жандандыру жолдарын қайта қарастыру қажет. Бізде бұл салалар қазіргі кезде
көбіне тек қағазбастылықпен, тек «өтірік отчет» жазумен ғана айналысып отыр. Ең
сорақысы, әдіскерлер мен әдістемелік кабинеттер «төменде» бар да, «жоғарыдағы»
– білім жетілдіретін институттарда жоқ. Неге бұлай? Мектептердегі мұғалімдер
тәжірибесін шыңдайтын бірден-бір мамандар, білім саласындағы жаңалықтардың
жаршысы, жарнамашысы, жанашыры болған әдіскерлерді бұрынғыдай неге бірінші
кезекте оқытпасқа? Жаңашыл әдіс-тәсілдерді осылайша жетілдіріп, сосын олар одан
әрі мұғалімдерге үйрететін үрдіс қазір келмеске кетті.
Қазір отандық
білім саласын қолдасаң да, қарсы болсаң да «таяқтың бір ұшын бассаң, екінші ұшы
өз басыңа сарт ете қалатын» жағдайға жеттік. Біз күрмеуі көп мәселелердің
бірқатарын ғана сөз еттік. Мектеп, оқулық, бағдарлама т.б. толып жатқан жайттар
жеке-жеке талдауды қажет етеді. Бір ғана мектепке қатысты мәселелер – (жоғары
оқу орындарынан бөлек) өз алдына жеке министрлікке жүк болатындай үлкен ауқымды
сала.
«Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің білім теңізінде мақсаты бір, арманы ортақ аса ардақты мамандық иелерінің әрбірі бір бағыт, бір мүдде үшін жұмыла жұмыс істесе, келешекте алынбас қамал болмас еді-ау деген ойдамыз.
Түркістан
ҚР Жазушылар
одағының мүшесі,
Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ