THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақстан Республикасының Конституциясы кемел болашағымыздың кепілдігі
Авторы: Ақиқат
12/05/2017 09:40 0 46965 0
Қазақстан
Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпы ұлттық идея. Ол біздің
ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу
мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет
туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының
осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі.
(Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев, ҚР Президенті)
Қазақстан халқы
осыдан 20 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған
мақсаттарына жету жолында қадам жасап, жана Конституцияны
қабылдады. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30
тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды. 1998 және 2007 жылдары
Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл оқиға сол кезде қазақ халқы
үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен мәні бар жағдай болды. Өйткені, Кеңес
Одағының құрамында жүргенде біздің Республикамыздың Конституциясы Одақтық
Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін. Ал, бұл Қазақстан
дербес мемлекет болып құрылған соң қабылданған, реттелген, бірізділікке
келтірілген Конституция болды. Ол Конституцияның ең бірінші ерекшелігі –
мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы еді. Яғни, заң
шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде емес,
тұтас құрылымдық жүйе қылып қалыптастырып, олардың міндеттері және
жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды. Жасампаздықтың жаңылмас
жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына
айналды. Осы Ата Заңымыз қабылданған сәттен бастап, тәуелсіздік туын
желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың
жаңа сатысына көштік. Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың
нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры берік, туы биік мемлекеттігімізді
орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік. Конституция біздің еліміздің бірлігінің,
тұтастығының белгісі іспеттес болды [1]. Елбасымыз айтып өткендей, Ата Заң –
мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа
Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны
қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси
тұрақтылығын сипаттаған бірден бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа
айналды. Француз ойшылы Шарль Монтень «ең жақсы мемлекеттік құрылым – бұл
халықты тұтас бірлік ретінде сақтай алған құрылым» екенін атап өткен. Негізгі
заң халыққа түсінікті де мағыналы түрде баяндалған. Конституциямызда айтылғандай,
еліміздің ең басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандықтары болып табылады.
Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол,
бір жеңнен бас шығарып, тату-тәтті
өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады. Оның айқын дәлелі,
елімізде қазіргі таңда 140 этнос пен 46 діни қауымдастық келісім мен достықта
өмір сүріп отыруы. Осы негізде басты конституциялық қағидаттар – бейбітшілік
пен тұрақтылық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз
етіледі. Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мемлекеттік институттардың
мызғымастығы. Бұл мақсатқа Конституцияның арқасында қол жеткізілді. Елімізде
халықтың барынша басым қолдауы жағдайында күшті президенттік билік орнықты.
Мемлекеттің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғырту жағдайында
жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік
билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конституциялық қағидаттар
негізінде шешілді. Конституциялық
заңдылықты қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңес маңызды рөл атқарады. Оның
қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухы мен қарпіне сәйкестігінің
сенімді кепілі. Конституция қоғамның демократиялық әлеуеті
өсуінің сенімді негізі болды. Бұл – көп ұлтты халыққа, оның тілдері, діндері
мен мәдени қажеттіліктері туралы қамқорлық. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы
саясатының басты қағидаттарын – теңдестірушілікті, салиқалылықты, достастық
қатынасты, көпвекторлықты орнықтырды. Конституциямыз барлық адамдардың
теңдігін, құқықтарының біркелкілігін қамтамасыз етеді [1]. Соның ішіндегі
ерекше орын балалар құқығына, яғни ювенальды юстицияға тиесілі.
Атам қазақ ерте
кезден «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген екен. Сол себепті біз, яғни
ертеңі мол еліміздің, елім десе елжіреп, халқым десе қасық қанын беретін
азаматтары, ел болашағы жарқын болуы үшін халықтың құқықтары мен тәлімін ең
алдымен жас өскелең ұрпақ – балалардан бастағанымыз жөн. Жастар – кезек
күттірмейтін мәселе. Өйткені оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу мен жағымсыз
әдеттерге бой алдырмауына тыйым салу бүгіннен басталады. Ал, осы міндетті
жеткілікті деңгейде орындамаған жағдайда бұл ахуал ушығып, қоғамымыздың басты
мәселесіне айналуы мүмкін. Сондықтан мамандар қылмысқа бой алдырған
жеткіншектерді дұрыс жолға салып, олардың әлеуметтік қалыптасқан жағдайларын
дер кезінде сараптан өткізіп тұруы тиіс. Алайда, бұл салада кейбір жауапты
тұлғалардың немқұрайлылығы салдарынан жасөспірімдер қараусыз қалып, тәртіп
сақтамау, қылмыскерлерге еліктеу және солардың әдеттерін жұқтырып алып жатады
[2]. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық азаматтарды алаңдатып отырған жағымсыз
құбылыс соңғы жылдары жасөспірімдердің кісі өліміне қатысты қылмыстарының
санының еселеп кетуі. Оның ішінде мектеп қабырғасында білім алып жүрген мектеп
оқушылары кәмелетке толмай жатып, адам қанын мойындарына жүктеп отырған
деректер көптеп кездеседі. Адам өмірінің құнын бағаламайтын жеткіншектердің
ертеңгі күні қандай азамат болып өсетіндігі барлығымызды алаңдататындығы
белгілі. Батыстың киноларындағы мылтық кезеген «батырларына» еліктеген бұзық
жастар қазір аса қатыгездікпен қылмысты көптеп жасауда. Бейбіт күнде қару
асынып, көшеде бейқам жүрген балалардың бассыздығы осы мәселеге жауапты
құзыретті органдардың дәрменсіздігінен және жауапсыздығынан орын алып отырғанын
айтпай кету жөн болмас [3]. Алайда, ерте кездің даналары жайдан жай
«шешілмейтін дау болмас, жеңілмейтін жау болмас» деп айтпаса керек. Бұл
мәселенің де өз шешімі, өз ұшығы бар. Бүгінгі таңдағы оның заңды көрінісі –
ювенальды юстиция.
Ювенальды юстиция
– кәмелет жасқа толмаған азаматтардың ісімен айналысатын заң саласының бір
тармағы (балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, кәмелетке толмағандардың
қылмыстарын қарастырып, сараптама жүргізу) [4]. Қазіргі таңда көптеген батыс
елдерінің сот жүйесінде қолданылады. Балалардың құқығын және заң жүзіндегі
мүдделерін қорғау – бұл Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының негізгі
бағыттарының бірі. Ювенальды юстицияның пайда болу уақыты ерте кезден бастау
алады. ҚР конституциясының бірінші бабында айтылғандай адам мен азаматтырдың
құқықтары мен бостандықтары ең алдымен кәмелетке толмағандарды қамтуы қажет.
Себебі жастар еліміздің болашағы және ертеңге деген үмітіміз. Олардың деңгейі
қандай болса, еліміз де сол деңгейде дамиды. Жас ұрпақ ел мәртебесінің өлшеуіші
іспеттес. Республикамыздың түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси
тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық
патриотизм болып табылады. Соған сай, қазіргі таңда халқымыздың ертеңін ойлап,
елімізді көркейтетін жастарды тәрбиелеу үшін бар мүмкіндіктер жасалып,
мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде қарастырылып отыр.
Данышпан
ата-бабаларымыз «Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл» деп
тектен тек айтпаған. Себебі қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының
дамуы мен тәрбиесі дұрыс арнада, дұрыс бағытта жүргізілмесе сол мемлекеттің
болашағы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан қандай ел болмасын, мемлекеттік
бірінші ұстанатын саяси қағидасы: «ел болашағы – жастардың қолында».
Бұл қағида біздің елімізде де өзінің нақты бейнесін тауып, іс жүзінде жүзеге
асырылуда.
Атап айтсақ,
соңғы кездері елімізде ювенальды юстиция жақсы дамуда. Оған дәлел болатын ҚР
«Балалар құқығы туралы» заңы, түрлі нормативтік құқықтық актілерді қабылдау,
халықаралық «Қазақстандағы ювенальды юстиция» жобасын іске асыру. Алайда,
Қазақстан республикасындағы заңның бұл жүйесі қарқынды даму жолына енді ғана
түсті. Ювенальдық юстицияның қалыптасуының алғышарттарының негізгілері: заңды
әсер етудің айқын концепциясы, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру,
институционалдық базаны қалыптастыру, мамандарды кәсіптік даярлау мен деңгейін
көтеру жүйесі. Ювенальды юстицияның нормативті және институционалды базасының
өзекті сұрақтары Қазақстан Республикасының президенті бұйрығы бойынша
қабылданған құқықтық саясат концепциясында көрініс тапқан. Мемлекеттегі сот
жүйесін дамытудың перспективті бағыттарының бірі – ювенальды соттар.
Әрине, арнайы сот ювенальды юстиция жүйесіндегі маңызды бөлімдердің негізгісі
болып табылуы тиіс және ҚР конституциясында баяндалғандай: ҚР сот билігі
конституция негізінде пайда болған барлық істер мен дауларға, заңдар мен
нормативтік актілерге, халықаралық келісімді реттеп, оларға әсер етеді.
Көптеген заңнамалар қабылданғанымен, олқылықтар мен кемшіліктер әлі де болса да
бар. Атап айтсам, қазіргі кезде кәмелетке толмағандардың сот ісін жүргізуде
педагог пен психолог қызмет атқарады. Алайда, оның міндеті кәмелетке толмаған
азамат немесе адамның құқығы мен бас бостандығын қорғау емес, қылмыстық сот
ісін жүргізетін органның мүддесін қорғау болып табылады. Яғни бұл жағдайда
жасөспірім ешқандай моральдық, психологиялық қолдаусыз қалады. Ал бұл өз
кезегінде жас жеткіншектің ішкі жан дүниесіне орны толмайтын із қалдыру арқылы,
оның болашағына балта шабады [5].
Сонымен қатар
Қазақстандағы ювенальды юстицияны қалыптастырудағы тағы бір кемшілік –
кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын арнайы әлеуметтік қызметкерлердің
болмауы. Бүгінгі таңда аталған жүйе көптеген дамыған мемлекеттерде қолданылады.
Қызметтің негізгі жұмысы: құқық бұзушылық жасаған жасөспірім туралы негізгі
мағлұматтарды жинау, жасөспірім және оның отбасымен танысу, әлеуметтік жағдайын
ескеру, психологиялық жағдайын тексеріп, керек болған жағдайда психолог
көмегіне жүгіну.
Жасөспірімдер
туралы мәселенің тағы бірі – кәмелетке толмаған, қоғамға қауіпті қылмыс
жасаған, қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген адамдар мен азаматтарға
қазіргі кезде процессуалдық емес жүйе бойынша қылмыстық іс жүргізіледі. Мұның
салдарында кәмелетке толмаған қылмыскер, жасөспірім құқық бұзушыға қарағанда
мемлекет тұрғысынан жақсы қорғалған. Менің ойымша, бұл жерде «Ерекше жағдайлар»
қатарында ҚПК (қылмыстық процессуалдық кодекс) жеке бөліміне «кәмелетке
толмағандардың қоғамға қауіпті әрекет жасаған жағдайларын қарау, ерекшеліктерін
ескеру» сияқты бөлім енгізген жөн деп санаймын. Аталған бөлімде сотқа дейінгі
материалдарды даярлаудан бастап, сот қарауындағы материалдардың да
ерекшеліктерін ескеру қажет [6].
Сонымен қатар,
қазіргі таңдағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылығының бір
себебі – балалар үйінде тәрбие алған азаматтардың психологиялық, моральдық және
материалдық жағдайдан қарастырғанда да өмір талабына сай болмауы. 1989 жылы 20
қарашада қабылданған «Балалар құқығы туралы халықаралық конвенциясының»
преамбуласында баяндалғандай, отбасы баланың жақсы тәрбие алып, жан-жақты
дамуына негізгі септігін тигізетін қоғамдық ұяшық немесе механизм болып
табылады. Конвенцияға сай әр бала отбасы атмосферасындағы ата-ана қамқорлығы
мен махаббатын сезініп, олар тарапынан түсінушілікке ие бола отырып өсуі қажет.
Тек сол жағдайда ғана еліне елеулі, халқына қалаулы азамат ержететіндігіне
кепілдік болады. Ал, қазіргі кездегі еліміздің жағдайын алып қарайтын болсақ,
балалар үйінің саны өте көп. Олардың көптеп пайда болуының негізгі бірнеше
себептерін атап айтуға болады [5].
Басты
себептерінің бірі, халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы. Көптеген
ата-аналар балаларын тиісті деңгейде материалдық жағынан қамтамасыз ете
алмағандықтан ата-ана құқығынан айырылып жатады. Сондықтан статистика бойынша
63 пайыз балалар үйінің тәрбиеленушілері әке шешесі бола тұра, тірі жетім
атануда.
Жоғарыда аталған
«Балалар құқығы туралы конвенциясының» 7 бабында, әрбір бала бар мүмкіндігінше
өз ата анасын білуге және олардың тарапынан қамқорлыққа ие болуға құқығы бар
делінген. Яғни балалар үйіндегі кез келген бала ата-анасынан қамқорлық немесе
материалдық қамтамасыз етуді талап ете алады. Сол жағдайда баланың заңды
мүддесін тиісті заң органы қамтамасыз етуі тиіс, ал бұл біздің елімізде әлі
дұрыс жолға қойылып, дамыған жоқ [5].
Қорыта айтсақ,
қазіргі кездегі мемлекетімізде жүргізіліп отырған саясат және Ата Заңымыз
өзінің фундаментальдылығы мен нақтылығын әбден дәлелдеді. Алайда соның өзінде
кез келген заңнама уақыт талабына сай өзгертулер мен жаңартуларға мәжбүр. Сол
себепті, біздің заңнамамыз да заман ағымына сай жаңарып, өзгеріп отыруы тиіс.
Ол мақсатта еліміздің заңнамасына көптеген өзгерістер мен жаңартулар
енгізілуде. Ең бастысы, аталған жаңартулар мен өзгерістердің барлығы халықтың
әл-ауқаты мен әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын жақсартып, оңалтуға
арналған. Менің пікірімше, Қазақстан Республикасындағы балаларды қорғау
конвенциясы ювенальдық юстицияға өтудің сатылы жүйесінің негізін құрайды. Оның
ең бірінші баспалдағы болып табылатыны – Қазақстан Республикасының
Конституциясы. А. Наурызова, юстиция
ғылымының кандидаты
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. ҚР Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған Халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі. 27.08.10 ж
2. «Заң және
заман» ғылыми-құқықтық журналы, № 3 (112) наурыз 2010 ж, 30 б.
3. «Закон и
время» научно-познавательный журнал, № 1 (110), январь2010 г, 23 стр.
4.Судебно-правовая
реформа: Ювенальная юстиция.
5. 1989 жылы 20
қарашада қабылданған «Балалар құқығы туралы халықаралық конвенция».
6. Қазақстан Республикасының қылмыстық процессуалдық кодекс.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ