КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Осы күні қазақтың бұрын қандай халық болғаны жөнінде сыңаржақ пікір көп. Яғни біздің қоғамтанушы, саясаткер немесе кейбір «тарихшысымақтарымыздың» өздері қазақтың өткен тарихын білмей, бүгінгі ұрпақпен салыстыра отырып, салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін кетіріп, былжырақ пікірлер айтады. Мәселен, байларымызды - ақымақ, молдамызды - дүмше, халқымызды - надан, қараңғы етуге құмар. Өйткені мұндай көзқарас кешегі кеңестік қоғамнан қалған орыстың көзімен, қолымен жазылған ескі, қасаң дүниелер. Орыс орман, тоғайды кезіп жүретін жабайы кезінде Қазақ халқы Отырардай ғылым мен мәдениеттің қаласын салып, Әл-Фарабидей аты әлемге әйгілі ғалым шыққан дана жұрт еді ғой. Өкінішке қарай, біздің сол озықтығымыз көп қасірет шектірді.
Несін жасырайық, тәуелсіздік алғаннан кейін де оңалғанымыз шамалы, яғни отарсыздану (деколонизация) үдерісі әлі жүргізілген жоқ. Қайта бас-басымызға би болып, отарлаушы ел сіңірген «будан» санамен күн кештік.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегеннің кері шығар, рухымызды орыстың идеологиясы меңдеп алған соң, өзге жұрттан өзімізді қор санап, құлдық психологиядан арыла алмай келе жатырмыз. Соның кесірінен байлығымызды, билігімізді жат биледі. Қазақтың рухына пайда келтіретін еш дүние жасаған жоқпыз. Киномыз өзімізді қорлады, әдебиетіміз қазақты мазақ қылды. Содан ғой, Бораттардың боғауызданып, қазақты әлемге масқара етіп жүргені.
Қазақтың қасіретті ғасырлардан осы күнге дейінгі текті, рухты, саналы халық ретінде жоғалмай, жойылмай келген себебі, бір жағынан, рулық құрылымнан шығар. Күмәнді емес, нақты тұжырым. Өйткені қазақ ықылым заманнан бері жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспейтін дана дәстүр ұстанды. Соның арқасында қанымыз таза, тегіміз мықты, рухымыз биік ұлт болып сақталдық.
Әлемде 2500-ге жуық ұлт бар десек, Кеңес Одағы кезінде соның ішінен 93 ұлт мүлде жойылып, тарихтың түпсіз қатпарына сіңіп кетті. Қазақты сақтап қалған - осы рулық жүйе. Әлемдегі осы модель тек қазақ халқында ғана сақталған. Бірақ, біз қолда бар алтынның қадіріне жетпей отырмыз. Арғы тарихтарымызда біз рулық құрылымымыздан ешқашан зиян тартқан емеспіз. Мұны кейін зерттеп білген патшалық Ресей бізді сол тұсымыздан ұстады. Яғни ру мен рудың арасына от жағып, жымысқы саясат, түрлі айла-тәсіл қолданып, құтымызды қашырды. Елдігіміздің еңсесін түсіріп, арасына сына қақты. Кейін келе, руды айтудың өзі «ауру» адамның сөзіне айналатын болды.
Осы күні «жаңа қазақтардың» өзі ру туралы әңгіме қозғалса, соны айтқан адамдарды мешеу, надан кісідей сезінеді. Ал ол заманда, яғни қиянат жасалудан бұрын, ру - паспортымыз болған. Бабаларымыз бес жүз жылдық шежіресін жатқа білетін болған. Қазіргі есеппен айтқанда, бұл - жеті атасын білген адам бір жүз елу жыл шамасындағы ата-баба тарихын біледі деген сөз. Сөзім жанды болуы үшін мынадай мысал айта кетейін. Әңгіме жоңғар мен қазақ арасы шиеленісіп тұрған сонау өткен ғасырларда болыпты. Қазақтың шежіреге жүйрік ақсақалдары ел ішіне кірген қалмақтың тыңшысын анықтау үшін, одан «руың кім, жеті атаңды айтып берші», - деп қолқа салатын болған. Сонда шежіре қумайтын қалмақтың тыңшысы сүрінеді екен.
Ру дегеніміз - атам, бабам, тегім. Сондай-ақ менің мақтанышым. Ру, анығында, отбасының және ағайын-туыстың арасындағы әңгіме. Алайда мұның бәрінен ұлттық мүдде жоғары болуы керек. Есті ел боламыз десек, ұлттық мүдде жолында бәрі құрбан болуға тиіс. Халқымыз мұны «көппен көрген ұлы той» деген сөзбен де қастерлеген емес пе. Бірақ, осы күні аталған мақалымыздың өңі өзгерген сияқты. Өйткені билігі былыққан, сыбайласқан жемқорлықтың дерті дендеп, әділетсіздіктің уыты жайылып тұрған қоғамда мұндай мақал айту қисынсыз.
Қазақ ежелден «Айтылған сөз - атылған оқ» деп, бір ауыз сөзге тоқтап, содыры мен сотқарын би-шешеннің шешіміне сүйеніп жөнге салған жұрт емес пе. Оны аңызға бергісіз ел ішінде айтылып жүретін әңгімелерден білеміз. Қазіргі Ата Заңның өзі шеше алмайтын қиыс мәселелердің өзін кезінде тура билер әділ шешкен. Содан ғой, «Тура биде туған жоқ» деген тәмсілдің қалуы. Жасыратыны жоқ, бүгінгі заң - кешегі дала заңына қарама-қайшы. Қарап отырсаңыз, екі күннің бірінде ағайын - туғанын, қатыны - еркегін сотқа сүйреп жатады.
Бабалар жеті атасын білмегенді «жетесіз» немесе «жеті атасын білмеген - жетімдіктің белгісі», сондай-ақ «тексіз» деген сияқты ауыр сөздермен сынаған. Әрине, айтар ауызға қиын бол¬мағанымен, текті, арлы адамның естір құлағына бұдан артық ауыр сөз бола ма? Ал бабаларымыз «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген тәрбимен ұрпақ өсірген.
Қазақ өз тегін ғана емес, мыңдаған жылдар бұрын астындағы аты мен жетегіндегі тазы итінің тұқымын, қорасындағы төрт түлік малын да асылдандырған. Ал біздің бабаларымыздың жүздеген, тіпті мың жылдар бұрын меңгерген іліміне еуропалықтар ХVІІІ ғасырда әрең қол жеткізді. Яғни, олар бізден бірнеше ғасырдан кейін селекцияны таптық деп, мәз болды. Мәселен, Алфред Вебердің айтқанындай, ғалымдар өркениеттің Батысқа көшпенділерден тарағанын мойындай бастады. Халқымыз атаның ұрығы, ананың сүтімен келетін қасиет деп осы «текті» меңзеген болатын. Мақал-мәтелдерімізде де «тек» туралы көп айтылады. Мысалы, «Жігіттің жақсысы –нағашыдан, ...» немесе «Күң қазса, тегіне тартады» деген сияқты...
Бізге «жүз» атауы біреуді көтермелеп, немесе біреуді төмендету емес екенін түсінетін уақыт жетті. Миына ұлттық мүдде кіріп-шықпайтын, санасы төмен адам ғана жүз бен руға бөлініп, ішінен іриді. Немесе ұлттан әдірам қалған адам қазақтың руы мен жүзін түсінбейді.
Дей тұрғанмен қазақты қазақ еткен руды айтпау немесе жүзді сөз етуді жүндеудің тағы да реті жоқ. Ру - қазақы паспорт. Ендеше, қазаққа айтылған әрбір қыңыр сөз үшін қасық қанымыз қалғанша шашақты найза болмаса да, қыл қалам ұстауға дайынбыз.
Әрбір қазақ азаматының істеген ісі, еткен жақсылығы, сіңірген еңбегі елдің бірлігіне, мемлекетіміздің болашағына, халықтың рухына, өзінің кім екенін танып-білуіне қызмет етуге немесе бағытталуға тиіс. Әлемді жалмап келе жатқан жаһанданудан ұлтымыз жойылып кетпеуі үшін, салт-дәстүріміз берік, ру-тайпалық құрылымымыз іргелі болуы керек. Бізге ол үшін ең алдымен өзіміздің ру-тегімізді біліп, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын, керек болса ұлт үшін жанын құрбан ететін ұлтшыл ұрпақ тәрбиелейтін дәстүрлі жол қажет. Ұрпақ тәрбиесі осы бағытқа бұрылып, ұлысты қазақ, рухты жұрт болайық!

Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ,
ҚР мәдениет қайраткері, 
«Алаш» тарихи зерттеу орталығының президенті
BAQ.KZ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208324 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195101 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150855 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика