THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Қаршыға» атанған қазақ балуан кім еді?
Авторы: Моңғолиядан Болатбек Баянханұлы
23/06/2017 09:25 0 43488 1
Моңғолияның Баян Өлгей аймағына сапарға шыққанымызда әйгілі балуан Бақыт Одынайұлына жолықсақ деп жоспарлаған едік – дейді журналист Болатбек Баянханұлы. Жолымыз болып, шалқар күш иесін жұмыс орынан таптық. Күрестің арқасында дүние жүзін аралап, мұхит асып Америкаға барып белдесіп әлем кубогының қола медальын жеңіп алған тұңғыш қазақ осы кісі. Аса ауыр салмақта айқасқанның бәрін жығып атағы алысқа кеткен алып күш иесі. Ендеше атажұрттан жырақта жүріп, қазақты танытқан қайсар ұлдың кешегісі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы толыққанды оқи отырыңыз.
Бақыт Одынайұлының туған жері өр Алтайдың бастау алар жері Бес Боғданың баурайындағы Цэнгэл деген көрікті мекен. Ақсу өзенінің жағасында балалық шағы өтті. Көзкөргендер әкесі Одынай Ысқақұлы да еңселі, ерен күш иесі еді дейді. Бірақ күреспен айналыспапты. Зобалаң жылдары жалған жаламен абақтыға қамалып, одан ақталып шыққан соң елге келіпті. Балуанның анасы Күнішай ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында қызмет еткен. Ол кісілер төрт перзент сүйіпті. Үш қыздың ортасында өскен Бақыт 2-класта оқып жүргенде мектепте күрес үйірмесі ашылады. Әуелі балалық қызығушылықпен үйірмеге жазылған оған анасы моңғолдың балуандары киетін арнайы ұлттық киім тіккізіп береді. Сірә жалғыз ұлының болашақта үлкен балуан боларын ана жүрегі сезген болса керек.
«Менің арманым осы күрес болды. Мына моңғолдар дегенің балуанды ерекше сыйлайтын халық қой. Кез-келген той балуандарсыз өтпейді. Бір бала туатын болса да балуан болсын деп бата береді. Соның барлығын қадір тұтып, балуандарды құдырет тұтып жүреді. Хобда өзенінде ағаларыммен бірге сал айдадым. Ағаш буып, біздің жас кезімізде машина, техника ондай нәрселер көп болмады ғой. Олардың қызмет істейтіндері үлкен Хобда өзенінен сал айдап соларға көмегімді көрсететінмін. Аттарын айдадым, салдың үстінде ағаш тарттым. Таулардан атпен ағаш сүйреп түстік. Оны мына үлкен өзенге әкеп, байлап аймақтарға жеткізіп жүрдік. Осындай үлкен еңбек етіп, сол ағаларыма көмектесіп жүргеннен маған белгісіз күш-қайрат біткені еңбектің арқасы деп ойлаймын», - дейді Бақыт Одынайұлы.
Әкеден жалғыз еді, бірақ жалғызбын деп еркелемеді. Еңбекке ерте араласты. Жазғы демалысында Сырғалыдан ағаш дайындайтын салшыларға көмектеседі. Дегенмен Бақаң күресті кеш бастады. Арық, бойшаң жігіт әуелі волейболмен айналысады. Он жылдықты бітіріп Моңғолия астанасы Улаанбаторға оқуға барғанда да сол доптың қызығымен жүреді. Нәтижесіз де болған жоқ. 1973 жылы жастар арасындағы республикалық біріншілікте командасы жүлделі үшінші орынға ие болып алғашқы медалін алады. Осылайша волейбол ойнап жүрген жігіт бірақ күнде балуандардың арасына қалай түскенін өзі де білмей қалады. Күш-қайраты тасыған, шымыр, денелі жігіт жаттықтырушылардың көзіне түскен еді. Ол кезде жасы жиырмада болатын. «Сол 74-жылдары мен техникумда оқып жүргенде Еркін күрестен Ұлан-Баторда үлкен жарыс болды. Барлық мектеп бойынша сынға түскендер арасынан мен 82 келі салмақ дәрежесінде алдыма жан салмадым. Онда мықты деген балуандарды жығыппын. Ол уақытта кімнің мықты, кімнің нашар екенін білмейтінмін. Тек күресу ғана ойда болғандықтан мықтылары, нашарлары ғана емес бәрін жығып сонымен бірінші орынды алып, біраз жаттықтырушылардың көзіне түскенмін ғой. Сонда Ұлан-Батордағы күресті білетіндер сен мынау доп ойнағаныңнан күреске барғаның артық, сені табысқа кенелтетін спорт болса ол осы күрес деді. Ойлана келе мен осы жолды таңдадым» деді балуан.
Осы жарыстан соң Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында өткен «Олимпиада үміттері» атты халықаралық жарысқа қатысып, бірінші орын алады. Бұл балуандық өнердегі бірінші медалі еді. Келесі жылы тағы да жастар арасында чемпион атанады. Осылай оның күрестегі күндері басталды. 1976 жылы ересектер құрамына өтеді. Ол кезде 82 келі салмақта белдесіп жүрген бозбала арада 4 жыл өткенде аса ауыр салмақтағы Моңғолияның нөмірі бірінші дәрежелі балуаны атанады. Бұл атақ оңайлықпен келген жоқ. Моңғолияда еркін күрес ерекше дамыған. Бір ғана мысал, 1968 жылғы Мехикода өткен олимпиадада моңғол құрамасы дәл осы еркін күрестен 1 күміс 2 қола медаль жеңіп алған. Әлемде мықты елдердің бірі ретінде саналды. Сондай балуандары бар моңғолдардың арасынан қазақ баласы Бақыттың оза шауып 1980 жылы Мәскеуде өткен Жазғы Олимпиадаға қатысуы да үлкен жетістік еді. Олимпиада тарихында күрес түрінен қатысқан үш қазақ бар. Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Бақыт Однайұлы. Алғашқы екеуі алаштың абройын асырып олимпиада чемпионы атанды, ал аса ауыр салмақта күрескен Бақыт Однайұлы 5 орынды қанағат етті. Әлемнің 33 елінен келген ең мықты деген 151 балуанның арасынан 5 орын алу дегеніміз үлкен жетістік екені айтпаса да түсінікті. «Мәскеу олимпиадасында өзімнің салмағымда 5 рет күрестім. Олимпиада чемпионы Сослан Андиеевтан жеңілдім. Екінші орын алған Венгрияның Балла деген үлкен балуаны болды, Сондурский деген Польшаның балуаны болды, Африкадан Сенегалдың балуаны, Германның балуандары мықты болды. Ол кезде қазіргідей емес 9 минут күресетін ереже еді ғой.
Бұл жарыста Бақыттың жолын кескен осетин жігіті Сослан Андиев Олимпияданың 2, әлем чемпионатының 5 рет жеңімпазы болатын. Мәскеу Олимпиадасында алғашқы бестіктен көрінген Бақыт Одынайұлының есімі еркін күресте аса ауыр салмақта белдескен тұңғыш қазақ ретінде тарихқа жазылды. 1981 жыл. Америка Құрама Штаттарының Толидо қаласында әлем кубогы жолындағы бәсеке. Бұл жарысқа әр құрлықтағы үздік командалар қатысатын. Азия құрлығы атынан моңғол балуандары барады. Аса ауыр салмақта Бақыт Одынайұлы. Жекелей күресуден қола медаль алады. Ал командалық жарыста Моңғол құрамасын жеңілістен Бақыт балуан құтқарып қалады. Осы еңбегін елі бағалап, «Алтын Жұлдыз» орденімен марапаттайды. Әлем кубогынан медаль алған тұңғыш қазақ арада 5 жыл өткенде әлем чемпионатына қатысады. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейде өзге елде, бөтен жерде жүргенің де әсер етеді. Ірі жарыстарға барар сәтте тізімнен сызылып қалған сәттері де болды. Амал қанша, бәріне көнуге тура келеді. «Талай жылап та қалдық, талай жылатты, қорлық-зомбылықтардың бәрін көресің ғой. Ол күрес, өмір болғаннан кейін оның бәрін көрмедік, білмедік деп айтуға болмайды. Олардың бәрін баяндай беру өзі бір ерсі секілді. Өмір оның бәрін көрсеткеннен кейін көрдік, жүрдік, білдік, ұқтық, енді оның бәрін қиындық ретінде айту қазір маған жақсы емес деп ойлаймын деп бір күрсінді Бақыт аға.
Қайда жүрсемде қазақтарды іздеп жүретін едім дейді. 81 жылы Грузия астанасы Тбилисиде өткен жарысқа барғанда Сұлтан Қожықовпен жолығады. Атақты режиссері «Өзге елде де өзіңдей апайтөс азамат бар екен ғой» деп құшағына қысыпты. Ал қазақтың тағы бір балуаны Әбілсейіт Айхановпен де шетте жүріп танысады. Әлі күнге ағалы-інілі жандардай араласып тұрады. Моңғол жұрты күресті ерекше сыйлайтын балуандарды ханнан артық қадір тұтатын халық. Күшті, батыл, батыр жігіттерді олар пір тұтады. “Балуан адам үйге келсе рух көтеріледі”,– деп ырымдайды. Дүниеге жаңа келген нәрестеге балуан бол деп бата беретін, кішкентайынан белдесуге тәрбиелейтін моңғол жұрты ұлттық күресін ұлықтап, жеңімпаздарын ұлт бытыры деп таниды. Осындай елдің, осындай халықтың арасында жүріп даңқ тұғырына көтерілу де оңай емес. «Бақаңды жарысқа жіберудің өзі біз үшін ең үлкен сынақ. Балуанды болдыру дегенде жанұясының әсері зор болады. Бақаңды жарысқа жіберу үшін дайындықты күшті жасаймыз. Ол кісінің табысқа жетуіне бірінші тыныштық, екінші жанұясының ол кісіге деген қамқорлығы, үшінші ұйқы. Ұйқысы тәтті болуы керек», – дейді балуанның жары Күлтай Шайзадақызы. Моңғолияда балуандық бәсеке – күрес өнері қай кезде де ерекше сипатқа ие. Моңғол күресінің бір ерекшелігіш Шынтақ, тізе жерге тисе болды жеңілді деп есептелінеді. Жыл сайын өткізілетін Надам мерекесінде елдің түкпір түкпірінен жиналған балуандар бақ сынайды. 500-ден аса балуан белдесетін осынау бәсекеде Бақыттың да талай рет бағы жаңған. Жас айбатты, құрыш қайратты «мемлекеттік лашын» атағына қол жеткізіп ол атағын төрт мәрте қорғап қалу да үлкен ерлік. Бақыт аға қазір моңғол еліне еңбегі сіңген спортшы. Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, ал моңғолдың ұлттық күресінен мемлекеттік «қаршыға» дәрежелі балуан. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына арнайы ұйымдастырылған жарыста 2-орынды еншілеген. Сол жолы «Қазақстанның спорт шебері» атағы берілді. Бүгінде туған жері Баян-Өлгей аймағында қызмет етеді. Ауылдастары елге кел, соңыннан ерер, ізінді жалғар балуан тәрбиеле деген өтініштерін құп көріп туған жерге оралған. 1999 жылы мерей тойын қалың елі атап өтті. Балуандар білек күшін, ерен қайратын дәлелдеу үшін жұрт көзінше ауыр тас көтеретін дәстүр болған. Балуан Бақыттың көтерген тасы Ұзынкөйтен жайлауында тұр. Салмағы 400 келіге тартатын бұл тас ертеңгі ұрпақ алып күш иесін еске алып жүрер ескерткіш болып мәңгі қалады. Аймақтағы барлық ірі жарыстар осында өтеді. 2002 жылы қазақ күресінен азия чемпионаты да осы сарайда ұйымдастырылған. Алтай бетіндегі аз қазаққа, бауыр жұртыма жасаған сыйым осы болды дейді балуан. Жары Күлтаймен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Бекжан әлі алар асуым алда дейді. Немерелер күреспен айналысам десе қой демеймін. Қолдауға дайынмын. Ал қос қызығым Айжаным мен Нұржаным жақсы білім алып, менің атымды шығарды. Әкеге одан асқан бақыт барма дейді Бақыт балуан. Бақыт Одынайұлы спорттық ғұмырында 80-ге жуық медальға ие болыпты. Еркін күрестен Моңғолия Мемлекеттік чемпионаттарында 4 рет алтын, 10 рет күміс, 4 рет қола медаль алған. «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Қазақстанның спорт шебері». 2006 жылы Моңғолия қазақтарынан тұңғыш рет «Моңғолияға Еңбек сіңірген спорт қайраткері», 2008 жылы «Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері» атағы берілді. Мұның бәрі де 40 жыл бойы тер төгіп өмірін палуандық жолға арнап, жеткен ұлы жетістіктердің жемісі деп білеміз.
Суретте автор палуанмен бірге
Арнайы Вaq.kz сайты үшін
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ