КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Біздің асқармамызға әр жақтан хаттар келеді: «Қай нормамен жер алғанымыз жағымды?» - деп. «Біреулеріміз, көшпелі норма көп болған соң, мұны алғанымызды жа-ғымды көреміз, екіншілеріміз, отырықшы норма түпкілікті дегенге, оны алғанымызды қолайлаймыз. Соңғыларымыздың сөзін переселен чиновниктері де қуаттайды», - деген хаттар көптен-ақ келіп жатыр. Бірақ біз жер сөзін ашып айтарлық қолайлы мезгілге қаратып жүр едік. Бұл мәселе турасында қазақтың білемін деген адамдарының пікірлері екіге бөлінуші еді. Бірі отырықшы норманы ұнатушы еді. «Отырықшы нормамен де болса жер алып қалғанымыз дұрыс, жақсы жерді алып кетіп, жаман жерге қамалып қаламыз» деген пікір. Бұл пікірді ұнатушылар жұртқа басшы болу үшін әуелі өздері отырықшы норманы қабыл етіп, жер алды. Жұрт тоғытатын қой сықылды. Серкесі суға түссе, топырлап борі тоғытқа түседі. Атақты, біледі деп жүрген адамдар алып жатқан соң, ол білмей алып жатқан жоқ шығар деп, отырықшы норма сұраушы қазақтар көбейді. Сол жылы-ақ, переселен правлениесінің хабарына қарағанда, отырықшы нормамен жер сұраушы қазақтар саны Торғай мен Орал облыстарында 16 мың 441 үйге толып қалған. Оның 11 мың 490 үйі Орал қазақтары. Осы пікірді қазақтың орысша, мұсылманша оқыған жастарының көбі қуаттайды. Бұлар қуаттағанда, көбінесе шаруадан бөтен жағын ойлап қуаттады, мысалы, қазақ отырықшы нормамен жер алып, қала салып отырса, қазақ арасына ғылым, өнер таралуына жақсы болады деген ой. Бұл пікірдің дұрыс-бұрысы тағы бірде айтылар, енді екінші пікірге түселік.
Екінші пікір: «Қазақ отырықшы нормамен күн көре алмайды», - дейді. «Қазақтың жеріне келіп, Мұжықтар күн көре алмай, көбіне патшалықтың асырауымен ғана жан сақтап отыр. Қазақ жерінде отырықшы норманы алу керек, нағыз жері жақсы қазақтар - я жерді арықпен суаратын қазақтар, я әман патшалықтан асырар деп дәме қылған қазақтар. Ондай жері жоқ қазақтар я олай дәмелі болмайтын қазақтар отырықшы нормамен күн көре алмайды. Онымен жер алдым деп жаманатты болғанша, отырған жақсы», - дейді. Бұл пікірді қуаттаушы-иіф айтушы еді: «Отырықшы норма - қазақ сонымен күн көреді деп көзі жеткендіктен шығарған норма емес, қазақтың жерін көбірек алу үшін шығарған һәм көбірек алғанда, қазақтың ризалығымен алдық деп көрсету үшін шығарған норма, - деп. Осы екі пікірдің бастапқысын көбі, соңғысын наразылықпен айтатынға санаңқырайтын еді. Сәкен 11-ші июльде Думада айтылған сөздерден мағлұм алды: қай пікірдің дұрыс-бұрысы. Депутаттар қазақ жерлері жолсыз алынып жатыр дегенде, переселен правлениесінің бастығы Глинка қазақ жерін жолмен алып қандығын көрсетуге отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандарын жасырмай, ашып айтып берді. Ол айтты: «Біздің қазақ турасында істеп отырған ісіміз жолы біздің жолымыз екеу-ақ. Бірі - қазақтан артық жер, екіншісі - қазаққа тиісті жер беріп, орналастыру. Қазақтың артық жерін алып жатырмыз - артық жерді береді деген закон бойынша, қазаққа жер беріп, орналастырып жатырмыз - өздерінің тілегі бойынша. Қазаққа отырған жолсыздық емес, әдісіміз бар - қазаққа тиісті беріп, орналастыру турасында Думаға закон жобасын бермей тұрғанымыздың мәнісі мынау: көшпелі қалпында беріп, орналастырсақ, қазаққа көп жер тиеді. Артығырлық жер аз болмақшы. Оны Дума арқылы законмен кіріп, қазаққа берген соң, ала алмаймыз. Қазақ жері халықтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге жерді көбірек алу үшін, біз әдіс істеп отырмыз. Біз Министрлер ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге келтіруге қайырмалап едік, топ-тобымен  топырлап түсіп отыр. Ол істеген ебіміз мынау еді: қазаққа отырықшы жиылып, жер алуға риза болсаңдар, сендерге де мұжықпен катар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз-ақ мұң екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік...» Міне, переселен управлениесінің министрден соңғы айтқан сөзі. Бұл құпиялап ғана досына айтқан сөзі емес , Государственный Думада күллі депутаттардың алдында айтқан сөзі. Мұның айтқанын ылғи қтірік деп айта алмаймыз.
Жоғарыдағы сөздің қорытқандағы қысқасы мынау: переселен управлениесі қазақ жерін жолмен алып жатқан болады. Артық жерді алсын деген закон бар. Қазақтан жер көп алынып жатқаны - ол қазақтың өзінің тілегі бойынша болып жатыр. Қазақтан отырықшы нормамен жер алушы неғұрлым көбірек болса, солғұрлым жер көбірек артылмақшы һәм переселендерге көбірек алынбақшы.
Отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын, отырықшы нормамен қазақтар жер алғанын переселен чиновниктері не үшін қуаттайтындығын қазақтарға түсіну енді қиын болмас шығар. «Тісі шыққан балға шайнап берген ас болмас» деген. Тісі шыққан адамдарға айтылып отырған сөз ғой. Переселен чиновниктері - алушы, қазақтар - беруші. Алушыға көп алғаны жағымды, берушіге аз бергені жағымды. Қазақ әуелден осыны ойлау керек еді. Олар өзіне жағымды жағын көздегенде, қазақтар да өзіне жа-ғымды жағын көздеуі тиіс. Құр пәленше пәлен етіп жатыр деген дақпыртқа жүгірмей, істің түбінен ойлау керек. Көшпелі һәм отырықшы норма турасында біздің естіген, білгеніміз осы. Ендігісін өздерің білесіңдер. Отырықшы нормамен күн көрерлік болсын, болмасын, отандас орыстарымызға қарасалық десеңдер, отырықшы нормамен алып, жерлеріңді орысқа көбірек қалдырыңдар. Жоқ, оны алып күн көре алмаспыз десеңдер, көшпелі нормасын алыңдар. Берушіге бес көп, алушыға алты да аз.
Жағымдысын ойлаңдар.  Біздің мұнан соңғы айтатынымыз: қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін қылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер. 
Екінші, қазақтың байлары, күштілері! Жарлы-жақыбай, нашарларыңды жермен теңгеріңдер. Бір асауға да болса құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады. 
Үшінші, алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

1913 ж.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



23/06/2017 17:20

Қазақ өкпесі
0 55215 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика