THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Оқушылар қазақ тілінің орнына география пәнін оқи ма, Сағадиев мырза!
Авторы: Айман Сағидулла
07/08/2017 14:07 0 55572 0
Елімізде білім саласына бағытталған «2016-2019 жылдарға арналған жаңартылған бағдарлама» енгізіліп жатыр. Бұл бағдарламаның қазақ ұлтына жасаған ең бірінші соққысы үш тілділік болды. Былтырғы жылы бағдарламаның алғашқы құрбандары 1-сыныпқа барып төл әліппесін таппай қалды. Бұл масқараның тоқтайтын күні бар ма?
2017-2018 жаңа оқу жылынан бастап 5-7-сыныптарға жаңа бағдарлама енгізілгелі жатыр. Ұстаз ретінде жаңартылған бағдарламаның курсын оқып бітірдім. Методикасында әңгіме жоқ. Баланы еркіндікке тәрбиелейді, неше түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушыны өз ойын ашық айтуға дағдыландыратын тамаша дүние. Бірақ жаңартылған бағдарламаның кітабы мен негізгі өтілетін тақырыптары қазақ тілін жоюдың таптырмас құралы екенін байқадым.
7-сынып «Атамұра» баспасы, қазақ тілі оқулығы.
(Министрдің сайтында халық талқысына жоба ретінде ұсынылған. Мына сілтемеде:http://okulyk-edu.kz/ocenka-kz )
Қазақ тілі кітабында «Ауа райы, климат, атмосфера», «Климат және климаттық аймақтар», «Климаттық өзгерістер» деген тақырыптар жүр. Бұл тақырыптарға арналған мәтіндер мен тапсырмалар да бар.
1. Мәтінді тыңдап, ауа райының біздің өмірімізге тигізетін әсерін талдаңдар.
2. Қазақстанда қандай климаттық аймақтар бар?
3. Шөл даланың негізгі өсімдіктері нелер? Шөл дала аңына немесе жануарына нелер жатады? Кестеге салып толтырыңдар.
Негізгі тақырып «климат», тапсырма «климат», мәтін «климат», сонда қазақ тілі қайда?
Тапсырмаларды қарап отырсақ географияны оқып жатқан сияқтымыз.
- Егер мәтін ретінде ғана берілсе немесе қазақ тілінің сөйлеу тілін дамытуға арналған тапсырмалар болса түсінер едім. Қазақ тілі сабағын оқытудағы негізгі мақсат қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға үйрету болса, қазақ тілі сабағына климаттың, шөл даланың не екенін сұраудың қажеті бар ма?
Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзадан мынаны сұрағым келеді: «Мен оқушыма қазақ тілін үйретемін бе, әлде шөл даланы аралап зерттеу жасап кетемін бе?»...
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ