КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Біз журналистер мақала жазғанда тіліміздің жағдайын тым нашар етіп көрсеткенімізбен, оның да өз себептері бар. Себебі, жоғарыдағы ағаларымыз мемлекеттік тілге назарын аударсын, көңіл бөлсін деген ойлар болады. Одан соң, қазақ тіліне қатысты «ана тіл» дегеннен гөрі «мемлекеттік тіл» деп жазуды әдетке айналдырдық. Мұның да өз себептері бар. Алайда, ХХ ғасыр тұсында ақындарымыз, жазушыларымыз, не болмаса журналистеріміз тек «ана тілім» деп өткен екен. Әрине, ол тұста қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» мәртебесі болмады. Шын мәнінде, қазақ үшін «ана тіл» мен «мемлекеттік тіл» мәртебелерінің қайсысы биік?! Бұл жағы да маңызды емес. Екі мәртебені бөліп алып қарастырудың да қажеті жоқ. Себебі, елімізде өзге ұлт өкілдері көп. Олардың да өз ана тілдері бар. Менің айтпағым, қазақ тілінің бүгінгі мәртебесі.

Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: “Өнер алды – қызыл тіл”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз. Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Оның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстанды дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы қазақ халқының және оның шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың (Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия т.б.) ұлттық тілі. Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” куә бола алады. Қазақ тілі түркі тілдерінің (солтүстік-шығыс ареал) қыпшақ тобына кіреді (татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қырым-татар, қарақалпақ, ноғай) және ол, әсіресе, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болып табылады. Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары ескерткіштерінен: Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғғ.), Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білік” еңбегі, Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғатат түрік” еңбегі , Ахмет Йүгінекидің “Һибат Ұл һақайық” еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің “Хикметі” (10-12 ғғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-14 ғғ.) тұсындағы жазулардан алады. Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлері мен тілдік нормаларында қалыптасқан, кейінгі кезде ақындар, жыраулар мұрасы арнасына құйылған, ұлы Абай мен Ыбырай шығармашылығы арқылы бізге жеткен қазіргі қазақ әдеби тілі. Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда. Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан АЛҒАШҚЫ ОНДЫҚ қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.

Соңғы санақтың нәтижелеріне жүгінсек, Қазақстан халқының 63,5 пайызын құрайтын қазақтардың 98,4 пайызы қазақ тілін еркін түсінемін десе, солардың ішінде 93,2 пайызы ана тілімізде оқи аламыз және жаза аламыз деп жауап берген екен. Сол сияқты еліміздегі еуропалық ұлттардың бір миллионнан астамы қазақ тілін еркін түсінетін, түркі халықтарының 63 пайызы қазақ тілінде оқи әрі жаза алатын көрінеді. Бұдан қандай ой түюге болады. Бұл бүгін Қазақстан Республикасында қандай салада болмасын, мемлекеттік тілді еркін қолдануға азаматтар да, қоғам да дайын деген сөз. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғышарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі, ғылым мен техника, қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б. Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл. Біздің ана тіліміз - қазақ тілі: ... Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. Мұндай нәтижеге жетуде тілжанашырларының үлесі зор. Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет маңызын жоғалтады. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы. ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз бар. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ. О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде... Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.

Анамның тілі – ардақтым менің. Қазақтың атасы, әкесі мен шешесі де сенсің. Сен менің кішкентай кезімде әкем болып мойныңа отырғызып қуандың, ат үстінде алдыңа алып, мені көкке секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың. Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам, інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен түсініп, ұғынғым келді. Қазақтың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Бірақ, менің терім “туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады...


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз





31/05/2017 10:11

Бұлтартпас ақиқат
0 48840 0










14/06/2017 15:56

Фейсбукте
0 6899 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика