THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақстандық тілдік саясат: қазақтандыру мен тілдік плюрализм
Авторы: Қымбат Слямбеков
01/06/2017 10:11 0 54281 0
Мәселен, АҚШ-та ағылшын тілі мемлекеттік тіл деп ешқандай құжатта, актіде, құқықтық қағазда бекітілмеген (тек 12 штатта ғана бекітілген көрінеді), алайда бұл тіл АҚШ мемлекетінде дәстүрлі әрі автоматты түрде орталықтанған басқарушы тіл болып отыр. Әрі ағылшын тілі – бүкіләлемдік ортақ тіл, вестернизацияның негізгі құралы әрі әлемдік идеологияның бір ұшы. Дәл осындай жағдай бұрынғы КСРО-ға тән еді: бұл алып мемлекетте де орыс тілі мемлекеттік тіл деп ешқандай құқықтық актіде белгіленбеген, Конституцияны 2 рет жаңартса да бұндай басымдылыққа бірде бір пункт арналмаған, бірақ есесінде 70 жыл бойы орыс тілі инстинктті түрде бүкілодақтық негізгі басқару аппаратына айналды. Консолидация құбылысының құралы болды. Бүкілодақтық орыстандырудың стимулды қаруы еді. Және дәл сол заманда әлемдік тілдер қатарына енгізілді, БҰҰ іс жүргізуші алты тіліне, одан кейін халықаралық тілге айналды. Орыс тілі тек Ресей Федерациясы құрылғанда ғана бұл мемлекеттің негізгі мемлекеттік тілі болып жарияланды. Есесіне дәл осы сәттен бастап орыс тілінің халықаралық аренада бір сәтке мәртебесі түскен тәрізді және қазірге дейін солай.
КСРО-да орыс тілі арнайы статусқа ие болмады, алайда барлық билік пен саяси манипулиясының барлығы дәл осы орыс тілінің маңына жинақталды, орталықтандырылды. Орыстандыру науқаны жүрді дәл осы орыс тілінің саясатымен. Сондай-ақ Қазақстанның да ешқандай заңдық құжаттамасында қазақтандыру (казахизация) құбылысы тілдік саясатының негізіне айналғаны турасында белгіленбеген (Э. Сүлейменова). Дәл Кеңестік Қазақстан кезіндегі орыстандыру (русификация) саясаты тәрізді...
Э. Сүлейменова өзінің еңбектерінде Қазақстанда русификациямен қатар қазақтандыру үдерісі де бірге жүргізіліп жатқанын айтады. Және бұл саяси консолидация мен қоғамды біртекті етудің ең мықты құралы екені белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді (қазақ тілін) Қазақстан халқының біріктіруші факторы ретінде сипаттама бергені де есімізде Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» – деді. «Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор» ретінде аталған дефиниция-саясаттан кейін қоғамда мемлекеттік тілді Қазақстан халқын орталықтандырушы құбылыс хақында қарастыру феноменге айналды. Кезінде Кеңес Одағында да негізгі біріктіруші құрал есебінде осы тіл, орыс тілі жұмыс атқарған еді, себебі осынау әлемнің 6/1 бөлігін алып жатқан алып мемлекетті бір толқынға келтіретін фактор тіл, графика ғана еді. Тіл – бұл мемлекеттерді бір-бірінен айыратын белгі, сондықтан да Қазақстан үшін де қазақ тілінің рәміздік күші басым. Бүгінгі қазақстандық тілдік саясат тілдік плюрализммен қатар қазақ тілінің статусын орнықтырумен, оның рәміздік рөлін арттырумен ерекшеленуде. Бұл бір жағынан қазақ тілін мемлекеттік саясатқа айналдырса, екінші жағынан, әлеуметтік қабатты да, қоғамның, елдегі этникалық топтардың тілдік сипатын да біраз өзгертеді. Кез-келген мемлекетте мұндай саясат болған: испанизация, германизация, латышизация, беларусизация, украинизация, полонизация, өзбектендіру... Мынаны мойындайық: Қазақстанда қазақтандыру саясаты біртіндеп болсын жүргізіліп жатыр там-тұмдап. Себебі кез-келген ұлттық мемлекетке тән инстинкт.
Қазақстанның тілдік саясатында сонымен қатар көптілділік, тілдік плюрализм құбылысын да қолдап отыр. Бұл саясат 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан басталған еді. Мемлекет барлық жағынан елдегі өзге тілдерді де қолдауда, мәдениет мен дәстүріне қамқорлық жасауда. Қазақстанда қазақ-орыс тілді білім беруден басқа өзге де ұлт тілдерінде білім беретін мектептер бар. Қазақстанда 7 тілде (қазақ, орыс, тәжік, ағылшын, өзбек, ұйғыр, неміс) оқыту орта білім жүйесіне енгізілген. Және жыл сайын бұл білім беру ұйымдарының статистикалық көрсеткіші жарияланып отырады, мониторингтік сараптама жасалынады. Оның үстіне үштілді тілдік саясат та қоғамдағы тілдік саясаттың ұстамына айналып отыр. Бір қарасаңыз, Конституцияда көрсетілгендей, орыс тілінің қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылуы логикалық тұрғыда келесі дилемманы туғызуы керек еді – қазақ тілі орыс тілімен де теңбе-тең дәрежеде болуы керек еді. Алайда олай болмады, қазақ тілі орыс тілімен тең дәрежеде функцияға ие болмай қалды. Біздің мемлекетте тілдердің теңбе-теңдігі орныққан, алайда бұл ол тілдердің бірдей функцияға ие екендігін дәлелдемейді. Оның үстіне, әлемдік жаһандану үрдісі де әлемдік тілдік саясаттағы хаосты туғызды. Сондықтан бүгінгі әлемде тілдер бәсекелестік арқылы өзін сақтап қалуды жүзеге асырып отыр. Біздің ойымызша, қазақ тілі орыс тілімен және ағылшын тілімен қатар бір кепілде тұруы қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Мойындауымыз керек, орыс тілі арқасында қазақ тілі ғылым тіліне айналды, ғылыми парадигмаға ие болды. Сол тәрізді ағылшын тілі де қазақ тілінің жаңа сипат алуына негіз болуы да мүмкін. Дәл сол тәрізді қазақ тілі де орыс тілінің өзгеруіне әкеліп отыр. Мәселен, көптеген ресейлік ғалымдар ТМД-да, соның ішінде Қазақстанда орыс тілінің өзіндіК бір диверсиялық түрі пайда болып келе жатқанын мойындайды және бұл диверсия өз кезегінде қазақтық менталитет, қазақ тілінің ықпалы негізінде жасалынып отыр. Демек, қазақ тілі орыс тіліне тікелей әсер етуінің өзі қазақтандыру типіне жақын.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ