THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
БАЙТҰРСЫНОВ Ахмет (Ахмет Байтұрсын, Байтұрсынұлы) (қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында 28.1.1873 жылы туған) – ағартушы, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы. 28 қаңтар – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Кейіннен біреулер 1873-ті – 1872-ге, 28.01-ді – 05.09-ға ауыстырып жүр. Оның мәнісі – былай. Ахаңның өз қолымен жазған 7-8 анкетасы бар. Соның бір-екеуінде 5.9.1872 деп көрсетілген. Ал қалғанының бәрінде 28.01.1873 жыл болып жазылған. Тұрақталып қалған нәрсені өзгерткенде не табамыз? Біздіңше, осылай қала бергені дұрыс. Сондықтан келесі жылы – 145 жылдығы болмақ.
Ауыл молдасынан, Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінен, Орынбордағы 4 жылдық қазақ мұғалімдері мектебінен білім алған. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уезіндегі ауылдық және болыстық мектептерде мұғалім, Қарқаралы қалалық училищесінде мұғалім, кейіннен меңгерушісі болды. 1905 жылдан бастап саяси күрес жолына түсті. Қарқаралы петициясын (құзырхатын) дайындаушылардың бірі, тәржіма өлеңдерін қамтыған «Қырық мысал» жинағы 1909 жылы Петербордан басылып шықты. 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен Семей түрмесіне жабылып, Ресей империясының ІІМ-нің Ерекше кеңесі оны қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде сот шешімін шығарды. Осылайша 1910 жылы ¬9 -наурызда ¬¬Орынборға жер ауып келіп, 1917 жылдың соңына дейін қоғамдық-саяси және ағартушылық іспен айналысты. 1911 жылы төл өлеңдер жинағы «Маса», тұңғыш қазақша әліппе кітапшасы «Оқу құралы» жарық көрді. Ұзақ жылдар дүниеге әкелуге талпынған тұңғыш жалпыұлттық басылым «Қазақ» газетінің алғашқы санын 1913 жылы 2 ақпанда басып шығарып, 1917 жылдың аяғына дейін өзі редактор болды. 1917 жылғы жер-жерде құрылған қазақ комитеттері мен қазақ съездерінің өтуіне атсалысты, қос жалпыұлттық Құрылтайды (съезді) ұйымдастырып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуына ұйытқы болды. 1919 жылы наурыз айында Мәскеуге барып Кеңес үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізді, Алаш көсемдері мен мүшелеріне кешірім жариялатты. Өзі қазақ даласын басқаратын Әскери-революциялық комитеттің төрағасының орынбасары болып бекіді. 1920 жылы 26 тамызда құрылған Қазақ автономиялық кеңестік үкіметінің құрамына еніп, 1920-21 жылдары Халық ағарту комиссары, яки Оқу министрі, 1922 жылы Академиялық орталықтың, 1922-25 жылдары Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болды. Осы жылдары негізгі жұмысына қосымша Орынбор мен Тәшкендегі педагогикалық жоғары оқу орындары – Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениет тарихы пәндерінен дәріс оқыды. 1925 жылы Қазақстанға Сталиннің тапсырмасымен қандықол Ф.И.Голощекин басшы болып келгеннен кейін Алаш зиялыларының бастарына қара бұлт үйіріліп, бақ ұшты. 1929 жылы 2 маусымда тұтқынға алынып, Мәскеудегі атышулы Бутырка абақтысына жөнелтілді. ОГПУ-дің 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен ату жазасына кесілді, кейін бұл үкім 10 жыл концлагерьге қамалуға, артынан 3 жыл Архангельскіге жер аударылуға ауыстырылды. Өмірлік жары Бадриса (Александра) екеуі де денсаулықтан айырылып, арып-ашып 1934 жылы Алматыға жеткенімен 1937 жылы 8 қазанда тағы бір мәрте қамауға алынып, 8 желтоқсанда Алматы түрмесінде атылды (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс баспасы», 2009, 90-96-бб.).
Ахаң ашқан ұлы жаңалық – төте жазулы қазақ әліпбиі («байтурсыновский алфавит») мен ғасырдан ғасырға ұласқан, төл терминологиямыздың қоржынына салған олжасы, сондай-ақ қазақ ¬балаларына арнап төл «Әліппе» түзуі («Оқу құралы», 1910 жылдары), одан соң «Тіл – құрал» атты кітаптар тізбегімен кезең-кезеңімен тіліміздің дыбыс жүйесін (1-ші тіл танытқыш кітап, «Фонетика», 1912-15 жылдар) ажыратып-айқындауы, сөз жүйесін (2-ші тіл танытқыш кітап, «Этимология», 1914-17 жылдар) саралауы, ұзақ жылдардан соң сөйлем жүйесін (3-ші тіл танытқыш кітап, «Синтаксис», 1922-23 жылдар) сипаттауы және тіл қисынынан туындайтын сөз өнері ғылымын (бүгінгіше айтсақ, әдебиеттануды) қара сөз бен дарынды сөзге, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне, діндар дәуір мен сындар дәуірге жіктеп-жіліктеген арнайы зерттеуі («Әдебиет танытқыш», 1923-25 жылдар) арқылы қазақ (тілді) мектебін, тұтас ұлттық оқу-ағарту саласын тыңнан түрен салып, жаңа сатыға көтеруі – «біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов, 1923 жыл). Түрменің сызды камерасы мен итжеккеннің айдауында жүріп аяқтаған, бар саналы ғұмырының қорытындысы іспетті, өз кезіндегі заманауи өркениет пен ғылым-білім жетістіктерін қазақы руханиятқа кіндіктестіре жүйелеп, тиянақтаған «Тіл теориясы» мен «Мәдениет тарихы» атты шоқтықты еңбектері, өкінішке орай, ұлты мен авторының талайлы тағдырын құшып, репрессияға ұшырады… Енді сол соқталы ойлардың кейбіріне назар сала отырыңыз.
*Біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы.
*Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы.
*Алашқа аты шыққан адамдар, көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер. Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
*Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек.
*Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.
*Ұлт жұмысы үлкен жұмыс. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға күш керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!
*Атадан балаға мирас болып екі-ақ нәрсе қалады, бірінші – бай тілі, екінші – байтақ жері.
*Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
*Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.
*Құл болып отырған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халыққа жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады.
*Қазақтың оқығаны аз, оның ішінде халық ісіне қатысып, жұрт үшін жұмыс қылғандар аз. Бірақ аз да болса, қазаққа қызмет қылып ысылған, төселген адамдар … қазаққа көбірек пайда келтіретіні шексіз.
*Мәдениеті жоғары халық мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны – адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін ыспаттайды.
*Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау күшеюімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену дегеніміз – оқу. Сүйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп тіреледі.
аnatili.kazgazeta.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ