КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Әдеттегі көп күндердің бірі еді. Оқтай түзу көшемен зымырап келе жатқан біз, жолды кесіп өтіп бара жатқан әлдебір үлкен кісінің сұлбасын байқап-ақ қалдық. Кенет сол жағымыздан баса озған машина қатты бейпілдетті. Сірә, тежегішті басып үлгере алмайтын болса керек. Үлкен жолдың қақ ортасында қалған байғұс ағамыз алға қарай жылдам басып өте шығудың орнына, кері қашты. Әрине, енді біз отырған көліктің астында қала жаздады. Әйтеуір рульде отырған жігіт ағасы асып-саспай, жолдан қиыс бұрылып барып әрең тоқтады. Арқасын суық тер басып кетсе керек, бірден сырт киімінің түймесін ағыта бастады. Кенет жолдың шетіндегі бүрісіп тұрған, біздің осы күйімізге «кінәлі» жанға көзіміз түсті. Менің де, шопырдың да. Ашуға булыққан шопыр терезені ашып: «Әй, есің дұрыс па?», – деп зірк ете қалды. Анау кісі бүрісіп қалыпты. Қолындағы үлкендеу канистрді кеудесіне басып, құшақтап алған. Бұл жақта су әрбір үйден табыла бермейді. Көшенің мына бетіне өтіп, үйіне су тасып жүр ме екен? Бүгежектеп, төменшіктеп, қалт-құлт етіп тұр. Не ыржиғаны, не жылағысы келгені белгісіз, ыңғайсыз бір кейіппен шопырға жүзін бір көрсетті де, етігінің басынан жоғалтқан бірдемесін іздегендей бүрісе түсті. Канистрін тас қылып құшақтап алған. Айтар ашулы сөз айтылды, біздің де ары қарай жүре беретін жөніміз ғой. Алайда, шопырдың ашуы әлі тарқамай тұр. Қас-қағым сәтте біреудің қанын арқалай жаздағанын ойлап, жүйкесі сыр бере бастаған болар. Кенет есікті ашып, көліктен түсетін сыңай танытты. Өзінен шамамен мүшел жас үлкен бауырының жағасына жармаспақ. Мендегі бұл ой, канистрін құшақтаған ағамыздың да санасында жарқ етті. Жігіт ағасына жасаурай қарап, артқа бұрылмаған қалпы кері қарай екі қадам жылжыды. Бірдеме деді ме, әлде дегісі келді ме, ерні жыбырлағандай. «Әй, не дейсің?». Біздің көліктегі жігіт ағасының жүйкесі шынымен сыр бере бастады. Ағамыз әлде ыржиғаны, әлде қорыққаны белгісіз жүзін тағы көтеріп, ернін ебедейсіз қимылдатты.

«Аға, өзіңіз амансыз ба?». Еш жеріңе зақым келмегенін біліп тұрмын ғой. Бәлкім, шошып қалған болар деген ой ғой менікі. Ағамыз басын изеді. Және шегіншектеп, бүрісіп, кішірейіп барады. «Өй, кетші сен!». Шопыр жігіт есігін тарс жапты да, көлікті оталдырды. Түзу жолға қайта түстік. Кері бұрылып, көліктің терезесінен жаңағы ағамызды іздедім. 

Тас жолдың бойында, ебіл-дебіл ағылған мәшинеге кезек-кезек қарап, арғы бетке өтуге жүрегі дауаламай тұр ма екен?

Иә, жүйкесі сыр беріп, мүшел жас үлкен бауырына зіркілдеген шопыр да, өз елінде, керек десеңіз, өз ошағының қасында тұрып-ақ айналасына сөзін жеткізе алмайтын ағамыз да маған алыс қазақтардан. Алыстығы сол – олардың жан-дүниесінде не арпалыс, не өзгеріс бары, жеке өмірінің қандай екені беймәлім. Бұрын-соңды жүздеспегем. Сол бір сәттік кездесуден соң да енді көру-көрмеуім неғайбыл. 

Сөйте тұра, әлгі екі бауырым да маған жақын. Жақындығы сол – бүгежектеген біреуді көрсе, соған зіркілдеп, басына шығып алатындарды да, өз елінде жүрсе де аузынан бөзі түсіп, лайықты қарымта қайтара білмейтін, өз-өзін қорсынатын жандар да маған соншалықты таныс. Ең бастысы, әрі алыс, әрі жақын болса да бәрі еліміздің болашағын тәрбиелеп жүрген жандар. Сондықтан олардың тәрбиесін көрген ұрпақ та, болашақта маған әрі алыс, әрі жақын болмақ... Олардың әрбірі мына біздің туысымыз, Сабыр Адайша айтсақ, «жалғызымыз». 

Демек, әр қазақтың ортақ бейнесі мен ойы келесі қазақтың жүрегінде. Тағы бірінің мұңы мен жоқшылығы ендігі бірінің кеудесінде. Ал біз сол әр қазақтың дертін, мінезін, сипатын, сұлулығы мен болмысын қалай сезініп, сезіндіріп жүрміз?

Мұндайда көзіміз кабинеттерде жиналып қалған хаттарға түседі. Олардың әрқайсысының айтар ойы мен сөйлер сөзінде әр қазақтың бір кем дүниесі, әр қазақтың бір жан жадыратар сипаты табылады. Қай қазақтың да мәселесін сол хаттардан байқауға болады. 

Иә, редакциядағы хат қоржынымызға келіп түскен хат иелері де бізге әрі алыс, әрі жақын. Және олардың сол хаттарынан әр қазақтың бір сипатын көргендей боламыз. 

Мәселен, бізге келген әнебір хатта, өз заманында атқа мінген бір жан туралы толғана келіп: «Ол тап жауларымен аянбай күресіп, жас совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан» дейді. Ертеректе, мектепте оқып жүргенде пән олимпиадалары деген болушы еді. Бірінші айналымнан аман-есен өтіп, екінші айналымда билет алып, сұраққа жауап беріп отырған сәтіміз ғой. Бір қызға Құнанбай туралы сұрақ келіпті. Оқушымыз тақылдап тұр. Құнекең туралы: «Ол бай-феодал. Ескішіл көзқарастағы адам. Кедей-кепшікке тізесі батқан және сонысымен қоймай әсіредіншіл. Өзінің дегеніне жету үшін талай қулық-сұмдыққа барады»... деп төпелетін келе жатыр еді, келесі бір бір оқушы сынақ алушыға: «Ағай, мына қыз ескі хрестоматиялардың бірін жаттап алған болуы керек», – деп қойып қалғаны бар. «Тап жауларымен аянбай күрескен» жан туралы оқып отырып, неге екені осы оқиға еске түсіп кеткені. 

...Енді бір хат иесі: «Мына материал менің өз басымнан өткен оқиға. Бірақ халқымыздың зобалаң тарихына байланысты. Өздеріңіз оқып көріп, газеттеріңізге берсеңіздер. Еліміз-жұртымыз өз тарихын білсін. Менімен кездескен адам да солай деп еді. Талай жылдар қолым тимей, жаза алмай жүрдім. Содан енді ғана жұмыс арасында уақыт тауып, жазып әрі сіздерге жіберіп отырмын», – дейді (Бейсенғазы Ұлықбек. «Сібір оқиғасы»). Мақаладан отқа оранған бабаларымыздың ащы айқайы естілетіндей. Жә, қалғанын осы санымызда автор ұсынған деректерден біліп аларсыздар... 

Бізге келетін хаттардың қомақты бөлігі әңгіме мен өлең ғой. Мәселен, Қандағаш қаласынан Дарин Жақып деген оқырманымыз қалың дәптерді түгелдей толтырып «Махаббат» атты повесть жазып жіберіпті. Шығарманың көркемдігі жайлы әңгіме қозғамастан бұрын, оқырманымыздың маржандай тізілген жазуына таң қалғанымызды айтқымыз келеді. 36 бет түгелдей көркем жазу үлгісімен толтырылған. Өз жазғанына деген жанашырлықты сезгендей болдық. Бір дәптер өлеңдерін хатқа салып жіберетін оқырмандарымыз тіптен көп. Кейбірі әр беттің ішін ағаштың, жапырақтың, қыздың, гүлдің суретімен көркемдеп те жібереді. Құдды кішігірім кітапша. Соңғы уақытта, тіпті, өлең жазғыштар бір шумақ өлеңнен кейін қайырмасын да жазып, өлеңдерінің соңында: «Осы өлеңдеріме ән шығарсаңыздар, қарсы емеспін» деп үшбу сәлемін де жеткізе салады. 

Газет бетінде жарияланған мақалаларға үн қосып, пікір білдіретіндер де көп. Енді бір оқырмандарымыз тіптен талапшыл. Мақаламды көп кешіктірмей, жариялаңыздар дейді. Тағы бірі хат жаза сала ертесі хабарласып дігірлеп жатады. 

«Қазақ әдебиетінде» алма-кезек жарияланған Қайыр Құрақұлан мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлының мақалаларына үн қосқан ардагер журналист Төлеміс Меңдіғали 40 бет мақала жазып жіберіпті. Бүгінгі газет тағдыры, басылымымызда жарық көрген мақалалар туралы ой пікірі толық қамтылған материалды түгелдей басқымыз-ақ келгенімен, көлем көтермейтіні бесенеден белгілі. Әрі автордың өзі: «Менің бұл мақаламды егер қолайларыңызға қонбаса, тіпті жарияламай-ақ қойыңыздар немесе газеттің ұстанған бағытына қарай редакциялауларыңызға да болады», – деген екен, сондықтан біз автордың негізгі айтпақ ойларын ықшамдап ұсынғанды жөн деп таптық. 

Иә, қай қазақ та – алысы да, жақыны да біз үшін қадірлі. Бұрындары «Алматы мен Астанадан алыста» және «Бармасаң, келмесең...» қосымшалары аясында негізінен аймақтардағы ағайынның жүрек лүпілін көбірек жеткізгіміз келетін. «Алыс, жақын қазақ» атты жаңа қосымшамыздың кейіпкерлерін олай бөліп-жарғымыз келмеді. Себебі, алысы да, жақыны да, жасы да, қартаңы да, өнер адамы немесе қарапайым еңбеккері де, тіпті, темір тордың ар жағында жатқаны да біз үшін алыс болғанымен, жақын. Және сол жақындықты одан әрі тереңдету үшін олар жайлы жазылған әр мақалаға үңіліп, ықшамдап, сөлін сығып, оқырманға ұсынуды жөн деп таптық. 

Оған қоса, бүгінгі қазақтың мұңы, сыры, жан жарасы мен айтар ойы қандай, ол ой бүгінгі көркем әдебиеттен қалай байқалатынын ақын, жазушылар Ерсінбек Қойбағаров, Светқали Нұржан, Роза Мұқановалардан «Желқазық» айдары үшін сұраған едік. 

«Алыс, жақын қазақтың бәрін көрмек» үшін де әуелі олардың ойын, бейнесін, айтары мен жазарын басылым беті арқылы қалың орман оқырманымызға ұсынғанды дұрыс деп таптық. 

Сөз басында әңгіме қылған қос бауырымыз туралы тағы бірер сөз. Біреуге төрелік айтудан оңай нәрсе жоқ қой. Сонда да өзін қор санап, өзгенің алдында аузын аша алмай қалатын мінезіміз қайдан жұққанын, бәлкім, осы бастан ойланармыз. Себебі, өзін қор санау мінезі көптеген алысымыз бен жақынымыздың бойынан табылады. Біреуі оны біз жоғарыда айтқандай сипатта байқатады. Тағы бірі тым жасанды сөйлеп, тым жасанды қылық танытып, өзінің болмысына қарсы шыққысы келеді. Демек, ол да өзінің болмысын қорсынады. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп-артылмақ. Сонда да бүгінгі қазақ қайсы дегенде бөлмей-жармай, алысымыз бен жақынымызды түгелдей көрсеткенге не жетсін? 

Қазақ әдебиеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208279 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика