THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Үйлену оңай, ажырасу одан да оңай болып тұр
Авторы: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды
07/06/2017 16:24 0 43630 0
Абай ОМАРОВ
Ел ішінде шаңырақтың шайқалып, босағаның берік болмауы белең алып барады. Бүгін үйленіп, ертең бірін-бірі талақ етіп жатқан жас жұбайлардың қатары күн санап көбейіп келеді. Мұны статистика да растауда. Статистикалық деректер алғашқы тоқсанның өзінде-ақ Қазақстанда 11 613 ажырасу тіркелгенін таңдайы тақылдап айтып отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 6,5 пайызға артық екен. Ал отбасының жиі ойран болуы – қоғамға опа бермейді...
Отбасы – шағын мемлекет десек, оның өмірдің бір дауылынан соң керегесі қирап, уығының опырылуының себебі неде? Үйленгенше есіл дертін алған сүйгенінен жыл өтпей-ақ суық жылан көргендей жеріп шығу қазақтың тарихында болмаған қасіретке айналды. Бауырында бала қалған жалғызбасты әйел мен соқа басы сопайған ер-азаматтың артуы қоғамның алаңдауына негіз болатын-ақ себеп.
Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы 41 мың, ал 2011 жылы 44 мың , 2012 жылы 48 500 ерлі-зайыпты бір-бірінен түңіліп, қолдарын төбелеріне қойып, безе қашқан. Алматы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір жылда некеге тұрған әрбір үшінші ерлі-зайыпты ажырасатын болса, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш екі есе төмен, онда әрбір алтыншы неке ажырасатын көрінеді.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»
Қазіргі таңда жасыратын түгі жоқ, ұл балалардың арасында «мамасының баласы» пайда болған. Ұлдар болаттай берік емес, қыздай ұяң, майысқақ, жылауық болып барады осы күні. Шешесінің етегіне жабысып, күндіз-түні әйелдің тәрбиесін көрген ұл балада ер-азаматқа тән қасиеттер сонау түкпірге тығылып, жасырына беретін көрінеді. Содан баланың идеалына өзінің анасы шығады деседі. Қыз балаларда да солай. Әкесіз өскен қыз балада ер-азаматқа деген жек көрушілік пайда болуы мүмкін екен. Содан өсе келе, бойжеткенде отбасындағы кикілжіңдердің де астары осыдан шықса керек. Обалы нешік, қазақтың «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейтін философиясы бүгінде өзінің растығын дәлелдеп-ақ келеді. Ол аздай, ұлдардың «қызтекеге» айналып кетіп жатқаны және бар. Осы секілді бірқатар мысалдарды жалғызбасты ананың тәрбиесін көргендікпен байланыстырады психологтар.
Бибігүл НҰРМАҒАНБЕТОВА, психолог:
– Отбасы арқылы бала тұңғыш рет өмір жолымен танысады. Моральдық нормаларды игереді. Сондықтан отбасылық өмір – жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Ол адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Сонымен қатар отбасы тәрбиесі – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі. Сол себепті баланың өміріне аса күшті ықпал етеді отбасы. Сондықтан да баланың психикалық тұрғыда дұрыс дамып, моральдық негізде саламатты болуы үшін отбасындағы қарым-қатынас берік болуы тиіс. Ажырасу ол балаларға үлкен соққы болмақ.
2013 жылдың қаңтар-наурызында АХАТ органдарында 11 613 ажырасу тіркелуін рекордтық деп те жариялады статистика. Өйткені дәл осындай ажырасу бұрын-соңды болмаған екен.
«Ажырасулардың абсолюттік санының некелер санындай артуы, халық санының өсуіне байланысты. Ажырасулардың 1000 адамға шаққандағы жалпы коэффициенті 2,8-ді құрады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 100 тіркелген некеге 34 ажырасудан болды» дейді статистика агенттігі. Ал кейбір бейресми мәліметтер Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасуда деседі.
Ажырасудың алуан себебі болғанымен, түп-төркіні тереңде. Мұның астарын әріден іздеу керек. Материалдық қиындықтар, мінездің жараспауы деген бергі жағы. Оның төркіні – тәрбиеде. Ақиқатын айтайық, қазір қызына «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп кеңес бергеннің орнына әкіреңдеп «қызымды жылатып қоймаймын, ішіме де сыйған қыз сыртыма да сыяды» дейтін кеудемсоқтық көп. Оның ақыры – ажырасу. Оның ақыры – тірі жетім ұл мен қыз...
Ене институты әлсіз бе, әлде әже институты кемшін бе?
Ұлын жападан-жалғыз тәрбиелеген әйел де баласын келіннен қызғанатын жайттар болады дейді психологтар. Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба? Енді ерік өзіңізде. Бірақ шырылдаған шындық бұдан алыс емес. Жас шаңырақтың шайқалудағы көп сырының бірі ғана бұл.
Ажырасу проблемасының туындауына әсер етуші фактордың бірі – осы ене мен келін арасындағы қарым-қатынас. «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» дейді. Әлбетте, ененің бәрі тамаша, келіннің бәрі кесірлі деуден сақтасын. Бірақ қазақта ғұмыр бойы жалғасқан нағыз ене мен нағыз әже институтының күнделікті өмірден шығып қалуы – мұндай кикілжіңдердің негізі.
Ене қашанда – ене. Келін қашанда – келін деседі. Алайда соның мәнін екі жақтың да жете ұғынбауынан, түсінбеуінен отбасылар шайқалуда. Рас, ене институты әлсіреді. Әже институты келмеске кетіп барады. Дәстүр сабақтастығы үзілді. Ұрпақ дүбәра күйге түсті.
Тыныштық ҚЫСТАУБАЕВА, зейнеткер:
– Өзім 19 жасымда келін болып табалдырық аттағаннан енем марқұм көз жұмғанша (ол кісі 91-ге келіп қайтты) бірге тұрдық. Отбасына енем үлкен тірек болды. Әрине, отбасы болған соң кикілжіңдер болады. Бірақ оның бәрінде енем марқұм ақылға жеңдіріп отыратын. Немерелері дүниеге келгенде де өзі бауырына алып, қарап-бағып отырды. Көпті көрген көнекөз адам ғой, көрегендігін жасайтын. Дүниеден озарында алақанын жайып, ақ батасын беріп кетті.
Түйін
Өзі шығайын деп тұрған көз еді дегендей, бұған қоса сырттан келген жабайы мәдениет те өз ықпалын жасауда. Жаһандануға жұтылып бара жатқан ұрпақ дәстүрден қол үзді. Әдет-ғұрыптан алыстады. Отбасылардың күйреуінде жат жұрттың жағымсыз әсері де бар. Сондықтан ғұрыптық институттардың қайта өмірге енуі ұрпақтың ұсақталмауы үшін өте-мөте қажет болып тұр.
Алаш айнасы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ