КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Шөлең бір жерді көл қылсам, құрап жанды көп жиып, өз алдына ел қылсам!» деп аңсаған бабалар арманы орындалғалы да ширек ғасырға таяды. Шынында да «құлымыз ұлдай киінді, көркемін көрген сүйінді». Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы. Ал біз осы тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне жете алдық па? Алашқа азаттық әуеден түскендей, еркіндік жолында қазақтың қаны төгіліп, жаны қиылмағандай көретін кейбіреулер өткенімізге көз жұма қарайтыны несі? Туған топырағымыздың төрінде жүріп, өзімізді өзгеге басындырып, жат алдында жалтақтай беретініміз қалай? Сонау бір жылдың шыңылтыр аязында қаршадай қандастарымыздың қанына боялған алаң бүгін неге халық назарынан тыс қалып, санасынан өшіп барады? Бүгінгі сөз етер сауалдарымыз осы. 

Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ, 
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті, 
қазақтың алғашқы ұлттық валютасы (теңгенің) 
авторларының бірі 

Қазақтың қасіретінен шоу жасап жүрміз
Бабаларымыз армандаған азаттыққа қол жеткізген бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздіктің қадіріне жете алмай отыр. Бүгінде бұл айтулы мерекеміз өзге мейрамдардың көлеңкесінде қалуда. Анығында қазақ халқының ең ұлы мерекесі – Тәуелсіздік мейрамы болуы тиіс. Осыны біздер әлі дұрыс түсініп, ұрпақ санасына сіңіре алмай жүрміз. Әкімшіліктер Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылға үлкен дайындық жүргізу үстінде. Қараша айының ортасынан бастап, көшелерді, ғимараттарды безендіріңдер деп діңкілдеп, тапсырмалар беруде. Ал Тәуелсіздік туралы бір ауыз сөз айтылмай жатыр. Бұл халқымыздың ұзақ уақыт өзгеге бағынышты болып, ұлттық санасы езіліп-жаншылып қалғанының көрінісі. 
Жаман, қолына қонған бақтың қадірін одан айырылып қалғанда ғана біледі дейді. Бізде Тәуелсіздіктің қадіріне жете алмай жүріп, ертең айырылып қаламыз ба деген қорқыныш бар. Өйткені, қазір жан-жақтағы қандастарымызды Отанымызға жинап, біріктірудің, мемлекетімізді нығайтудың орнына, сол көшті тоқтатуды қолға алып жатыр. Кеше ғана Елбасымыз қол қойып, азаматтықты төрт жылдан кейін алатын етіп қойды. Ертең бұның зардабын көреміз. 
Ақиқатын айтқанда, елімізден ешқандай тәуелсіздік идеологиясын көріп отырған жоқпыз. Жастарымыздың бойындағы ұлттық патриотизмді оятып, «осы елдің ертеңгі егесі сендер, ұлт болашағы сендердің қолдарыңда, сол үшін оқы, ізден, ұлттық тәлім-тәрбие ал» деп баулитын идеология жоқ. Ұлттық мүддеден гөрі материализмді алдыңғы орынға қойды. Өзіміз ойлап тапқан немесе шеттен көшірген заңға бізді жұмыс істетіп қойды. Негізінде заң халыққа қызмет етуі керек еді, бізде халық заңға қызмет етіп жүр. Жұрттың санасын жаңартып, тұрмысын көтеріп, өз елінде өзін қожайын сезініп, жақсы өмір сүретіндей жағдайға жеткізуге мүмкіншілік бар еді. Бірақ олай болмады. 
Өкінішке орай, кейбір БАҚ-тарда, телеарналарда, сонымен қатар, көптеген салаларда да қазақты екінші орынға қойып, өзгелердің алдында елпеңдеп кететін үрдіс қалыптасты. Бұл біздердің әлі құлдық санадан арыла алмағанымыздың, ұлттық ар-намысымыздың оянбағанының дәлелі. Қазақ о баста «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстаныммен өмір кешсе, осы күні «Ар» деген сөз, тіпті қолданыстан шығып барады. «Ұятың бар ма?» дейтін едік. Қазір «Ұят болады» деген ұғым да жастарға жат секілді. Кезіндегі Мөңке бидің айтқан болжамдары осы заманға дөп келіп тұр. Біздің телеарналар нағыз қазақы, ұлттық рухтағы, дәстүрлі дүниелерді көрерменге ұсына алмай отыр. Керісінше, қазақтың қасіретінен шоу жасап, рейтингісін көтеруді көздейді. Сталинің тұсында идеологияны сіңіріп жібергені соншалық, халық өзі аш-жалаңаш бола тұра, «Отан үшін! Сталин үшін!» деп құрбан болып жатты. Тарихқа үңілсек, бабаларымыз да елін, жерін қорғап, жандарын шүберекке түйді. Қазір сондай ұлттық патриотизм бар ма? Жоқ! Біз әділетті қоғам құрсақ қана сондай күнге қол жеткізе аламыз. Ал әділетсіз қоғамда ешқандай патриотизм болмайды. Кезінде мен «Қазақ обалы жоқ халық» деп мақала жазған едім. Себебі, басшымыз да, министріміз де, әкіміміз де қазақ бола тұра, елімізде қазақ тілі мен қазақтар бейшара күй кешіп отыр. Қызметке қол жеткізген соң, халықты көтерудің орнына, бәрі халқына қарсы жұмыс істейтін секілді. Бүкіл Кеңес өкіметін ыдыратуға ықпал еткен Желтоқсан көтерілісінің маңызын айтуға билік әлі күнге қорқады. Тәуелсіз бола тұра кімнен қорқады? Өз тарихымызды айтуға қорқатын болсақ, онда Тәуелсіздігіміз қайсы? Десе де, «үмітсіз шайтан» дегендей, қазақтай батыр да текті халықтың ұрпағы түптің түбінде елімізді биік белестерге көтеріп, бабалар аңсаған азаттығымызды асқақтататынына сенімім мол.

Аманғазы КӘРІПЖАН 
әулеті, ақын

Социализмді құлатуға алғашқы қадам біздің елде жасалды
Желтоқсан көтерілісі – қазақ тарихындағы төрт жүзге жуық көтерілістің соңғысы. Оған дейін социалистік жүйеде Чехословакия, Польша, т.б. елдерде экономикалық талаптар қойылған көтерілістер болды, бірақ біздегідей саяси талап қойылған көтеріліс болған жоқ. Коммунистік партияға қарсы тұрып, саяси талап қойған осы Желтоқсан көтерілісі. Бұл – халқымыздың саяси пісіп-жетілуінің нәтижесі еді. Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан социалистік жүйенің үлкен лабораториясына, ұлттарды жою, орыстандыру саясатының орталығына айналды. Себебі, еліміз – этностар, ұлттар, тілдер мен діндердің тоғысқан, Бермудтың үштағанына айналған жер. Ленин: «Отарлаудың үш түрлі жолы бар. Біріншісі – баса-көктеп жаулап алу, екіншісі – экономикалық жолмен жаулау, үшіншісі – идеологиямен жаулау» деген болатын. Бізде экономиканы жаппай тонау және тіл арқылы жаулау жүзеге асырылды. Тіл – идеологияның негізгі кілті. Кімнің тілі үстемдік етсе, сол ұлттың мысы басады. Желтоқсанда мен алаңға қазақ тілінің мәселесін айтып шыққан едім. 
Осылайша экономикамызды барынша тонап, қазақтың тең жартысынан астамын орыстандырып, халық әбден ашынған уақытта Колбиннің билікке келуі – шыдамы әбден таусылған халықты бұрқ еткізіп, көтеріліске шығарды. Еліміз Еуразияның қақ ортасындағы дәлізге айналғандықтан, социализмді құлатуға деген алғашқы қадам біздің жерімізде жасалды. Біздің ғаламдық деңгейдегі жеңісіміз – қазақ жастары бесінші қоғамдық-экономикалық формацияның құрдымға кетуіне ықпал етті. Десек те бұл көтеріліс өзінің тарихи бағасын әлі де ала алмай отыр. Мүмкін уақыты келгенде бағаланатын шығар. Біз әзірге Желтоқсан ардагерлеріне арнайы заң шығарып, оларға әр түрлі құқықтық мәртебелі статустарын берсе деген ойымыз бар. Бұған дейінгі Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыстар, Ауған соғысы, т.б. статусты Мәскеу берді. Ал Қазақстан өзінде болған ірі оқиғаларға әлі статус бере алмай келе жатыр. Осындай статус әлі берілмегендіктен, желтоқсаншылар өз істерінің дұрыс не бұрыс болғандығына көз жеткізе алмай дүниеден өтуде. Ең болмаса, мемлекеттік деңгейде Желтоқсан көтерілісін саяси бағалап, статус берсе деген ойым бар. 
Бізде Желтоқсан туралы түсірілген үш фильм бар. Олардан біздің жалтақтығымыз анық байқалып тұрады. Орыс өкілін араластырмасақ кино түсіре алмайтындаймыз. Болған оқиғаны болған күйінде көрсетіп, басқаны араластырмай түсірген фильм әлі жоқ. Желтоқсан жөнінде айтылған кітаптар да белгісіз себептермен шықпай қалып жатады. Өзіміз бұл көтерілістің маңызын терең түсініп, өзге жұрттарға мойындатуымыз керек. Сонда олар да бізге құрметпен қарай бастайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаны әдебиетке әлі дұрыс әкеле алмай отырмыз деп ойлаймын.

Ғалым БОҚАШ, 
шығыстанушы

Бас алаңнан бастау алатын тарих
1990 жылдардың басынан бері желтоқсанның 16-сы – Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыдағы Республика алаңының мәртебесі мен маңызын күшейту туралы түрлі ұсыныстар айтылып жатады. 1986 жылғы желтоқсанның 16-18 күндері дәл осы алаңда болған жастар толқуын азаттыққа ұмтылудың анық болмаса да, алғашқы көрінісі деп санайтындар аз емес. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған күннің де осы атаулы датамен сәйкес келуі «Желтоқсан толқуының» қоғамдық санадағы тарихи мәнін тереңдете түскендей. Ұйымдастырылу тәсілдері мен жетекшілік құрылымы әлі күнге дейін академиялық тұрғыда анық зерттелмеген алматылық студент және жұмысшы жастардың наразылық акциясы – СССР көлемінде Кремльдің одақтас республикаға қатысты кадр саясатына ашық қарсылық білдірген алғашқы азаматтық акциялардың бірі болды. Жиынды арнайы әскер, милиция және ерікті жасақтар аяусыз түрде жаншып, таратып жіберді. Бей-берекет қақтығыс кезінде он шақты адам өлді, жүздеген адам жараланды. КГБ-ның жаппай жазалау және қудалау механизмі іске қосылып, жүзге тарта адам сотталды, жүздеген жас түрлі әкімшілік жазаға тартылды.
Қазақстан сияқты пост-советтік жас мемлекет үшін бұл оқиғаның мәні зор болатыны түсінікті жайт. Желтоқсан толқуынан бері ширек ғасырдан сәл асатын уақыт өтті. Тарих үшін қас-қағым сәт. Сол себепті Алматының орталық алаңында болған трагедия мен тағылымға толы тарихи оқиғаның суреті куәгерлердің әлі көз алдынан кетпейді, замандастардың әлі жадында тұр. Ең бастысы – алаң сол қалпы. Қазір Алматы әкімдігіне айналған бұрынғы Үкімет үйінің алдындағы шыршалар қатары сиресе де, шала-шарпы құрылыс жұмыстары бітпеген қалпы тоқтап қалса да, толқу кезінде партия жетекшілері жастарды тарап кетуге қайта-қайта шақырған трибуна талқандалса да, бұрынғы Брежнев атындағы, қазіргі Республика алаңы орнында тұр. Бұл алаң – Алматыдағы көлік нөпірі қалың төрт көше қиылысып жатқан негізгі жол торабы. Қауырт шаруалы қала тұрғындары кем дегенде күніне бір мәрте көз тастап өтетін кәнігі көрініске айналған.
Қазақ халқының пост-индустриалдық ересек ұлтқа айналуының және қоғамдық-саяси санасының өзіне де белгісіз бір ішкі қуат арқылы жаңа кезеңге өтуінің символындай көрінетін Желтоқсан толқуы болған орынға басқаша назар салғысы келетіндер көп. Ондай белсенді жандар алаңды жаяу жүргіншілерге арналған аза тұту аймағына айналдыруды да ұсынып көрді, көлік жолын алаңның бірде астымен, бірде үстімен өткізу туралы да айтып көрді, ашық мұражай жасау, я болмаса ескерткіштер кешенін орнату туралы үндеулер тастады. Бірақ, арада 27 жыл өткенде Республика алаңы сол баяғы түстік жағынан қала әкімдігінің ғимараты дүрбі салған, теріскейінен «Тәуелсіздік монументі» атты ұзын тас баған төнген, ортасын күре жол қиып өтіп жатқан, аза тұтушылардан гөрі жаңа үйленген күйеу жігіт пен қалыңдық жиірек көзге түсетін, думанды іс-шаралар мен спорттық жарыстар өтетін, өз заманының әлеуметтік-мәдени, саяси-экономикалық бейнесін паш етіп тұратын қоғамдық орын күйі қалды.
Меніңше, бұл – табиғи құбылыс. Батыс елдерінің ірі қалаларындағы бірнеше саяси династия тұрмақ, бірнеше мемлекеттің сән-салтанаты мен трагедиясына куә болған тарихи алаңдарды көргенде бірінші байқайтын нәрсем де осы – думан. Қанша жерден «өлгенге салауат айтылса» да, «тірі тіршілігін қылады». Брюссельдегі Grote Markt болсын, Дрездендегі Altmarkt болсын, Прагадағы Staromestske namesti болсын, Лондондағы Трафальгар болсын, ең әуелі у да шу жәрмеңкеге ұқсайды. Бірақ бажайлап қараған адам сол туристер мен қала тұрғындары дырду-думан орталығына айналдырған тарихи орындардың әр бұрышында соңынан шағын ғана топты ертіп алаң туралы мәңгі естелікті айтып жүрген заманауи жылнамашыларды – кәсіпқой гидтер мен өлкетанушы тарихшыларды көреді. Бұл көрініс Құдайдың құтты күні қайталанады. Бұл адамдар алаңның киесі мен мәртебесі туралы, миллиондаған туристердің ермегіне айналғаны туралы арыз айтып, даурықпайды. Тыныш қана күн сайын келіп бірі гид ретінде нәпақасын табады, бірі бағзы тұрғын ретінде көнеге көзін суарып рахаттанып демалып отырады, бірі суретін салады, екіншісі дастанын жырлайды, енді бірі қоғамдық-саяси акциясын өткізіп, ашық пікір айтып жатады. Осылайша әйгілі алаңды шынайы меншіктеп алған күйі, оның тарихи миссиясын одан ары жалғастыра береді.
Алматыдағы советтік гигантизм ықпалымен салынған Республика алаңын Брюссельдегі готикалық стильдің бастауында тұрған Grote Markt-пен салыстыру қисынсыз да болар. 1312 жылы салынған Grote Markt – қатпар-қатпар тарихи оқиғалардың кені: Людовик XIV-нің шапқыншылығын да бастан кешті, Бургундия герцогтарының рыцарь жекпе-жектерін де көрді, миллиондаған адамның қаны төгілді, миллиондаған адамның тойы тойланды, біресе француздар, біресе голландиялықтар, біресе немістер кеп кезек-кезек республика жариялап жатты. Дәл қазір бұл алаңды нақ бір ұлтқа тиесілі деп айту қиын, оны тұтас Еуропаға ортақ мәдени кіндік деп атайтындар да бар.
27-ақ жылдық тарихы бар азат Қазақстанның бас алаңы тарихи хикаяларға соншалықты бай да емес шығар. Бірақ дәл осы орында болған өз масштабындағы алапат жан алыс, жан беріс күрес СССР сияқты дүниежүзі тарихындағы ең қанқұйлы империяны ыдыратуға себеп болған тарихи оқиғалардың біріне айналды. Дәл сол себепті 1986 жылғы желтоқсанның 16-18 күндері жандарын шүберекке түйіп, Алматының орталық алаңына жиналған жастардың ерлігі таңнан-таңға талмай жырлайтын дастанымыз болуы тиіс. Мейлі, бүгін қара жолдың бойында қалсын, «елу жылда – ел жаңа», күні ертең бұл мекеннің киесін терең түсінетін жүйе орнар. Республика алаңын мәртебелі әрі киелі орын ету тек билік орындарына қарап тұрған жоқ. Тарихшымыз бар, гидіміз бар, өнерліміз бар, өнерсіз, бірақ өреліміз бар, бала-шағамызды жетектеген күйі тым құрыса айына бір мәрте сол алаңның жаяу жүргіншілерге арналған бөлігін жайлап басып өтіп, ширек ғасырдан асар-аспас тарихымыздағы жап-жаңа ерлік дастанын жадымызда бір жаңғыртып отырайық, солайша алаңды анық меншіктеп алайық. Оған кедергі болып тұрған ешкім жоқ. Елдік дәстүрі, бас алаңның тарихы бір жылда, тіпті бір ғасырда қалыптаса қалмайды.

Ғалым ЖҮСІПБЕК, 
Сүлеймен Демирель атындағы университетi халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, АҚШ, Вашингтон, «Қайта ойлау» орталығының сараптамашысы

Шынайы тәуелсіздік «азат, еркін адамды» қалыптастыруы керек 
Қоғамдық құбылыстар әрқашан күрделі болып келеді, оған жалпылама баға беруден аулақ болу керек. Яғни Тәуелсіздіктің қадіріне жете алып жүргендер де, жете алмай жүргендер де, өзіндік талдаулар жасап жүргендер де бар. Бұл – табиғи құбылыс. Дей тұрғанмен, ешкім кешегі тоталитарлы жүйеге, бөгде біреудің билеп-төстейтін және не ойлап, не ойламайтынымызды анықтайтын қоғамға оралуды көксемейтін болар. Яғни бұл тұрғыдан алғанда, кейбіреулер ашық мойындағысы келмесе де, Тәуелсіздігіміз барлық азаматтарымыз үшін қадірлі. 
Әркімнің ұлттық санасы да бірдей жоғары бола бермейді, бұған түсіністікпен қарау керек. Көптеген халықтардың бір ұлт болып ұйысуы ғасырлар бойы жалғасқан бөлінушіліктен кейін барып болды. Тіпті кейбірі өзара соғысты. Мысалы, неміс халқы сан ғасырлар бойы жүздеген мемлекетке ыдырап жүріп, тек қана он тоғызыншы ғасырда Пруссияның бастауымен біртұтас мемлекет болып бірікті. Алайда, бірігіп алды да, көп ұзамай дүниежүзінің тып-типылын шығарып жібере жаздады. Әрине, бұл немістер сияқты болу керек деген сөз емес. Дәуір өзгерді, адамдардың санасы да өзгерді. Әлемді күшпен ала алмаған неміс пен жапондықтар, техника мен технология арқылы жаулады. 
Біздің жағдайымызға келер болсақ, Тәуелсіз мемлекет болғанымызға жиырма екі жыл болса да, әрдайым есімізде ұстар бір нәрсе бар. Біз кешегі тоталитарлық қоғамнан шықтық. Адамзат тарихында адамның жеке өмірін, дүниетанымын, ой-өрісін, рухани өмірін өзгертуді өзіне мақсат еткен, бұдан өткен залым жүйе бұрын-соңды болмаған екен. Оның үстіне бізде бұл жүйе үш ұрпақ ауысып үлгеретіндей жетпіс жыл дәуірледі. Яғни жағдайды объективті бағамдауымыз керек. Біз бастан өткерген тоталитарлық жүйемен салыстарғанда әлдеқайда жұмсақ саналатын, адамның жеке өмірі мен дүниетанымына араласпаған (бұны өзіне арнайы мақсат етпеген) Британдық отаршылдық жүйесін басынан кешірген мемлекеттер 40-50 жыл өтсе де, әлі де колониялдық және пост-колониялдық синдромдардан арыла алмай келе жатыр. Сондықтан бізге шыдамдылық пен келешекке үлкен үмітпен жетелейтін позитивті энергия керек.
Айта кетерлік жайт, кейбір пост-кеңестік елдер, көршілеріміз ұлтшыл болып көрінсе де шын мәнісінде кешегі тоталитарлық қоғамның шырмауынан әлі де шыға алмай келе жатқаны жасырын емес. 
Осы тұста тәуелсіздік идеологиясына қатысты мынаны айтуға болады. Шынайы тәуелсіздік ең алдымен «азат, еркін адамды» қалыптастыруды өзіне негіз ретінде алуы керек. Яғни адамның еркін дамуына, әркімнің өзіндік құндылықтарына бекем ие болып, бүкіл адамзатпен қарым-қатынаста болуына жағдай жасалуы тиіс. Жаһанданудан қорқатын емес, керісінше, жаһанданудың тиімді жағын пайдаланып, өзін жетілдірген азаматтарды шығару керек. Біз ана тіліміз бен дәстүрімізді, дінімізді басқаларға тартымды қылсақ қана өзгелерге үйрете аламыз. 
Қысқасы, тәуелсіздік идеологиясы – жаһандану дәуірінде, Шығыстың бір ойшылы аллегориялық түрде айтқандай, бір аяғы мызғымай имандылық пен дәстүрімізде, ал екінші аяғы «жетпіс екі халықтың» (әр алуан адамзатты білдіретін шығыстың теңеуі) арасында емін-еркін жүретін азаматтардың өсіп-өнуіне жағдай жасауы керек деп ойлаймын. Бұл белгілі деңгейде жүзеге асырылып та жатыр. Және саясаттанушы ретінде тілегім, идеология деп көп айтудан гөрі адами құндылықтар деген сөзді қолданған жөн болар. Бізді ғана емес, бүкіл адамзатты алға сүйрейтін адалдық, мейірбандық, еңбексүйгіштік және қарапайымдылық сияқты адами құндылықтар екені даусыз.
Біз, пост-тоталитарлық қоғамбыз және одан ең көп жапа шеккен халықтардың біріміз. Сондықтан ғылым-білім, әдебиет пен өнердің өзге біреулердің көшірмесі ретінде емес, төл дүниетанымға негізделген, «бізше форматқа» ие болып, қайта синтезделіп шығуы уақыт пен қажыр-қайратты қажет ететіні анық. Бұл бәлкім, бір-екі ұрпақ ауысқан соң нақты жүзеге аса бастауы мүмкін. 
Қашан өткен дәуірлердің ақын-жырауларын, тіпті кешегі Алаш зиялыларын қайта түсіне бастасақ, кашан олардың жылағандарына біз де жылап, намыстанғандарына намыстанып, қуанғандарына қуана білсек, сол уақытта ғана толық тоталитарлық кезеңде деформацияға ұшыраған дүниетанымымыз жаңғыра бастайды. Бұндай қайта жаңғырған рухани және интеллектуалды ортада біздің дүниетанымымызға негізделген кинофильм де, спектакль де, клип те шығады, роман да, өлең де жазылады. Құдай қаласа, біз осы бағытта ілгерілеп бара жатырмыз. Жастармен көп қарым-қатынаста болғандықтан бұған куәмін және кәміл сенемін.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 951 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2147 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2868 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0




05/06/2017 12:09

Азаттықтың құндағы
0 49089 0

24/04/2017 10:53

Газет және қазақ
0 7188 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика