КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

М.Әуезов қазақ әдебиетінде тарихи тұлғаны ұғынуға, оның драмада көркем бейнеленуіне алғашқылардың бірі болып бет бұрғанын ескерсек, көркем шындық пен құжаттанған тарихи деректің, бейне типтерінің, драмадағы композициця мүмкіндіктерінің іске асуының тәжірибесін талдасақ, бұл тәжірибенің жеке шығармашыл ізденіс шегінен шығып, ұлт әдебиетіндегі нақты тарихи тұлға мәселесін шешуге елеулі ықпал етіп, белгілі бір дәрежеде басқа халықтар әдебиетіндегі тұлғаны көркем бейнелеудің тәсілдеріне өз әсерін тигізгенін көреміз.

М.Әуезов драма жанрында, пьеса құру өнерінде елеулі тәжірибе жинады. М.Әуезов драма архиткетоникасы заңдарына аса назар аударып, драма өнерінің теориясын максатқа лайық жетілдіру қажеттілігін атап өтті. Драмалық шығарманың әлсіз идеялық-эстетикалық әсерінің себебін, драматургияның жалпы артта қалуын Әуезов драматургия өнерінің өзгеше заңдары мен құралдарын жете бағаламаудан деп түсіндіреді.

  «Хан Кене» трагедиясымен М.Әуезов драматургиялық шеберліктің жоғары деңгейіне көтеріліп, ХХ ғасыр бойына ұлт драматургиясының көркемдік ізденісін анықтап, қазақ әдебиетінің алға қарай дамуына бағыт-бағдар бере алады.

М.Әуезов драматургияда әртүрлі әлеуметтік типтер ортасында халық мүддесін қорғаған тұлғаның жаңа тұжырымдасын негіздей отырып, драма тартысы мен мінез көрінісін дамуында шеберлік шыңына көтерілді.

Әлеуметтік-тұрмыстық драмада жазушы этнографиялық элементтерді шебер қолданды. Драматург өмірдің әлеуметтік-тарихи жағдайына, тұлға мен халық мәселесіне басты назар аударды. Әуезов жаңашылдығы оның көркем-идеялық ізденісінде жатыр. Өз өмірін  халық тарихын зерттеуге арнай отырып,  тарихи тұлғаның жағымды бейнесін қалыптастыру үшін тарихи оқиғаларды зерделеуге батыл бара білді. Өзі өмір сүрген заманның саяси-идеологиялық ауыр қыспағына қарамастан, ол осы ізденіс жолының арқасында тарихи дәуірдің диалектикасы мен қарқынын білдіретін тарихи тұлға – күрделі де, қарама-қайшылыққа толы Кенесары Қасымұлының көркем бейнесін сомдады.  Бұл жайт М.О.Әуезовтің азаматтық және суреткерлік батылдығының айқын айғағы. Әуезов шығармашылығы Т.Жұртбаевтың «Талқы» әдеби-көркем зерттеуінде өткір идеологиялық күрес жағдайында ұлт тарихын автордың көркем тұжырымдама ретінде қорғап қалуының үлгісі делініп, қазақ және әлем әдебиеті аясындағы жазушы мұрасының рөлі мен маңызы  ерекше  бағаланған [1].

Қазіргі отандық әдебиеттануда көптеген мұрағат көздеріне қол жеткізе алу арқасында бұрын идеологиялық тиым салынған материалдар жарияланып, рухани жандану процесінде жаңа есімдер аталып, белгілі деректер басқа көзқарас тұрғысынан қаралып жатыр. Қазақ қоғамына М.Әуезовтің шығармашылығы кеңінен танымал. Алайда өткен ғасырдың 80-ші жылдары ғана жарияланған материал негізінде ұлы жазушы тағдырының кейбір қайғылы беттері аян болды. «Хан Кене» трагедиясы осы деректің айқын дәлелі. Бұл шығарма 1928 жылы жазылып, алты жылдан кейін ғана театр сахнасында қойылды. Қызу пікірталас тудырған шығарманы сахнада қоюға уақытша тиым салынды. Басылым түрінде «Хан Кене» алғаш рет 1983 жылы ғана жарық көрді.

ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдары «Хан Кене» трагедиясы республикалық басылым беттерінде жарияланған зор әдеби сынның нысанына айналды. Айтылған пікірлердің бірі бойынша, трагедияда революцияға қарсы сипат  беріліп, драматург шығармашылығының алғашқы кезеңі Кеңес үкіметіне нұқсан келтіретін іс-әрекет деп бағаланды. Пьесаға қатысты пікілер қарама-қайшылығы оның нысанымен, тарихи тұлғаның пайымдалуымен түсіндіріледі.

Кенесары Қасымұлының тұлғасы өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы оқиғасы – қазақ  тарихи ғылымында ұзақ мерзімге полемика туғызған көлемді тақырып. Оған әртүрлі баға берілді: Кенесары өзінің жеке басының қамын ойлап, хан билігін орнықтырғысы келген тұлға деп есептелсе, басқа бір көзқарас бойынша ол ұлт тәуелсіздігін аңсаған ұлт батырына айналды. Міне, осындай әдеби дау, ғылыми пікір-талас шығарманы тарихи-функционалды  қырынан зерделеуге негіз болды.

Жаңа әдебиетте тарихи тұлға бейнесін жасауда М.Әуезовтің орны ерекше, себебі ол қарама-қайшы тарихи тұлғаның орнын көркем зерттеуге батыл кірісіп, тұлға, халық, дәуір арақатынасын және қазақ ұлтының шынайы тарихи болашағын түсінуге бір қадам жақындады. Оның шығармашылығындағы тарихи бейнелердің көркем жаңаруы дербес мінездемелер шегінен шығып, философиялық мәнге ие болады. «Хан Кене» трагедиясының әлеуметтік-тарихи сюжеті әдебиеттануда әлі де бағаланбаған философиялық түрткілерге толы. Кенесары тағдыры жалпы адамзаттық мәніске толы ой қозғайды: адам өмірі дегеніміз не, тұлға тағдырын қалай пайымдауға болады, байлық пен берекеден бас тартқан Кенесары неге, қайда талпынады деген сияқты мәселелерді ой таразасына салып қарауға жетелейді. Кенесары бейнесін сомдағанда автор ХІХ ғасырдың орта шеніндегі әлеуметтік және саяси жағдаяттарға сүйенген. Қозғалысты халық қолдауының себебін зерттей келе, Кенесары мінезін, психологиясын терең зерделеген. Әуезовтың өзінің айтуынша, пьесаны жазбастан бұрын Орынбордан, Омбыдағы Сібір ведомствосынан, қырғыз-қазақ арасынан көп материал жинаған. Оның пікірінше, әрбір тарихи деректі әркім өзінше пайымдауы мүмкін, бірақ өзіндік тарихи тұжырымдамасы жоқ автор тарихи тақырыпқа шығарма жаза алмайды [2].

М.Әуезов өзінің әдеби ізденістерінде драматизм мәселесін қазақ әдебиетінің көркем-эстетикалық даму деңгейімен байланыстырады. Кейіннен қазақ әдебиеттануында драматизмді шығарма тартысының сапалық сипаттамасы деп түсіну орнықты. Тартыстың ұғымдық аясының қатысты түрдегі тарлығын кезінде Т.Есембеков ескерген. Ол: «Драматизмді идеологиялық және технологиялық жағынан тар шеңберде түсіну, оны таза драматургиялық қызметке қатыстыру, сюжет, композиция, мінезбен негізсіз бірлестіру, көркем шығармашылық өзгешелігінен толық айырып көрсету байқалады»,-деген [3; 5]. Драматизм мәселесі М.Назарбаевтың «М.Жұмабаев шығармалары негізіндегі лирика драматизмі мен эпикалық романтика»,  Р.Нұрғалиевтің «Прозадағы  драматизм» еңбектерінде қарастырылады.

Осы бағыттағы соңғы зерттеулердің бірі – Т.Есембековтің еңбегі [4]. Автор драматизмді синергетика заңдарына сәйкес қарастырады. Осы заңдар бойынша, өзін-өзі ұйымдастыратын жүйе жұмысының негізінде бір тұрақсыз айнымалы болады, ал жүйенің дамуы оның өсу процесімен анықталмай, белгілі бір секірумен айқындалатын  күй-жайының сапалы өзгерісі  болып саналады.

Міне, осылай драматизм негізіне Т.Есембеков тұрақтылық-тұрақсыздық, реттілік-ретсіздік ұстанымдарын қатыстырады. Сол себепті ол драматизмді «реттіліктен ретсіздікке секіру» деп анықтайды. Өз жұмысында ол ХХ ғ. көрнекті жазушылары: Б.Майлин, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және т.б. шығармалары негізінде белгілі қорытындыларға келеді. 50-60 ж.ж. туындыларындағы драматизмді сипаттауда олардың кемшіліктерін «реттілік-ретсіздік» байланыстарына стандартты, жоспарлы түрде өтумен түсіндіреді [5]. Драматизмді терең зерттеу негізінде автор оны тартыс ретінде қабылдайды. Көркем шығармадағы тартыс ретіндегі драматизм туралы айтып не керек, әдебиеттану да бекітілген «тартыс» ұғымы бар емес пе? Синергетика заңдарын қолдану авторды антик ой жетістіктерін әрі қарай дамытуға әкелді, шығарма негізінде реттіліктен ретсіздікке өту қағидасын ежелгі гректер айтқан еді.

Драматизм мәселесін тұлға мәселесімен байланысты деп санайды Т.Есембеков. Драматизм мәселесіне қызығушылық тұлғаның күрделі құрылымын тереңдеу ұғынумен  ұштасып жатыр. Сол себепті, зерттеуші пікірінше, «... в изучении сущности драматического представляется целессобразным исходить из идеи спонтанности, из движения как  самодвижения, определяемого внутренними противоречиями самого предмета, где сложное взаимодействие внутренних и внешних факторов состоит из переходов друг в друга, здесь внешние факторы должны влиять на интенсивность и определять направление движения, а внутренние – порождать его импульс и энергию» [5; 10].

Көріп отырғанымыздай, драматизм түсінігі біртіндеп оқиғалар драматизмі ұғымынан оқиғалар жоқ болуы не оқиғалар ұсақтығы ұғымына дейін өзгеріске ұшыраған. Мұндай өзгерістер санада сақталатын тарихи процестер диалектикасы арқылы өтеді. Осы жайтқа сай драма тартысы мен драмалық іс-қимыл табиғаты да өзгеріп отырды. Оған қоса драматизм мәселелері драматургияның энергетикалық көрінісі буынымен, бірінші кезекте,  пафос түсінігімен байланысты.

Драма шығармасының пафосы мен драматизм категориялары мен тұжырымдамалары драмада семантикалық күрделілік, тереңдік түзіп, оның көркем-бейне қатарын тиімді етіп көрсетеді. Міне, осылай драма теориясы мен практикасында драматизм мен пафос ұғымдарының арасында көп қырлы эстетикалық күрделі  байланыс түзілгенін қорытындылауымызға болады.

Трагедияның тарихи тақырыбы өткенді бірізділікпен баяндауда емес, тарихи негізделген мінездерді бейнелеу арқылы ашылады. Дәуірдің негізгі үрдістерін белгілейтін трагедия бейнелері уақытының әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық жағдайларына тәуелді. Кенесары аналитикалық ой иесі. Адамның әлсіз жақтарын біле отырып, ол ірі шонжарларды бір-біріне қарсы қойып, осындай жағдаяттарды өз пайдасына қолдана біледі. Кене өзіне сенімді, айтқанынан қайтпайтын өр тұлға.

Кенесары бейнесінің авторлық тұжырымдамасында драматургтың туралығы жатыр. Турашылықты талап етуі – драманың тектік қасиеті. Міне, осы талап негізінде дерек пен қиялдың, шынайылық пен ойдан шығарғанның үйлесімі анықталып, мінез бен іс-қимылдың нанымды шығуына мүмкіндік берілді. 

Кенесарының жеңілісін оның жеке мүдделері салдарымен, хан билігі мұрагерінің құқын сақтап қалуға қызу талпынысымен түсіндіруге болар еді. Алайда тартысты осылай түсіну шығарма мәнін тарылтып жіберері сөзсіз.  Әуезов Кенесары тағдырында оның жеке трагедиясын ғана емес, қазақ қоғамының тарихи дамуындағы түрлі үрдістердің қақтығысын көрген болатын.

Пьесаға трагедиялық сипат беретін бас кейіпкердің жеңілісі мен өлімі емес, оның іс-қимылдарының ширақтығы мен қоғамдық маңызы. Автор тұжырымдамасында Кенесары белгілі бір қоғамдық үрдісті іске асырушы,  ол үрдіс – мемлекеттік дербестікке талпыныс. Бірінші актіде Кенені жақтаушылардың мақсаты Жоламан батырдың тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі кеңес шешімі туралы сөздерінен белгілі болады. Кенесары: «Киіз туырлықты қазақтың баласы. Сона бір қысылған шағыңда ер деп етегінен ұстағаның менің атам Абылай еді... енді халық дәме қылып мені сайласа, кеудемде шыбын жаным тұрғанда, ақ тілеуіңді ақтармын-ақ. Жетпей жығылсам,  көзің көрер. Жолыңда міне басым, міне жаным...» [2; 31].  Міне, осы еркіндік идеясына шын берілу негізінде Кенесары халыққа жағымды көрінеді.

М.Әуезов ханның серіктестерін, халық өкілдері бейнелерін, қырғыз батырларын, дулат руының әскери басшыларын, Қасымұлына қас ру басшыларын суреттейді. Олардың репликалары іс-қимылдың барған сайын  бұқаралық сипат алып, үдей түсетін жалпы көрінісін береді. Диалог арқылы берілетін әртүрлі күштердің арақатынасы түрлі реңге ие болады. Мұндай көп дауыстардың үндестігі, бірінші кезекте, трагедияның композициялық-сахналық үндестігінен туындайды. Сюжет желісінің көп түрлілігі мен пьеса композициясының бір орталыққа бағынбауы драматург ойының тарихилылығымен түсіндіріледі. Суреткердің пікірінше, тарихи оқиғалар барысы жеке адамдардың еркіне тәуелді емес, олар күрделі әлеуметтік күштердің өзара әрекетесуінен  пайда  болады. Трагедия бейнелері сараланған қоғамдық күштер ретінде берілген. Бірақ құрылымның бір орталыққа бағынбауы, сюжет желісінің көптігі драма тұтастығына нұқсан келтірмейді. Бейнелер жүйесінде әрбір кейіпкер өз орнында өз мінезіне сай әрекет құра отырып, трагедияның негізгі идеясына сәйкес те іс-қимыл атқарады. Драма өнерінің қатал талабы – іс-қимыл бірлігі  шебер орындалған.

«Хан Кене» аты арқылы проблематикасы ұшталған Кенесары қозғалысына арналған туындыда әлеуметтік-тарихи, мораль мәселелерінің көрініс табуы, қилы мінезді кейіпкерлердің берілуі пьеса мазмұнына қайшы келмейді. Тартыстың трагедиялық сипаты, жағдаят дағдарысы, мінездер қызбалылығы рухани-этикалық проблемалардың: жақсылық пен зұлымдық, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, махаббат пен жек көрушілік  мәселелерінің туындауына алғы шарт қызметін атқарды. Себебі, Кенесарының өмірі мен өлімі жеке адам тағдырынан жоғары қойылған. Оның тұлғасының маңызы – тағдырында ғасырдың елеулі сипаттары мен қарама-қайшылықтарының айқын көрінуінде. Міне, осы белгіден трагедия тартысының қоғамдық маңызы анықталып, ол өз кезегінде, суреткерге болмыстың «мәңгі» сұрақтарына жауап іздестіруге мүмкіндік берді.

Басты кейіпкердің авторлық тұжырымдамасында пьесаның соңғы сахнасының орны ерекше. Кенесары өліміне қатысты бірнеше нұсқа бар, оларда ханды кім ұстап бергені туралы түрлі жауап берілген. Кенесары сұлтанның соңғы ұрыстары жөніндегі неғұрлым сенімді мәліметтер баласы Ахмет Кенесариннің әңгімесінде және қара қырғыз Қалиғұлла Әлібековтың сөзінен жазылған К.Степняктың әңгімесінде берілген. «Кенесары өлімі» мақаласында ұлы қолбасшының ажалы туралы мынадай ақпарат беріледі: ұсталған К.Қасымұлын манап Орманға тапсырады. Бір аптадан кейін кеңес үкіміне сәйкес тұтқын Ходжамбек Ташмағанбетовтың билігіне беріледі, оның екі бауыры Кенесарымен ұрыста қаза тапқан болатын. Ташмағанбетов бауырларының кегін алып, Кенесарыны азаптап өлтіреді. Кенесары өмірі осылай аяқталды. Әрине, автор кейіпкерінің ажалы туралы шындықты білген болатын. Алайда ол дәстүрлі кейіпкер өлімімен аяқталатын трагедия жанрының заңын бұзып, осы әрекеті арқылы өз ұстанымын білдірді. Пьеса Кенесарыны қырғыздардың тұтқынға алуымен аяқталады. Өз жеңілісін түсінген хан көрерменді өр мінезімен, қайыспас қайратымен таң қалдырады. Сұлтанның ақыры тарих тұрғысынан шынайы көрінеді.

Елу жылға жуық Қасымұлы әулетінің өкілдері патшаның жаулап алушылық саясатына қарсы бұқара халықтың қарулы күресін басқарып, ру жерлеріне деген құқын қорғады.

Қозғалысты Кенесары басқарған кезең ұзақ та өшпес күрестің маңызды бөлігі. Кенесары қырық бес жыл ғана өмір сүрді. Оның жиырма бесін өз ұлтының бостандығын шын пейілімен, ақ ниетімен қорғауға арнады. Тарихи және өмірлік шынайылықтың осы қисынында Кенесарының өлімі әрі шынайы, әрі заңды көрінеді. Не мұратқа жету, не өлім.  «Мен сүйенер өмір, мен жұбанар үміт қалған жоқ...бұдан арғыны көргенше, алланың ақ бұйрықты ажалы келсін». Өлімді күту рух мықтылығынан, бұл – аналы таңдау.

Егер  автор Кенесарыны қажыған, жеңілген түрінде көрсетсе, жағдаят шынымен де қайғылы сипатта болар еді. Бірақ кейіпкердің жан күйзелісінің, ізденісінің мәні қандай болмақ.  М.Әуезов  Кенесары трагедиясын мақсаттың орындалмауымен ғана емес,  ханды  замандастарының түсінбеуімен, одан алыстауымен түсіндіреді. Оны түсінбеген тек  оған әлеуметтік жағынан теңесетін не теңеспейтін замандастары  ғана емес, оны қайтқаннан кейін отандастарының сабақтас ұрпақтары да түсінбей қойды.

Тарих ғылымда қазіргі кезеңге дейін  осы мәселе өз өзектілігін жоғалтқан емес. Көп жағдайда Кенесары хан билігін белсенді қорғаушы ретінде пайымдалды. Оның арманын аяққа таптағандар қатарында  билік пен ақша үшін онымен бәсеке-тартысқа түскен сұлтандар мен ру басшылары және  оған жақын адамдар да бар.  Трагедияда жалғыздық, түсінік таппау, қастандық жасау мотиві бірнеше рет қайталанып келеді. Бұл тақырыптама  Мұса, Қопай, Наурызбай және т. б. бейнелермен тығыз байланысты.

Оған айқын айғақ – Кенесарының соңғы монологы: «Мені қара қайрат алған жоқ, кескілесіп қарсыласқан жауым да емес... сырттың күші жығатын болса, әлдеқашан жықпас па еді... бәрі де ала алған жоқ.  Мені іштегі дерт жығып отыр. Менің жауым .. мұршам жетпеген жалғыз жауым... өңшең азғын арам бездер.  Солар ала қылды, солар адастырды елді де...  менің күйігім де, ажалым да солардан» [2;368]. Осы сөздер жағдаят трагизмін шегіне дейін жеткізеді.

«Бірақ мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұғар ма екен.  Ойлар ма екен» жан айқайында автордың да үні естілгендей. Кенесары тағдырының қасіреті жарқын тұлғаның қоғамдық маңызды мақсатқа қол жеткізе алмай жеңілуінде, себебі оның уақыты өткен, оның тағдыры жеке тұлға қасиеттеріне тәуелді емес,  ол  тарих барсысымен анықталады.

Кенесары қасіреті  жоғары мақсатқа талпына отырып, әрбір пендеге тән рухани күйзелістен арыла алмауында.  Міне, осылай драматург бостандық идеалына талпынған ұлы күрескер мен үмітін үзбей ізденіс жолына түскен пендені бір бейненің бойынан табады.

Жазушы көркем ойды түрлендіргенде драматургия мүмкіндіктерін  түбегейлі жаңа құрал-әдістермен байытады. Мысалы, «Хан Кененің» қайғы-лы соңғы сәті жау тұрбаларының дауысымен үндеседі. Олар бірінші рет 4-ші қимылда хан Наурызбай тағдырын шешерде  ескеріледі. Ол – жазаның  орнына жаулармен күрестегі өлімді таңдайды.

«Хан Кене» трагедиясы  сахнаға шыққан кезінен бастап сын нысана-сына айналып, көптеген пікірталасқа негіз болды. Трагедияның басты кейіпкері,  драматург тұжырымдамасы қатты сынға алынды.

Өткенмен өшпес иделогиялық күрес жағдайында, рухани тамырларын қажетсінбеген жаңа қоғам кезінде туынды өткенді мадақтау, оны аңсау мен қорғау талпынысы деп  қабылданды.  Тарихи тұлғаның көркем бейнесі, мінез қарама-қайшылығын сенімді суреттеу, дәуір рухын түсіне білу, жағдаятты кейіпкер көзімен көру – міне, осының бәрі Кенесарыны драматург пікірін негізгі және жалғыз білдіруші ретінде бағалауға мүмкіндік берді.

Алайда автор ұстанымы  туындының басты кейіпкерін көркем бейнелеумен шектелмейді. Автор ойын, пьесаның идеялық семантикасын Кенесары бейнесіне теңеу драматургтың көркем өрісін тарылту болып  саналады.

Кенесарыға, оның мақсаттарына  деген халықтың  пікірін М.Әуезов ерекше көрсетеді.  Бұқара халық ханына күдікпен қарайды. Бұл, бір жағынан, ХІХ ғасырдың тарихи шындығы болса, екінші жағынан,  төңкерістен кейінгі заманның идеологиялық әсері де болуы мүмкін. Алайда  төңкеріске дейінгі орыс ғылымы  Абылай, Тәуке, Қасым және т. т. тарихи тұлғалардың қазақ мемлекетінің негізін қалаудағы маңызын жоққа шығармаған.  А.И.Тевкелев пен П.И.Рычков айтқандай: «всех здешних народов усилование тогда и от тех происходило, когда и где случались над ними владетели по обыкновению и состоянию их  в народном правлении перед другими, хитрые и отважнейшие» [6, 124].

Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының үзік және тұрақсыз сипат алуы  өз әрекетімен билік институттарын бекітіп, мемлекеттілік элементтерін жандандырған сол «қу және батыл» тарихи қайраткерлердің рөлі мен маңызын күшейте түсті.

Ұлт мемлекеттілігі тарихында Абылайдың қызметі ешбір күдік туғызбаса, саяси дербестікке ұмтылған Абылай жолын жалғастырған Қасымұлы әулетінің  маңызы да соншалықты анық болуы тиіс.  Көп жылдарға созылған қызу пікірталасқа қарамастан,  тарихшылардың Кенесарыға қатысты көзқарасы айқындалды.   Кенесары  – ұлт тәуелсіздігіне бағыт алған саясатты жалғастырушы,  мемлекет құрылымын бекітуге талпынған қайраткер.  Ол  үш жүзді біріктіруге, қабілетті әскер құруға, жоғары билікті бекітуге мақсат қойған болатын.

Бірақ идеологиялық ұстанымдарға сай хандар халық жауы деп жарияланып, олардың жағымды әрекеттері әрқашан жасырылып, бұрыс шешімдері мен теріс қылықтары  асыра әспеттеліп отырылды.  Мұның өзі өз кезегінде өтпелі дәуірдің қоғамдық санаға күдік пен сенімсіздік туғызды.  Бұл жай «Хан Кене» пьесасындағы халық өкілдері үнінен нақты  білінеді.  Міне, осылай тура (объективті) және субъективті сәттер тоғысында шығарманың тарихи-функционалды басымдылығы анықталып,  Кенесары туралы шындықпен қатар хан Кененің өз шындығынан тұратын көп қырлы ақиқат  түсінілмей, қабылданбай қалды.

Трагедиядағы Кенесары бейнесінің тұжырымдамасы автордың кеңес идеологиясы шындығын, тарихи дереккөздерге негізделген шындықты,  пенде және тұлға Кенесары Қасымұлының шындығын – көп қырлы шынайылықты – меңгеру талпынысына негізделген.

Әуезов трагедиясының тарихы көрсетіп отырғандай, кеңес әдебиеттануында пьесаны, негізінен, көркем құралдармен жаңартылған өткен тарихтың үзінді сәттері ретінде қабылдау басымырақ еді. Ханның көркем бейнесі Кенесары тұлғасына идеологиялық баға берудің көлеңкесінде қалғандай болды. Суреткер ұстанымын анықтау мынадай мәселені талқы-лауға тірелді: басты кейіпкер кім – халық мүддесін қорғаушы ма, әлде қара басын ойлаған  мансапқор ру басшысы ма. Ал шынайы көркем туындының өзектілігін анықтайтын, оны уақыт ағымынан тыс ұстайтын  мүмкіндіктеріне мүлдем көңіл бөлінбеді.

«Хан Кене» трагедиясының  әлеуметтік-тарихи сюжеті әдебиеттануда аса көңіл бөлінбейтін  рухани-психологиялық, философиялық түрткілерге толы.  Кенесары тағдыры адам санасында бұғып жатқан көптеген ойды қоздатады: адам өмірі неден құралған, ұлт тағдыры, тұлға тағдыры немен, қалай  анықталады, береке мен байлықтан бас тартқан Кене нені мұрат етті.  Сондықтан да М.Әуезов Кенесарының қоршаған ортамен тартысын әлеуметтік-тарихи тұрғыдан дамыта көрсетеді.

 Тартысқа түрткі болған әлеуметтік, саяси, тарихи факторларға көркем талдау жасалған. Суреткердің тарихи ойының әлеуметтік ұстанымы хан әрекетінің сол уақыттың әлеуметтік-тарихи оқиғаларының  драматизмі мен үдеуімен тығыз байланысуына негіз бола алды. М.Әуезовтің дүние-танымының негіздері, тарихилығының ерекшеліктері, міне, осыдан байқалады. Шыншыл суреткер ретінде ол – қоғам дамуындағы әлеуметтік және саяси факторлардың рөлін түсіне отырып,  қоғамдық тартыстың қозғаушы күші деп белгілі бір идеялардың, қарама-қайшылықтардың, заңдылықтардың топтар, таптар талпынысы мен мақсаттары жолында  тоғысып, қақтығысуын таныды.   Сол себепті хан пішіні трагедияда әлеуметтік-тарихи қисында көрініп, анық бір қоғамдық идеяны жүзеге асырады.

Міне, осылай әлеуметтік және тарихи жағдайлар тарихилық пен шынайылық  тұжырымдамасының мәнін  анықтайды.  Бұл «Хан Кене» трагедиясындағы драматургтың шығармашыл әдісінің ерекшелігін пайымдатады.  Пьеса бейнелері  нақты тарихи дәуірге сай қалыптасқан тарихи мінездер ретінде берілген.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Жұртбай, Т. Қ. Шығармалары. - Астана : Фолиант, 2014. - 424 б.

2.      Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова: архивные документы. - Алматы: Библиотека Олжас, 2013. –400 с.

3.     Есембеков Т.У. Художественно-эстетическое значение драматизма в казахской прозе: авторефер. на соиск. докт. филол. наук: 10.01.02. Алматы, 1998. – 47 с.

4.     Есембеков Т.У. «Функции драматизма в художественном тексте» Алматы, 2013 ж.-207  с.

5.     Казахско- русские отношения в  XVI-XVIII в. (Сборник документов и материалов). – Алматы: АН Каз ССР, 1961.– 743 с.

6.     Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы. 2005. 388

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 942 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2134 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2865 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика