КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған Кеңесбай Мұсаев – бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілін зерттеуге, сондай-ақ аз санды ұлттардың «өшіп» бара жатқан тілін қайтадан өмірге әкелуге зор күш жұмсаған азаматтардың бірі де бірегейі.

Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданындағы шағын ауыл – Қаратауда туып-өсіп, 1952 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған Кеңесбай Мұсаев – содан бері бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілін зерттеуге, сондай-ақ аз санды ұлттардың «өшіп» бара жатқан тілін қайтадан өмірге әкелуге зор күш жұмсаған азаматтардың бірі де бірегейі.

Қазақстандық филолог ғалымдар жыр ғып айтатын, Кеңесбай Мұсаұлының жастарға үлгі етерлік, ерлікке пара-пар зор еңбегі қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сонау жылдарда Мәскеуде ешнәрседен қорықпастан тұңғыш рет «Қазақ тілі» қоғамын құрып, ана тіліміздің өркендеп дамуына үлес қосуы болды. Сол бір сәттерді Ресей ғылым академиясы мен Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тілінің жанашыры» медалінің иегері Кеңесбай Мұсаев былай еске алады.

– Біздің Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамын құруымыз Ресейде өмір сүріп жатқан қазақ бауырларымыздың ана тілі мен ұлт мәдениетін ұмытпасын, керісінше, халқымыздың бай рухани мұрасын сақтап, оны бүкіл әлемге таныстырсын деген ойдан туындағанды. Ең бастысы, туған халқымыздың мәдениеті өте бай. Ал енді осынау баға жетпес байлықтан Мәскеу қаласында және басқа да аймақтарда өмір сүріп жатқан ұлты қазақ бауырларымыздың қол үзіп қалуы – су ішіп, қоректеніп отырған тамырынан ажыраумен пара-пар болған болар еді. Сол бір жылдары «Қа­зақ тілі» ұйымын құру былай тұрсын, «қазақ» деген сөзді қолданғаның үшін саған дереу «ұлтшыл» деп ат қойып, айдар тағып, қатаң жауапқа тартатын еді. Менің есімнен күні бүгінге дейін кетпейтін оқиға, ол – сол жылдары тұлпардың тұяғы, Мәскеуде оқып жүрген студент Мұрат Әуезов ұлты қазақ жастарды ұйымдастырып, «Жас тұлпар» атты ұйым құрғаны үшін оқудан шығарылғанды. Басқаны былай қойғанда, өзге ұлт өкілдерін бас біріктіріп, өзара пікір алысқаны үшін айыптайтын кез еді ғой, ол заман. Сөйтсе де «ұлтшылдық» деген ұран «айғайлап» тұрған сол бір кезеңнің өзінде мен «Нар тәуекел!» деп Мәскеуде қолынан іс келетін беделді де ақылды қазақ азаматтарының басын қосып, ана тілімізді сақтап қалу үшін «Қазақ тілі» қоғамын құрдым. Жұрт үрейлі еді, сондықтан олардың мұндай ұйымға мүше болып кіруі де қиын болатын. Әйткенмен мен «тонымды шешіп алмас» деген пікірге тоқтап, ешкімнен қорықпауға бел байладым. Айта кететін бір жайт, сол жылдарда аяғын тәй-тәй басқан бұл ұйымға Мәскеу қаласындағы қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Валерий Темірбаев көп көмек берді. Қазақ халқы десе, ішкен асын жерге қоюға дайын осы бір асыл азамат ұйымға қажетті үй-жай, яғни ғимарат мәселесін шешуге барын салып, көмектесті. Бүгінде «Қазақ тілі» қоғамы үлкен ұйымға айналды. Сондай жана­шыр азаматтардың арқасында қоғамдық ұйым жұмысын тоқтатпай келеді. Мен қазір сол өзім құрған «Қазақ тілі» қоғамының құрметті төрағасымын. Әсілінде, ана тілін ардақтай білген адам ешқашан азбайды. Керісінше, азаматтықтың биік шыңына көтеріледі. Себебі ана тіліміз – қазақ тілінің құдіреті орасан зор. Біле білсек, сол құдірет адамды кез келген қиындықтан алып шығады. Бұл – менің өмірлік пайымым! – дейді әлемдік деңгейдегі түрколог-ғалым, «Түрік тілі» ұйымының құрметті мүшесі Кеңесбай Мұсаев. 

Бір ерекшелігі, ұзақ жылдар бойы туған жерден жырақта жүріп, ана тілі – қазақ тілін дамытуға зор үлес қосумен қатар, академик Кеңесбай Мұсаев өзге де ұлт тілдерін зерттеумен айналысып, түркология, терминология, фольклор, көркем аударма, сондай-ақ жалпы, тіл білімінің көкей­кесті мәселелері бойынша 300-ден астам ғылыми-зерттеу еңбек жазды. Кеңесбай ағаның өкше басар кейінгі толқын інілері айтулы ғалымның тіл білімін зерттеудегі орасан зор еңбегімен қоса, оның азаматтығы мен адамгершілігі хақында да әрдайым жылы пікірлер айтудан жалыққан емес. 

– Өзіміздің ҚазМУ-дың елуінші жылдардағы түлегі Кеңесбай Мұ­саевты тіл білімі саласы бойынша әлемдік деңгейдегі даңғайыр ғалым деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі ол – Ресей ғылым академиясының Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері бола жүріп, Қазақстанмен үнемі байланыста болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілін дамытуға сонау социализмнің қиын-қыстау кезеңінің өзінде үлкен еңбек сіңірді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар Кеңесбай Мұсаевтың Мәскеу қаласында тұң­ғыш рет «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның жұмысын жолға қоюы – оның туған халқына деген шынайы сезімінің, перзенттік сый-құрметінің белгісі. Өйткені сол бір жылдары ұлттық тұрғыдағы мұндай ұйымды құру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Сондықтан біз Кеңесбайды ұлтын сүйген батыр деп айта аламыз. Бұл – біріншіден! Екіншіден, Кеңесбай Мұсаев қазақ тілін ғана емес, аз санды ұлттардың тілін, ділін қалпына келтіру ісінде зор еңбек сіңірді. Мысалы, ол – сирек кездесетін қарайым тілін зерттеген ғалымның бірі. Ол «Қарайым тілінің құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын да тамаша қорғап шыққан. Бұл еңбегінде ол Литва мен Украинада тұратын қарайым халқының тілін жан-жақты зерттеді. Бұған қоса, ол қыпшақ тобындағы тілдерді салыстырмалы тарихи тұрғыда зерттеп, әліпби, лексика, орфография мәселелерімен де айналысты. Сонымен қатар академик Кеңесбай Мұсаев Германия, Түркия, Норвегия, Чехия, Моңғолия, Финляндия, Испания, Үндістан тәрізді көптеген елдерде ұйымдастырылған халықаралық конференцияларға қатысып, халықаралық мінберден түркі халықтарының, сондай-ақ аз санды халықтардың ана тілдерін сақтап қалу мәселесін көтеріп, сан мәрте өзінің ой-пікірлерін ортаға сала білді. Ол «Парасат» орденінің, «Тіл жанашыры» медалінің иегері және Ресей Федерациясының бірнеше орден-медальдарымен мараптталаған таңдаулы ғалым, – дейді Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өмірзақ Айтбаев. 

Академик Өмірзақ Айтбаевтың айтуынша, әлемдік деңгейдегі түрколог-ғалым Кеңесбай Мұсаев өзінің білім мен тәлім-тәжірибесін Қазақстан мен Ресейді айтпағанның өзінде, көршілес елдердегі ғылым қуған жастарға үйретуден әсте жалыққан емес. Мысалы, Түрікменстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Башқұртстан, Қарашай-Балқария, Хакасия және басқа елдерден академик Мұсаевтың жетекшілігімен 24 ғалым кандидаттық, жеті адам докторлық диссертация қорғап шықты. Бұған қоса, ол көптеген шетелдердің (АҚШ, Норвегия, Германия, Венгрия, Финляндия, т.б.) жоғары оқу орындарында шетелдік студенттерге қазақ және түркі тілдері мәселелеріне қатысты сан мәрте дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар академик Кеңесбай Мұсаевтың зерттеу еңбектері бірқатар шетел тілдеріне аударылып, сан мәрте басылып шықты да. Мысалы, ғалымның қазақ тіліне толық сипаттама беретін зерттеу еңбегі Финляндияда жеке кітап болып жарыққа шықты. Ең бастысы, түркологғалым, академик Кеңесбай Мұсаев Мәскеу қаласының тұрғыны болса да, туған жермен байланысын әсте үзген емес. Сондықтан оның ойы – әрдайым Қазақстанда! Бұл жөнінде филолог-ғалым Өмірзақ Айтбаев: – Осыдан біраз жыл бұрын Ресейге барғанымда Кеңесбай Мұсаевпен жолығып, оның Мәскеу қаласын­ағы орталық ипподромда қос тұлпарды баптап жүргенінің куәсі болғаным бар. Бір қарағанда, мұны тұлпарға деген қызығушылықтан болар деп қабылдауымыз әбден мүмкін. Алайда күнделікті қызметтен қолы босай қалса болды, зерттеуші-ғалым Кеңесбайдың тұлпар­ларын баптауға асыға­тын бұл әрекеті, яғни қос тұлпар маған даңғайыр ғалымның Қазақстанға деген сағынышының белгісіндей ерекше әсер қалдырды, – деп өзін толғандырған айрықша бір сәтті сүйіспеншілікпен еске алды.

Бәлкім, бұл – ана тілін ардақтай білген ғалымның туған жерді сағынып жүргені болар?!

Айқын


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 949 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2143 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2868 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика