THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Айна Рахимова (Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
докторанты),
Нәзира Бурханова, (әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың студенті):
Бұл ғасыр – технологияның ғасыры.
Бүгінде 15 пен 40 жас аралығындағы азаматтардың көпшілігі ғаламторды пайдаланады.
Қазір ғаламтордағы ақпаратта мемлекеттік
тіл туралы кім не айтып жүр? Ғаламтор беттерін саралағанда қызу айтысқан екі
үлкен топты ажыратуға болады. Олардың бірі – «мемлекеттік тілді күштеп дамыту
ақылға сыймайды, ҚР Конституциясының 7-бабы 2 тармағы мемлекеттік тілдің
мәртебесіне еш нұқсан келтірген емес (орыс тілі – ресми тіл еді ғой…)»
дейтіндер, ал екіншісі – «мемлекеттік тілді өз дәрежесінде дамытуға мемлекет
тарапынан қолдау жетіспейді, тіліміздің мәртебесін көтеруге Ата Заңымыздың
жоғарыда айтылған бабы кедергі келтіріп отыр, еліміздің барлық әлеуметтік
өкілдері тек қазақ тілін қолдану керек» деген ұстанымға тоқталғандар. Мұндай
екі топтың қалыптасуына қоғамымыздағы түрлі факторлар өз әсерін тигізуде.
Ғаламтордағы мақала аттарының өзі тілді
қызғыштай қорғайтындар қатарының көп екендігін танытады. «Мемлекеттік тілді
қолдау – мемлекетті қолдау. Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын!» («Жас
қазақ үні» №33-34, 29.08.2011), «Міржақып, Жарасбай және Нұртай немесе тағы да
мемлекеттік тіл туралы» (Думан Анаш, «Алматы Ақшамы»), «Тіл мәселесі һәм сауда»
(Болат Төлепбергенов), «Ана тілін білмеу де, ана тілінде сөйлемеу де – ұлтқа
сатқындық! Сіздің мекемеңіздегі ана тілін – мемлекеттік тілді білмейтін топас
басшылар мен қызметкерлер кімдер?!», «Мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік
тілді білмеуге құқы бар мемлекет бола ма?» және, т.б. көптеген осындай
мазмұндағы мақалалардың авторлары көбіне өз тұжырымдарын ашық білдіреді.
Интернет парақтарын ақтарып, мемлекеттік
тілге қатысты жазылған мақалаларды саралау барысында тіл жанашырларының
қалауына қарсы топтың да қарап қалмайтынын байқадық. Жоғарыда айтып өткен екі
топтың екіншісі – осы қарсы топтар.
Ғаламтордың бір ерекшелігі – өткір
мақалаларды талқылауда интернет оқырмандары өз пікірлерін қалдырып отырады.
Ешқайсысы бейжай емес, ойлары өткір, нақты деректерге сүйеніп өз пікірін
жазатындар өте көп. Газет-журналға қарағанда ғаламторда ашық пікір білдіру
мүмкіндігі мол. Бүгінде тілімізге қатысты өзекті мәселелер қарастырылып жүрген:
massaget.kz, kerekinfo.kz, qazaq-found.kz alaman.kz, kazakh.ru, inform.kz,
kurgyz.ru, massagan.com, noghay-halk.narod.ru, turan.info, ferghana.ru,
constcouncil.kz, qazaquni.kz, neotech.kz сынды және, т.б. сайттардағы пікірлер
назар аудартады.
Қонақтардың қалдырған пікірлерінің өзі
әртүрлі сипатта берілген, солардың ішіндегі ең көп кездесетіндерін саралап,
бірнеше топқа бөлуге болады. Тіл мәселесіне қатысты мақалалар мен қазақ
зиялыларының Үндеуіне өздерін «қонақ» деп атаған оқырман-бұқараны шартты түрде:
«Жан айғайын танытқандар», «Пессимистер» және «Сыншыл тіл жанашырлары» деген
топтарға бөлдік. Мысалы, «Жан айғайын танытқандарға» мына пікірдің иесі жатады:
Мәселен, «Көшедегі жастардың, жасы
еместің де сөздеріне құлақ салсаң, 10-ның 6-8-і орысша сөйлесіп бара жатады.
Тіпті, солардың қасынан өтіп бара жатқан орыстардан ұялатын болдым. Ол халық
ойлайтын шығар, мына қазақ деген неткен осал халық еді, тіпті тілдерін де
пайдалана алмайды деп. Мен мына есі кіре қоймаған, енді кіріп келе жатқан
жастарды кінәлаушы едім, енді қойдым. Өйткені олар алдыңғы ағаларына қарайды.
Орыстың телеканалдарын айтпағанда, қазақша арналардың өзі жартысынан астамы
орысша. Киоскілерде газат-журналдардың 80-90 пайызы орысша. Біз өзі қайда
барамыз? Ішім ашиды, жүрегім қан жылайды» [http://www.qazaquni.kz/8911.html].
«Ұлт зиялыларының мемлекеттік тіл туралы
көтеріп жатқан мәселесін өте қолдаймын. Намысын таптатпаған «Қазақ» дейтұғын
намысы наркескен халықтың ұрпағы емес пе едік?! Олай болса тәуелсіз мемлекеттің
тәуелсіз екендігінің дәлелі – ана тіліміз болмақ. Бұл игі бастама еш
тоқтамастан өз жемісін береді деп сенеміз. Міржақыптың «Оян, қазақ!» деген
жанайғайын тағы бір қайталайтын кез келген сияқты…»
[http://www.abai.kz/node/10127].
«Керемет!!! Өте жақсы жазылған!
Мемлекеттік қызметте де мемлекеттік тілді қолдайтындар көп! Кімге хабарласуға
болады? Бірлесіп іс-шаралар ұйымдастырайық! Ұлт үшін, тіл үшін, ел үшін жаным,
арым, малым садақа!» [http://www.abai.kz/node/10127].
Ал «Сыншыл тіл жанашырлары» тобы
мынандай мазмұндағы пікірлер қалдырып отырады:
«Уважаемый аким…! Почему все ваши
заместители не знают государственный язык?».
«Шынында да, Қазақ тілі мәселесіне
келгенде, оппозиция деп жүргендеріміздің арты оп-оңай ашылып қалды. Келер жылы
өтетін мәжіліс сайлауында қазақша білмейтін адамға ешқандай дауыс бермеуге
шақырамын. Кез келген депутат болуға талпынған кандидатқа ең бірінші қояр
сұрағымыз: «Қазақ тілін білесіз бе?», «Балаларыңыз қазақ тілін біле ме?» және
«Конституциямыздағы: Орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» деген бапты алып
тастауға қалай қарайсыз?» деген осы үш сұрақ болуы тиіс. Кішкене халыққа үлкен
намыс қажет» [http://www.qazaquni.kz/8911.html].
Біздіңше, интернет желілерінде
мемлекеттік тіл мәселесі тек сөз жүзінде, «айғай» құралы ретінде ғана
талқыланып жатқан сыңай бар.
Одан гөрі біз қандай ортада болсын тілге
құрметті, біріншіден, қарапайым тұрмыстық жағдайдан бастап, іс-әрекетімізбен
дәлелдесек, екіншіден, мемлекеттік тілге жаны ашитын бұқара халықтың ғаламтор
желісіндегі ащы пікірлеріне де құлақ ассақ деген ұсыныс-пікірімізді айтқымыз
келеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С.Н. Ахметовке
Көшірмесі:
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының
орынбасары Б.А.Майлыбаевқа
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
Д.Қ.Мыңбайға
ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т.
Жұмағұловқа
«Хабар», «Қазақстан», т.б. телеарналар
мен БАҚ-тарға
Құрметті Серік Нығметұлы!
Сізді жоғары лауазымды қызметке
тағайындалуыңызбен құттықтаймыз және өзіңіз басқарған Үкімет еліміздің
өркендеуіне елеулі үлес қосатынына тілектес екендігімізді білдіреміз!
«Президент және халық» газеті
(14.09.2012 ж.) және, т.б. басылымдарда елдегі барлық саяси партиялар, ұлттық
және шетелдік компаниялар, қаржы институттары, ғылыми және қоғамдық
қауымдастықтардың басшылары қол қойған мемлекеттік тіл мен адам капиталын
дамытып, қоғамды модернизациялау мен интеллектуалдық ұлт қалыптастыру жөнінде
«Ашық хат» жариялаған болатын. Елбасының Жолдаулары мен Үкіметтің 2020 жылға
дейінгі Тілдерді дамыту бағдарламасына негізделген бұл ашық хатқа байланысты
Ұйымдастыру алқасы (ҰА) мемлекеттік тілді дамыту акциясын өткізуде.
Алдағы Тәуелсіздік күніне дейін
тоқтаусыз, жан-жақты жүргізілетін акцияның негізгі мақсаты – кең-байтақ
Отанымыздың барлық жері мен барша аудиторияларында ресми шараларды тек
мемлекеттік тілде жүргізуге қол жеткізу. Бұл игі істі алдымен еліміздің жаңа
Үкімет аппараты және мүшелері қолдап, іске асырады деп сенеміз!
Сонымен қатар, акцияның табысты өтуі
үшін ашық хаттағы талаптарды орындауды барлық құзырлы органдар мен ресми
ақпарат құралдарына тағы бір ескертіп, тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Бұл шаралардың жемісті өтуі – ел
дамуының кепілі. Өркениет биігіне қол созған, әлемдік алпауытқа айналуды мақсат
тұтқан әрбір ел ең алдымен өз ұлтының менталитетіне сүйеніп және ана тілін
дамытқанын тарих сабағы айқын көрсетіп отыр. Мәселен, Жапония феномені мен
ҚХР-ның дамуын алалықшы. Үндістан мен ҚХР арасында жан саны, діні,
тағдыр-тарихы жағынан ұқсастықтар өте көп. Айырым-өзгешелігі тілі мен соған
сүйенген ділінде (менталитетінде) ғана. Яғни Үндістанда біздегі орыс тілі
сияқты ағылшын тілі үстем болса (халқының 97%-ы еркін сөйлейді), ал Қытайда
әлемдегі бұл озық тілді меңгергендер 5-ақ пайыз. Сол сияқты Еуропаға еліктеп
300 жыл уақытын сарп еткен Ресей тәжірибесі, ғасырлап ұлттық кечуа тілін
мемлекеттік тіл жасаймыз деп уәде бергенімен, португалдық менталитеттен арыла
алмаған Перу елінің мысалы және т.б. тарихи даму жолының стратегиялық
қателіктерінен сабақ алатын кез жетті. Бұл халықаралық тәжірибе мен ғылымда
дәлелденген аксиома.
Жиырма жылда мемлекеттік тілді
меңгермеген, яғни өзінің ділін (менталитетін), төл бет-бейнесін анықтай алмаған
біздің билік және атқарушы институттарымыз бүгінгі таңда қоғам дамуына, болуы
қажетті реформалар мен модернизацияларға тосқауыл, кедергі болуда. Біз оны
Кеден Одағындағы ЖІӨ (ВВП) Белоруссиядан 1,5 еседей көп бола тұрса да,
Қазақстанның тауар айналымының осы елден үш есе кем болуынан көреміз.
Қоғамды тұрақты дамыту мақсатында
отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен Халықаралық Адам институты
дайындаған, мемлекеттік және тәуелсіз сараптамаларда оң қабылданған
іс-шаралардың қысқаша жоспары өзіңізге жолданып отыр. Онда постиндустриалдық
қоғамға өтуде ұлттық мәдениетке (мемлекеттік тіл, өнер, ұлттық менталитет,
т.б.) негізделген адам капиталын дамыту арқылы жүретін туған елімізді
модернизациялаудың нақты жолдары көрсетілген.
Құрметпен,
акцияны ұйымдастыру алқасы атынан
Жанұзақ ӘКІМ,
Халықаралық Адам институтының президенті
Қыркүйек айы жыл сайын Тіл мерекесі
тойланып, мемлекеттік тілге ерекше мән берілетін, сөзге жүйрік үздіктер
анықталып, байқау жеңімпаздары марапатталатын салтанаты мен шаттығы молдау бір
кезең. Әл-әзір биылғы жылы қосымша қаншама қазақ тілді сынып ашылды, өзге ұлт
өкілдері бүлдіршіндерінің мемлекеттік тілді хош көргендері қандай деңгейде
дегендей өзекті сұраққа жауабымыз даяр емес. Десек те…
1. Хат жазғаннан қазақ тіліне қайыр бар
ма?
14 қыркүйек күні «Президент және халық»
газетінде «Мемлекеттік тіл күнін республика деңгейінде толыққанды өткізейік!»
атты ашық хат жарияланды. Өкінішке қарай, оны көшіріп басқан БАҚ-тарды, әдетте
жаңалық-хабардың жамбасын жерге тигізбей, іліп әкетіп жататын сайттардың
жалындатып, жалғастырғандарын көре алмадық. Әрине, үндеу хат, көбінде ашынған
ауыздан шығатын ащы үн бүгінде таңсық та емес шығар. Талайына өзіміз де қол
қойдық. Қол қойып алып, артынан ант-су ішіп, бастартқандарды да көз көрді.
Бірақ, бұл жолғы жанайғайдың жөні бөлекше-тұғын. Ең алдымен ол Министрліктер
мен әкімдіктерге, Ұлттық, отандық және шетелдік компанияларға, ҚР жанындағы
инвесторлар Кеңесі мүшелеріне, балабақша, мектеп, лицей және ЖОО-на, қаржы
институттары мен елшіліктерге, партиялар мен қоғамдық ұйымдарға бағышталған.
Екіншіден, Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының, ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлері қауымдастығының, «Атамекен» кәсіпкерлер
қауымдастығының, ҚР Қаржыгерлер қауымдастығының, ҚР ЖОО-ның қауымдастығының, ҚР
ҰҒА-ның, ҚР Ғалымдар қауымдастығының басшылары қол қойған құжатқа үңіле
түссеңіз, одан кейінгі лектегі ынталастардың атынан адам үркеді: «НұрОтан» ХДП
төрағасының орынбасары, «Ақжол» партиясының, «Азат» ЖСДП партиясының, Қазақстан
коммунистік партияларының төрағалары һәм «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен
«Қазэнержи» компанияларының төрағалары. Сонда дейміз-ау, бұл Үндеуге қол
қоюшылар айтқанынан танып кетпесе, артық ештеңе істемей, тек өз құзырларындағы
мекемелерінің өзінде мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатса, жақсы болар еді
ғой.
Еліміздегі басты-басты саяси күштер мен
ықпалды қаржылық топтардың сөзі бір жерден шығып, мемлекеттік тілдің қамын
ойлап, мұндай ауызбіршілікте болуын біз бірінші рет көріп отырмыз. Бұл жақсы
үрдіс нені мегзейді? Қасиетті ана тілімізге қаны қастардың дауысы құмығып, сапы
қусырылып бара жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – тіл мәселесі саясаттың жалауы
емес, ұлттық тіршілігіміздің қалауы, руханиятымыздың өзек-жұлыны екенін
сезінушілердің қарасы молайғанын айғақтайды. «Туған тілім» десем, жоғары
билікке жақпай қалам ба деген үрей-қорқыныштан арыла бастағанымыздың белгісі.
«Қазақстанның болашығы – қазақ тілінде». Ендеше мархабатты тіліміздің
мәртебесін неге асқақтатпасқа?! Өткен жолғы бір «Ай сауалында» біз мемлекеттік
тілдің мың сан тірлігімен, тіл шаруашылығымен айналысатын бір құзырлы қоғамдық
комиссия керек-ақ деген едік. Қоғам қаласа, хан түйесін сояды. Туған тіл
дегенде тілегіміз бір болсын!
2. Парламентіміз қаншалықты пәрменді?
Үстіміздегі жылдың 16 қазан күні ҚР
Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында
«Қазақстанда мемлекеттік тіл проблемалары қаншалықты шешілген?» деген мәселе
талқыланды. Дариға ханым Назарбаева басқаратын топтың алдында Мәдениет және
ақпарат вице-министрі А.Қырықбаев есеп берді. Тілдерді дамыту мен қолданудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуының жай-күйіне
тоқталды. Комитет төрайымы тілші-ғалымдардың пікірлеріне көбірек назар аударуға
және мемлекеттік тілдің қолдану сапасы мен оның аясын кеңейту саласында нақты
жұмыстар жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова Заңның
солқылдақ тұстарын баса айтып, әсіресе мемлекеттік тілде қызмет көрсету
міндетті саналатын қызметтер тізбесін әлі күнге бекіте алмай жүргеніміз ұят-ақ
деді. «Заңда, Үкімет қаулысында дәл осы мәселе анық жазылмағандықтан, қазақ
тілді азаматтардың құқығы әр жерде тапталып жатыр. Бұл айтыла-айтыла жауыр
болған мәселе, енді қашан іске асуы мүмкін?» деп мәселені төтесінен қойды. Депутат
Бақытбек Смағұл Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік тілдің
пайдалану деңгейіне көңілі толмайтынын ашық айтты. Тіл жанашыры, жазушы
депутат Алдан Смайыл 1997 жылы қабылданған Заңның әбден ескіргенін, заман
талабына сай жаңа Заң қабылдау қажеттігін айтып, көптің көкейіндегі, әсіресе
«Ана тілі», «Түркістан», «Қазақстан-Заман» сияқты ұлттық басылымдар бетінен
түспей келе жатқан мәселеге жан бітірді. Нақты ұсыныс, жанды пікір дегеннен
шығады, таяуда ғана сенатор Ғани Қасымов азаматтық танытып, Кедендік Одақтың
құжаттары бір-ақ тілде дайындалатындығына тоқталып, жұмыс тілінің бірі ретінде
қазақ тілінің неге қарастырылмағанына сұрау салды. Сұрау салғаны құрысын, басы
дауға қала жаздады. Сөйтсе ТМД-да, Кедендік Одақта іс тек орыс тілінде жүргізіледі
деп атамзаманнан шешіліп қойыпты. Осылайша мемлекеттік тілдің жыртысын жырытқан
Ғайнекеңнің «бүйректен сирақ шығарушыға» айналды. Сенат төрағасы: «БҰҰ-да
жүздеген мемлекет бар, ешқайсысы менің тілім жұмыс тілі болсын деп жатқан жоқ
қой» деді халық қалаулысына. Дегенмен Парламенттің қос палатасында да
мемлекеттік тіл мәселесінің көтерілуінің өзі көңілге демеу болды…
3. Тіл майданында бейбітшілік орнады ма?
Таяуда Алматы мен Шымкент қалаларында
Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім баспасөз мәслихатын
өткізді. Астанада да БАҚ өкілдерін жинап, мемлекеттік тілді дамыту акциясы
жөнінде баяндап бермекші. Үндеухат бағышталған ұжымдар мен ұйымдарға жүздеген
хаттар жолданған. Соның бірі бүгінгі «Ай сауалында» ұсынылып отыр. Әрине, бұл ынталы
топтың іс-жоспары ұлан-ғайыр, шаралары саты-сатымен бірнеше жылға бағдарланған.
Ұлт перзенті саналатын әрбір Азамат бұл игілікті шарадан тыс қалмасына кәміл
сенгің келеді. Неге?..
Әрісін айтпағанда, ғасырлар тоғысындағы
соңғы 25 жылда Қазақ даласы «Тіл майданына» айналды. Оның сардарлары мен
сарбаздары болды. Ауыз толтырып айтар жеңістері мен жеңілістері болды.
Жеңістердің жеңісі – Тәуелсіздік, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін
иеленуі. Тіл майданы үдесіне жетті, Тілбайрақ тігілді.
Бұл күнде Қазақ мемлекетінің Мемлекеттік тілінің мәртебесіне ешкім де қарсы емес. Конституциямен бекітілген халықаралық доктринаға ешкім де, ешнәрсе де қарсы тұра алмайды. Үш тармақты мемлекеттік билік Мемлекеттік тіл мәртебесін қорғауға міндетті. Жоғарыда алға тартылған Ашық хат та мұны қолдаушылардың ашық үні. Мемлекеттік тіл мәртебесін дамыту, қолдану аясын кеңейту оны көздің қарашығындай сақтау менің, сенің және бәріміздің парызымыз. Тіл майданында қол жеткен Жеңістерден айырылмау, Тәуелсіздікті тұрлаулы ету – Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату.
Жоғарыдағы ай сауалдарына қатысты ортаға
салар ойыңыз болса, хат жазыңыз, хабар күтеміз. Біздің электронды мекенжайымыз:
anes_gk @mail.ru,
anatili_gazeti @mail.ru,
aiser-1987@mail.ru
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ