КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қайыржан ӘБИСӘТОВ, Қазақстан-Ресей медицина университетінің онкология, маммология, сәулелік ем кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Қайыржан ӘБИСӘТҰЛЫ, қазіргі уақытта дүниежүзінің халқына қорқыныш тудырып отырған дерт – қатерлі ісік ауруы. Бүгінде әлем осы дертті ауыздықтау мақсатында түрлі шараларды қолға алуда. Осы ретте сұрайын дегенім, біздің отандық медицинаның қатерлі ісік дертіне қарсы жүргізіп отырған инновациялық, технологиялық, кәсіптік деңгейін маман ретінде қалай бағалайсыз?

– Қазірде осы мәселені ойдағыдай жүзеге асыру үшін елімізде күрделі инновациялық бағдарлама жасалды. Бағдарлама мынадай төрт бағытта жұмыс істейді: оның біріншісі, қатерлі дерттің пайда болуына септігін тигізетін ішкі және сыртқы себептерді анықтап, ісікті болдырмау үшін жүргізілетін алдын алу шараларын пәрменді түрде ұйымдастыру. Осы бірінші бағытты жүзеге асыруға қатысты еліміздің ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері қатерлі ісік көрсеткіші жоғары Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасайтын онкологтармен бірлесе отырып қатерлі ісіктің пайда болуына тікелей және жанама әсерлерін тигізетін бірқатар факторлардың бетін ашты. Аталмыш бағдарламадағы екінші бағыт қатерлі ісіктің 95 пайызында әртүрлі ісікалды науқастар болады. Оларды уақтылы анықтап, науқастарды диспансерлік бақылауға алып, кешенді тексеруден өткізіп, тиісті ем шараларын қолдану үшін жалпы емдеу шебіндегі дәрігерлер мен онкологтар арасында тығыз байланыс орнату жұмыстары іске асырылуда. Осы арқылы ісікалды аурулардың қатерлі ісікке айналып кетуін тежеуге болады. Үшінші бағыт арқылы еліміздің онкологтары ісікті заман талабына сай анықтау, шипалылығы жоғары ем тәсілдерін шетел мамандарымен бірігіп күнделікті тәжірибеге енгізіп жатыр. Алыс-жақын шетелдердегі озық тәжірибеге сүйене отырып қатерлі ісіктің 50 түрін анықтау және емдеудің түрлерін жаңартып, күнделікті тәжірибедегі жұмыстарға кең түрде қолдануда. Бағдарламаның төртінші бағытын жүзеге асыруда қатерлі ісікке қарсы жүргізілетін іс-шараларды бұлжытпай іске асыру жоғары медициналық оқу орындарында оқитын болашақ дәрігерлердің, жалпы, емдеу шебінде жұмыс жасайтын дәрігер мамандардың халықты ісіктік науқастан сақтандыру, ерте анықтау, шипалы ем тәсілдерін қолдана білу жөніндегі біліктілігімен тығыз байланысты. Ол үшін дәрігерлер үнемі жаһандық және отандық онкология саласы бойынша озық ғылыми әдебиеттерден хабардар болуы керек. 
Өкінішке қарай, қазірде шашыраңқы әдебиеттерде жарияланған тәжірибелік жұмыстармен шәкірттер, әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер толық таныс емес. Сондықтан онкология саласына қатысты ғылыми-тәжірибелік материалдарды қамтитын монографиялар, оқулықтар, қазақша дәрістер жазу керек. Жалпы, Тәуелсіздік алғаннан кейін біраз алыс шетелдегі қандастарымыз елімізге ат басын бұрып, қоныстанып жатыр. Олардың бірқатарының балалары медициналық жоғары оқу орындарында оқиды. Ауылдық мектепті қазақ тілінде бітіргендер мен елге оралған қандастарымыздың балалары орыс тіліне шорқақ екенін ескерсек, оларға қазақ тілінде жазылған оқулықтар саусақпен санарлық. Ал электрондық нұсқада жазылған дәрістер мүлдем жоқ. Осы жайтты ескере отырып, өз басым «осы қатерлі дертті қаракөз қазақ баласының терең түсінуі үшін қазақ тілінде оқу дәрістерін жазу керек» деп ойладым. Сөйтіп, ғылыми-тәжірибелік оқу-ағарту саласында атқарған қызметтерімді негізге ала отырып, биыл қазақ тілінде «Клиникалық онкологиядан дәрістер циклы» деген оқулық жазып шығардым. Бір ескеретіні, бұл оқулық республикамызда алғаш рет электрондық нұсқада жарық көріп отыр. Оқулықта 27 тақырыптан арнайы дәрістер жазылған. Жалпы, мұндай оқулықтар тек қана медициналық оқу орындарының студенттеріне ғана емес, кез келген емхананың емдеу шебінде жұмыс жасайтын әртүрлі мамандықтағы дәрігерлерінде болса, біздің осы дертті ауыздықтаудағы сауаттылығымыз, кәсіби біліктілігіміз жетіле түсер еді. Сондықтан егер біз ұлтымыздың денсаулығын көтеруді, қазақтың баласын түрлі дерттен сақтандыруды ойласақ, алдымен осы мәселені шешіп алғанымыз жөн. Қазақтың дертін жеңілдету үшін қазақтың тілінде жазылатын медициналық оқулықтардың көбейгені дұрыс. Ол оқулықтарды кез келген қазақ баласы ашып оқи алатындай халыққа қолжетімді, бұқараның санасына сіңімді болса, халықтың қатерлі ісік жайында ақпараты да мол болады. Осыдан барып халықтың бұл дертпен күресудегі бағыттары сауатты бола түседі. Бұлай етпесек, қазірде қазақ баласы қатерлі ісік дерті дегенді естісе, ажал үкімін естігендей шошиды. Жылма-жыл бір мәрте медициналық тексеруден өтіп тұруға халқымыздың мүлде құлқы жоқ. Қатерлі ісікті алғашқы даму сатысында анықтаса, науқасқа шипалы ем қолдану арқылы толық 100 пайызға жазып жіберуге болатыны – анықталған жайт. Ал екінші даму сатысында анықталса, науқастардың 75-80 пайызы бес жылдан артық өмір сүре алады. Үшінші сатысында дертті адамдардың 15-20 пайызында өмірін бес жылға ұзарту мүмкіншілігі бар. Сондықтан қатерлі ісікалды аурулары бар адамдар диспансерлік бақылауға толықтай алынып, мезгілімен тексеріліп тұрса, ісігі ерте анықталатын адамдардың саны айтарлықтай жоғарылайды.

– Жалпы, бүгінде қатерлі ісікті ерте анықтау әдісіне көптеген елдер баса назар аударып отыр. Осы дертті ерте анықтау әдісін жетілдіруде біз қандай пайыздық межені бағындырып отырмыз?

– ... Бұған қатысты айтарым, мысалы, асқазан мен өңеш қатерлі ісігі Жапон елі мен Корей мемлекетінде жиі таралған. Бұл екі мемлекет осыған байланысты 80-ші жылдардан бастап азаматтарына 40 жасқа тола салысымен тегін эндоскопиялық тексеру жүргізіп, ағзасында қатерлі ісік пайда бола бастаған науқастар болса, оларды есепке алып ем-дом жүргізеді. Жапония елінде өңеш, асқазан қатерлі ісігін ерте анықтау үрдісі 40 пайыздық межеге жеткен. Бұл – әлем бойынша кезікпеген көрсеткіш. Ерте сатысында анықталса, дертті 100 пайызға емдеп жазып жіберуге болатынын жапондар толықтай дәлелдеді. Бұл әдіс 2000-шы жылдары Еуропа елдеріне ене бастады. Еуропаның қайсыбір мемлекеттерінде, әсіресе Израильде қатерлі ісікті ерте анықтау әдісі 10 пайыздық межені бағындырып отыр. Өкініштісі, сол бір ғана өңеш-асқазан қатерлі ісігі жайында біздің елде татымды деректер жарияланбаған. Негізінде, елімізде қазірде қатерлі ісік бойынша Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай облыстары жоғары көрсеткіш көрсетуде. Орташа көрсеткіштер Орталық Қазақстанда орын алса, төменгі көрсеткіштер Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы, Алматы облыстарында тіркеліп отыр. Жалпы, дертті емдеуде алға басушылық бар. Егер біз болашақта жапондар тәрізді скрингтік тәсілмен анықтауды жүзеге асырып, 40 жасқа толған азаматтарымызды мәжбүрлеп тексеруден өткізіп отырсақ, дертті емдеу одан әрі жетіле түспек. Осы тәсіл арқылы біз ісікті ерте анықтау үрдісіне қол жеткізе аламыз. Ол үшін, біріншіден, дәрігерлермен бірге жергілікті әкімшіліктерді осы іске жұмылдырып, әкімшіліктер арқылы 40-тан асқан азаматтардың тізімін алуға болады. Бұдан соң шалғай ауылдарға арнайы жылжымалы медициналық құралдармен жабдықталған жылжымалы көліктер апару жағын ойластырған жөн. Сол жылжымалы медициналық көліктерді енгізу барысында шалғайдағы ауыл-аймақтарға барып, олардың тұрғындарын да тексеруден өткізуге тиіспіз. Жуырда Елбасымыз өз Жолдауында медициналық жылжымалы көліктердің санын 50-ге дейін жеткізу жөнінде ой қозғады. Егер инновациялық бағдарлама аясында 50 жылжымалы көлікке қолымыз жетсе, онда біз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алар едік. Осы арқылы қай аймақта қатерлі ісіктің қандай түрі барын ерте анықтауға болатын еді. Егер біз екі-үш жылдық аралықта Еуропа елдері тәрізді қатерлі ісікті ерте анықтау әдісін 10 пайыздық межеге жеткізе алсақ, бұл да – көңіл толтырарлықтай көрсеткіш. Ол үшін әрине күрделі ізденіс, еңбектену қажет... 

– Жоғарыда сіз, қазақты «дертіне көнбіс халық» деп қалдыңыз. Мүмкін, бұл көнбістік емес, халықтың медицинаға деген күмәнінен туындап отырған дүние шығар...

– ... Дәрігерлер тарапынан жіберілетін қателіктердің себептері әртүрлі болып келеді. Дененің кез келген мүшелерінде кездесетін қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін жете білмеушілік, тактикалық қателіктер, қолда бар тексеру әдістерін толық пайдаланбағандықтан сырқат адамға қате диагноз қойып, көбіне «үйреншікті созылмалы қабыну үрдісі» деп есептеп, оларға ұзақ мерзім бойынша тиімсіз ем шараларын қолдану арқылы ісікті ұлғайтып алу, немқұрайдылыққа салынып, ауруды асқындырып алу – өте қауіпті жайт. Онкологиялық сақтықты білетін және оны есінен шығармайтын дәрігер емханаға келген әр адамға зер сала қарап отырса, қателікке ұрынбайды. Мысалы, дененің көзге көрініп, қолмен ұстап қарауға болатын сыртқы аумақтарындағы ісіктерді ерте анықтауға толық мүмкіншілік бар. Мысалы, деректерге жүгінсек, тері (96,1 пайыз), сүт және қалқанша бездері (70 пайыз), жатыр мойнында (78,4 пайыз) кездесетін қатерлі ісіктер І-ІІ сатысында ерте анықталады. Ал өңеш (32,8 пайыз), асқазан (23 пайыз), тоқ ішек (31,4 пайыз) қатерлі ісіктері пайда бола бастаған кезде ешқандай белгі бермейді. Олардың қай кезде ісікке айналғанын анықтау қиын. Сондықтан мұндай науқастарды клиникалық топтағы диспансерлік бақылауға алып, жылына екі рет, тіпті болмаса, бір рет эндоскопиялық тексеруден өткізіп, қадалап тұру керек. Жалпы, бізде халыққа қатерлі ісік дертінің соншалықты қорқынышты еместігін, ерте анықталған сатысында оны емдеудің нәтижесі 100 пайыз болатынын түсіндіру жұмыстары кемшін түсіп жатады. Тіпті бұл дерт турасында «халыққа терең ақпарат беру мақсатында арнайы орталықтар ашу керек» деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Бұған қатысты мен өзімнің ізбасарларыма мұны жиі айтып отырамын. «Ертең біз бастап кеткен істің барлығы сендерге қалады. Сондықтан халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді осы бастан үйреніңдер» деп үнемі ескертіп отырамын. 

– Өзіңіз білесіз, қазір бізде медицинада инновациялық жобаларды орындау мақсатында шеттен келетін көшпелі технологияға, шетелдік мамандардың тәжірибесіне жүгіну жағы басым. Қалай ойлайсыз, шетелдік технология қазақтың медициналық инновациялық әлеуетін көтеруге бейім бе? 

– Шетелдік технологияға жүгіну – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де сырттан келетін технологияның көлеңкелі жақтары барын да ескеруіміз керек. Шетелдік технологияға жүгіну – технологиялық бодандыққа түсіруі мүмкін. Бұл жерде тағы бір ескеретін дүние – бірде-бір өркениетті, дамыған мемлекет табысты ғылыми жетістіктерін, беткеұстар жаңа технологиясын ешуақытта ешкімге сатпайды. Мысалы, шетелдіктер бес жыл бойы кәдесіне жарап, пайдаланған технологиясын бес жылдан кейін жарамсыз санап, сол техниканың жаңа үлгісін құрап шығарады. Шетелдік компаниялардың басым бөлігі бізге жарамсызын қайта жөндеуден өткізіп, сылап-сипап, сәндеп өткізіп жіберуге тырысады. Сондықтан сырттан келетін көшпелі технологияның көмегіне жүгіне беруден сақтанған абзал. Бұл үрдіске иек арта берсек, біз күні ертең бұрын қолданыста болған технологиялардың мұражайына айналып, өзгелердің соңынан еріп қана отыруымыз мүмкін. Қазір біздің қоғамда «ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңа технологияны жасауға қаржы шығарудың қажеті қанша? Оның орнына шетелдік дайын технологияны сатып алып, өндіріс орындарын құрмаймыз ба?» деген керітартпа пікірлер де бар. Ақиқатында мұндай таяз пікірлерге қазір өмірдің өзі жауап бере бастады. Шетелден бәленбай миллиард сомаға сатып алған технологиялардың тілін білетін мамандардың жоқтығынан кейбір мекемелерде сол технологиялар пайдаланылмай да тұр. Егер бұл көріністің келешекте молынан орын алуы мүмкін екенін түсінсек, біз Қазақстан ғылымының аяғына тұсау болып, адымын аштырмай тұрған бірнеше кедергіден үзілді-кесілді арылуымыз қажет. Ол үшін өз елімізде технологияларды құрастыратын, оларды жаңартатын конструкторлық бюролар құруымыз керек. Қандай да бір зауыттың қасынан мұндай бюролар ашылса, біріншіден, мамандарымыз өздері құрастырған технологияның тілін өздері нақты білетін болады. Екіншіден, сол жабдықтар бұзылса, оны өзімізде жөндеуге мүмкіндік ашылады. Себебі қазірде шеттен әкелінген техника бұзылса, оны жөндетуге қайыра шетелге жіберіп, артынан ол құрал-жабдықтар жөнделіп, елге қайтып келгенше бірнеше ай күтуге тура келеді. Сондықтан медицина саласында инновациялық жобаларды толыққанды жүзеге асырғымыз келсе, алдымен осы мәселені шешіп алғанымыз абзал. Технология отандық болуы керек, оның тілін білетін жастарымызда да отандық позиция мығым болғаны жөн. Бұған қатысты бір ескеретін дүние: бізде бір ғана «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттар легі көбейтіліп жатыр. Бірақ сол «Болашақ» бағдарламасымен оқып, білім алып келген жастардың дені басқару жүйесіне орнығуда. Меніңше, біз «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастарды басқару орындарына емес, тәжірибесін көрсететін, шетелден үйренгенін ортаға салатын арнайы жұмыс орындарына жіберген тиімді. Өйткені оларға шетелде теорияны емес, практиканы көп оқытады, үйретеді. Сондай база қалыптасқанда ғана шетелге жіберген жастарымыздың пайдасын көретін боламыз. Бұған қоса айта кететін тағы бір дүние – бізге өз елімізде жоғары деңгейлі, білімі халықаралық дәрежемен тең келетін оқу орындарын ашу үрдісін қолға алу керек. Егер мұндай әрекетті қолға алатын болсақ, онда біз шетелге барып білім алуға қайраты бар, бірақ қолында қаражаты жоқ жастарға мүмкіндік береміз. Ең бастысы – қазақы болмысын бұзбаған, қазақы атмосфераға бейімделген отандық қазақтық позициясы мықты «өз өнімімізді» даярлап шығарар едік. 

– Бастысы, дайындалған «МИ» өзіміздікі, яғни «отандық МИ» болар еді дейсіз ғой...

– ... Айтайын деп отырғаным да осы ғой... Өте жақсы болар еді. Әйтпесе біз «оқыңдар» деп шетелге жастарымызды жібереміз. Олардың басым бөлігінің санасына шетелдіктер өз позицияларын енгізіп жібереді. Тіпті білім алған сол бір-екі жылдың ішінде елге келіп, қазақы ортаны жатсынып, жат қылық көрсетіп жататын жастарды да көріп жүрміз. Егер біз өз елімізде халықаралық дәрежедегі оқу орындарын көптеп ашуды ойластырсақ, материалдық базамызды кеңітеміз. Бұл – бір. Екінші бір дүние – қазақы болмыс-бітімі бұзылмаған маман дайындаймыз. Үшінші – ол маманның сенімді ақтарына кепілдік те мол болады. Жалпы, елді дамыту үшін алдымен біз шетелдің экспанциясына емес, отандық дүниеге мән беруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, елде «отандық МИ-ды» дамытатын орталықтар көп болуы қажет. Сонда ғана білікті мамандардың легі толығады. Осы ретте бір ғана өз салама қатысты бір жайтты сөз етсем, мысалы, онкологиялық ауруларға қолданылған күрделі емнен кейін ағзада әртүрлі дәрежеде кемтарлық болады. Оларды сауықтыру шараларында дәрігерлік әдепнама деген бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларының мәліметіне жүгінсек, қатерлі ісікпен емделген науқастардың 25-30 пайызы сауықтыру шараларына мұқтаж болады. Оларды іске асыру үшін науқас адамның емнен кейінгі көңіл-күйі, жаңа пайда болған ағзалардағы кемтарлығы, жасы, жынысы, ісіктің даму сатысы, емдеу тәсілінің ерекшеліктері ескеріледі. Мұндай дертте науқас тек қана ем қабылдаушы болмай, дәрігермен қоян-қолтық араласып, ойлаған мақсатына жетуге тырысуы керек. Міне, осы кезде дәрігердің әдепнаманы терең меңгеруі, өз ісінің білгірі болуы өте маңызды. Науқастанған адамның бұрынғы жұмысын атқаруға мүмкіншілігі бар екенін, егер болса, қандай жұмысты атқара алатынын анықтау керек. Қатерлі ісігі бар науқастармен жұмыс істегенде, этикалық және әдепнамалық қағидаларды қатаң ұстану керек. Бұл салада дәрігер жоғары кәсіби дайындығы болуымен қатар, науқас адаммен еппен қарым-қатынас орнатып әңгімелесуге қабілетті болуы тиіс. Бұл бірлік бұзылса, оның әсері науқасты өте қасіретті тағдырға соқтыруы мүмкін. Көрдіңіз бе, бір ғана онкология саласындағы кәсіби біліктіліктің маңызы қаншалықты екенін?! Ал енді сол салада бір нәрсе мүлт кетіп, ақсап жатса, қаншама тағдырға ақау түседі?! Сол тәрізді әрбір салада білікті, білгір, бәсекеге қабілетті мамандар жасақтауға күш салғанымыз жөн. Сонда ғана қазақ баласы бәсекеге қабілетті, мәртебесі жоғары болмақ. Бәсекеге қабілетті болу әр кезде алғы шептен көріну екенін ескерсек, қазір бізге жетіспей тұрғаны – осы. Демек, шоқтығымыз артсын десек, әр салада біліктілік, білімділік, оны санаға сіңіріп, қазақтың пайдасына жарату жайын арттырғанымыз жөн. 

Алашқа айтар датым...

Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттар легі көбейтіліп жатыр. Бірақ сол «Болашақ» бағдарламасымен оқып, білім алып келген жастардың дені басқару жүйесіне орнығуда. Меніңше, біз «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастарды басқару орындарына емес, тәжірибесін көрсететін, шетелден үйренгенін ортаға салатын арнайы жұмыс орындарына жіберген тиімді. Өйткені оларға шетелде теорияны емес, практиканы көп оқытады, үйретеді. Сондай база қалыптасқанда ғана шетелге жіберген жастарымыздың пайдасын көретін боламыз. Бұған қоса айта кететін тағы бір дүние – бізге өз елімізде жоғары деңгейлі, білімі халықаралық дәрежемен тең келетін оқу орындарын ашу үрдісін қолға алу керек. Егер мұндай әрекетті қолға алатын болсақ, онда біз шетелге барып білім алуға қайраты бар, бірақ қолында қаражаты жоқ жастарға мүмкіндік береміз. Ең бастысы – қазақы болмысын бұзбаған, қазақы атмосфераға бейімделген отандық позициясы мықты «өз өнімімізді» даярлап шығарар едік.

Алаш айнасы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 946 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2139 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2866 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика