КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ талай ұлылар мен данышпандарды тудырған кемеңгер халық. Ұлтқа үстем болған хандар да, кемел билер де болған қазақта. Олар халықтың бірлігі мен тыныштығы, ынтымағы мен берекесі үшін тірлік кешті. Олар ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін күресті. Сондай шоқтығы биік ұлы тұлғаларымыздың алдыңғы қатарында Абылай ханның тұрары сөзсіз. Үш жүздің басын біріктіріп, Жәнібек пен Керей хандар тіккен Ұлы орданы сақтауға бүкіл ғұмырын сарп еткен айтулы тұлғаның 300 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Абылай (Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай сұлтан, Абылай бахадүр) – біртұтас қазақ мемлекеттілігін Әз Тәукеден кейін қайта жаңғыртқан, ішкі және сыртқы саясаттың данышпан үлгісін салған ұлы билеуші. Абылай ханның 300 жылдық мерейтойын Көкше жерінде барша қазақ халқы атап өткелі отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Абылай аңсаған азаттық» толғамын жазды. Елбасымыз өз мақаласында: «Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә», – дейді толғанып.
Абылай хан қазақты алмағайып заманнан аман алып шықты. Жаугершілік заманда ұлттың елдігін сақтады. Халықтың басын біріктіріп, бір тудың астына жинады. Ол өзінің ерлігі мен ақыл-парасатының арқасында ұлтты жойылып кетуден сақтап қалды. Ұлттың бостандығына, азаттығына ұмтылды. Қазақ тарихында Абылай ханның атының ерекше аталуы да оның кемеңгер саясаткер бола білуінде. Ұлтты ұйыстыра білу, алмағайып заманнан алып шығу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Ол үшін де кемел саясаткерлік, кемеңгерлік қажет. Оған туа бітті батырлық қасиетті қосыңыз. 
Елбасымыз мақаласында: «Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіспіз. Өйткені біз Абылай бабамыз армандаған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ. Ел арасында Абылайдың арманына байланысты айтылатын тәмсіл бар. Ақтық сәтінде: «Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұраған Бұқар жырауға Абылай хан: «Үш арманым бар. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», – деген екен», – дейді.
Қазақты анталаған сыртқы жаудан аман алып қаламын деп күндіз-түні аттан түспеген ханның да өз арманы болды. Ол – халықтың азат, тәуелсіз ел болуын көру еді. Сол жолда аянбай күресті. Бірақ қиын-қыстау күндерде елдің ауызбірлігінің, тұтастығының бір болмауы себебінен Абылай өз арманына жете алған жоқ. Сол себепті, Мемлекет басшысының: «Маңдайына бақ пен соры қатар жазылған Қазақ елі Абылай хан өмірден өткеннен кейін де тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ырысын қашырған алауыздықты, «бас басына би болған өңкей қиқым» заманды, ұлттық болмысымызды жоймақ болған тоталитарлық саясаттың тепкісін көрді. Алайда ертеңгі күнге деген үмітімізді өшірмей, бәрінен өттік. Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Байтақ өлкеміздің шекарасын заман талабына сай халықаралық нормалармен бекітіп, әлемдік қауымдастықты мойындаттық. Сол арқылы көршілерімізбен мәңгілік достыққа, өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени байланыстарға негіз қаладық. Бұл күнде ешқандай елдің Қазақ жеріне қатысты дауы жоқ», – деуі тегін емес. 
Қазақтың басынан талай зобалаң мен зұлмат күндер өтті. Зұлмат аштықта қынадай қырылды. Кеңестік тоталитарлық жүйе ұлтты аяусыз езгіге салды. Тепкісін көрсетті. Ұлттық жадынан айыруға тырысты. Мал түгілі жанын әзер алып қалуға тырысқан халық елінен, жерінен безіп, бас сауғалап кетті. Тоталитарлық жүйенің тепкініне төзу мүмкін емес еді. Елді-жерді сақтап қалудың соңғы амалын іздеуге тырысты. Қанша қиындықтарды бастан кешсе де, ұлт өзінің тұтастығын, мемлекеттігін сақтап қалды. 
«Ең бастысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан Тәуелсіз мемлекетке айналды. Қандай қиын-қыстау замандардан өтсе де елдігін жоғалтпаған қазақ халқы Абылай армандаған мамыражай бейбіт өмірді көрді. Абылай мұратының орындалғаны осы емес пе?!», – дейді Елбасы. 
Сол себепті де, тағдыры қиын уақытқа тап келген, ұлтының тағдыры қыл үстінде тұрған уақытта хандық құрып, елдің жойылып кету қаупінен құтқарған, еліне, жеріне қорған болған Абылай ханның 300 жылдығын барша халық болып атап өтпеуіміз мүмкін емес. Бұл барша қазақтың тойы, жалпы ұлттың ұлағатты тойы. «Осы орайда Абылай ханның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге ету керек. Жас ұрпақ Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы алар орнын жақсы білуге тиіс. Бұл кейінгі буынның жүрегіне отаншылдық нәрін егіп, бойында мемлекетшіл қасиеттердің өркен жаюына ықпал етпек. Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады. Ол үшін біз ұрпақ алдындағы өз міндетімізді толық атқарып, жастардың ой-санасының дұрыс қалыптасуына барынша жағдай жасауымыз қажет», – дейді Мемлекет басшысы. Абылай ханның тарихын зерттеу арқылы – тұтас ұлттың тарихын зерттей аламыз. Абылай ханды жастарға таныту арқылы – тұтас ұлттың ұлттық болмысын таныта аламыз. Өйткені Абылай ханның хандық құрған уақыты қазақтың басынан қара бұлттың айырылмай тұрған кезеңі еді. Сол алмағайып заманда елдікті сақтаған, жерімізді қорғаған ханның кемеңгерлігі кез келген жасқа отаншылдық сезімін ұялатады. Мемлекетті сүюді үйренеді. 
«Әрине, Абылай хан зерттелмей қалған тұлға емес. Қазір ұлттық тарихымыз тәуелсіз жаңа көзқарас тұрғысынан түбегейлі қайта зерделенуде. Ал аумалы-төкпелі аласапыранды бастан кешкен Абылай ханның заманы – алыптар дәуірі. «Болу немесе бордай тозудың» алдында, өмір мен өлімнің беттескен тұсында дұшпанға қарсы тізе қосып, Абылайдың қасынан табылған үзеңгілес серіктері де ақылы озған абыздар, төрелігі әділ билер, жүрегі түкті батырлар еді. Атамекен жері үшін қасықтай қанын қиған даңқты бабалардың аттары ұрпаққа ұран болып бүгінге жетті. Тарих – тағылым. Сондықтан, Абылай хан мен оның дәуірін, сол тұстағы жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен жас ұрпақтың санасына сіңіру керек», – дейді Елбасы. Қазақ тарихын санаға сіңірудің тағылымдық жолы көп. Ең бастысы, тарихты санамызға сіңіру арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды танимыз. Соны бойға сіңіреміз. Бойға сіңіру арқылы – еліміздің кемеңгерлігін тани түсеміз.
Мемлекет басшысы өз толғамында: «Мен халыққа арнаған сөздерімде ел бірлігі, ұлт татулығы – игіліктің кепілі екендігін айтудан жалыққан емеспін. Осы жолда бар қажыр-қайратымды жұмсап келемін. Өйткені бірлігі тайған елге бақ құтаймайтынын осынау азды-көпті жиырма жылдың ішінде өзгенің тәжірибесінен сан рет көрдік. Берекенің бастауы елдің ынтымағы екеніне де Тәуелсіздігіміздің ғасырға бергісіз алғашқы белесінде куә болып отырмыз», – дейді. 
Өткен тарихымыздан сабақ ала алмасақ, елдігімізге сын. Тарихты білу арқылы, келешегімізді болжаймыз. Тарихымызда өткен талай зұлматты шақтардың, талай қасіретті күндердің ауылы алыс болсын деп тілейік. Он сегізінші ғасырдағы еліміздің ерлік дәуірінің басты оқиғаларын зерттеу және көпшілікке таныту, сол дәуірдің қаһарманы Абылай ханның өмірбаяны, сыртқы саясаттағы сайыпқырандығы мен ерлік істерін еске түсіру, оның жанындағы ірі мемлекетшіл тұлғаларды дәріптеу қазақ есіне тәуелсіздікті түсірер еді. Елбасымыз: «Адуынды жаудан қасиетті жерімізді азат етіп, жоңғар әскерін оңалмастай етіп жеңсек, ол да бар күшімізді бір қолға, Абылай хан туының астына жинаған тастүйін бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасы еді», – дейді. 
Ел тәуелсіздігін армандап өткен ұлы тұлғаның тойы – жалпы ұлттың тойы. Барша қазақ халқының мерейін асыратын ұлы мереке. Сол себепті Елбасымыздың Абылай хан қызғыштай қорыған, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен қазақ елінің бүгінгі Тәуелсіздігіне тәубе етейік деуі тегін емес.

Түркістан

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика