КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Пазыл Топлу, Түркиядағы қазақ қоғамының төрағасы
    Ыстанбұлдағы Зейтінбұрну ауданында қазақ қоғамы бар. Ұйым қазақ билігі тарапынан қаржыландырылмаса да, ол шеттегі қазақтардың бас қосатын, елден келген азаматтарды қарсы алатын рухани орталыққа айналған. Біз де Түркиядағы сапарымызда осынау рухани орталыққа бас сұғып, қазақ қоғамының төрағасы Пазыл Топлумен әңгімелескен едік. 
    – Түркиядағы қазақ қоғамы қай кезден бастап құрылды?
    – Ұйым 1986 жылы өмірге келді. 1991 жылдан бастап осы ұйымға жетекшілік етіп келемін. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға тұңғыш рет ресми сапарымен келгенде Ыстанбұлдағы қазақтар әуежайдан құрметтеп қарсы алған едік. Тәуелсіз ел болдық, өз Президентіміз бар. Ол кездегі айрықша көңіл-күй де естен кетпейді.
    – Сонау жер қиыры Түркияға қандастарымыз қалай жеткен? Атақоныс Шығыс Түркістаннан аталарыңыздың ауа көшуінің себебі не?
    – Аталарымыз заманында Қытай билігі тарапынан қысым көріп, ұлттық дәстүрімізден, дінімізден айырылмай тұрғанда шұғыл көшу керек деп шешім қабылдайды. 1937 жылы 17 мың қазақ Шығыс Түркістаннан аттанады. Соның бар-жоғы 2 мыңы ғана аман-есен Түркияға жетіпті. Әкем айтып отыратын: «Үндістанға жақындағанда қарындасыма оқ тиді. Қарындасыма қарайлап шешем кері бұрылды. Жағдайды әкеме айтып едім, менің артыма қарамауымды бұйырды да, атымды алдыға қарай айдап қамшылап жіберді» деп. Не керек, Үндістан шекарасына аяқ іліктіріпті. Енді көшті ағылшын әскерлері қоршап алып, ел-жұртты қатаң бақылауға алады. Екі-үш адам Пәкістанға қашып барып, мұсылман ел екендіктерін айтып, пана сұрайды. Одан кейін аталарымыз он шақты жыл Пәкістан жерін тұрақтап қалуға мәжбүр болады. Өйткені Түркиядағы социалистік үкімет қашқындарға жылы қабақ танытпайды. Кейін үкімет ауысқан соң Түркия қазақтарды қабылдайды. Әуелгі 2 жыл бойы үкімет 2 мың халықты тегін асырайды. Сосын әрбір отбасыға жеке енші бөліп береді. Ауыл-аймақтарға 200, 100, 60 адамнан топтап таратып орналастырады. Әр отбасыға тиесілі жер үлестіреді, үй салып береді. Жер өңдеу үшін техникамен қамтамасыз етеді. Біз де солай жер жыртып, егін ектік. Жеке өз басым 15 жыл егіншілік кәсіппен айналыстым.
    – Осы күні қазақтардың дені Ыстанбұлда тұрады. Оның сыры неде?
    – Егін егу оңай емес. Кейде өнім жақсы шығады, кейде керісінше төмендеп кетеді. Араға біршама жыл салып, қазақтар қалаға шоғырлана бастады. 1966 жылы әкеміз екеуміз де Ыстанбұлға көшіп келдік. Бұл жер саудаға қолайлы екен. Тері өңдеумен айналыстық. Теріден сырт киімдер тігетінбіз. Өз қолымыздан шыққан киімдерімізді саяхатшыларға саттық. Жағдайымыз біршама оңала бастады. 1991 жылы Ресейге жол ашылды. Ол жақтан да кәсіпкерлер ағылып келе бастады. Оның үстіне, түрік фирмалары киім тігуде әлемнің озық үлгілерін өздеріне енгізіп үлгерді. Бұл салада Испанды қойып, Италиямен бәсекеге түсетін жағдайға жетті.
    – Мұндағы қазақтардың көбінің аты-жөні, тегі өзге жұрттың есімдерімен қойылған тәрізді. Неліктен олай?
    – Аталарымыз алғаш келгенде жергілікті түрік ағайындармен сөйлесуі, ұғысуы қиынға соққан. Сол себепті ме екен, әлде өзге де сыры бар ма, құжат беретін кезде аталарымыздың тегін түрікше жазып жіберіпті. Мысалы, әкемнің есімі – Тоқтаубай, атамның аты – Ыстаршын.
    – Қазақ қоғамының жағдайы туралы айтып берсеңіз…
    – Қазіргі кезде қоғам құрылтайшылары – 7 адам. Бәріміз зейнеткерміз. Бос уақытымызды елге қызмет етуге арнауды мақсат тұттық. Бәшір Ахмет Көсе – мәдениет бөлімінің басшысы. Ол кісі қазақ өнерін насихаттауға көп еңбек сіңіріп келеді. Оның елге деген сағыныштан туған «Алтай тауым» атты әні бар. Құралай деген қарындасымыз кішкентай бүлдіршіндерімізді қазақша би билеуге үйретеді. Жақында домбыра аспабынан үйірме ашылды.
    – Осы күні Түркиядағы қазақтардың саны қанша?
    – Түркияда жалпы 20 мың қазақ тұрса, соның 15 мыңы – Ыстанбұлда. Жұмыс іздеп Германия, Франция, Ұлыбритания, Швецария, Австрия сияқты мемлекеттеріне кеткен жастарымыз көп. Он жыл тұрып, Ыстанбұлға қайтып ораламыз деген отбасылар барған жерлерінде тұрақтап қалып жатыр. Дегенмен, олар жыл сайын жаз мезгілінде Ыстанбұлға келіп, демалып, осындағы ағайындармен жүздесіп қайтады.
    – Ыстанбұлдағы қазақ балалары қазақша білмейтінін байқап қалдық…
    – Бәрі емес, арасында білетіндері де бар. Бұрын аталарымыз түрікше білмей көп қиналды. Біз түрікше мектепке бардық. Оқуда, өз ортамызда түрікше сөйлессек те, әке-шешемізбен қазақша тілдесетін едік. Біздің толқын қазақша-түрікше араластырып сөйлейді. Кейінгі жастар қазақ тілін білмесе, олардан өрбіген ұрпақ өздерінің қазақ екендіктерін де ұмытып қалуы кәдік.
    – Қазақстан тарапынан ұйымдарыңызға қолдау көрсетіле ме?
    – Жоқ, қолдау көрсетілмейді. Ғимаратымызды жалға беру арқылы күн көріп отырмыз. Қазақ тілін, мәдениетін, ұлттық салт-санасын жаңғыртатын оқу құралдары бізде мүлде жоқ.
    – Зейтінбұрну – Ыстанбұлдың қазақтары жиі шоғырланған аудан. Осында қазақша білім беретін бір мектеп ашылса да, артықтық етпейді ғой.
    – Қазақ тілінде мектеп ашу үшін қомақты қаражат керек. Жер сатып алып, ғимарат тұрғызып, оны қажет мамандармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін демеушілер болса, әрине, ойлануға болады. Өйткені қазақ тілінде оқытатын мектептің қажет екені рас. Ең құрығанда, орталығымызда қазақша тіл үйрететін кешенді орталық ашылуы керек.
    – Әңгімеңізге рахмет!

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика