THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Біз өз ана тілімізді қорғауда да бәсекелестікке қабілетті болуға тиіспіз
Авторы: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
04/05/2017 09:51 0 48965 0
Сұлтанәлі
Балғабаев, жазушы-драматург, қоғам қайраткері:
– Сұлтанәлі Базарбайұлы, сіздің кезінде
қазақты «Қызыл кітапқа» кіретін халық» деп бір ашынған тұсыңыз болып еді. Бұлай
ой қозғауыңызға не түрткі болды? Сіздіңше, қазақты не үшін «Қызыл кітапқа»
енгізу қажет?
– Мен қолыма қалам ұстағаннан бері тек
таза көркем шығармалар, яғни пьеса, әңгіме-повестер ғана емес, халқымыздың
ұлттық рухани дамуына қатысты тіліміздің тағдыры, әдебиет пен өнеріміздің
бүгіні мен ертеңі туралы түрлі проблемалық мақалалар жазумен де айналысып
келемін. Бұл жазғандарым «Қазақтың қара ғасыры», «Қазақша білмейтін қазақ қай
ұлтқа жатады?», «Ілгері баспаған интеллигенция», «Алматы қай халықтың астанасы?»,
«Жатқан қазақты Құдай жарылқай ма?», «Қазақ жеңе ме, арақ жеңе ме?», «Қазақтан
шыққан басшылар қазақ халқын қадірлей ме екен?», «Қазақ әйелі қазақ болғысы
келе ме?», «Барлық қазақ қазақша оқысын!» деген сияқты тақырыптармен
жарияланды. Олардың арасынан осыдан ширек ғасырдай бұрын жарық көрген «Қызыл
кітапқа» кіретін халық» атты топтама мақалаларымның орны ерекше. Мен бұл
мақалаларымда қазақтың сол кезде басына түскен қиыншылықтарын шамам жеткенше
жан-жақты ашып көрсетуге тырыстым. Өзге халықтардың көбі ешқандай пәле-жалаға
ұшырамай, ұлт ретінде өсіп-өніп жатқанда, біздің қазақтардың бір емес, екі
емес, үсті-үстіне неше түрлі нәубетке ұшырай беруінің себебін түсінуге және
сол түсінгенімді өзгелерге де жеткізуге күш салдым. Бұл ретте мені
алаңдататыны ана тіліміздің жағдайы еді. Бұл дерт әсіресе жетпісінші,
сексенінші жылдары барынша асқынды. Бұл жылдары қазақша бірауыз сөз білмейтін,
қазақтың ұлттық мәдениетінен ада, қазақы ғұрыптан мүлдем мақрұм жаңа ұрпақ
қаптап өсіп келе жатты. Соған орай қазақ мектептері де барынша азайды. Осының
салдарынан қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетудің алдында тұрды. Бұл кезеңде
ұлтқа жаны ашиды дейтін зиялы қауым өз ана тілінен жұрттың ең алды болып
безініп, өзгелерге теріс үлгі көрсетті. Мысалы, сол кезде Алматыдағы зиялы
қауымның балалары мен немерелері түгелдей ана тілін мүлдем білмей өсті.
Сөйтіп, Қазақстанда қазақ тілін менсінбеушілік мықтап орын алды. Бұған қоса
халық арасында ішкілікке салыну дерті кең тарады. Бұл дертті таратушылардың алдыңғы
қатарында қазақ зиялылары, әсіресе ақын-жазушылар жүрді. Ішімдік ішуге әбден
дағдыланып кеткеніміз соншалық, нарықтық экономикаға енген тұсымызда араққа
өз меншігіндегі жерін, алдындағы малын айырбастап жіберген қазақтар да болды.
Мысалы, бір бас қойын бір бөтелке араққа айырбастағандарды өз көзімізбен
көрдік. Осының барлығын көріп, біліп отырып «қазақ «Қызыл кітапқа» енетін
халық» деп ашынбасқа, халықты ояту үшін қатты-қатты сөйлемеске болмады. Сол
арқылы қазақтың болашағын өзімізше болжап, ұлт болып жойылып кетпеудің
жолдарын қарастыру қажеттігін жұртшылыққа жеткізсек дедік...
– Сіз «халықтың тағдыры туралы мәселе
көтерілгенде кемінде 40-50 жыл, ең құрығанда ширек ғасыр алдағыны ойлау керек»
дейсіз. Қалай ойлайсыз, болашақта қазақ қандай олқылықтарының орнын толтыруы
керек? Неден қауіптенуіміз керек? Нақ қазір «қазақтың қандай әлсіз тұсын «Қызыл
кітапқа» енгізетіндей етіп сақтауымыз қажет?»
– Әр заман, әр уақыт күн тәртібіне әр
түрлі күрделі мәселелерді алып келеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде қазақ халқы
ана тілінен айырылып, соның салдарынан құрып кетеді дейтін кезеңнен өтіп
кеттік. Бұл осыдан 25-30 жыл бұрынғы жағдай еді. Ал қазір ұлтқа қауіп
төндіретін екі мәселе бар. Оның біріншісі – өз байлығымызға өзіміз толық ие
бола алмай отырғандығымыз. Жалпы, біздің байлығымыз ұшан-теңіз. Жеріміздің
асты-үсті толған қазына. Мұнай-газ, алтын-күміс, мыс-мырыш жетіп артылады.
Осы байлықты игеруден түскен байлықтың қаншасы халыққа жетіп, қаншасы
шетелдерге кетіп жатыр. Бұл бүгінгі таңда ойландыратын ең басты мәселеге
айналып отыр. Егер осы мәселе қазірден бастап әділ шешілмесе, күндердің күні ол
үлкен шиеленіске апарып ұрындырады. Мұндай жағдайлар адамзат тарихында сан
рет болған, қазір де болып жатыр. Халыққа шын жаны ашитын, өздерін «керемет
патриотпыз» деп есептейтін азаматтар, ең алдымен, осы мәселені көтерулері
керек. Біздің халқымыздың екінші бір басты байлығы – жер. Қазақстанның жері
ұшан-теңіз кең, біз бұл жөнінен дүниежүзі бойынша тоғызыншы орын аламыз. Және
бұл жер кемінде 200 млн халықты асырап-бағуға толық жетеді. Бірақ осыған
қарамастан, біз айналдырған 16 млн халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ете
алмай отырмыз. Тіпті ауылдағы ағайындар есігінің алдындағы азғантай жерін
игере алмайды. Бүгінгі таңда азық-түліктің басым бөлігін сырттан тасимыз.
Мысалы, жеміс-жидекпен өзбектер мен тәжіктер қамтамасыз етеді. Тіпті еттің
өзін шетелден әкеліп отырмыз. Мысалы, жақында Қазақстанға еттің біраз бөлігі
сонау Латын Америкасындағы Парагвайдан жеткізілетінін оқып, шексіз таңырқадым.
Осыған орай, бізде қит етсе «қазақтың жері шөл мен шөлейт, ауыл шаруашылығы
содан дами алмай жатыр» деген әңгіме жиі айтылады. Бірақ бұл әншейін сылтау
ғана. Мен дүниежүзінің біраз жерін араладым. Неше түрлі шөл мен шөлейтті де
көрдім. Мысалы, Қытайда Тұрфан деген жер бар. Негізінен ұйғырлар тұрады. Нағыз
шөл деп сол жерді айтса болады. Бір тал қылтанақ өспейді. Кілең қара тас. Күні
өте ыстық. Жер бетіндегі су бу болып ұшып кетеді. Сол жерде Қытайдағы ұйғырлар
каналды жердің астымен кетпенмен үңгіп қазып, суды бір қиырдағы таудан әкеліп
егін егіп, жүзім өсіріп, жақсы өмір сүруде. Ал біз дарияның, үлкенді-кішілі
өзендердің жағасында отырып суға жарымаймыз. Яғни қолымыздағы шексіз байлықты
өзіміз игере алмай, көзіміз бозарып шетелге тәуелді боламыз. Бұл да ұлт
жанашырымыз дейтін азаматтарды бірінші кезекте ойландырулары керек. Негізінен
қазақ халқы үшін бүгінгі таңдағы ең маңызды екінші мәселе – бәсекелестікке
бейім болу. Қазір заман өзгерді, баяғыдай шекараны тарс бекітіп, өзіңмен-өзің
томаға- тұйық отыра беретін заман келмеске кеткен. Ендігі жерде қай халық
бәсекелестікке мықты, сол халық алға басып, мерейі үстем болады. Бұл ретте
бәсекелестік деген барынша кең, жан-жақты ұғым екендігін де айта кеткеніміз
жөн. Қазір «біз ұлы халықпыз, данышпан керемет, халықпыз» деп құр төске ұрып,
мақтана бергеннен ештеңе шықпайды. Керісінше, ендігі жерде әр халық өзінің
ұлылығын, данышпандығын нақты іспен, жеткен жетістігімен дәлелдеуі керек.
Мысалы, ең болмаса өзінің ана тілін дұрыс құрметтей алмай отырған халықты
қалайшы мықты, керемет данышпан халық деп айтуға болады? Біз өз ана тілімізді
қорғауда да бәсекелестікке өте мықты болуға тиіспіз. Тек тіл мәселесінде ғана
емес, өмірдің, күнделікті тіршіліктің барлық саласында бәсекелестікте
өзгелерден озып шығуымыз қажет. Біз сонда ғана мықты халық боламыз. Сонда ғана
біреулер айтып жүргендей, данышпан халық боламыз. Бірақ осы бәсекелестік
жөнінен де кейін қалғанымызды мойындаған жөн. Мысалы, кез келген қазақты
көшеден ұстап алып, қарап көріңізші – аяғындағы шұлығы мен басындағы қалпағына
дейін бәрі шетелден тігіліп келген. Көбісі – Қытайдан, ең болмаса Қырғыздан
келген. Ал сонда қазақ өз киімін неге өзі тігіп кие алмайды?! Есігінің
алдындағы жерін дұрыс игере алмай, жейтін тамағын сырттан тасыса, өз киімін
өзі тігіп кие алмай, Қытайдан, қырғыздан әкелсе сонда бұл қазақ болашақта қалай
күн көреді, қайтып ел болады?! Басқаларды қайдам, маған осындай мазасыз ой жиі
келеді. Соған орай, «бізге бүкіл киім-кешегімізді тігіп, кеденнен өткізіп беріп
жатқан Қытайлардың қазақтан қандай артықшылығы бар екен» деп бірнеше рет әдейі
барып зерттеп көрдім. Сөйтсем, олардың бізден алып бара жатқан ешқандай
артықшылығы жоқ, олар да өзіміздей халық. Тек олар ертеден кешке дейін
жанталасып жұмыс істейді. Күні-түні киім тігеді, егін егеді. Ал біз де тура
солардай жұмыс істесек кім, не кедергі болады?! Өзіміз өндіруге әбден болатын
азық-түлік пен киім-кешекті сырттан тасығаннан кейін күнделікті тұтынатын
заттарды, яғни ыдыс-аяқтан бастап пайдаланатын компьютерлеріміз бен мінетін
көліктерімізге дейін шетелден әкелетінімізді айтудың өзі артық. Енді оның бәрін
қойып, өзіміз жақсы спортшылар дайындай алмай, жасыл алаңға шығатын,
олимпиадаға барып жеңіске жететін спортшыларды да шетелден жалдап әкелуге
жаппай кірістік. Мұндай жағдайдан кейін біз мықты халықпыз, кереметпіз деп
мақтана беруіміз қалай болады? Енді жақында немереме дәптер алайын деп
дүкенге барсам, ол дәптердің сыртындағы жазуы қазақша жазылғанмен жасалған
жері Ресей болып шықты. Сонда қалай, біздің ең аяғы алақандай дәптер жасап
шығаруға да шамамыз жетпей ме?! Осыған орай, мына мәселені қадап айтқымыз
келеді. Қазіргі XXI ғасырда қандай халық, қай мемлекет бәсекелестікке мықты,
өз байлығына өзі ие болса солардың ғана жұлдызы жоғары, мерейі үстем. Ал құр
ділмарсып, сайрап сөйлей бергеннен ешкім де алысқа бармайды. Бұл – бүкіл әлем
мойындап отырған шындық. Соған орай қазақ халқының болашақтағы тағдыры, ұлт
ретінде өсіп-өркендеуі ең алдымен, бәсекелестікке барынша қабілетті болып, өз
байлығын өзі толық иемдену екендігін түсініп, соған орай әрекет еткеніміз
абзал. Осы ретте, көп мәселе оқу-білімге, дәлірек айтқанда, өмірге қажетті
дұрыс мамандық алуға байланысты екендігін де айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда
жұрттың бәрінде бірдей міндетті түрде университетке түсіп, жоғары білім алу
керек деген ұғым қалыптасқан. Бұл – қате түсінік. Мұндай жағдай бізден басқа
ешқандай елде жоқ. Шетелдерде жоғары оқу орындарына ең таңдаулы, ең дарындылар
ғана түседі. Ал жұрттың басым көпшілігі орта және арнаулы кәсіпті меңгереді.
Жалпы, кез келген елдің өсіп-өркендеуі көп жағдайда осы орта кәсіп иелерінің
жұмысына байланысты. Ал бізде бүгінгі таңда орта кәсіпті меңгерген жақсы
мамандар өте тапшы. Керісінше, екі-үштен жоғары оқу орындарын бітірген, бірақ
жұмыс таба алмай жүрген жастар өте көбейіп барады. Бұл мәселе де бәрімізді
ойландыруға тиіс.
– Жалпы, Үкіметтің бәсекелестікті
арттыруға, экономикамызды инновацияға бейімдеуге, әр салада индустриялық дамуға
қатысты реформаларының легі баршылық. Осы реформаларға көңіліңіз тола ма?
– Бұл мәселелердің барлығын мемлекеттің
мойнына артып, «үкімет өлтірмейді» деген түсініктен арылуымыз керек. Тұрмысты
жақсартуға халықтың өзі де белсене араласуы қажет. Әрине, Үкімет халыққа жағдай
жасауға тиіс, оны ешкім де жоққа шығармайды. Мысалы, Норвегия, Швеция сияқты
елдерде үкімет көп балалы отбасылардың жағдайына мықтап мән береді. Бұл
елдерде жас балаларға, мүгедектерге қаржылай жақсы қамқорлық жасалған. Орташа
жалақы мөлшері де өте жоғары. Яғни мемлекет халықтың алдындағы өз міндетін
нақты жүзеге асырады. Соған орай, қарапайым қалың халық та мемлекет алдындағы
өз парызын, міндетін бұлжытпай атқарады. Бұл ретте, ең алдымен, қолданыстағы
бар заңдарды бұлжытпай орындау бірінші кезекте жүзеге асырылады. Біздегідей кез
келген мәселені тамыр-таныстықпен шешу деген атымен жоқ. Пара беру деген ең
ауыр қылмыс болып саналады. Егер кішкене бір тәртіп бұзушылық байқалса,
көрмеген болып теріс бұрылып кете бермейді, бірден құқық қорғау орындарына
хабарлайды. Соттың шешімі, заңның көрсетілген баптары, үкіметтің шығарған
қаулы-қарарлары бірден қаз-қалпында орындалады. Бізде халық пен Үкімет
арасындағы міндет, борыш деген нәрселер ескеріле бермейтіні де жасырын емес.
Мысалы, қазір жергілікті органдардың халықтың қажеттілігіне арнап түрлі
құрылыстар салу үшін жер иелерімен келісімге келе алмау үрдісі жиілеп кетті.
Бір ғана жол салу үшін бұқараның иелігіндегі жер мемлекетке қажет болса, мұның
соңы үлкен дау-дамайға ұласып жатады. Осыған байланысты қазір Алматыда жаңадан
жол салу үлкен мәселеге айналып тұр. Кез келген елдің атқарушы билігі халыққа
сөзін өтімді ете білсе ғана мемлекет мықты болады. Негізінде, индустриялды
дамуға, экономиканы әртараптандыруға, бәсекелестікті арттыруға қатысты
жасалынып жатқан үкіметтік реформалардың идеясы өте жақсы. Рас, мұндай реформалардың
толыққанды жүзеге аспай қалуы да кездесіп жатыр. Демек, бұл жерде шенеунік
атаулы жалған сөйлеу, жалған патриотизм дегеннен арылып, әрі істі шынайы,
тындырымды істеуге ұмтылса, мәселе өзінен-өзі шешілер еді.
– Негізінен, шынымен де, бізде өздеріне
жарнама жасау үшін ұлтжанды болып көрінгісі келетіндер де бар. Қалай ойлайсыз,
осы «жалған күрескерлерді» жеңу үшін қоғам қандай әрекет жасауы керек?
– Егер кез келген адам шынайы ұлтжанды
болса, оны құрметтеп, төбемізге көтеруіміз керек. Осыған орай, мына мәселені
де ескерген жөн. Ұлтқа қатысты мәселелер негізінен екі бөліктен тұрады. Оның
біріншісі – ұлттық мәселе жөнінде неше түрлі жаңа идея айтып, сөзбен мәселе
көтеру. Екіншісі – сөзбен айтылған осы мәселелерді табан тозып, маңдай терді
төгіп жүріп жүзеге асыру. Бізде осының біріншісі өте «жоғары» дәрежеде дамыған.
Баспасөз бен алуан түрлі басқосу жиындарында халықтың бүгіні мен болашағына
қатысты өзекті мәселелерді «өте әдемілеп» жеріне жеткізіп айту жиі кездеседі.
Әрине, бұл да өте қажет. Бірақ осы айтылғандарды бел шешіп, өз қолымен жүзеге
асыруға құлшынып шығатындар сирек. Бұл ретте кезінде Алматыда үй-үйді жағалап,
қазақтарды қазақ тіліне үгіттеп, қазақ мектептерін ашуға ерекше ықпал еткен
Шона Смаханұлының жанкешті еңбегі еріксіз еске түседі. Біздің бәрімізге
осындай қайраткерлік жетіспейді. Мұндай ұлтжандылық қайраткерлік мемлекеттік
қызметтерде істеп жүргендерге де өте қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметте
жүргендер, әсіресе облыс, аудан деңгейінде әкім болып жүргендер ұлттың жағдайы,
ел болашағы туралы аз айтпайды. Бірақ ендігі жерде олардың сөзі мен ісі бір
жерден шықса дейміз. Қазір олардың арасынан түске дейін елдің, мемлекеттің
мәселесін көтеріп, түстен кейін өзінің жеке бизнесімен айналысып кететіндер
жиі байқалады. Осыдан барып кейбір әкімдердің халықтың ұшан-теңіз қаржысын
талан-таражға салып, шетелге қашып кетуі, болмаса пара алуы, немесе өзінің пара
беруі тәрізді ыңғайсыз жағдайлар көрініс береді. Болашақта мұндай жалған
күрескерлердің қатары азайсын десек, біз «Мемлекеттік қызметтер» туралы Заңның
орындалауын қатаң бақылауға алуымыз керек. Байыптап қарасақ, біз жиналыс
өткізуден дүниежүзі бойынша алдыңғы орындамыз, ал ол жиналыстарда орындалған
тапсырмаларды орындауда көштің соңында қалып келеміз. Бұл жерде ескерілетін
дүние халық өзінің мүддесін өзі қорғауды үйренуі керек. Үкіметтен арнайы
жағдайды түзеу үшін берілетін атаулы әлеуметтік көмектерге қайсыбір қауымның
қолы жетпей жүреді. Халықтың заңдық сауаттылықты білуі, өз ойын жеткізіп,
белсенді болуы, өзіне қажетті, өз мүддесіне керекті дүниені талап ете білуі
кемшін.
– Қазір бұқараның біразы сіз айтып
отырғандай мүддесін қорғап алу үшін, мәселелерін шенеуніктердің құлағына
жеткізу мақсатында түрлі пикеттер өткізіп, флешмобтар ұйымдастырып, өзінше үн
қатуға тырысып жатады. Мұндай үрдістерді қалай бағалайсыз? Бұл тұрғыдан
келгенде қоғамда сауаттылық бар ма?
– Абзалында, өзге дамушы және дамыған
мемлекеттер қандай да бір мәселені шешу үшін, ойластыру үшін тек қана заңға
жүгінеді. Дамыған елдерде заңсыздыққа жол беру, мәселені шешерде ағайын-туыс,
тамыр-танысын іздеу деген мүлде жоқ. Өйткені ол елдердің халқы заңдық тұрғыдан
сауатты. Заңның аясында жұмыс істеуді өзге елдің халқы жақсы біледі. Ал біздің
бұқара «көшеге шығу арқылы ғана діттеген жеріне сөзімізді өткіземіз» деп
ойласа, онда қателеседі. Бұл жерде әр мәселені тиісті жеріне жеткізіп, өз
мүддесін қорғап шығуы үшін халыққа заңдық сауаттылық қажет. Әр ауыл, әр аймақ
әкімін түзеп алуы үшін заңды білуі керек. Әр адам заңды білуге ұмтылуы тиіс.
Заңдық сауатсыздық – үлкен індет. Заңды білмеген адам еш уақытта өзін-өзі
қорғай алмайды. Заңды білмеген соң қазақ пара береді. Заңды білмеудің
салдарынан тамыр-таныс іздейді. Айғайлап көшеге шыққаннан гөрі, заңды біліп,
қажеттілікті сауатты түрде талап етудің пайдасы анағұрлым жоғары. Егер біз
өркениетті қоғам құрамыз десек, әр қазақ Ата Заңды жастанып тұрып оқып, оны
меңгеруге тырысқаны жөн. Сонда ғана халықтың тірлігі өркениеттенеді.
– Өзіңіз білесіз, қазір сіз тәрізді
жазушыларымыздың көбісі партиялардың сөзін сөйлейтін науқаншыл болып кетті.
Қалай ойлайсыз, жалпы, шығармашылық адамының билікке бір табан жақын жүргені
дұрыс па, әлде мемлекеттік саясатқа бойлап енбей саяқ жүргені жөн бе?
– Егер саясатта жазушыларымыз бен
ақындарымыз өзінің атын шығару үшін емес, мақсатты жұмыс істеу үшін жүрсе, онда
мен оны қолдаймын. Бізде қазір «партияға өттім бе, сол партияның саясатына
тәуелді болып қаламын» деп ойлайтын зиялыларымыз да баршылық. Керісінше, сол
партияға ену арқылы халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға да болады. Үкіметтің
әлеуметтік жағдайды жақсартуға қатысты идеяларын сол партияда отырып жүзеге
асыруға неге күш салмасқа?! Меніңше, біздің ақын-жазушыларымыз осы жағына
мән беріп, саясатқа сауатты араласа білсе, бұл халық үшін тиімді
болмақ...
– Ал сіз өзіңіз партияда барсыз
ба?
– Иә, мен «Нұр Отан» партиясының
мүшесімін. Және «Нұр Отан» ХДП жанындағы Мәдениет пен өнерді дамыту
мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Осы партияның
жанынан «Мирас» мәдени-танымдық қоры құрылған. Бұл кеңесте мәдени-рухани
мәселелерді үнемі талқылап, таразылап отырамыз. Жалпы, өз басым халықтың
интеллектуальды дамуына қажетті дүниелерді партия талқысына салып отырғанды
жөн көремін.
– Сіз, жазушы ғана емес, драматургсіз.
Сіздің біраз туындыларыңыздың көрермені де болған едім. «Қазақ
драматургиясының болашағын қалай болжайсыз» деген сауалмен сұхбатымызды
тамамдасақ деп отырмын...
– Қазақ драматургиясының ең осал тұсы –
жас драматургтердің жоқтығы. Жас режиссерлер, жас драматургтер жоқ. Бұл – ең үлкен
мәселе. Егер болашақта қазақ драматургиясының тынысы кеңейсін десек, саладағы
жастарды қолдау жайы мемлекеттік тұрғыда ойластырылуы қажет. Бұл мәселені біз
тиісті орындарға қазірде ұсыныс ретінде айтып жатырмыз. Жалпы, қазақтың
болашағы ілім-білім, өнерді өсіру арқылы өрістейді. Ұлттық идеология мықты
болсын десек, ұлтқа қатысты өнерді, ілімді-білімді, ғұрыпты дамыта бергеніміз
жөн. Өнерге, білімге, ұлттық идеологияны дамытуға күш салып, соны өзгелердің
де, өзіміздің де санамызға қазақы бренд ретінде сіңіре білгенде ғана біздің
ұлттың болашағы жарқын, атар таңымыз арайлы болмақ. Жалпы, қазақтың тағдырын
байлық пен бәсекелестік қана шешеді. Демек, біз үшін нақ қазір үнемі қай
салада болсын қазақы бренд қалыптастыру маңызды болуы керек..
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ