THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ербол Тілешов: Астананың ономастикалық ажары ешбір қалаға ұқсамайды
Авторы: Аманғали ҚАЛЖАНОВ
17/05/2017 16:20 0 50269 0
Сәуір айында ономастикалық атаулар берудің жаңа тәртібіне байланысты Елбасы Жарлығының күшіне енгеніне бір жыл толды. Осыдан кейін Астана қаласында тиісті салада не істелді? Осы жөнінде Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол ТІЛЕШОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Ербол Ердембекұлы, Елбасы Жарлығы күшіне енген уақыттан бергі ономастикалық комиссияның жұмыс барысы жөнінде әңгімелесеңіз.
– Президент Жарлығы жарияланғаннан кейін осы саладағы жұмыстарды реттейтін Үкімет қаулысы үстіміздегі жылдың 24 ақпанында қабылданды. Осы қаулыда ономастикалық атаулар берудің тетіктері мен тәртібі бекітілді. Аталған кезеңде ономастикалық комиссия өз отырыстарында негізінен алғанда, мекемелерден, азаматтардан келген ұсыныстарды қарады. Қаламыздың астаналық мәртебесіне орай, бірқатар ұсыныстар мақұлданды, кейбіреулері қанағаттандырылмады. Осы арада көпшіліктің назарына Астана қаласында жалпы ұлттық, мемлекеттік деңгейде қызмет еткен азаматтарға, ірі тарихи оқиғалардың қаһармандарына, руханиятымыздың аса көрнекті тұлғаларына, бір өңірдің емес, тұтас елдің өркендеуіне үлес қосқан аса көрнекті, баршаға танымал тұлғаларға ғана көше немесе нысан атауы берілетіндігін айтқым келеді.
Бізге өңірлерден белгілі бір азаматтарға көше, мектеп атауын беру жөнінде ұсыныстар келіп жатады. Мұндай ұсыныстардың едәуір бөлігінде сол өңірлерге ғана еңбегі сіңген немесе кешегі кеңестік заманда республикада, облыстарда партия қызметтерінде болған азаматтардың есімдері сұралады. Әлбетте, ондай кісілердің еңбектерін жоққа шығара алмаймыз, дегенмен кеңестік дәуірде облыстық партия комитеттерінде, тағы да қаншама билік орындарында жұмыс істегендердің баршасына атау бере берсек, онда кешегі кеңестік идеологиядан алшақтай қоймағанымыз. Сол азаматтардың ішінде, кеңестік саясаттың ішінде жүріп, айрықша тарихи жадымен, ұлттық позициясымен байқалған Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды тұлғалар болды. Мұндай тұлғалар қандай құрметке де лайық. Біздің тарихи жадымыздың мықтылығы – тарихқа деген көзқарасымыздың шынайылығында. Елбасы өз Жарлығына ономастика саласында әділеттілік салтанат құру үшін қол қойды. Үкімет қаулысы осыны реттейді.
– Осыны мейлінше таратыңқырап түсіндіріп берсеңіз.
– Үкімет қаулысы бойынша ұсынылған атау бірнеше кезеңнен өтеді. Айталық, көше атауын беру жөнінде өтініш келіп түскеннен кейін, Сәулет және қала құрылысы басқармасынан көшенің сызбасы алынады да, өтініш пен көше сызбасы алдымен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралады. Мәслихат комиссиясынан кейін жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұдан соң оны қалалық ономастика комиссиясы қарайды, осы комиссия мақұлдаса, қажетті құжаттармен бірге республикалық комиссияға жолданады, егер мұнда оң шешімін тапса, қала әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады.
– Ал, мектептерге және нысандарға атау беру қалай жүзеге асырылады?
– Түскен өтініш ең алдымен сол нысанның келісімін алудан басталады. Мәселен, мектеп болса мектеп басшылығының келісім хаты алынып, алдымен қалалық ономастикалық комиссияда қаралады, бұл комиссия қолдаса, мәслихат сессиясына барады, депутаттар келісім берген жағдайда республикалық ономастикалық комиссияда қаралады, егер мұнда оң шешім қабылданса, нысан атауы Үкімет қаулысымен бекітіледі.
– Астана – ай санап, жыл санап өсіп келе жатқан қала. Қазірде қаламызда тарихи оқиғалар мен тұлғаларға, дәстүрлі және географиялық атауларға байланысты көшелер көптеп саналады. Алдағы уақытта ескерілмей қалған қандай тұлғаларға, тарихи оқиғаларға байланысты атаулар қою жоспарланған?
– Негізінен, қаламызда сан ғасырлық тарихымыздың әр кезеңіндегі оқиғалар, орындар, тұлғалар құрметіне көше атаулары берілген. Сонымен бірге кең-байтақ Қазақстанның географиялық атаулары, байырғы дәстүрлі құндылықтарымыз да көрініс тапқан. Бұл тұрғыдан келгенде Астананың ономастикалық ажары ешбір қалаға ұқсамайды, өзінше бір тарихи-этнографиялық, мәдени әлем десе болар. Әлбетте, ономастикалық комиссия өз бетімен нақты жоспар жасап, атаулар бере алмайды. Баршасы халықтың сұранысымен жүзеге асырылады. Қазіргі кезеңде Керей, Жәнібек хандар мен Абылай хан арасындағы қазақ мемлекетін нығайтуға айрықша тарихи үлес қосқан Қасым хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Тәуке хан және қазақтың ұлы билерінің есімдері берілуі керек сияқты. Оны уақыт көрсетеді, халық шешеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Астана ақшамы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ