КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жайдарлы жаз айлары өтіп, қоңыр күз де келіп қалғандай. Таяу күндері алғашқы қоңырау сыңғырлап, мектеп есіктері айқара ашылмақ. Бұл бала үшін де, ата-ана үшін де толғанарлық сәт екені айдай анық. Биыл елімізге сөмкелерін көтеріп 277 575 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Мектепке баратын оқушылар санының жылдан-жылға артып келе жатқаны демографиялық және әлеуметтік жағдайымыздың түзелгенін көрсетсе керек. Сондықтан бұл қуанарлық жайт.
Ал енді ата-ана алдында маңызды міндет тұр. Яғни ел ертеңі болатын сол бүлдіршінді әке-шешесі қай мектепке жетелейді? Қазақ мектебіне ме, әлде… ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 7649 мектеп бар, оның 7307-сі – жалпы білім беретін күндізгі мектеп. Мектептердің үштен екісі – 3796-сы қазақ тілінде, 1349-ы орыс тілінде оқытады. Байқап отырсақ, орыс тілінде оқытатын мектептер саны әлі күнге дейін азая қоймаған. Бүгінгі күннің статистикасы қазақ балаларының 35 пайызы орыс мектебіне баратынын көрсетіп отыр. Кезінде 80-жылдары белгілі қаламгер Шона Смаханұлы үй-үйді аралап, қазақ баласының қазақ мектебіне бару керектігін насихаттағаны ел есінде. Соның нәтижесінде қаншама қазақ мектептері мен сыныптары ашылған еді. Ал бүгінгі заман басқа. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 22 жылдың жүзі болса да, барлық қазақ балалары ана тілінде әріп танып, алғашқы сөздерін қазақша жазады дей алмаймыз. Шындығын айтқанда, бүгінгі жаһандану дәуірінде әр халық өз ана тілін, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысуда. Сондықтан жүрегі «қазағым», «елім» деп соғатын, ұлтына жанашыр азамат тәрбиелеуді ойласақ, балаларымыз қазақ мектебінде білім алу керек. Есік, тереземізді тастай жауып алған мемлекет емеспіз. Бүгінде басқа тілдерді үйренуге барлық жағдай жасалған. Сондықтан орыс тілінде былай да сайрап жүрген қазақ баласы ағылшын, одан да өзге тілдерді тез меңгеріп кететініне күмән жоқ. Әр қазақ баласы қазақ мектебінде білім нәрімен сусындауы ел болашағы үшін маңызды. Себебі тек қазақ тілі бала бойында ар, намыс, мейірім, ізгілік, Отанға құрмет қалыптастыратыны анық. Сонда ғана біз еліне, жеріне, тіпті ата-анасы мен бауырларына жаны ашитын ұрпақ тәрбиелей аламыз. Қазір жіберген олқылық салдары білінбес. Алайда уақыт сынаптай сырғып өте шығады. Ертең-ақ, ата-ана «Қап, баламды неге қазақша оқытпадым?» деп өкініш танытуы әбден мүмкін. Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айтқанын әрдайым жадымызда ұстаған абзал. Мектеп табалдырығын енді аттаған қазақ баласының алғашқы сөзді орысша, не ағылшынша жазғаны бұл ел үшін мақтаныш емес! Керісінше, бұл ана тілімізді кемсіту, жетімсіретумен тең.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, баланы елін, тілін, жерін құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеуде ата-ана рөлі зор. Кей кездері енді тілі шыққан сәбиімен орысша шүлдірлесіп тұрған үлкендерді көріп жатамыз. Осыны құптай аламыз ба? Ата-ана балаға үлгі болуы керек емес пе? Екінші, баланың ұстазы ол мектеп екені анық. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ана тіліміздің мерейі үстем болсын десек, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне де үлгі болып, олардың балалары да қазақ мектебіне баруы керектігін дәріптеп жүруге тиіспіз. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінде оқып, ұлттық тәрбие алмаған бала ұлтына қызмет етпейтінін ашық айтқан. Қазір әрбір ата-ана қазақ мектебі бұл баланың еліне, халқына деген құрметін, дәстүрге деген беріктігін қалыптастырып, Отанға деген махаббатын бойына сіңіріп тәрбиелейтін ұлағатты ұя екенін түсінгені жөн.

Ақбота Исләмбек
Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208244 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194895 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150454 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика