THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ҚАЗАҚ АРАСЫНДА ОҚУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗУ КЕРЕК
Авторы: Ахмет Байтұрсынұлы
10/09/2018 14:56 0 34358 0
Қаншама талпынғанмен, қаншама күшін салғанмен жеткілікті қылып школдар ашуға үкіметтің шамасынан келмейтіндігі анықталып отыр.
Қазақ республикасында ашылатын әр түрлі школдарда, кітапханаларда һәм басқа оқу орындарында қызмет қылатын 2616 кісінің ғана расходын көтермекші болып отыр. Бірақ, оқу жұмысын жөндеп жүргізіп, балаларды тегіс оқытуға 20 мыңнан артық кісі керек. Бұлардың һәм басқа расходтары керек.
Оқу жұмысының шығындарының көбін үкімет орындарындағы жиналатын әр түрлі салықтардан жұмсаңдар деп отыр. Бұл турада жұмыстың көбі губисполкомдардың мойнына ауады, бірақ олардың да жарылқауы, оқу жұмысына жеткілікті ақша берулері, халықтың байлығы, шаруаның жақсылығы һәм салық тез, түгелінен жиналуымен байлаулы нәрсе. Осыған қарағанда бұл орындарда жиналатын салықтарға сеніп отыруға болмайды. Сенгенмен губисполкомдар тезден аша аламайды. Оқудың мезгілі өтіп бара жатыр, балалардың бір жыл болса да оқусыз қалулары үлкен зиян екендігі белгілі. Бұдан былай ұйқыны қою керек. Енді бұл жұмысқа халықтың өзі кіріспесе болмайды.
Бұрын Николай заманында бірнеше жыл ізденіп, шығынданып ашатын школды кеңес үкіметі өзі-ақ ашыңдар деп ұран шақырып отырғанда, халықтың үндемей отыруы зор айып, күнә. Школдың расходынан қашпай, бұрынғы жалдап молда ұстап бала оқытатын расходты мойындарына алып, школ ашулары керек. Бұл жұмысты аяққа бастырып, орындап, ел арасындағы оқығандардың, учитель, мұғалімдердің мойындарындағы зор міндет – школды мынау реттермен ашу керек. Бір ауылнай не бір болыс ел күш біріктіріп, байға байша, кедейге кедейше үй басына салық салып, сол жиналған салықты оқытушылардың һәм басқа қызметкерлердің ақысына, школдың керек-жарағына міндетті болып, жергілікті оқу бөлімдерімен «договор» жасап, школ ашу керек. Бұл қалыпта ашылған школдардың оқыту, балаларға тәрбие беру тәртіптерін сырттан оқу бөлімдері бақылауға тиіс. Оқытушыларға ақы «кәсіпшілер ұйымы» белгілеген мөлшермен беріледі. Салық төлеп оқуға шамасы келмейтін кедей балаларына бірнеше орын қалдыру керек, оқу құралдарын: кітап, қағаз, қалам сықылды нәрселерді жергілікті оқу бөлімдері алуы тиіс.
Ауылдың жиі жерінде балалар үйлерінен келіп оқуға болады, бірақ ауыл сирек, әр жерде отырған болса, қыс күні әсіресе киімі жоқ кедей балалары келіп оқуға өте қиын. Сол себепті балалар көбірек ауылдарда школдың қатар бөлімдерін ашу керек. Бұл қатар бөлімдердің расходы ортадағы школға деп елден жинаған салықтан берілуі керек. Бұл сықылды қатар бөлімдер ашуға, ауылдар өте сирек болып, аралары өте шалғай болса, әрине, балалар келіп оқуға болмайды, соның үшін школдың жанынан балалар жатып оқитын үй (общежитие) не болмаса интернат ашылуы қажет. Интернат ашылғанда бай балалары өз тамағымен келіп жатып, шамасы келмейтін кедей балаларына елден азық-түлік жинап беріп, сол үйде жатқызып оқыту керек. Мұндай интернат болмаса кедей балалары оқи алмайды.
Жоғарыда айтылған бойынша школды бір ауылнай не бір болыс ел болып ұйымдасып ашпаса, жеке бір кісі, яки бірнеше кісі болып ашуға болмайды. Себебі ондай школдарды ашушылар меншіктеніп, оқу-тәрбие жұмыстарын өздерінің дегенінше жүргізуге тырысып, үкіметтің школдар хақында шығарған жобаларын, тәртіптерін қолданбасқа мүмкін. Соның үшін жергілікті оқу бөлімдері бұл жұмысқа өте шұғыл қарауы керек.
Екінші, айтылып өткен реттермен ел арасындағы «кооператив» һәм басқа ұйымдар школ ашуға кірісулері керек.
Осы жұмыстарды ілгері бастыруға елдегі сенімді азаматтар зор міндетті һәм халықтың өзі де бұл жұмысқа салқын көзбен қарамай, шығатын азын-аулақ шығынға көзді жұмып жіберіп кірісулері керек.
Ахмет Байтұрсынұлы
«Қызыл Қазақстан» журналы,
1923, февраль, № 14,
12-13-беттер.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ