КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстанның қай өңірін алсақ та ондағы кәсіпкерліктің көзі болған мейрамханалар мен қонақүйлердің саны мен сапасы қарқынды дамып келеді. Тілдік қатынас пен тілдік ортаны қалыптастыратын мәдени орындардың бірі мейрамханалар мен демалыс орындары болғандықтан, олардың тілдік қызмет көрсету сапасын бақылау аса маңызды болды. Мейрамханалардың қызметіндегі тіл жағдаяты да тұтынушы халқының сөйлеген тілінің ыңғайында (орыс, қазақ, ағылшын) жүргізіліп келеді. Ал олардың ас мәзіріндегі мәтіннің осы күнге дейін қазақ тіліне аударылмай ұсынылатыны қатты қынжылтады. Аталмыш мәдени орындардың атауы мемлекеттік тілді тұтынушылар ортасын бейімдеуге едәуір ықпал етеді. Бірақ жеке кәсіпкерліктің жек тұлғалық мүдделері сақталатын саясатты негізге алсақ, мейрамхана атаулары шет тілінде немесе орыс тілінде сайрап тұр. Мәселен, өзге ұлт өкілдері жиі орналасқан солтүстік аймақтарда қазақша аталатын мейрамханалардың саны саусақпен санарлықтай. Мысалы, интернетке жарияланған дерек бойынша Петропавл қаласында Хан ауылы, Жеті ырыс деген аталатын 2 қазақша атаулы мейрамхана бар екен. Павлодар қаласындағы 60-тан аса мейрамхананың төртеуі ғана (Тамаша, Ауыл, Дастарқан, Түркістан ) қазақ тілінде аталады.
Ал қазақ ұлты мен өзге ұлттардың шоғыры тең түсетін Алматы қаласында 400-ге жуық мейрамхананың тек 30-ы ғана қазақ тілінде аталады: Тас Арал, Тәж, Сарай, Барқытбел, Исабай, Бәйтерек, Заман, Арай, Сұлу Төр, Алтын Адам, Жерұйық, Алаша, Жалын, Гәкку, Дархан, Думан, Жібек, Інжу, Гүлистан, Қарлығаш, Нұр-Нұр, Құлыншақ, Салтанат, Сұлтан, Ағажай, Әділ, Алтын ғасыр, Алтынбас, Әулет, Ұлы Тау, Хат Тәңірі, Жеті Қазына, Парасат, Арайлым, Жамбыл, Достар, Ағайын, Әлия, Үйгентас, Ару-ана.
Қазақ тілінде аталған мейрамханалардың қазақ тілінде қызмет етуге бейімділігі бар екені де байқалады. Даяшыдан бастап әкімшілігіне дейін алдымен қазақ тілінде сәлемдесіп, қазақ тілінде сөйлесуді ұсынып тұрады. Оған басты себеп, сол мейрамхана иесінің қазақ тілді болмысы мен қызметкерлерге қоятын талап-ниетінде болып отыр.
Қазақстандағы ірі мейрамханалардың сайты 2010 жылға дейін тек орыс және ағылшын тілінде берілген болатын. Қазіргі уақытта Қазжол, Медеу, Сан Марино, Мельница, Sharzhum, Гәкку, Замок, Астана Нұры, Assorti, Турандот мейрамханаларының сайты қазақ тілінде беріліп, ондағы ас мәзірі толықтай қазақ тіліне аударылған. Ал мейрамхана қызметін тек орыс тілінде таныстыратын сайттар да бар. Мәселен «Медведь» трактирін жарнамалайтын сайттың не қазақ не ағылшын тілінде нұсқасы жоқ. Сол сияқты Panorama, Panda, Сарай (мейрамхана кешені), Кишлак, Борго Антико, Намеди, т.б. орындар орыс мейрамханасы деп саналатын болғандықтан сайт бір тілде (орыс) берілген деген уәж айтады. Қазақстанда бұндай салтанатты орындар көп-ақ, демек олардың қызмет көрсету тілі де орыс тілі болып отыр.
Ал демалыс орындары мен қонақ үйлеріне келетін болсақ, қызмет көрсету саласының бұл түрі де мемлекеттік тілді насихаттауға еш көмек бере алмайды және бұл істі өздерінің міндеті деп санамайды. Қазақстанның ірі қаласы әрі туризмнің орталығы болып саналатын Алматы қаласында 300-ге жуық қонақ үй мен демалыс орны бар. Солардың 37-сі ғана қазақ тілінде аталады: Отырар, Сарайшық, Алматы-Сапар, Қазжол, Астана , Зылиха, Қазақстан, Шағала, Алтын-Қарғалы, Достық, Түркістан, Салем, Сая, Әлия, Қайрат, Таң-Шолпан, Алматы, Қарғалы, Ақсұңқар, Алма Ақбұлақ, Жастар, Маралсай, Ақ-бұлақ, Шамшырақ, Қазына, Шымбұлақ, Ақ-Алтын, Азат, Рахат, Жетісу, Нұрлы тау, Гаухартас, Каусар.
Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан қонақ үйлердің сайттары бар бірақ олардың бірқатарында қазақша нұсқалары жоқ. Мәселен, Ай-сер қонақ үйінің сайты тек орыс және ағылшын тілінде таныстырады. Каусар қонақүйінің қазақша сайты мүлде жоқ. Сол сияқты Жетісу, Zyliha, Туркестан мейрамханалары сайтын қазақша ұсынуды қажет деп танымаған. Әрине, қызмет қөрсету саласына қатысты сайттар негізінен Қазақстанға қонақ болып келген шетелдіктер қолдану ыңғайына қарай жасалады. Бірақ кез келген мемлекетте бұндай істі алдымен мемлекеттік тілде жасап, одан кейін басқа тілдердегі аудармасын беріп жатады. Ал Қазақстанда қызмет көрсету саласына қатысты мәдени орындарды таныстыратын сайттарды ашып қалсаңыз орыс тілінде сайрап тұрады. Оның қазақша нұсқасы болса болды, болмаса «қайда» деп бақылап жатқан ешкім жоқ. Ең қызығы Алматы қаласындағы «Сая» қонақ үйінің сайты 7 тілде таныстыра алады, ал мемлекеттік тілде таныта алмайды. Демек, оны келген қонаққа мемлекеттік тілде тіл қатпайтын орын деп санауға болады.
Десек те, қазақтілді қонақ үй сайттары мүлдем жоқ емес, бар, біртіндеп көбейіп келе жатыр. Дегенмен, кейбір термин сөздерді бірізді қолданбайды. Бірқатар сайттарда бронировать – тағайындау деп берілсе, бірқатарында – брондау деп көрсетілген. Сондай-ақ кейбір сайттардың қазақ тіліндегі нұсқасында қате кеткен. Мәселен, «Shiny River» қонақ үйінің қазақша сайтында «нөмірлердің бронялауы» деген түсініксіз тіркеспен арнайы айдар көрсетілген. «Парасат» қонақ үй сайтында «Жайғасы сағаты» тіркесінен грамматикалық қате кеткен (жайғасу сағаты болу керек).
Қорыта айтқанда, қызмет көрсету және демалыс орындарының мемлекеттік тілде қызмет етуін, оларды жарнамалайтын сайттарының мемлекеттік тілдегі нұсқасы сауатты болуын қадағалау Мәдениет министрлігі жанындағы Тіл комитетінің құзіреті болып табылады. Сондай-ақ жергілікті басқару органдарына қарасты Тілдерді дамыту басқармасының құзіретіне кіреді.
Демалыс және мәдени орындары тілдік ортаны қалыптастыратын бұқаралық орта болғандықтан бұндай жұмыстарға жеңіл қарауға болмайды. Жергілікті басқару органдары мейрамхана немесе қонақ үйдің қызмет етуіне рұқсат берер алдында олардың ішкі инфрақұрылымы мен міндеттерін, яғни қазақтілді сайттарын, мемлекеттік тілде қызмет көрсету туралы ережелерін толықтай тексеріп барып іске кірісуіне мүмкіндік беруі тиіс деп ойлаймыз.
Қазақша атау беруге намыстанып жүрген қазақстандықтардың Лондондағы «Дастарқан» мейрамханасын үлгі етуге болады. Ұлыбритания астанасында тұңғыш рет қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп ұсынатын мейрамхана ашылды. Оның иесі Стелла Берекетованың айтуынша, батыс елдерінде Қазақстан кең таныла бастағандықтан ұлттық тағамдарына деген сұраныс күннен күнге артып келеді екен. Ұлттық болмысымызды әлемге танытып жүрген қазақ қызы: «Қазақстанның әлемдегі беделі күн санап өсуде. Еуропалықтардың көбісі Қазақстан елін жақсы танып келеді. Енді ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауымыз керек сияқты», - деген ұсынысын білдіреді.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика