КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қол өнері туралы

 

Өнерлі өрге жүзеді.

 

Қол өнері — кілемде,

Сөз өнері — өлеңде.

 

Жігітке жетпіс өнер де аз.

 

Өнерді үйрен де жирен.

 

Ұзынсыз қысқа болмас,

Үлгісіз ұста болмас.

 

Қолы жатықтың

Ішкені қатық болар.

 

Өнерлінің өрісі ұзақ.

 

Мылтығыңның күмісін айтпа,

Тиісін айт.

 

Ұстамен жақын болсаң

Ұстарасын аларсың.

Мүттайыммен жақын болсаң

Пәлесіне қаларсың.

Жібекті түте білмеген жүн етер,

Қызды күте білмеген күң етер.

 

Озар елдің қызы мінезді,

Ұлы өнерлі келеді.

 

Бала соққан кездіктің

Басы жарық.

 

Істің көзін таппағанның

Күші зая,

Еңбегі ештің

Істеген ісі зая.

 

Көзсіз жұмсаған — күш арам,

Көріксіз істелген — іс арам.

 

Ерінбеген етікші болады,

Ұялмаған өлеңші болады.

 

Шаштараз сақал түзетер,

Өнерпаз шаһар түзетер.

 

Оймақ пішсең де,

Ойлап піш.

 

Әр нәрсеге асық болғанша,

Бір нәрсеге машық бол.

 

Бөрі соғар жігіттің

Бөрігінен белгілі.

Балта соғар жігіттің

Көрігінен белгілі.

 

Алтын ерің атқа тисе,

Алтынын ал да отқа жақ.

 

Бояушы, бояушы дегенге,

Сақалын бояр.

 

Болар іс болды,

Бояуы сіңді.

 

Өз үйінде ою оймаған,

Кісі үйінде сызу сызады.

 

Ата көрген оқ жонар,

Ана көрген тон пішер.

 

Керек тастың ауырлығы жоқ.

 

Қазаншының еркі өзінде,

Қайдан құлақ шығарса.

 

Жалғаймын деп үзіп алма,

Түзеймін деп бұзып алма.

 

Сұлуынан жылуы.

 

Жаман үйден қосым артық,

Сынық ошақтан мосым артық.

 

Аяғы кіші сүйгенін киер,

Аяғы үлкен сыйғанын киер.

 

Олақтан салақ жаман.

 

Жаман етікші біз таңдайды,

Жаман жігіт қыз таңдайды.

 

Темірші көміршіге үйір.

 

Жаман ұста жанынан.

 

Жұмыстың көзін тап,

Қисықтың ізін тап.

 

Алтын балтаның да сабы ағаш.

 

Өнер көзі — халықта:

 

Тігіншіні инесі асырайды.

 

Өнерлінің үйі басында,

Үскенесі қасында.

 

Өнерліге есік ашық.

 

Жантақтан ине,

Жаңқадан түйме жасаған.

 

Ұстаның бізі сүйкімді,

Жақсының сөзі сүйкімді.

 

Шебердің инесі де,

Күймесі де — алтын.

 

Жолаушыны жол асырайды,

Өнерпазды қолы асырайды.

 

Ата өнері — балаға мұра.

 

Ата кәсібі — бала нәсібі.

 

Ине, жібі бар әйелдің

Үсті-басы жыртылмайды.

 

Алтынды еріткенмен,

Жез болмайды

Жібекті жуғанмен,

Бөз болмайды.

 

Өзіңе бой болмаған,

Өзгеге жең шықпас.

 

Өнер ауысады,

Ырыс жұғысады.

 

Жылтырағанның бәрі алтын емес.

 

Темірге тіл,

Жаңқағажан бітіретін...

 

Кеңесіп пішкен бешпетте

Кемдік болмас.

 

Өнерпаздың он қолы бар.

 

Ерегісте ентігіп,

Ең алдына түспеңіз.

«Ұстамын» деп, жең түріп,

Үлгісіз тон пішпеңіз.

 

Астыңда дөненің болғанша,

Қолыңда өнерің болсын.

 

Өнер өрмек тоқытады.

 

Өнерден сауған — өлмес.

 

Қыз еркем

Кестесімен көркем.

Ұл еркем

Өнерімен көркем.

 

Қолында өнері бардың,

Аузында өлеңі бар.

 

Ұшын түймегеннің

Үш шаншымы бос кетер.

 

Отындық ағаштан

Оқтық мүсін шығады.

 

Біреу күймеге қарайды,

Біреу күймеге таққан түймеге қарайды.

 

Шын болат шорт сынар.

 

Туырлықтай киізден

Тоқым шықпапты.

 

Теміршінің қолында

Темір тозбайды.

 

Өнері өлмес, үміт сөнбес.

 

Өнерлі бала елдің көркі,

Үкілі қамыс көлдің көркі.

 

Бит терісін

Биялай еткен шебер.

 

Алтын балдақ —

Қол сәні,

Әшекей, кесте —

Тон сәні.

 

Өнеріне қарай — өрнегі,

Тірлігіне қарай — тірнегі.

 

 

Өрмесі бардың —

ермегі бар.

 

Қолында өнері бардың,

Белінде кемері бар.

 

Темірші балтаға жарымас,

Қайыршы қалтаға жарымас.

 

Қара суда қаймақ болмас,

Хас шеберде оймақ болмас.

 

Ұстаны соққан пышағынан таниды.

 

Өнерлі адам бай болмас,

Бай болмаса да жай болмас.

 

Қолы білген,

Құм үстінен кеме жүргізер.

 

Өнер — мінсең ат,

Ұшсаң — қанат.

Кисең — жанат,

Ішсең — тамақ.

 

Күміс күнге қонса,

Алтын өз аяғымен келер.

 

Көлеңкеге қарап,

Көйлек пішпес болар.

 

Жайсыз болған жаздан

Жайлы келген қыс артық.

Көріксіз соққан күмістен

Келісті соққан мыс артық.

 

Адамға ақыл көптік қылмайды,

Азаматқа өнер көптік қылмайды.

 

Қас шебердің

Шанышқан инесі тонына кіреді.

Хас шебердің

Шанышқан инесі қолына кіреді.

 

 

Өнер тамған он саусақ —

Үзілмейтін ырысың.

Өнері жоқ он саусақ,

Бар болмай-ақ құрысын.

 

Жас күніңде өнер қусаң,

Тоқтасқанша толығарсың.

Тоқтасқан соң өнер қусаң,

Толыққанша зорығарсың.

 

Әр шаһардың ұстасы

Өз пышағын мақтайды.

 

Қына тастан шығады,

Өнер, білім жастан шығады.

 

Сөйлей білмеген,

Сөзді қор етер.

Тіге білмеген,

Бөзді қор етер.

 

Шегені қаға білмесең,

Қолыңды ұрасың

Түймені таға білмесең,

Қолыңа ине тығасың.

 

Орман аралаған үйші болар,

Қобыз сыралаған күйші болар.

 

Кілең шебер жиналса,

Істері тез қызады,

Кілең олақ жиналса

Біткен істі бұзады.

 

Ұстаның өрісі

Көрігінен төсіне дейін.

 

Зергер — ісмер жезге үйір,

Сыршыл адам сөзге үйір.

 

Әкемнің өлерін білсем.

Өнерін сатпас па едім.

 

Шеберді саусағы асырайды.

Шеберді шеге қағысынан таны.

 

Өнерлі қол пішуге жақсы,

Өткір қайшы кесуге жақсы.

 

Жігітке жеті өнер аз,

Жетпіс өнер көп емес.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 211 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 596 0





08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 1013 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1156 0











31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 49657 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 47328 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 45021 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика